2020 жылғы қыркүйектің сериалдары

Қыркүйектің басында шығатын сериалдардың арасында Ридли Скотт басқарған ғылыми-фантастикалық драма, ауыл ветеринары туралы британ теледрамасы, детектив Валландердің жас кезіне арналған детектив бар.

Барлық тіршілік иелері, үлкені де, кішісі де / Все существа, большие и малые / All Creatures Great and Small

1978-1990 жылдар аралығында көрсетілген британ теледрамасының римейкі. Сериал «If Only They Could Talk and It Shouldn’t Happen to a Vet» деп аталатын әдеби түпнұсқаның жарияланғанына 50 жыл толуына орай ұсынылып отыр.

Басты кейіпкер – Йоркширдегі ауылда тұратын ветеринар. Ол жануарлардың ғана емес, олардың қожайындарының да тілін таба білген жан. Драманың сюжетіне ұзақ жыл бойы мал дәрігері болып істеген Джеймс Хэрриоттың мемуары арқау болды.

Премьерасы: 1 қыркүйек

Екі аптада үлгеру / Успеть за две недели / Two Weeks To Live

«Тақтар ойыны» сериалының жұлдызы Мэйси Уильямс ойнаған қылмыстық комедия. Сюжетте өркениеттен жырақта өскен жас қыз туралы баяндалады. Отағасынан айырылған анасы оны кішкентай кезінде алысқа алып кетеді. Анасы қызды жабайы табиғаттың заңдарына төзуді және қару-жарақ қолдануды үйретті. Бір күні басты кейіпкер әкесінің моласына барады. Сол жерде күтпеген оқиғаға тап болып, полиция мен қылмыскерлердің нысанасына ілігеді.

Премьерасы: 2 қыркүйек

Жас Валландер / Молодой Валландер / Young Wallander

Басты кейіпкер – инспектор Курт Валландер туралы екі сериал шықты – шведтік және британдық. Енді шыққалы жатқан мини-сериал форматындағы үшінші жоба – басты кейіпкердің жастық шағына арналмақ. Netflix ұсынатын қылмыстық драма 6 эпизодтан тұрады.

Сюжетте полиция академиясын енді аяқтаған Курт Валландер қанды қылмыстың куәсі болды. Бастығының жетекшілігімен істі тергеуге кіріседі.

Премьерасы: 3 қыркүйек

Қасқырдың қолында өскендер / Воспитанные волками / Raised by Wolves

Ридли Скоттың жетекшілігімен HBO Max сервисіне арналып түсірілген ғылыми-фантастикалық драма. Сериалдың оқиғасы колонияға айналған басқа планетада өрбиді. Онда екі андроид адамдардың балаларын тәрбиелейді. Халық саны өскен сайын адамдарда өзінің шығу тегі туралы сұрақ көбейе түседі.

Премьерасы: 3 қыркүйек

Алыста / Вдали / Away

Netflix көрермендеріне арналған фантастикалық драма. Басты рөлде – екі мәрте «Оскар» иегері Хилари Суэнк. Оның кейіпкері – Марсқа аттанатын команданы бастап баратын америкалық астронавт. Жерде оның қызы мен күйеуі қалды. Қауіпті миссияны орындау үшін ол үш жыл отбасын көрмейді.

Премьерасы: 5 қыркүйек.

Сондай-ақ 5 қыркүйекте «Жүгірмектер» / «Пацаны»/ «The Boys» фантастикалық боевигінің екінші маусымы, ал 10 қыркүйекте «Лос-Анджелестің мықтылары» / «Лучшие в Лос-Анджелесе» / «L.A.’s Finest» экшн-комедиясының екінші маусымы басталады.

Жалғасы бар…

2020 жылы шілдеде шығатын сериалдар

Шілдеде шығатын жаңа сериалдардың басым бөлігін стриминг-сервистер ұсынады. Сіздерді Netflix, HBO Max, Apple TV+ өнімдерімен таныстырамыз.

