2020 жылы мамырда шығатын сериалдар: 3 бөлік

Мамырдың сериалдарына арналған шолуымыздың соңғы бөліміне жанрлық тұрғыдан жеңіл жобалар жиналыпты. Бұнда Анна Кендрик, Стив Карелл, Джон Малкович секілді жұлдыздар түскен жаңа сериалдар туралы айтамыз.

Старгерл / Stargirl

Фантастикалық теледрама Кортни деген жоғары сынып оқушысы туралы. Ол есеюдің қиындықтарын көріп, жаңа жерге көшіп келгеніне уайымдайды. Оның үстіне анасының жаңа күйеуі Пэтпен де тіл табысу оңайға соқпайды. Бір күні жертөледегі қораптардың бірінен суперқаһарманның киімін тауып алады. Сөйтсе оның өгей әкесі жақында қайтыс болған Старменнің досы екен. Кортни өзінің бойынан ерекше қабілет байқап, Старгерлға айналады.

Премьерасы: 20 мамыр.

Жеке өмір / Личная жизнь / Love Life

Анна Кендрик қатысқан мелодрама. Антология форматында ұсынылатын сериалдың әр маусымы бір кейіпкердің оқиғасын баяндайды. Көрермендер персонаждың алғашқы ғашық болу, шын махаббатын кезіктіру секілді жеке өмірінің сәттеріне куә болады.

Сериал HBO Max платформасында 28 мамырда жарық көреді.

Орталық парк / Центральный парк / Central Park

Apple TV + сервисіне арналып түсірілген мультипликациялық ситком. Басты кейіпкерлер – Нью-Йорктың Орталық паркінің қараушылары. Отбасы мүшелері тәртіпті қадағалап, жеке өмірде кездесетін проблемаларымен күреседі, кейде тіпті әлемді де құтқарады.

Анимациялық кейіпкерлерді Кристен Белл, Джош Гад, Стэнли Туччи, Кэтрин Хан секілді актерлер дыбыстайды. Премьерасы: 30 мамыр.

Ғарыш әскері / Космические войска / Space Force

Netflix сервисінің комедиясы. Стив Карелл, Джон Малкович секілді актерлердің басын қосқан сериалда түрлі елдердің билігі бірігіп, ғарыш әскерін құруға шешім қабылдайды. Оның құрамына ғарышкерлер, әскери мамандар мен ғалымдар кіреді. Алғашқы тапсырмалардың бірі – Айға сарбаздар жіберу.

Премьера: 29 мамыр.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

21 мамыр:
– Жүздік / Сотня / The 100; фантастика (АҚШ): 7 маусым

23 мамыр:
– Үйге оралу / Возвращение домой / Homecoming; драма (АҚШ): 2 маусым

26 мамыр:
– Кемеңгер / Гений / Genius; драма, тарихи, өмірбаян (АҚШ): 3 маусым

28 мамыр:
– Қ.А.Л.Қ.А.Н. агенттері / Агенты «Щ.И.Т.» / Agents of S.H.I.E.L.D.; драма, фантастика, боевик (АҚШ): 7 маусым

30 мамыр:
– Рами / Ramy; комедия (АҚШ): 2 маусым

Соңы.

2020 жылы мамырда шығатын сериалдар: 2 бөлік

Осы бөлікте Николь Кидман, Марк Руффало, Джуд Лоу, Эль Фаннинг пен Николас Холт секілді жұлдыздардың қатысуымен түсірілген жаңа сериалдар туралы айтамыз. Сонымен қатар Пон Джун-хоның 2013 жылы шыққан әйгілі картинасының ремейкі де бар.

Шегініс / Отыграть назад / The Undoing

Джин Ханфф Корелиц деген америкалық жазушының романы желісімен түсірілген теледрама. Басты рөлде Николь Кидман ойнайды.

Басты кейіпкер Грейс Сакс – Нью-Йоркта тұратын бақытты әйел және табысты психотерапевт. Бірнеше аптадан кейін отбасы бақыты туралы оның алғашқы кітабы жарық көреді. Алайда кенеттен оның күйеуі жоғалып кетеді де ертегі секілді өмірі бір күнде күйрейді.

