2020 жылғы сәуірдің сериалдары: 3 бөлік

Сәуірде шығатын сериалдарға арналған шолудың үшінші бөлігі. Бұнда Дэйн ДеХаан, Донал Глисон, Кейт Бланшетт, Анна Кендрик секілді жұлдыздар түскен жаңа жобалар туралы айтамыз.

Бейтаныс / Незнакомец / The Stranger

Голливудтың жас таланты Дэйн ДеХаан ойнаған триллер. Quibi мобилдік сервисіне арналып жасалған сериалдың сюжеті Клэр есімді көлік жүргізуші қыз төңірегінде өрбиді. Бір күні жолшыбай Карауэй деген жігітті ала кетеді. Танысып үлгермей жатып жігіт кісі өлтіргенін мойындайды. Социопат жүргізуші қыздан қызық оқиға айтып беруін талап етеді. Егер әңгімесі ұнамаса оны да өлтірмекші.

Премьерасы: 14 сәуір

Қаш / Беги / Run

«Еваны өлтіру» («Killing Eve») сериалының авторы жазған тағы бір триллер-мелодрама. Донал Глисонның қатысуымен түсірілген сериалда Руби есімді қыздың өмірі баяндалады. Оның өмірі бір сарынды, көңілсіз еді. Бір күні бұрынғы бойфренді Биллиден қызық ұсыныс алады. Гуруға айналған Билли оған өмір салтын толығымен өзгертіп, саяхатқа аттануды ұсынады.

Премьерасы: 14 сәуір

Сыртқы қайраң / Внешние отмели / Outer Banks

Моторлы қайықпен серуендеп жүрген бір топ жас суға батқан кемені көреді. Оның ішінен алтын қазына жасырылған картаны табады. 400 миллион долларлық қазынаны табу үшін достар АҚШ-тың шығыс жағалауын бойлай сапарға аттанады.

Сыртқы қайраң – Вирджиния-Бичтен бастап Солтүстік Каролина тұсына дейін созылып жатқан 320 шақырымдық жіңішке бөгетті аралдар тізбегі.

Премьера: 16 сәуір

Миссис Америка / Mrs. America

Кейт Бланшетт ойнайтын тарихи драма Америка заңына әйелдер теңдігі туралы өзгерту енгізбек болған белсенділер мен консервативтік партия өкілі Филлис Шлэфли арасындағы қайшылықты суреттейді. Екі тараптың текетіресі маңызды өзгерістерге әкелмекші. Оқиға Шлэфлидің көзімен де, екінші толқын феминисшілерінің көзімен де беріледі.

Премьерасы: 16 сәуір

Жындар / Дьяволы / Devils

Итальян триллері Гуидо Мария Брераның аттас бестселлері негізінде жасалған. Доминик Морган – халықаралық инвестициялық банктің бас директоры. Оның лас қулықтарының кесірінен Еуропа экономикасына нұқсан келмекші. Оның қарамағында істейтін Массимо Руджеро бұл құйтырқы тірлік туралы білгеннен кейін екі оттың ортасында қалады.

Қуыршақ / Манекен / Dummy

Басты рөлде Анна Кендрик ойнаған Quibi платформасының комедиясы. Басты кейіпкер – жазушы Кодидің ерекше қабілеті бар. Ол арсыз, қызғаншақ және өзімшіл секс-қуыршақтың дауысын ести алады. Қуыршақ Кодиге жаңа кітап жазуға көмектесемін деп, оны өзімен бірге үйге алып кетуге көндіреді.

Премьерасы: 20 сәуір.

Жаңа маусыммен шыққан сериалдар:

16 сәуір:
– «Қараңғыда біз не істейміз» / «Реальные упыри» / «What We Do in the Shadows»; комедия (АҚШ): 2 маусым

17 сәуір:
– «Қараңғыда» / «В темноте» / «In the Dark»; драма (АҚШ): 2 маусым

18 сәуір:
– «Босх» / «Bosch»; драма, детектив (АҚШ): 6 маусым

20 сәуір:
– «Фарго» / «Fargo»; драма, комедия, қылмыстық (АҚШ): 4 маусым

Жалғасы бар…

2020 жылғы сәуірдің сериалдары: 2 бөлік

Сәуірде шығатын сериалдарына шолуды жалғастырамыз. Материалда Quibi мен Netflix сервистерінің жаңа жобалары, «Кезбе өліктердің» спин-оффы туралы айтамыз.