Қарғыс: Әлқисса / Проклятие: Начало / Ju-On: Origins

Жапонның атақты хоррор-франшизасына жаңа дем беріліпті. Енді бұл жоба Netflix-те мини-сериал форматында жарық көреді. Жобаның сценарий авторлары – тағы бір танымал хоррор-франшиза – «Шеңбер/Қоңырау» («Ringu») авторлары.

Сюжет Харука Хондзе деген актриса төңірегінде өрбиді. Бір күні үйінен әлдекімнің жүргенін, біртүрлі дыбыстар естиді. Харука психоэнергия зерттеушісінің көмегіне жүгініп, тылсым құбылыстың мәнін ұқпақ болады.

Премьерасы: 3 шілде.

Жауынгер-монах әйел / Монахиня-воин / Warrior Nun

Аттас комикс желісімен түсірілген Netflix ұсынған фантастикалық боевик. Сюжетте 19 жасар қыз моргта оянады. Оған өмір сүруге екінші мүмкіндік ашылып, тіпті ерекше қабілетке де ие болады. Енді ол – Жер бетіндегі жын-перілермен күресетін ежелгі орденнің мүшесі.

Премьера: 3 шілде.

Бала бағушылар клубы / Клуб нянек / The baby-sitters club

Netflix-тің отбасылық комедиясы он үш жасар қыз балалар туралы. Олар қала түбінде тұрады және бос уақытында бала бағып табыс табады. Олардың өмірінде жасөспірімге тән оқиғалар жетерлік: достасады, ғашық болады, ұрысып, кейін қайта татуласады, ата-анасымен келіспей қалады, сабақ оқиды. Ал бала бағу дағдыларын үйренуге Google көмектеседі.

Премьерасы: 4 шілде.

Мейілінше жақын / Достаточно близко / Close Enough

HBO Max сервисінің анимациялық комедиясы қарапайым отбасы туралы: күйеуі, әйелі және кішкентай қыз. Олар күн сайын тұрмыстың түрлі мәселелеріне ұрынады: жұмыс, достар, бала тәрбиесі, уақыт тапшылығы, зұлым опоссумдар, алып өрмекші-мутанттар, аруақтар, клоун-стриптизерлер мен жеңіл есірткінің әсерінен болған елестер. Бұл отбасыны үлгілі деу қиын, дегенмен олар мейілінше тырысады.

Премьерасы: 10 шілде

Кішкентай дауыс / Голосок / Little Voice

Apple TV+ ұсынған музыкалық драмада 20 жастағы бойжеткеннің өмірі баяндалады. Бесс бала кезінен музыканы сүйіп өсті, есейгенде өмірі сахнамен тығыз байланысты болады деп ойлады. Алайда бәрі өзі ойлағандай болмады. Реті келсе шағын клубтарда өнер көрсетеді, нәпақасын репетиторлықтан тауып жүр. Үлкен зал, хит-парадтағы алдыңғы орын, платина күйтабақ – бұның бәріне бойжеткен енді қол жеткізе алмайтындай көрінеді.

Премьерасы: 11 шілде.

Сондай-ақ 4 шілдеде «Ханна» / «Ханна. Совершенное оружие» / «Hanna» триллерінің 2 маусымы шығады.

Жалғасы бар…

2020 жылы мамырда шығатын сериалдар

Мамырда кезекті маусымын ұсынатын сериалдардан гөрі, жаңадан шығатындар көп. Біз сізді барлығымен таныстыруға тырысамыз. Бірнеше бөліктен тұратын шолуымыздың алғашқысын оқыңыз.

Талпыныс / Попытки / Trying

Apple TV + платформасына арналған британ комедиясы. Сюжеті Никки және Джейсон есімді ерлі-зайыпты туралы. Олар балалы болғысы келеді, бірақ денсаулығына байланысты ол мүмкін емес. Кейіпкерлер бала асырап алмақ болады. Бірақ бұндай қадамға бару үшін де біраз дайындық керек: туыстармен, достармен ақылдасу керек, зиянды әдеттерден арылу керек, әлеуметтік қызметкерлердің көңілінен шығу керек.

