Әділхан Ержановтың «Сары мысық» фильмі Қазақстанның атынан «Оскарға» ұсынылды

Режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» фильмі Қазақстан атынан «Оскар» жүлдесінің «Шетелдік үздік фильм» номинациясына ұсынылды. Кинотуындыны Short Brothers (Қазақстан), Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және Arizona Productions (Франция) қомпанияларының қатысуымен Zerde Films (Қазақстан) компаниясы түсірді. 

Фильмді Бонни мен Клайд хикаясының қазақстандық интерпретациясы деуге болады. Кермек есімді жас жігіт түрмеде жазасын өтеп, қылмыстық топ иемденіп, өзінің қатал заңдарын орнатқан туған қаласына оралады. Жігіттің ғашығы Ева, қылмыскерлердің ықпалынан теріс жолға түскен, Кермек өзі де қылмысқа белшесінен батады. Бірақ ол сүйген қызымен бірге еркіндікке қол жеткізіп, кинотеатр салу туралы арманын тастамайды. Ол қалай да арманына қол жеткізуге бел байлайды…

«Сары мысық» – Әділхан Ержановтың тоғызыншы толықметражды көркем фильмі. Түсірілім жұмыстары былтыр Алматы облысында өтті. Фильмнің Бас продюсерлері: Әсел Сәдуақасова, Қанат Битеміров және Ербол Тойбаев.

Фильмнің әлемдік түсаукесері 77-ші Халықаралық Венеция кинофестивалі шеңберінде өтті. Сондай-ақ кинотуынды Ресейдің «Ника» жүлдесінің номинациясына және Asian Film Awards жүлдесінің «Үздік режиссер», «Үздік оператор» және «Үздік суретші» үш бірдей номинациясына ұсынылған болатын. 

Осы уақыт аралығында аталған фильм Қытайда өткен «Жібек жолы» халықаралық кинофестивалінде «Ерекше сценарий» жүлдесімен, Батумиде және Стокгольмде өткен Hope International Film Festival фестивалінде «Үздік режиссер» жүлдесімен, «Мәскеулік тұсаукесер» кинофестивалінде киносыншылардың жүлдесімен, Verona International Film Festival және Brugge International Film Festival кинофестивалдерінде «Үздік көркем фильм» жүлдесімен марапатталған болатын. 

Фильмнің сценарий авторлары Әділхан Ержанов пен Инна Смаилова. Продюсерлік міндетті режиссердің тұрақты әріптестері Серік Әбішев пен Ольга Хлащева атқарды. Картинаның ко-продюсері француз маманы Гийом де Сиель. Фильмнің операторы осыған дейін Әділхан Ержановтың «Үкілі кәмшат» және «Атбайдың шайқасы» фильмдерін таспалаған – Еркінбек Пітірәлиев. Қоюшы суретші – Ермек Өтегенов, музыкасын Алим Заиров және Иван Синцов жазды. Фильмге Азамат Нығманов, Камилла Нұғыманова, Санжар Мади және т.б. түсті. 

«Оскар» жүлдесінің салтанатты марапаттау рәсімі Лос-Анджелесте 2022 жылы 27 наурызда өтеді.