Премьерасы: 12 мамыр.

Бұның рас екенін білемін / Я знаю, что это правда / I Know This Much Is True

Бұл драмада Марк Руффало бірден екі рөлді ойнайды. Ол қоятын образдар – егіз Доминик пен Томас. Бір сыңары параноид шизофрениясымен ауырады. Оқиғасы ХХ ғасырдың басында Америкада өрбіп, сатқындық, кек және кешірім тақырыптарын қозғайды.

Мини-сериал форматындағы жоба Уолли Ламбтың аттас романы бойынша түсірілген. Премьерасы: 12 мамыр.

Үшінші күн / Третий день / The Third Day

Джуд Лоу қатысқан британ-америкалық драма. Сюжетте Сэм есімді ер адам бір құпия аралға келеді. Бұнда тұратын адамдар өзгелерге ұқсамайтын дәстүрді ұстанады. Олардың жөн-жоралғысын көргеннен кейін Сэм баяғыда ұмыт болған зақымын еске түсіреді. Көп кешікпей шынайылық пен қиял арасындағы шекара жоғалады.

Премьерасы: 13 мамыр

Ақ сызықтар / Белые линии / White Lines

Netflix платформасында шығатын британ-испан детективі. Сюжетте әйел Ибицаға келіп, 20 жыл бұрын осында жоғалып кеткен бауырының ісін зерттейді. Бауыры кезінде танымал ди-джей болған еді. Оның мүрдесі енді табылып отыр.

Премьерасы: 15 мамыр.

Ұлы / Великая / The Great

Тарихи драма император әйел Екатерина II-нің жас кезін суреттейді. Бойжеткен орыс патшасы Петр ІІІ-ге тұрмысқа шығып, православие қабылдайды. Алайда көп кешікпей күйеуінің бойындағы адамдық қасиетінен де, билеуші қасиетінен де көңілі қалады.

Сериалда басты рөлдерде Эль Фаннинг пен Николас Холт ойнайды. Премьерасы: 15 мамыр.

Шырақтар / The Luminaries

Мини-сериалдың оқиғасы 1860 жылдары Жаңа Зеландияда өрбиді. Алтын дүрлікпесі қызып тұрған шақ. Алтын іздеуші қайтыс болып, оның лашығынан мол қазына табылады. Бұл өлімнен кейін құпия оқиғалар тізбегі басталып, басты кейіпкер – жас қазына іздеуші Уолтер Муди осы оқиғаларға ұрынады.

Қызық оқиғалы драма 17 мамырда жарық көреді.

Кайфтаун / Hightown

Қылмыстық драма Провинстаун деген қалашықта балық аулауды бақылау қызметінің офицері Джеки Куинонс төңірегінде өрбиді. Ол жұмысына берілген жандардың қатарынан емес, тұрақты айлық үшін ғана осында жүр десе де болады. Пистолеті мен төсбелгісін сұлуларға қырындау үшін пайдаланады. Бір күні бәрі өзгереді – Джеки қыздың мәйітін тауып алып, героин эпидемиясына ұрынады.

Премьерасы: 18 мамыр.

Қар бұзар / Сквозь снег / Snowpiercer

Пон Джун-хоның 2013 жылы шыққан әйгілі картинасының ремейкі. Сюжеті түпнұсқа картинамен бірдей: болашақта Жер бетінде мұз дәуірі орнап, аман қалған адамдар өмірі тоқтамайтын жүрдек пойыздың ішінде бас сауғалайды. Пойыз құрамы әлеуметтік топтарға жіктелген. Соңғы вагондарда жұмысшылар, кедейлер өмір сүреді, ал байлар – алдыңғы вагондарда. Әлеуметтік теңсіздіктерге шыдай алмаған тұрғындар көтеріліс бастайды.

Премьерасы: 18 мамыр.

Жалғасы бар…

2020 жылы мамырда шығатын сериалдар

Мамырда кезекті маусымын ұсынатын сериалдардан гөрі, жаңадан шығатындар көп. Біз сізді барлығымен таныстыруға тырысамыз. Бірнеше бөліктен тұратын шолуымыздың алғашқысын оқыңыз.

