Қараның елу реңкі: «Қап-қара адам» фильміне рецензия

Отар-отар қойды өріске айдағанда көтерілген шаң ба, жол әлде тұман ба, таң атып келе жатыр ма, кеш батып келе жатқандағы алагеуім бе түсініксіз. Кара мен сұрдың 50 реңкі оқиға желісіне құпиялық пен көптеген бассыздыққа жол беретін атмосфера жасайды. Қара мен сұрдың көптігі соншалық бір сәтте көзің бұлдырап отыр ма деп сүрткің келіп, одан түк шықпаған соң экранды сүртіп келгің келеді екен.

Оқиғаның шиеленісіп кеткені соншалық көліктің алдыңғы терезесі тас тиіп шытынап кеткенде болашағы жоқ тірлік екенін түсінесің. Өз микроклиматы бар ауылда қылмыскері бостандықта, тәртіп сақшылары/құқық қорғау бөлім қызметкерлері қорғансыздарды үркітіп тастаған. Қалтасына қанша ауызбастырық түссе де тозығы жетіп созылып кеткен жемпірмен жүре беруі – арам ақшаның ішекті майламайтынын сездіретіндей.

Сот ғимаратында арқаны кеңге салып жайнаған дастархан басында бір-біріне пара беріп отыру, есік қаққан қызды арнайы шақыртылған жезөкше деп ойлау әбден сүйекке сіңген әдет деп қабылдау ғана қалады.

Зорлық салдарынан қаза болған сұраушысы жоқ жасөспірімнің мәйіті айдалада тәуліктеп жата беруі, сотмедсараптама қызметі де бұл ауылда заң шеңберінен шығып кеткені, сараптама қорытындысы сыйақымен өзгере беретін жәй ғана қағаз екені қынжылтады.

Фильмдегі балакөңіл «қылмыскер» Пукуар мен құрбысы ғана қандай ортада жүргенін түсінбейтіндей. Жоғарыдан келген Ариана тергеуші Бекзаттың барлық жоспарын бұзғанымен әлі де болса тасқа айналмаған жүрегі бар екен көрсетті.

Түнекке батып бара жатқан ауылға жарық таң арайлап атқанда бір-ақ келеді.

Авторы: Мақпал Шайхистамова