Премьерасы: 1 мамыр.

Бетти / Betty

Кристал Мозеллдің 2018 жылғы «Скейт-асүй» көркем фильмі бойынша түсірілген сериал. Жасөспірімдерге арналған комедия Нью-Йоркте тұратын жас қыздар туралы. Олар еркектерге арналған спорт деп есептелетін скейтбординг әлемінде өз орнын табуға тырысады.

Премьерасы: 2 мамыр.

Жүктеу / Загрузка / Upload

Amazon Prime Video платформасына шығатын сатира бағытындағы фантастикалық сериал. Сюжетте болашақ әлем көрсетіледі. Адамдар санасын өзі қалаған әлемге жүктеуді үйренген. Егер ол өліп қалса, санасы виртуал дүниеде оянады. Кенеттен қайтыс болған Натан есімді кейіпкер өзі қалаған жұмақ әлемге тап болып, бұл жерде Нора деген қызды кездестіреді.

Премьерасы: 2 мамыр.

Голливуд / Hollywood

Netflix-те шығатын мини-сериал. Жобаны «Американың хоррор оқиғасы», «Америкалық қылмыс оқиғасы» секілді антологияларды жасаған Райан Мерфи түсірді.

Сюжеті 1940 жылдары Голливудта өрбиді. «Алтын ғасыр» деп саналған заманның кейіпкерлері карьера құрып, кино әлемінен өз орнын табуға талпынады. Олардың арасында Рок Хадсон секілді өмірде болған актерлер де бар.

Премьера: 2 мамыр.

Валерия / Valeria

Испанияда түсірілген драма Валерия есімді кейіпкердің өмірін баяндайды. Оның жұмысы алға баспай, отбасы өмірі де қиын жағдайға тап болған. Өміріне оң өзгеріс енгізу үшін құрбыларының көмегіне жүгінеді. Осыдан кейін төрт келіншек махаббат пен достықтан, қызғаныш пен опасыздықтан, уайым мен қуаныштан тұратын жаңа оқиғаларға ұрынады.

Көрермендер бұл сериалды Netflix сервисінен 8 мамырдан бастап көре алады.

Күннің қарсы беті / Солнечные противоположности / Solar Opposites

«Рик пен Морти» авторлары жасаған анимациялық веб-сериал. Hulu платформасынан көрсетілетін комедия бөгдепланеталық отбасы туралы. Күйреп жатқан өз планетасынан қашып, олар Жерге құлайды. АҚШ-тың бір провинциясына орналасып, жергілікті өмір салтына бейімделуге тырысады.

Премьерасы: 9 мамыр.

Эдди / Водоворот / The Eddy

Өндірісіне Дэмьен Шазелл («Ла-Ла Ленд») атсалысқан мини-сериал форматындағы музыкалық драма. Netflix тапсырысымен түсірілген жоба Эллиот Удо деген Нью-Йорктың джаз пианисті туралы баяндайды. Ол ісі тұралай бастаған клубты басқарады және сонда жұмыс істейтін музыкалық топқа жетекшілік етеді. Бір күні бизнес-серіктесі оның сыртынан жасырын тірлік жасап жүргенін біледі.

Премьерасы: 9 мамыр.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

4 мамыр:
– Миллиардтар / Миллиарды / Billions; драма (АҚШ): 5 маусым

8 мамыр:
– Беймәлім аймақ / Слепая зона / Blindspot; драма, қылмыстық, детектив (АҚШ): 5 маусым

9 мамыр:
– Мен үшін өлі / Мертв для меня / Dead to Me; комедия (АҚШ): 2 маусым

Жалғасы бар…

2020 жылғы сәуірдің сериалдары: 4 бөлік

Сәуірде шығатын сериалдарға арналған шолудың төртінші әрі соңғы бөлігі. Топтамада корей, жапон, британ, қытай жобалары бар. Бастапқы үш сериалды Netflix шығарады.

