2020 жылғы қазанның сериалдары: 3 бөлік

Қазанның сериалдарына арналған шолудың соңғы бөлігі. Бұнда герман тайпалары мен Рим империясы арасындағы соғыс туралы тарихи драма, норвег ханшайымы мен АҚШ президенті арасындағы қарым-қатынас туралы мини-сериал, Николь Кидман мен Хью Грант ойнаған триллер және басқа да қызық жобалар туралы айтамыз.

Варварлар / Варвары / Barbaren

Netflix ұсынған неміс сериалы тарихи оқиғалар арқылы үш түрлі адамның тағдырын баяндайды.

Тарихи драманың оқиғасы біздің дәуіріміздің 9 ғасырында, Рим империясы заманында өрбиді. Херускилер көсемі Арминий – әскери тактиканың білгірі – герман тайпаларын біріктіріп, Тевтобургс орманына жайғасады. Олар Квинтилий Вар бастаған үш Рим легионын қоршауға алады. Ормандағы шайқас тарихты өзгертті: Германия Рим империясының құрсауынан босап, тәуелсіздік күресіне кіріседі.

Премьерасы: 23 қазан.

Патшайымның жүрісі / Ход королевы / The Queen’s Gambit

Netflix сервисінің драмасы есірткіге тәуелді шахматшы қыз туралы баяндайды. Басты рөлде – Аня Тейлор-Джой.

1950 жылдар, Кентукки штаты. Жетімдер үйінде тұратын Бет Хармон деген қыздың бойынан шахматқа деген талант анықталады. Бұл оның қиындық пен күреске толы болашақ тағдырына әсер етеді.

Премьерасы: 23 қазан.

Атлантиканы кесіп өту / Пересекая Атлантику / Atlantic Crossing

Мини-сериал норвег кронханшайымы Мартаға және оның Америка президенті Франклин Рузвельтпен қарым-қатынасына арналған.

Норвегияны 1940 жылы Германия жаулап алғаннан кейін ханшайым Марта мен оның балалары Америка үкіметінің шақыруымен Ақ үйге жайғасады. Президент норвег ханшайымының бірегейлігіне, сұлулығы мен табандылығына тәнті болады. Тіпті Мартаның бұл жерге келуі мемлекет басшысының шешіміне де әсер ете бастайды. Көп кешікпей АҚШ Еуропада болып жатқан оқиғаларға қатысты саясатын өзгертеді.

Премьерасы: 25 қазан.

Шегініс / Отыграть назад / The Undoing

Джин Ханфф Корелиц деген америкалық жазушының романы желісімен түсірілген HBO Max драмасы. Басты рөлде Николь Кидман мен Хью Грант ойнайды.

Басты кейіпкер Грейс Сакс – Нью-Йоркта тұратын бақытты әйел және табысты психотерапевт. Бірнеше аптадан кейін отбасы бақыты туралы оның алғашқы кітабы жарық көреді. Алайда кенеттен оның күйеуі жоғалып кетеді де ертегі секілді өмірі бір күнде күйрейді.

Премьерасы бастапқыда 12 мамыр деп белгіленген еді. Уақыты кейінге шегеріліп, 25 қазанға белгіленіп отыр.

Бәріне түн кінәлі / Потому что ночь / Because the Night

Бұл триллердің сюжетіне ағылшын сценарийшісі және жазушысы Нил Кросстың романы арқау болған. Мини-сериалдың «The Sister» деген екінші атауы бар.

Басты кейіпкер Натан – бақытты отағасы. Бірақ оның бәрінен жасырған құпиясы бар. Бұны ұмыту да мүмкін емес, әлдекімге ашып айтуға да болмайды. Күндердің күнінде оның өмірінде көптен көрмеген танысы пайда болып, әлгі құпиясының ашылуына себепші болады. Осыдан бастап Натанның қалыпты өмірі астан-кестең болады.

Премьерасы: 26 қазан.

