Фархат Шәріповтың «18 килогерц» фильмі Қазанда үздік шықты

«18 кГц» фильмінің ұжымы фестивалге қатысқан жоқ. Марапатты олардың атынан киносыншы Гүлнәр Әбікеева алды. Фото: kazan-mfmk.com

Режиссер Фархат Шәріпов түсірген «18 килогерц» фильмі Қазан қаласында өткен ХVII Халықаралық мұсылман киносы фестивалінде үздік толықметражды көркем фильм аталымында бас жүлде – Гран-приді жеңіп алды. Сондай-ақ кинотуынды «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесімен (Александр Плотников) марапатталды.

«18 килогерц» – бұл 90-шы жылдардың соңындағы жасөспрімдердің өмірінен сыр шертетін фильм. Зара Есенаманның «Хардкор» кітабының желісі бойынша түсірілген фильм биыл ақпан айында қазақстандық прокатқа шыққан болатын.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы «18 килогерц» көркем фильмі қазақ киносының тарихында алғаш рет 36-шы Варшава халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Кейін бұл туынды Германияның Котбус қаласында өткен 30-шы Халықаралық кинофестивальде үздік деп  танылды.

Қазіргі кезде режиссер Фархат Шәріпов «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Хардкор» деген кезекті фильмін түсіріп жатыр. Жаңа туынды бүгінгі күнгі нашақорлық дерті туралы баяндайды. Режиссер осы тақырып төңірегіндегі үш жұмысын трилогия ретінде ұсынбақшы. «Хардкор» – «18 килогерц» бастап берген топтаманың екінші фильмі болады.

Жеткіншек, есірткі және 18 кГц: Фархат Шәріповтың жаңа фильмі жайында

«Қызғылт қоян туралы ертегі», «Тұлғалық өсу тренингі» картиналарын түсірген Фархат Шәріпов жаңа жұмысын көпшілік назарына ұсынбақшы. «18 килогерц» деп аталатын драма алдымен екі халықаралық кинофестивалге қатысып қайтады.

«18 килогерц» – бұл тоқсаныншы жылдардың соңындағы жасөспірімдердің өмірінен сыр шертетін фильм.

«18 килогерц – ересектер естімейтін дыбыс жиілігі. Фильм жасөспірімдердің проблемаларына арналған… Есейе келе жыл сайын жас буынның қиындықтарын түсіну қиын болып бара жатыр. Өзіміз де жасөспірім болдық, кейбір проблемалар шешілмейтіндей болып көрініп еді. Тіпті тығырықтан шығатын жол таба алмай, тұла бойыңды қорқыныш билеген кездер де болды. Біздің фильм сол кездерді еске түсіру үшін арнайы түсірілді», – деді режиссер Фархат Шарипов.

Түсірілім жұмыстары Алматы қаласында жүргізілді. Басты рөлдерде Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со деген жас дебютант-актерлер ойнайды.

Режиссердің жаңа жұмысының әлемдік премьерасы Орталық және Шығыс Еуропаның ең беделді фестивалдерінің бірі – 36 Варшава халықаралық кинофестивалінің (WFF) негізгі конкурсы аясында өтеді. «А» санатына жататын бұл кинофорум биыл 9-18 қазан аралығында дәстүрлі форматта өтеді.

Одан бөлек «18 килогерц» фильмі Азиядағы ең ірі фестивалдердің бірі – 25 Пусан халықаралық кинофестиваліне (BIFF) қатысады. Кинотуынды «Азия киносына терезе» (A Window on Asian Cinema) бағдарламасына еніп отыр. ПХК 21-30 қазан аралығында өтеді.

Осы орайда айта кетейік Ернар Нұрғалиевтің «Жаным, ты не поверишь» қара комедиясы да Варшава кинофестиваліне қатысады. Картина «Free Spirit Competition» бағдарламасына еніп, 9 қазанда көрсетілімі болады.