Патша: Мәңгілік әміршісі / Король: Правитель вечности / The King: The Eternal Monarch

Оңтүстік Кореяда түсірілген фэнтези мелодрама екі параллель ғалам туралы. Біреуі Кореяға ұқсайды, технологиясы дамып, өмір ағыны дамудың жылдам қарқынымен келеді. Екіншісі – монарх басқаратын империя. Зұлым күштер ашқан, екі ғалам арасындағы порталды Корей императоры Ли Гон жабуға тырысады.

Премьерасы: 17 сәуір.

Түнгі уағыз / Полуночное Евангелие / The Midnight Gospel

Америкалық анимациялық комедияда ғарышқа сапар шеккен подкастшы туралы айтылады. Ол мультиғалам симуляторының көмегімен түрлі әлем тұрғындарымен сұхбат жүргізеді.

Ересектерге арналған мультсериалға комик Дункан Трасселдің подкасты арқау болған. Премьерасы: 21 сәуір.

Сауыт киген елес: SAC_2045 / Призрак в доспехах: Синдром одиночки 2045 / Ghost in the Shell SAC_2045

Жапон аниме-сериалының оқиғасы 2045 жылы өрбиді. Жаһандық дефолттың кесірінен жасанды интеллект жылдам дамып, көп кешікпей адамзат машиналармен соғысуға мәжбүр болады. Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің 9 бөлімінің бұрынғы киборг-полицейлері қарапайым жалданбалы жауынгерлерге айналған. АҚШ-тың батыс жағалауымен сапар шегіп келе жатып, олар киборгтардан жылдам, күшті және төзімді постадамдар түріндегі жаңа қатермен бетпе-бет келеді.

Премьерасы: 23 сәуір.

Лондон бандалары / Банды Лондона / Gangs of London

Ұлыбританияда түсірілген қылмыстық драманың оқиғасы Лондонда өрбиді. Қалада түрлі халықаралық қылмыстық топтар арасында соғыс басталады. Осындай бір ұйымның басшысын өлтіріп кеткеннен кейін жағдай ушыға түседі. Осыдан бастап кек алуды және босаған орынға таласуды көздеген топтардың арасында қанды қырғын басталады.

Премьерасы: 23 сәуір.

Джейкобты қорғау / Защищая Джейкоба / Defending Jacob

Уильям Лэндейдің 2012 жылғы аттас романы бойынша түсірілген мини-сериал. Басты рөлде Крис Эванс ойнайды.

Сюжетте округ прокурорының көмекшісі Энди Барбер туралы баяндалады. Ол бір жасөспірімнің өлімін тергейді. Бұл істің басты күдіктісі – Эндидің 14 жасар ұлы Джейкоб. Әке баласын бар күшімен ақтап алуға тырысады, бірақ айғақтың бәрі Эндиді нұсқайды.

Премьерасы: 25 сәуір.

Қарапайым адамдар / Нормальные люди / Normal People

Hulu сервисіне арналып түсірілген британ драмасы.

Мектепте Коннел есімді ұл Мэриэнн есімді қызбен кездескен еді. Бірақ бала бұл қарым-қатынас туралы ешкімге айтпады. Өйткені өзі мектептің ең танымал баласы, жергілікті футбол командасының жұлдызы болса, ал қыз, керісінше – ұялшақ оқу озаты еді. Оның үстіне Коннеллдің анасы Мэриэннің анасына тазалықшы болып жұмыс істеген еді. Мектеп бітірер алдында ғашықтар ажырасады. Бірақ екеуі бір колледжге түседі. Бұл жолы Мэриэннің соңына түскен жігіттерде есеп жоқ еді. Ал Коннелл жергілікті қауымдастыққа сіңісе алмай, қиналып жүреді.

Премьерасы: 26 сәуір.

