2020 жылы шілдеде шығатын сериалдар: 2 бөлік

Шілденің сериалдарына арналған шолудың екінші бөлігінде қара нәсіл стриптизшілердің тағдыры туралы драма, жалған образбен өзін жұлдызға айналдырған қыздың хикаясы, Peacock және Netflix сервистерінде шығатын фантастикалық сериалдар, Кевин Харт пен Джон Траволта ойнаған комедия туралы айтамыз.

П аңғары / Долина соблазна / P-Valley

Теледрамада қара нәсіл стриптизшілердің тағдыры суреттеледі. Әр серия – Миссисипи сағасының бойында орналасқан шағын қалашықтағы стриптиз-клубтың өмірі туралы бір хикая. Бұл бикештер сахнада нағыз ғажапты көрсетсе де, олардың тағдыры құштарлыққа толы биге мүлдем ұқсамайды. Бірінші маусым 8 эпизодтан құралады.

Премьерасы: 13 шілде.

Анджелина / Angelyne

Рени Голдберг – 1950 жылдары Польшадан көшіп келген иммигранттар отбасынан шыққан бойжеткен. 1980 жылдары өзін поп-икона қылып көрсетеді: Анджелина деген төсі үлкен сұлу әйелдің образын ойлап тауып, өз фотосын Лос-Анджелес билбордтарына іледі. Ешкім Анджелинаның кім екенін білмеді, бірақ оны көшеде көргенде бәрі танитын болды.

Сериалға The Hollywood Reporter журналисі Гари Бауманның зерттеуі негіз болған. Басты рөлде «Ұятсыздар» жұлдызы Эмми Россам ойнайды. Премьерасы: 15 шілде.

Ғажап жаңа әлем / Дивный новый мир / Brave New World

Peacock стриминг-сервисінде шығатын сатиралық антиутопияға Олдос Хакслидің аттас романы арқау болған. Сюжетте тұтыну культқа айналған, қоғам кастаға бөлінген болашақ әлем суреттеледі. Бір күні Лондонның екі тұрғыны қала сыртына шығып, қанды ереуілдің ортасында қалады.

Премьерасы: 16 шілде.

Қарғыс атқан / Проклятая / Cursed

Netflix платформасының фэнтезиі мистикалық қабілетке ие Нимуэ деген жас қыздың оқиғасын баяндайды. Анасы қайтыс болған соң Артур есімді жас жігітке еріп, бір қарияны іздеуге шығады. Олар көне қылышты тапсыруы керек. Сапар кезінде көп нәрсе олардың өмірін өзгертеді, Нимуэ батырлық пен көтерілістің символына айналып, патша шапқыншыларына қарсы тұрады.

«Қарғыс атқан» Фрэнк Миллер мен Том Уилердің графикалық романы желісімен түсірілген. Премьерасы: 18 шілде.

Мықты Харт / Крепкий Харт / Die Hart

Quibi платформасында көрсетілетін Кевин Харт ойнаған экшн-комедия. Атауы әйгілі «Die Hard» боевигіне сілтейді. Сюжетте комедия актері амплуасын өзгертуді ойлайды. Ірі боевикке түсу үшін экшн-жұлдыздар дайындайтын мектепте оқып шығуы керек. Джон Траволта ойнайтын қатал оқытушының сынынан өту оңай емес.

Премьерасы: 21 шілде.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

20 шілде:
– Алиенист / The Alienist; драма, қылмыстық, тарихи, детектив (АҚШ): 2 маусым

21 шілде:
– Есірткіні онлайн қалай сатады / Как продавать наркотики в Интернете (быстро) / How To Sell Drugs Online; драма, комедия, қылмыстық (Германия): 2 маусым
– Аванпост / The Outpost; фэнтези (АҚШ): 3 маусым

23 шілде:
– Корпорация / Монстры корпорации / Corporate; комедия (АҚШ): 3 маусым

25 шілде:
– 104 бөлме / Комната 104 / Room 104; комедия (АҚШ): 4 маусым

Соңы.

2020 жылы шілдеде шығатын сериалдар

Шілдеде шығатын жаңа сериалдардың басым бөлігін стриминг-сервистер ұсынады. Сіздерді Netflix, HBO Max, Apple TV+ өнімдерімен таныстырамыз.

Қарғыс: Әлқисса / Проклятие: Начало / Ju-On: Origins

Жапонның атақты хоррор-франшизасына жаңа дем беріліпті. Енді бұл жоба Netflix-те мини-сериал форматында жарық көреді. Жобаның сценарий авторлары – тағы бір танымал хоррор-франшиза – «Шеңбер/Қоңырау» («Ringu») авторлары.

Сюжет Харука Хондзе деген актриса төңірегінде өрбиді. Бір күні үйінен әлдекімнің жүргенін, біртүрлі дыбыстар естиді. Харука психоэнергия зерттеушісінің көмегіне жүгініп, тылсым құбылыстың мәнін ұқпақ болады.

Премьерасы: 3 шілде.

Жауынгер-монах әйел / Монахиня-воин / Warrior Nun

Аттас комикс желісімен түсірілген Netflix ұсынған фантастикалық боевик. Сюжетте 19 жасар қыз моргта оянады. Оған өмір сүруге екінші мүмкіндік ашылып, тіпті ерекше қабілетке де ие болады. Енді ол – Жер бетіндегі жын-перілермен күресетін ежелгі орденнің мүшесі.

Премьера: 3 шілде.

Бала бағушылар клубы / Клуб нянек / The baby-sitters club

Netflix-тің отбасылық комедиясы он үш жасар қыз балалар туралы. Олар қала түбінде тұрады және бос уақытында бала бағып табыс табады. Олардың өмірінде жасөспірімге тән оқиғалар жетерлік: достасады, ғашық болады, ұрысып, кейін қайта татуласады, ата-анасымен келіспей қалады, сабақ оқиды. Ал бала бағу дағдыларын үйренуге Google көмектеседі.

Премьерасы: 4 шілде.

Мейілінше жақын / Достаточно близко / Close Enough

HBO Max сервисінің анимациялық комедиясы қарапайым отбасы туралы: күйеуі, әйелі және кішкентай қыз. Олар күн сайын тұрмыстың түрлі мәселелеріне ұрынады: жұмыс, достар, бала тәрбиесі, уақыт тапшылығы, зұлым опоссумдар, алып өрмекші-мутанттар, аруақтар, клоун-стриптизерлер мен жеңіл есірткінің әсерінен болған елестер. Бұл отбасыны үлгілі деу қиын, дегенмен олар мейілінше тырысады.

Премьерасы: 10 шілде

Кішкентай дауыс / Голосок / Little Voice

Apple TV+ ұсынған музыкалық драмада 20 жастағы бойжеткеннің өмірі баяндалады. Бесс бала кезінен музыканы сүйіп өсті, есейгенде өмірі сахнамен тығыз байланысты болады деп ойлады. Алайда бәрі өзі ойлағандай болмады. Реті келсе шағын клубтарда өнер көрсетеді, нәпақасын репетиторлықтан тауып жүр. Үлкен зал, хит-парадтағы алдыңғы орын, платина күйтабақ – бұның бәріне бойжеткен енді қол жеткізе алмайтындай көрінеді.

Премьерасы: 11 шілде.

Сондай-ақ 4 шілдеде «Ханна» / «Ханна. Совершенное оружие» / «Hanna» триллерінің 2 маусымы шығады.

Жалғасы бар…