2020 жылғы желтоқсанның сериалдары: 1 бөлік

Желтоқсанның бастапқы кезеңінде Мексика-Америка әншісі Селена Кинтанилья-Перестің өміріне арналған байопик, Брайан Крэнстон ойнаған судья туралы драма шығады. Басқа да қызықты жобалар туралы төмендегі шолудан оқыңыз.

Ағайынды Харди / Братья Харди / The Hardy Boys

Hulu сервисінде көрсетілетін детектив элементтері бар драма ағайынды екі жасөспірім туралы. Фрэнк пен Джо анасы қайтыс болғаннан кейін әкесімен бірге шағын қалашыққа көшіп келеді. Олар көп кешікпей анасының өліміне себеп болған бір іс туралы біледі. Ағалы-інілі балалар бұл оқиғаның ақ-қарасын өз күшімен анықтамақ болады.

Премьерасы: 4 желтоқсан.

Түнгі Жердің бояуы / Земля ночью в цвете / Earth at Night in Color

Apple TV+ стриминг сервисінің деректі сериалы түнгі әлемге мүлдем жаңа көзқараспен қарауды ұсынады. Түсірушілер бес құрлықтың жануарларының түнгі өмірін көрсету үшін бұрын-соңды қолданылмаған жаңа технологиялардың көмегіне жүгінген. Арнайы жабдық тас қараңғы түнде түрлі жануарлардың не істеп, не қоятынын көруге мүмкіндік береді. Бұның бәрі бізге бұрынғыдай негатив форматта емес, бояуы қанық бейнемен беріледі.

Премьерасы: 4 желтоқсан.

Селена / Selena

Netflix платформасында шығатын музыкалық байопик Мексика-Америка әншісі Селена Кинтанилья-Перестің өмірін баяндайды. 23 жыл өмір сүрген әнші еркектерге ғана тән деп есептелген техано деген музыка бағытының патшайымы атанды. Қысқа ғана карьерасында музыка саласында үлкен белестерді бағындырды. Алайда даңқ жолындағы қыздың жолы қиындыққа толы болды.

Сериалдың өндірісіне әншінің отбасы мүшелері атсалысты. Премьерасы: 4 желтоқсан.

Сіздің мәртебеңіз / Ваша честь / Your Honor

Брайан Крэнстон ойнаған теледрама. Сюжетте құрметті судьяның ұлы жаяу адамды қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кетеді. Таныстарын, беделін пайдаланып, судья баласын қорғауға тырысады. Нәтижесінде бүкіл отбасы даулы жағдайға тап болады. Өйткені өлген адам жергілікті қылмыс серкесінің ұлы болатын.

«Сіздің мәртебеңіз» – Израилдің 2017 жылғы «Судья» сериалының америкалық ремейкі. Премьерасы: 6 желтоқсан.

Алиса аралық әлемде / Алиса в Пограничье / Imawa no Kuni no Arisu

Жапонияда түсірілген фэнтезиді Netflix сервисі ұсынады. Сериалға Харо Асоның 2010-2016 жылдары жарық көрген аттас мангасы арқау болған.

Басты кейіпкер – бар уақытын видеоойындарға жұмсайтын геймер. Оның өмірі виртуал әлемдерде уайымсыз өтіп жатады. Бір күні басты кейіпкер достарымен бірге Токионың балама нұсқасына тап болады. Оларды қатерлі ойын күтіп тұр.

Премьерасы: 10 желтоқсан.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

5 желтоқсан:
– Үлкен ауыз / Большой рот / Big Mouth; мультфльм (АҚШ): 4 маусым
– Жеке детевтив Магнум / Частный детектив Магнум / Magnum P.I.; боевик, қылмыстық, қызық оқиғалы (АҚШ): 3 маусым

7 желтоқсан:
– Ұятсыздар / Бесстыдники / Shameless; драма, комедия (АҚШ): 11 маусым
– Эйфория / Euphoria; драма (АҚШ): 2 маусым

Жалғасы бар…