Көше шамдарының астында / Под уличными фонарями / When the Streetlights Go On

Жаңадан ашылған Quibi платформасы үшін жасалған 4 бөлімді детектив. Оқиғасы 1995 жылы жазда өрбиді. Шағын америкалық қалашықтың тұрғындарын шошытқан екі кісінің өлімі болады. Тергеу барысында олардың достары мен таныстарының жан түршіктірер құпиялары ашылады. Жас қыз бен мұғалімді өлтірген адамды табу қиынға соғады.

Премьерасы: 7 сәуір

Сырашы ағайын / Пивные братья / Brews Brothers

Netflix сервисіне шыққан комедия. Режиссері – «Үлкен жарылыс теориясы» / «The Big Bang Theory» ситкомын жасауға қатысқан Роберт Коэн. Сюжетте бір-бірін жек көретін, бірақ отбасы бизнесі үшін бірге жұмыс істеугі мәжбүр ағайынды Вильгельм мен Адам туралы баяндалады. Олардың XXXtreme деп аталатын пабы бар, жұрт атауына бола үнемі секс-шоппен шатастырады. Екеуі жиі ұрысады, сыра қайнатудың техникасына қатысты дауласады, бір-бірін сынап, тіпті төбелесуге дейін барады. Бірақ екеуі біріксе оларға тең келер ешкім жоқ.

Премьерасы: 10 сәуір

Кезбе өліктер: Тысқары әлем / Ходячие мертвецы: мир за пределами / The Walking Dead: World Beyond

Оқиғасы әйгілі «Кезбе өліктер» зомби-сериалының әлемінде өрбитін жаңа телешоу. Бұның сюжеті негізгі сериалдың оқиғаларынан 10 жыл өткеннен кейін басталады. Басты кейіпкерлер – зомби-апокалипсис кезінде туып-өскен балалардың алғашқы буыны. Олар жақсы қорғалған жерде өмір сүреді. Балалар тұратын қала – зұлмат басталғанға дейінгі әлемді еске түсіреді. Бірақ осындай жақсы өмірге қол жеткізу үшін алдыңғы ұрпақ көп құрбан болды және олардың ерлігін қазіргі буын ұмытқан жоқ. Бір топ жасөспірім нағыз әлемді көру үшін сыртқа шығады.

Премьерасы 13 сәуірге жоспарланған.

Жоғалған жұмақ / Потерянный рай / Paradise Lost

Мистикалық триллерде Йейтс Форсайт есімді отағасы туралы айтылады. Араға жылдар салып ол Калифорниядан Миссисипи штатындағы туған қалашығына оралады. Бірақ оны қонақжайлылық емес, қайтыс болған қарындасымен байланысы бар өткен шақтың құпиясы күтіп тұр.

Премьерасы: 14 сәуір

#РэйшонғаЕркіндік / #СвободуРэйшону / #FreeRayshawn

Quibi сервисінің қолданушыларына арналған қылмыстық драма. Басты рөлдердің бірін Лоренс Фишберн ойнайды. Сюжетте Ирак соғысының ардагері Рэйшон үйіне оралады. Ол есірткіге қатысты іске қатысты деп айыпталады. Кейіпкер жағдайға мойынсынғысы келмей туыстарымен бірге үйге бекініп алып, билікке берілуден бас тартады. Қылмыскерлермен келіссөз жүргізуді тәжірибелі полицей Стивен Пойнси қолға алады.

Премьерасы: 14 сәуір.

Үрейлі 50 штат / 50 штатов страха / 50 States of Fright

Бұл да Quibi мобилдік платформасының жобасы. Антология форматындағы сериал АҚШ-тың түрлі аймақтарында болған қорқынышты оқиғаларды баяндайды. Жобаға белгілі кинематографшы, «Зұлым өліктер» хоррорын түсірген Сэм Рэйми жетекшілік етеді.

