Браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшылар туралы фильм түсірілімі басталды

Ақмола облысында браконьерлердің қолынан қаза болған инспекторлар Ерлан Нұрғалиевке және Қаныш Нұртазиновке арналған «Дала» («Степь») көркем фильмінің түсірілімі басталды.

Фильм режиссері әрі продюсері Максим Акбаров. Ол көпшілікке актер ретінде танылған еді («Сказ о розовом зайце», «Инопланетяне ни при чем», т.б.). Жобаға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК қолдау білдірді, ал өндірісімен Golden Man Media компаниясы айналысады.

Түсірілім басталмай жатып алаңда қолайсыз жағдай болды – актерлердің біреуі іс-түссіз жоғалып кетті. Ол туралы режиссер  Facebook парақшасында хабарлады: «Фильмде түсіп жатқан актерлердің бірі ескертулерге қарамастан дүлей боран кезінде қаршанаға мініп жоғалып кетті. Дер кезінде ұйымдастырылған құтқару операциясының нәтижесінде бірнеше сағаттан соң актерді таптық».

Сюжет желісіне 2019 жылы қаңтарда және 2019 жылы шілдеде болған екі оқиға арқау болып отыр. Біріншісі Қарағанды ​​облысының Нұра ауданында болды. 17 ақбөкенді атып алған браконьерлер «Охотзоопром» қорық қызметкерлерінің көзіне түседі. Олар қашып құтыламыз деп инспектор Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкке шабуыл жасаған. Нәтижесінде екі қызметкер де ауыр жарақат алды. Ер адамдар олардың қызметтік көлігі мен GPS кілттерін алып кеткендіктен, зардап шеккендерді бірнеше сағаттан кейін ғана табу мүмкін болған. Алайда Ерлан Нұрғалиев ауруханада көз жұмды.

Екінші оқиға Ақмола облысының Жарқайың ауданында болды. «Охотзоопромның» инспекторлары заңсыз аң аулап жүрген «Нива» автокөлігінің соңына түсіп, жолын кеспек болғанда браконьер қос ауыз аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Осы кезде инспектор Қаныш Нұртазинов қайтыс болған еді. Ал оның серігі Самат Оспанов жүрек тұсынан жараланып, аман қалды.

Ақмола облысындағы түсірілім наурыздың соңына дейін жалғасады. Кейін жаз айларында Қостанай облысында жалғасады.