Зевстің қаны / Кровь Зевса / Blood of Zeus

Netflix-те жарық көретін анимациялық сериалда Олимп құдайларының титандармен соғысы баяндалады. Құдайлар жеңді, бірақ титандар оларға қарғыс жібереді. Соңғы титанның қаны теңіз суымен араласып, одан қуатты, жеңілуді білмейтін жындар пайда болады. Олар енді көкті де, жерді де түгелдей қырмақшы. Зевстің ұлы екенін білген Геронды бұл соғыста Олимп пен әлемнің құтқарушысы атағы күтіп тұр.

Премьерасы: 27 қазан.

Тіршілік / Жить / Hausen

Неміс хорроры әкесі мен 16 жасар ұлының басынан кешкен қорқынышты хикаяны баяндайды. Екеуі қала шетіндегі көп пәтерлі үйге көшіп келеді. Еркектер отбасында болған қайғылы оқиғадан кейін жаңа орынға бой үйретуге тырысқанымен, оларға айналада пайда болған біртүрлі құбылыстар кедергі болады. Үй дыбыстар мен елестерге толы екен. Бұлар – тірі кезінде қатты қиналған бұрынғы тұрғындардың аруағы болып шығады.

Премьерасы: 29 қазан.

Искатели истины / Truth Seekers

Prime Video сервисінде көрсетілетін фантастикалық комедия. Гас пен Дэйв – аруақ аулаушылар. Олар Ұлыбританияны аралап, аруақтар мекен еткен шіркеулерді, жер астындағы бункерлерді, қираған ауруханаларды тексереді, паранормал құбылыстың ізін кеседі. Бастан өткізген оқиғаларын видеоға түсіріп, онлайн-арнаға да салып отырады. Көп кешікпей екі дос адамзатқа қауіп әкелетін қатерге ұрынады.

Басты рөлдерде белгілі ағылшын актерлері Ник Фрост пен Саймон Пегг ойнайды. Премьерасы: 30 қазан.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

22 қазан:
– Коннерлер / Коннеры / The Conners; комедия (АҚШ): 3 маусым
– Голдбергтер / Голдберги / The Goldbergs; комедия (АҚШ): 8 маусым

28 қазан:
– Бұл біз / Это мы / This Is Us; драма, мелодрама, комедия, отбасылық (АҚШ): 5 маусым

31 қазан:
– Мандалорлық / Мандалорец / The Mandalorian; фантастика, фэнтези (АҚШ): 2 маусым

Соңы.

2020 жылғы қазанның сериалдары: 2 бөлік

Бүгінгі шолу 9-20 қазан аралығында шығатын сериалдарды қамтиды. Олардың арасында Disney+, Netflix, Hulu стриминг сервистері ұсынатын жаңа жобалар бар.

Ержүрек жігіттер / Парни что надо / The right stuff

Disney+ платформасында жарық көретін драма ғарыш тақырыбына арналған. Сюжетке Том Вулфтың деректі романы арқау болды – соғыстан кейін Америкада астронавтиканың дамуы, «қырғи қабақ соғыстың» АҚШ пен КСРО арасында ғарыш бәсекесіне әкелуі сөз болады. Басты кейіпкерлер – эксперимент ұшақтар мен зымырандарды сынаған америкалық ұшқыштар. Олар кейін «Меркурий» ғарыш бағдарламасының алғашқы астронавты болады.

Премьерасы: 9 қазан.

Индустрия / Industry

HBO-ның драмасында қаржы мектептері мен институттарының түлектері туралы айтылады. 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейінгі күрделі кезең еді. Жастар Лондонның ірі инвестициялық банкіне қызметке тұру үшін өзара бәсекеге түседі. Достық пен серіктестіктің, махаббат пен жаулықтың шекарасы тез шайылады, көп кешікпей жас қаржыгерлер корпорация мәдениетіне бой үйретеді. Бұл жерде секс, есірткі мен эго мәміле мен дивидендтің кепілі.

Премьерасы: 11 қазан.