Премьерасы: 14 сәуір

Жаңа маусыммен шыққан сериалдар:

10 сәуір:
– «Жақсы күрес» / «Хорошая борьба» / «The Good Fight»; драма (АҚШ): 4 маусым

13 сәуір:
– «Пиарщица» / «Flack»; комедия (Ұлыбритания): 2 маусым
– «Қауіпті» / «Белая ворона» / «Insecure»; комедия (АҚШ): 4 маусым
– «Еваны өлтіру» / «Убивая Еву» / «Killing Eve»; драма, қылмыстық, детектив (АҚШ): 3 маусым

14 сәуір:
– «Америкалық әке!» / «Американский папаша» / «American Dad!»; комедия, мультфильм (АҚШ): 15 маусым

Жалғасы бар…

2020 жылғы сәуірдің сериалдары

Сәуірдің басында Quibi стриминг-платформасы іске қосылады. Мобилдік құрылғаға арналған сервис бірден бірнеше жобасын көрерменге ұсынғалы отыр. Осы шолуда аталған жаңа сервистің 4 сериалы туралы айтамыз. Одан бөлек Apple TV+, Amazon стримингтерінің де жаңа жобалары бар.

Жарлы / …и в бедности / Broke

Туысқандар қарым-қатынасына арналған комедия. Сюжетте Джеки есімді күйеусіз ананың өмірі баяндалады. Бір күні оған сіңлісі отбасымен бірге көшіп келеді. Олар бар байлығынан айырылып, үйсіз қалған екен. Джеки енді шақырусыз келген туысқандарын да асырауға мәжбүр болады.

Премьерасы: 3 сәуір

Қараңғы түскенше орал / Домой до темноты / Home Before Dark

Жас журналист Хильда Кейт Лисяктың жазбаларына сүйенген детектив. Автор зерттеу жұмыстарын тоғыз жасынан бері жүргізіп, әкесінің көмегімен құрастырады екен.

Apple TV+ сервисіне арналған драма тоғыз жасар Хильданың атынан баяндалады. Ол отбасымен бірге мегаполистен көл жағасындағы шағын қалаға көшіп келеді. Кішкентай қыз әкесі секілді мықты журналист болуды армандайды. Көшіп келгеннен кейін ол жергілікті тұрғындардың әкесіне басқаша қарайтынын байқайды. Көп жыл бұрын осы жерде бір оқиға болған, бұны әкесі де, басқалар да еске алмауға тырысады. Хильда осы оқиғаны зерттеуге кіріседі, ал нәтижесін өз қолымен шығаратын газетке жариялайды.

Премьерасы: 4 сәуір

Күрмек төңірегіндегі аңыздар / Байки из петли / Tales from the Loop

Amazon түсірген фантастикалық сериал ғалам құпияларын зерттеуге арналған машинаның түбінде орналасқан қалашық тұрғындары туралы. «Күрмек» деп аталатын машинаның кесірінен адам сенгісіз құбылыстар болады. Біртүрлі оқиғалар қалашық тұрғындарына да әсер етеді.

Премьерасы: 4 сәуір

Өте қауіпті ойын / Самая опасная игра / Most Dangerous Game

Лиам Хемсворт пен Кристоф Вальц түскен боевик. Сериал 6 сәуірде іске қосылатын Quibi атты жаңа стриминг платформасына шығады.

Сюжет ауыр сырқаттың салдарынан аз ғана өмірі қалған Додж есімді кейіпкер туралы. Отбасына ақша қалдыруды ойлап, ол аса қауіпті ойынға қатысуға келіседі. Ойын басталған соң ереженің өзі ойлағаннан да қатаң екенін біледі.