Арзанқол ертегі: Періштелер қаласы / Страшные сказки: Город ангелов / Penny Dreadful: City of Angels

Үрейлі драманың оқиғасы 1938 жылы Лос-Анджелесте өрбиді. Қалада болған оқиға Санта Муэрте культімен және Жын ізбасарларымен байланысты болады. Шынайы оқиғалар фонында аңызбен байланысты бөтен әлемдік тылсым жағдайлар орын алады.

Премьерасы: 27 сәуір.

Мен ешқашан / Я никогда / Never Have I Ever

Оқушы қыздар туралы америкалық комедия. Басты кейіпкер – үнді қызы, өз ортасында танымал болғысы келетін жасөспірім. Алайда мінезіне бола ісі алға баспай, қиын жағдайларға ұрына береді.

Сериал Netflix сервисіне 28 сәуірде шығады.

404 код / Ошибка 404 / Code 404

Британ комедиясының сюжеті Джон Мэйор және Рой Карвер деген екі детектив төңірегінде өрбиді. Олар арнайы тергеу бөлімінің үздік мамандары. Бір күні олардың астыртын операциясы іске аспай, Мэйорға оқ тиіп, қаза табады. Оның бөлімі осындай бағалы қызметкерден айырылғысы келмейді. Сол себептен оны тірілтуге арналған экспериментке келіседі. Мэйордың денесіне оның санасының цифрлық көшірмесі енгізіледі. Бірақ технология әлі де шикілеу, сондықтан Мэйордың бойынан қателіктер байқалады.

Премьерасы: 29 сәуір.

Құрбан кім / Игра в жертву / Shui shi bei hai zhe

Тайванда түсірілген триллер. Жан түршіктірер бірнеше кісі өлімі болады. Құрбандардың денесі қатты зақымданғаны соншалықты, олардың кім екенін анықтау мүмкін емес. Полиция маньякты іздеуге шығады. Аспергер синдромы бар сотмед сарапшысы осы оқиғаларға қызының қатысы бар екенін біліп, бұл істі өзі тергемек болады.

Премьерасы: 30 сәуір.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

24 сәуір:
– «Өмірден кейін» / «После жизни» / «After Life»; драма, комедия (Ұлыбритания): 2 маусым;
– «Сүңгуір қайық» / «Подводная лодка» / «Das Boot»; драма, әскери (Германия): 2 маусым.

Соңы.

2020 жылғы сәуірдің сериалдары

Сәуірдің басында Quibi стриминг-платформасы іске қосылады. Мобилдік құрылғаға арналған сервис бірден бірнеше жобасын көрерменге ұсынғалы отыр. Осы шолуда аталған жаңа сервистің 4 сериалы туралы айтамыз. Одан бөлек Apple TV+, Amazon стримингтерінің де жаңа жобалары бар.

Жарлы / …и в бедности / Broke

Туысқандар қарым-қатынасына арналған комедия. Сюжетте Джеки есімді күйеусіз ананың өмірі баяндалады. Бір күні оған сіңлісі отбасымен бірге көшіп келеді. Олар бар байлығынан айырылып, үйсіз қалған екен. Джеки енді шақырусыз келген туысқандарын да асырауға мәжбүр болады.

Премьерасы: 3 сәуір

Қараңғы түскенше орал / Домой до темноты / Home Before Dark

Жас журналист Хильда Кейт Лисяктың жазбаларына сүйенген детектив. Автор зерттеу жұмыстарын тоғыз жасынан бері жүргізіп, әкесінің көмегімен құрастырады екен.

Apple TV+ сервисіне арналған драма тоғыз жасар Хильданың атынан баяндалады. Ол отбасымен бірге мегаполистен көл жағасындағы шағын қалаға көшіп келеді. Кішкентай қыз әкесі секілді мықты журналист болуды армандайды. Көшіп келгеннен кейін ол жергілікті тұрғындардың әкесіне басқаша қарайтынын байқайды. Көп жыл бұрын осы жерде бір оқиға болған, бұны әкесі де, басқалар да еске алмауға тырысады. Хильда осы оқиғаны зерттеуге кіріседі, ал нәтижесін өз қолымен шығаратын газетке жариялайды.

