Ерлердің ісі бітер ме: Тестостероныңды қайнататын 5 фильм

Ерлердің күні аталып кеткен – 7 мамыр – Қазақстан қарулы күштерінің құрылған күніне орай ерекше топтама ұсынғымыз келеді. Бүгін сөз қылатын киноқаһармандарымыз – көрерменге ерліктің үлгісін көрсетіп, экран алдындағы кез келген еркекті «паһ, шіркін!» деп бір қопаңдатып қоятындар қатарынан. Баяндалатын фильмдер жанрлық тұрғыдан да нағыз ерлерге арналған: экшн, триллер, әскери және криминал.

«Жендет: Сарбаздың күні» («Sicario: Day of the Soldado«): Бұл картинаны Дени Вильневтің 2015 жылғы «Жендет» («Sicario») боевигінің жалғасы деп санасақ та, бұны бөлек туынды деп қарастырған дұрысырақ. Өйткені сюжеті жаңа оқиғаны суреттейді, бірінші фильмдегі Эмили Блант актерлік құрамда жоқ және алдыңғы планға еркек кейіпкерлер шығады. Басты рөлдерде – қазіргі кинематографтың танымал еркектері Бенисио Дель Торо мен Джош Бролин.

Негізгі оқиға Алехандро Гиллике (Бенисио Дель Торо) деген кейіпкер төңірегінде өрбиді. Оның көмегімен АҚШ Орталық барлау басқармасы Мексикамен шекаралас аймақтардан астыртын наркотрафик жолдарын табады. Бұл «тесіктерді» есірткіге қатысы бар қылмыскерлер ғана емес, террористер де пайдаланатын болып шығады. Оның үстіне наркокартель басшысының қызы қолды болғаннан кейін Америка-Мексика шекарасындағы ахуал шиеленісе түседі. Екі ел арасында соғыс қаупі төнеді. Істеп жүрген тірлігі о бастан күмән туғызатын Алехандро Гиллике мен қылмыскерлердің ережесіз ойынына еті үйренген агент Мэтт Гравер (Джош Бролин) бірлесе жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Бітімге келуді білмейтін брутал кейіпкерлер, сұмдық атмосфера, әдемі қойылған төбелес пен атыс – «Сикарионың» өзге боевиктерге ұқсамайтын қырларын аша түседі. Құр сөзбен мақтай беріп қайтеміз, одан да өзіңіз көріп көз жеткізіңіз 🙂

«Джон Уик» («John Wick») – барлық бөлімі: Бұл картина және онда ойнаған Киану Ривз стандартты төбелес пен атыс-шабысы бар боевиктерге қызығушылықты қайта оятты деуге болады. Әдемі қойылған жекпе-жектер, 90 жылдарға тән – шын жарылыстар мен көше атыстары кенеттен көрерменге әлі де қызық болып шықты. Сюжеттің қарапайымдығы, басты кейіпкердің кірпіге де түсінікті мотивациясы – аудитория ауқымын кеңейте түсті. Киану Ривзтың персонажында бір ғана мақсат бар: кек қайтару және өзі аман қалу. Актер таусылмас энергиясымен, төбелес көріністерін қоюда табандылығымен тәнті етеді. Әр серияны трюктер тұрғысынан жаңа белес деп қарастыруға болады және Киану әр жаңа деңгейді абыроймен бағындырады. Трилогияны бір деммен көріп тастауға болады.

«Эвакуация» («Extraction«): Netflix платформасы үшін түсірілген экшн-фильм. Marvel киноғаламы үшін бірнеше фильм жасаған ағайынды Руссолар мен Тор рөлімен белгілі Крис Хемсворт жаңа жоба аясында тағы әріптес болып отыр. Оның персонажы – бұрынғы сарбаз, қазір жалданбалы жауынгер Тайлер Рейк.

Үнді наркобароны мен Бангладеш наркобароны – бітіспес жаулар. Түрмеде отырған бәсекелесін құрту мақсатымен Бангладеш наркобароны оның ұлын ұстап алады. Үнді қылмыскерінің өкілдері Тайлер Рейктен баланы құтқаруды сұрайды.

Сценарий тұрғысынан мін тағуға болатын шығар, дегенмен Оңтүстік-Шығыс Азия киносына тән қоян-қолтық төбелес пен Голливудқа тән арнайы эффектілерді шебер үйлестіре алғаны үшін мақтауға болады. Әскери кино жанрында Крис Хемсвортты көру де көрерменге жаңа әсер сыйлайды.

«Джентельмендер» («The Gentlemen»): Араға жылдар салып Гай Ричи өзін танытқан стиліне оралып, жанрлық тұрғыда «Карта, ақша және екі мылтық», «Талан» секілді бұрынғы жұмыстарына ұқсайтын жаңа туындысын ұсынды. Актерлік құрамға Голливудтың ең брутал актерлерін жинапты: Мэттью Макконахи, Чарли Ханнэм, Генри Голдинг, Мишель Докери, Колин Фаррелл, Хью Грант, Джереми Стронг.

Бұл жерде Ричидің бұрынғы жұмыстарына тән барлық элемент кездеседі: қылмыс, есірткі, комедия, экшн, серілік және қызық сюжет. Ал сюжеттегі негізгі твист ерлер қауымының көңілінен шығары сөзсіз. Жігіттер кейбір репликаларды қанатты сөзге айналдырса да болады.

«Кезекшілік соңы» («End of Watch»): Екі полиция қызметкері туралы Дэвид Эйердің қылмыстық боевигі. Мокьюментари элементтері бар картина көрерменге қатысу эффектісін береді. Джейк Джилленхол мен Майкл Пенья ойнаған екі патруль Лос-Анджелес көшесінде тәртіпсіздікпен күресіп, күнделікті жұмысын атқарып жүреді. Бір күні олар байқаусызда наркобаронның ізіне түседі. Екеуінің басына ақы жарияланады.

Абырой мен даңқты, достық пен ерлікті дәріптейтін тамаша туынды.

Қайсысын көрдіңіз, қайсысын лайық деп санайсыз? Топтамаға тағы қандай фильмдер қосар едіңіз?