Онлайн: әйел теңдігі туралы 5 фильм

Әйел өмірі әділетсіздікке толы, теңсіздік оқиғаларына көп ұрынады дейді. Бірақ бұны еркек болып туған адамға түсіну қиын. Жалпы жыныстық көзқарасты былай қойып, адами тұрғыдан алып қарасақ та – проблеманың шын мәнін – дәл сол проблемаға ұрынған адамнан артық ешкім ұғына алмайды.

Осы орайда әділетсіздік пен кемсітушіліктің құрбаны болған әйелдердің өмірін суреттейтін тамаша кинофильмдер топтамасын ұсынамыз. Бұл жыныстық теңсіздікке қатысты түрлі проблемаларды білуге, әйел жанын жақыннан түсінуге көмек болады деп үміттенеміз.

Үлкен көздер / Большие глаза / Big Eyes

Маргарет Кин есімді америкалық суретшінің шын өмірін баяндайтын драма. Оның жұмыстары 1950 жылдары ерекше танымал болды, үлкен көзді балалар туралы картиналары поп-арттың пайда болуына көп ықпал еткен еді. Бірақ оның жазған картиналары күйеуі Уолтер Кин атынан жарияланады. Сол себепті атақ-даңқтың бәрін күйеуі иемденеді, ал өзі қамаудағы өнім берушіге айналады.

Тим Бертон түсірген фильм біраз беделді сыйлыққа қол жеткізді. Басты рөлде ойнаған Кристоф Вальц пен Эми Адамс «Алтын глобус», BAFTA номинацияларына ұсынылды (актриса «Алтын глобус» алды).

Коммивояжер / Forushande

Иран кинематографшысы Асгар Фархадидің 2015 жылғы картинасында айтылған мәселе біздің қоғамға да тән деуге болады. «Ұят болады», «құрысыншы» деп проблеманы ұмытуға тырысу, «қол сынса жең ішінде» деп жеке басқа қатысты мәселені жасыру одан да ауыр салдарға әкелеуі мүмкін. Фильмнің басты әйел кейіпкері зорлық құрбаны болса да, жұрттың сөзінен қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданбайды, бәрін тез ұмытуға тырысады. Бірақ бұл әрекеттің бәрі күйеуімен арадағы қарым-қатынастың нашарлауына, өзіңді іштеу қазбалау мен басқа да психологиялық ауыртпалыққа алып келеді.

Әлбетте Фархади бұл фильмінде тек әйел проблемасына ғана тоқтатып қоймайды, онда айтылған басқа да ойлар бар. Дегенмен басты кейіпкерлер – ерлі-зайыптылардың басынан өткен жағдай мен оның салдары сюжеттің өрбуіне түрткі болады. Жалпы жыныстық зорлыққа және қоғамның түсінбеушілігіне тап болған әйелдің ахуалы жақсы суреттелген. Драма «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясында «Оскар» алып, Канн кинофестивалінің екі жүлдесіне ие болды.

Жыныстық белгісі бойынша / По половому признаку / On the Basis of Sex

Америкалық өмірбаян драма Жоғарғы сот судьясы Рут Бейдер туралы. Оны кинода Фелисити Джонс ойнайды. Соның ішінде Бейдер еркектер мен әйелдердің тең құқығы үшін күресі сөз болады.

Рут Бейдер Жоғарғы сот судьясы лауазымына 1993 жылы тағайындалды. Жас кезінен бастап ол қоғамда ерлер мен әйелдер арасында теңсіздікті көріп өседі. Гарвардқа оқуға түскенде курсында қыздарға тек тоғыз орын ғана бөлінеді. Белсенділігімен көзге түсе бастағанда жігіттердің мазағына айналады. Олардың ойынша қыздар оқуға түсу арқылы дарында жігіттерді мүмкіндіктен айырады. Оның үстіне факультет ғимаратында қыздарға арналған әжетхана болмай шығады, қыздарға академиялық үзіліс алуға болмайды, тұрақты жұмыс табуда да кедергілер жетерлік. Осы әділетсіздікті көріп, Руд заң жолындағы карьерасын жыныстық теңдікке қол жеткізу жолына арнайды.

Актерлік құрамда Арми ХаммерДжастин ТеруДжек РейнорКрис МалкиСтивен РутСэм Уотерстон секілді жұлдыздар бар.

Капернаум / Capernaum

Балиғатқа толмай еркінен тыс күйеуге шығу, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, заңсыз мигрант әйелдердің ауыр тағдыры – Ливан кинематографшысы Надин Лабакидің картинасына өзек болған проблемалар. Фильм 2018 жылы Канн кинофестивалінде таныстырылып, әділқазылардың екі сыйлығын алды және Ливан атынан «Оскарға» ұсынылды.

Сюжеттегі оқиғалар 12 жасар Зейннің көзімен көрсетіледі. Бала болғанына қарамастан ауыр жұмыс істеп, бауырларына бас-көз болуға мәжбүр болады. Ол басқа елге көшіп кетуді армандайды. Күйеуге ерте шыққан әпкесінің өлімі үшін кек аламын деп түрмеге түседі. Сол жақта жүріп осындай хәлге жеткізген жауапсыз ата-анасын сотқа береді.

Аластатылғандар / Отвергнутые

Отандық режиссер Жанна Исабаеваның картинасы қазақ әйелінің тағдырын суреттейді. Көп балалы отбасыдан шыққан 25 жасар Айғаным біраз уақыттан соң туған үйіне оралады. 7 жыл бұрын білім алу үшін Алматыға кетіп, сол жақта бір жігітпен танысқан болатын. Алдымен үйленемін деп алдап алып, Айғанымды екіқабат күйінде тастап кетеді. Отбасы қыздан және оның некесіз туған ұлынан бас тартады. Алайда туыстарын сағынған ол ауылына келеді. Келіншек қол үзіп қалған отбасыға қайта сіңісіп, солардың бірі болғысы келеді.

«Жұрт не дейді», «ұят болады» деген тар түсініктің аясында өмір сүру қандай нәтижеге алып келетінін көрсететін ауыр да шыншыл фильм.

Осы тақырыпқа сай келетін тағы қандай кинотуындылар білесіздер?