Премьерасы: 4 сәуір

Күрмек төңірегіндегі аңыздар / Байки из петли / Tales from the Loop

Amazon түсірген фантастикалық сериал ғалам құпияларын зерттеуге арналған машинаның түбінде орналасқан қалашық тұрғындары туралы. «Күрмек» деп аталатын машинаның кесірінен адам сенгісіз құбылыстар болады. Біртүрлі оқиғалар қалашық тұрғындарына да әсер етеді.

Премьерасы: 4 сәуір

Өте қауіпті ойын / Самая опасная игра / Most Dangerous Game

Лиам Хемсворт пен Кристоф Вальц түскен боевик. Сериал 6 сәуірде іске қосылатын Quibi атты жаңа стриминг платформасына шығады.

Сюжет ауыр сырқаттың салдарынан аз ғана өмірі қалған Додж есімді кейіпкер туралы. Отбасына ақша қалдыруды ойлап, ол аса қауіпті ойынға қатысуға келіседі. Ойын басталған соң ереженің өзі ойлағаннан да қатаң екенін біледі.

Премьерасы: 6 сәуір

Қашқын / Беглец / The Fugitive

Сериалдың сюжеті Харрисон Форд пен Томми Ли Джонс ойнаған 1993 жылғы боевикке негізделген. Лос-Анджелес метросында болған жарылысқа Майк есімді машинист кінәлі деп танылады. Сенсацияға құмар БАҚ пен әлеуметтік желілер бұл жалған айыпты өршітіп, халық арасында дүрбелең туғызады. Майк өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу және отбасын жазықсыз жаланың салдарынан қорғау үшін қамаудан қашып шығады.

Бұл да жаңадан ашылғалы жатқан Quibi платформасына шығады. Премьерасы: 6 сәуір.

Астаң-кестең / Вверх тормашками / Flipped

Quibi сервисіне арналған комедия. Сюжеті Джэнн және Крикет Мелфи есімді ерлі-зайыпты туралы. Еш жерде жұмыс істемейтін олар бір күні өзін үй жаңарту маманымыз деп жариялап, өз видеоблогын ашады. Бір үйдің қабырғасын бұзып жатқанда наркокартелдің жасырылған ақшасын тауып алады. Ерлі-зайыпты ақшаны телевидениеде өз реалити-шоуын ашуға жұмсап, жұлдыз болуды көздейді. Оларды көп кешікпей наркокартель мүшелері тауып алып, ескі үйді жөндеуге жегеді.

Премьерасы: 7 сәуір

Аман қалу / Выжить / Survive

Алекс Морелдің аттас романына негізделген бұл триллер де Quibi платформасына шығады. Басты рөлде «Тақтар ойыны» жұлдызы Софи Тернер ойнайды.

Басты кейіпкер – ұшағы қалың қар басқан тауға құлағаннан кейін аман қалған Джейн есімді қыз. Одан бөлек тағы бір жолаушы аман қалады. Екеуін ешкім таба алмайды, сол себепті өмір үшін арпалыста және қауіпсіз жерге жету үшін тек өзіне сенім артуға тура келеді.

Премьерасы: 7 сәуір

Кезекті маусыммен шығатын сериалдар:

3 сәуір:
– «Жоспаршыл адам» / «Все схвачено» / «Man with a Plan»; комедия, отбасылық (АҚШ): 4 маусым
– «Сирена» / «Siren»; драма, триллер, мистика (АҚШ): 3 маусым

4 сәуір:
– «Харли Квинн» / «Harley Quinn»; фэнтези, комедия, боевик, қылмыстық, қызық оқиғалы, мультфильм (АҚШ): 2 маусым
– «Болашақтың адамы» / «Человек будущего» / «Future Man»; фантастика, комедия (АҚШ): 3 маусым

5 сәуір:
– «Үйректің хикаялары» / «Утиные истории» / «DuckTales»; комедия, қызық оқиғалы, отбасылық, мультфильм (АҚШ): 3 маусым

Жалғасы бар…

2020 жылғы наурыздың сериалдары

Антиутопия мен балама тарих. Наурыз телепремьералары арасында фантастика мен фэнтези туындылар көп екен. Наурыздың жаңа сериалдарына арналған шолуымыздың алғашқы бөлігін ұсынамыз.