Премьерасы: 6 сәуір

Қашқын / Беглец / The Fugitive

Сериалдың сюжеті Харрисон Форд пен Томми Ли Джонс ойнаған 1993 жылғы боевикке негізделген. Лос-Анджелес метросында болған жарылысқа Майк есімді машинист кінәлі деп танылады. Сенсацияға құмар БАҚ пен әлеуметтік желілер бұл жалған айыпты өршітіп, халық арасында дүрбелең туғызады. Майк өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу және отбасын жазықсыз жаланың салдарынан қорғау үшін қамаудан қашып шығады.

Бұл да жаңадан ашылғалы жатқан Quibi платформасына шығады. Премьерасы: 6 сәуір.

Астаң-кестең / Вверх тормашками / Flipped

Quibi сервисіне арналған комедия. Сюжеті Джэнн және Крикет Мелфи есімді ерлі-зайыпты туралы. Еш жерде жұмыс істемейтін олар бір күні өзін үй жаңарту маманымыз деп жариялап, өз видеоблогын ашады. Бір үйдің қабырғасын бұзып жатқанда наркокартелдің жасырылған ақшасын тауып алады. Ерлі-зайыпты ақшаны телевидениеде өз реалити-шоуын ашуға жұмсап, жұлдыз болуды көздейді. Оларды көп кешікпей наркокартель мүшелері тауып алып, ескі үйді жөндеуге жегеді.

Премьерасы: 7 сәуір

Аман қалу / Выжить / Survive

Алекс Морелдің аттас романына негізделген бұл триллер де Quibi платформасына шығады. Басты рөлде «Тақтар ойыны» жұлдызы Софи Тернер ойнайды.

Басты кейіпкер – ұшағы қалың қар басқан тауға құлағаннан кейін аман қалған Джейн есімді қыз. Одан бөлек тағы бір жолаушы аман қалады. Екеуін ешкім таба алмайды, сол себепті өмір үшін арпалыста және қауіпсіз жерге жету үшін тек өзіне сенім артуға тура келеді.

Премьерасы: 7 сәуір

Кезекті маусыммен шығатын сериалдар:

3 сәуір:
– «Жоспаршыл адам» / «Все схвачено» / «Man with a Plan»; комедия, отбасылық (АҚШ): 4 маусым
– «Сирена» / «Siren»; драма, триллер, мистика (АҚШ): 3 маусым

4 сәуір:
– «Харли Квинн» / «Harley Quinn»; фэнтези, комедия, боевик, қылмыстық, қызық оқиғалы, мультфильм (АҚШ): 2 маусым
– «Болашақтың адамы» / «Человек будущего» / «Future Man»; фантастика, комедия (АҚШ): 3 маусым

5 сәуір:
– «Үйректің хикаялары» / «Утиные истории» / «DuckTales»; комедия, қызық оқиғалы, отбасылық, мультфильм (АҚШ): 3 маусым

Жалғасы бар…

2020 жылғы наурыздың сериалдары. 2 бөлік

Наурыздың екінші жартысында шығатын сериалдардың арасында көпшілік күтетін «Озарк» сияқты хиттармен қатар біраз жаңа да қызық жобалар бар. Арасынан Зигмунд Фрейдке арналған, Октавия Спенсердің, Риз Уизерспунның қатысуымен түсірілген сериалдарды атап өту қажет.

Белгравия / Belgravia

Джулиан Феллоуздың романына сүйенген 6 сериялы британ драмасы. Оқиғасы 1840 жылдары өтеді. Негізгі кейіпкерлер – ауқатты Тренчардтар отбасы мен ақсүйек Белласистер династиясы. Осыдан көп жыл бұрын болған оқиғаның ізі әлі сақталған, сондықтан екі отбасы арасындағы құпия мен кикілжің олардың келешегіне қауіп әкелмек.

Сериалға «Даунтон Аббаттығы» авторлары атсалысқан. Премьерасы 16 наурызда.