Талпыныс / Попытки / Trying

Apple TV + платформасына арналған британ комедиясы. Сюжеті Никки және Джейсон есімді ерлі-зайыпты туралы. Олар балалы болғысы келеді, бірақ денсаулығына байланысты ол мүмкін емес. Кейіпкерлер бала асырап алмақ болады. Бірақ бұндай қадамға бару үшін де біраз дайындық керек: туыстармен, достармен ақылдасу керек, зиянды әдеттерден арылу керек, әлеуметтік қызметкерлердің көңілінен шығу керек.

Премьерасы: 1 мамыр.

Бетти / Betty

Кристал Мозеллдің 2018 жылғы «Скейт-асүй» көркем фильмі бойынша түсірілген сериал. Жасөспірімдерге арналған комедия Нью-Йоркте тұратын жас қыздар туралы. Олар еркектерге арналған спорт деп есептелетін скейтбординг әлемінде өз орнын табуға тырысады.

Премьерасы: 2 мамыр.

Жүктеу / Загрузка / Upload

Amazon Prime Video платформасына шығатын сатира бағытындағы фантастикалық сериал. Сюжетте болашақ әлем көрсетіледі. Адамдар санасын өзі қалаған әлемге жүктеуді үйренген. Егер ол өліп қалса, санасы виртуал дүниеде оянады. Кенеттен қайтыс болған Натан есімді кейіпкер өзі қалаған жұмақ әлемге тап болып, бұл жерде Нора деген қызды кездестіреді.

Премьерасы: 2 мамыр.

Голливуд / Hollywood

Netflix-те шығатын мини-сериал. Жобаны «Американың хоррор оқиғасы», «Америкалық қылмыс оқиғасы» секілді антологияларды жасаған Райан Мерфи түсірді.

Сюжеті 1940 жылдары Голливудта өрбиді. «Алтын ғасыр» деп саналған заманның кейіпкерлері карьера құрып, кино әлемінен өз орнын табуға талпынады. Олардың арасында Рок Хадсон секілді өмірде болған актерлер де бар.

Премьера: 2 мамыр.

Валерия / Valeria

Испанияда түсірілген драма Валерия есімді кейіпкердің өмірін баяндайды. Оның жұмысы алға баспай, отбасы өмірі де қиын жағдайға тап болған. Өміріне оң өзгеріс енгізу үшін құрбыларының көмегіне жүгінеді. Осыдан кейін төрт келіншек махаббат пен достықтан, қызғаныш пен опасыздықтан, уайым мен қуаныштан тұратын жаңа оқиғаларға ұрынады.

Көрермендер бұл сериалды Netflix сервисінен 8 мамырдан бастап көре алады.

Күннің қарсы беті / Солнечные противоположности / Solar Opposites

«Рик пен Морти» авторлары жасаған анимациялық веб-сериал. Hulu платформасынан көрсетілетін комедия бөгдепланеталық отбасы туралы. Күйреп жатқан өз планетасынан қашып, олар Жерге құлайды. АҚШ-тың бір провинциясына орналасып, жергілікті өмір салтына бейімделуге тырысады.

Премьерасы: 9 мамыр.

Эдди / Водоворот / The Eddy

Өндірісіне Дэмьен Шазелл («Ла-Ла Ленд») атсалысқан мини-сериал форматындағы музыкалық драма. Netflix тапсырысымен түсірілген жоба Эллиот Удо деген Нью-Йорктың джаз пианисті туралы баяндайды. Ол ісі тұралай бастаған клубты басқарады және сонда жұмыс істейтін музыкалық топқа жетекшілік етеді. Бір күні бизнес-серіктесі оның сыртынан жасырын тірлік жасап жүргенін біледі.

Премьерасы: 9 мамыр.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

4 мамыр:
– Миллиардтар / Миллиарды / Billions; драма (АҚШ): 5 маусым

8 мамыр:
– Беймәлім аймақ / Слепая зона / Blindspot; драма, қылмыстық, детектив (АҚШ): 5 маусым

9 мамыр:
– Мен үшін өлі / Мертв для меня / Dead to Me; комедия (АҚШ): 2 маусым

Жалғасы бар…