Крестер мен нөлдер / Крестики-нолики / Noughts & Crosses

Сериал 2001 жылы шыққан Иэн Рэнкиннің аттас роман-антиутопиясы бойынша түсірілген. Оқиғасы балама Англияда ХХІ ғасырда өрбиді. Сэфи мен Каллум түрлі нәсілдің өкілдері, бірақ бір-бірін сүйеді. Оларға бірге болуға тыйым салынған, бірақ теңдік үшін күреседі. Бір қызығы бұл ғаламда – қара нәсілділер үстем там өкілі де, ақ нәсілділер қоғамның төменгі табы саналады.

Премьерасы: 5 наурыз

Таңғажайып оқиғалар / Удивительные истории / Amazing Stories

1985-1987 жылдар аралығында көрсетілген аттас антологияның ремейкі. Фэнтези мен хоррор элементтері бар сериал Спилбергтің идеясына құрылған болатын. 5 «Эмми» алған осы тележобаның жаңа нұсқасы көрермен назарына ұсынғалы тұр. Apple TV+ стриминг сервисінің сериалында әр эпизод белгілі бір тақырыпты қозғайды.

Премьерасы: 6 наурыз

Құрылғышылар / Разрабы / Devs

Мини-сериал форматындағы фантастикалық драма. Сюжетте Лили есімді компьютер маманы туралы баяндалады. Қыз озық технологиялық компанияда жұмыс істейді. Ол өзінің жігітінің өліміне осы фирма басшылығы кінәлі деп санайды. Қылмыстың ізін табамын деп жүріп құпия бөлімше туралы біледі.

Премьерасы: 6 наурыз

Көп балалы / Настрогали / Breeders

Мартин Фриманның қатысуымен түсірілген британ комедиясы. Сериал Пол және Элли есімді үш баласы бар ерлі-зайыпты төңірегінде өрбиді. Олар жақсы ата-ана болу үшін барын салып тырысады. Бірақ қазіргі заманда отбасылық өмір мен жұмыс, достар мен туыстар арасында тепе-теңдік сақтап тұру қиынның қиыны.

Премьерасы: 13 наурыз

Америкаға қарсы қастандық / Заговор против Америки / The Plot Against America

Америка Құрама Штаттарының балама тарихын баяндайтын мини-сериал. Сюжетке Филип Роттың аттас романы негіз болған. 1940 жылы Франклин Рузвельт сайлауда изоляционист және авиация батыры Чарльз Линдбергке жол береді. Осыдан кейін жаңа президент Адольф Гитлермен одақтасып, елде антисемиттік бағдарлама бастайды. Басты кейіпкерлер – Нью-Джерсиде тұратын еврей отбасы елде нацистік диктатураның қалыптасып келе жатқанына куә болып, бақытты өмірдің соңғы күндерін сүріп жатады.

Премьерасы: 17 наурыз

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

2 наурыз
– Өтірікші / Лжец / Liar; драма, триллер (Ұлыбритания): 2 маусым

6 наурыз
– Кастлвания / Castlevania; фэнтези, үрейлі, триллер, мультфильм (АҚШ): 3 маусым

14 наурыз
– Патшалық / Королевство / Kingdom; драма, боевик, үрейлі, триллер (АҚШ, Оңтүстік Корея): 2 маусым

16 наурыз
– Қара дүйсенбі / Черный понедельник / Black Monday; комедия (АҚШ): 2 маусым
– Батыс әлемі / Мир дикого запада / Westworld; драма, фантастика, вестерн (АҚШ): 3 маусым

17 наурыз
– Розуэлл, Нью-Мексико / Roswell, New Mexico; драма, мелодрама, фантастика (АҚШ): 2 маусым

Жалғасы бар…