Отан: Форт Салем / Родина: Форт Салем / Motherland: Fort Salem

Фантастикалық драмада 300 жыл бұрын Салем мыстандарының үкіметпен жасаған келісімі сюжет өзегі болады. Келісімге сәйкес сиқыры бар әйелдер қудалаудан босатылады, есесіне олар ел игілігіне қызмет етеді. Барлық әскери іс-қимылдарға, террористік актілерге салемдік мыстандар өз қабілетін пайдаланып, АҚШ билігіне көмектеседі. Қазіргі заманда Салем әскери фортқа айналып, онда мыстан жауынгерлер жаттығады. Басты кейіпкерлер – қызметке жаңа қабылданған үш сиқыршы қыз.

Көрсетілімі 18 наурыздан басталады.

Барлық жерді өрт шарпыды / И повсюду тлеют пожары / Little Fires Everywhere

Мини-сериал форматындағы жоба америкалық жазушы Селеста Ингтың аттас романына негізделген. Басты кейіпкер – үлгілі шаруақор әйел миссис Ричардсон. Ол үйінде ғана емес, төңіректің бәрін өз бақылауында ұстағанды ұнатады. Бірде Миа есімді бір келіншек пайда болады. Ол бөтен адам орнатқан ережеге бағынып үйренбеген, өз дегенімен өмір сүргенді ұнатады. Бір-біріне қарама-қайшы екі кейіпкердің арасында кикілжің пайда болады.

Басты рөлде Риз Уизерспун ойнайды. Сериал 19 наурызда шығады.

Патшаға жазылған хат / Письмо для короля / The Letter For The King

Нидерландта түсірілген отбасылық фэнтезидің сюжеті орта ғасырлық әлемде өрбиді. Тьюри есімді жас атқосшыға ерекше тапсырма беріледі: үш патшалықты кесіп өтіп, Патшаға құпия хат жеткізу керек. Бүкіл патшалықтың тағдыры оның тапсырмасына байланысты екенін ол әлі түсінбеген болатын.

Сериал дат жазушысы Тонке Драгттың 1962 жылғы ертегі-романына сүйенген. 20 наурыздан бастап көрсетіледі.

Селф-мейд: Мадам Си Джей Уокер / Self Made: Inspired by the Life of Madam C.J. Walker

Өмірбаян-драма 1 млн доллар тапқан тарихтағы алғашқы қара нәсіл әйелдің өмірін баяндайды. Афроамерикалық кәсіпкер Си Джей Уокер шаш күтіміне арналған құрал ойлап табады. Нәсілшілдік сегрегация заманында өмір сүргеніне қарамастан, Уокер өз компаниясын құрып қоймай, басқа да әйелдерге кәсіпкерлік бойынша көмектесті.

Сюжеті Си Джей Уокердің ұрпағы Алейла Бандлздың кітабы бойынша жасалған. Премьерасы 21 наурызда.

ФрейдFreud

Мини-сериал түріндегі детективке психоанализ теориясының негізін қалаушы Зигмунд Фрейдтің өмірі арқау болған. Оқиғасы Австрияда ХІХ ғасырда өрбиді. Басты кейіпкер медиуммен және жергілікті полициямен бірігіп Венаның мазасын алған кісі өлтірушінің ізіне түседі. Фрейд тергеуге өзінің новаторлың әдістерін қолданады.

23 наурыздан бастап көрсетіледі.

Қаңғыбас патшайым / Бродячая королева / Vagrant Queen

Аттас комикс бойынша түсірілген фантастикалық сериалдың әлемі кең: республикаға айналған патшалық, галактика мен алыс әлемдер. Басты кейіпкер – Элида тақ мұрагері. Алайда жастайынан жетім қалып, галактиканың қиыр түкпірінде жасырынып жүреді. Ол күндердің күнінде республикаға айналған өз отанына оралуға мәжбүр болады.

Премьерасы: 28 наурыз

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

12 наурыз:

Менің ауданымда / На районе / On My Block; комедия (АҚШ): 3 маусым

20 наурыз:

Оқ өтпес / Пуленепробиваемый / Bulletproof; боевик, қылмыстық (Ұлыбритания): 2 маусым

24 наурыз:

Наша девочка / Our Girl; драма, әскери (Ұлыбритания): 4 маусым

28 наурыз:

Озарк / Ozark; драма, қылмыстық (АҚШ): 3 маусым