Ұлы армия / Великая армия / Grand army

Netflix сервисінің жобасы слатшейминг, абьюз және мәдени зорлық проблемаларына арналады. Grand Army деген қоғамдық мектептің бес оқушысы заманауи Американың сексуалдық, нәсілдік және экономикалық теңсіздігімен бетпе-бет келеді, басқа түскен түрлі мәселелермен күреседі.

Премьерасы: 16 қазан.

Хелстром / Helstrom

Marvel комиксінің желісімен түсірілген фантастикалық боевик. Жоба Hulu сервисінен көрсетіледі. Басты кейіпкерлер – Дэймин мен оның қарындасы Ана Хелстромдар. Олар әлдебір маньяктың балалары. Ерекше қабілетінің сырын ашпақ болған ағасы мен қарындасы психиатрия клиникасында жатқан анасын табады. Әйел күйеуі мен балаларының құпиясын білген соң осында түскен. Ағасы мен қарындасы арасындағы қиын қарым-қатынасқа қарамастан, олар әлемді аралап, өзін көбірек біліп, қабілетінің сырына үңілуге тырысады.

Премьерасы: 16 қазан.

Жолдағы өлім / Убийство на дороге / Roadkill

Мини-сериал форматындағы британ триллерінің басты жұлдызы – Хью Лори («Доктор Хаус»). Сюжеті Питер Лоуренс деген харизмалы, өзімшіл министр төңірегінде өрбиді. Бірде баспасөз беттерінде оның жеке өмірі мен құпия саяси қызметі туралы хабар тарап кетеді. Әйтсе де министр бұған қайғыра қоймайды, жаулары мен бәсекелестерін күйретуге бағытталған жолынан таймайды. Оның мақсаты – саясаттың ең биік шыңы.

Премьерасы: 18 қазан.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

12 қазан:
– Испан ханшайымы / Испанская принцесса / The Spanish Princess; драма, тарихи (АҚШ): 2 маусым
– Кезбе өліктер сақтан / Бойтесь ходячих мертвецов / Fear the Walking Dead; драма, үрейлі (АҚШ): 6 маусым

15 қазан:
– Ривьера / Riviera; драма, қылмыстық, триллер

16 қазан:
– Стартрек: Дискавери / Звездный путь: Дискавери / Star Trek Discovery; фантастика, боевик, қызық оқиғалы (АҚШ): 3 маусым

Жалғасы бар…

2020 жылғы қазанның сериалдары

Қазанның алғашқы күндерінде бізді екі антология күтіп тұр. Біреуі құбыжықтар әлемін көрсетсе, екіншісі махаббатын жаңа тәсілмен іздеген адамдар туралы. Сондай-ақ әйгілі Comedy Store клубының тарихын білеміз, «Кезбе өліктер» әлемінің жаңа оқиғаларын көреміз.

Монстарлар мекені / Земля монстров / Monsterland

Hulu платформасының фантастикалық триллерінде әр серия бөлек оқиға. Әр эпизодта түрлі құбыжықпен бетпе-бет келген кейіпкер туралы баяндалады. Сериал құпияға толы параллель әлемдерді, балама һәм қарама-қайшылыққа толы өмірді көрсетеді. Зұлымдар – әлсіз адамдарды жаман қылыққа итермелейтін вампирлер, қасқыр-адамдар, азғын періштелер, су перілері.

Антология Натан Бэллингрудтің әңгімелер жинағының желісімен түсірілген. Премьерасы 2 қазанда.

Париждегі Эмили / Эмили в Париже / Emily in Paris

Лили Коллинз ойнаған драманы Netflix сервисі көрсетеді. Сюжетте Эмили деген америкалық бойжеткен Парижде жұмыс істеуге ұсыныс алады. Ол Францияның танымал маркетинг агенттігінде еңбек етпекші. Жаңа, бейтаныс мекенде Эмили күн сайын түрлі қиындықтарға ұрынады. Ол карьерасын құруға, жаңа достар тауып, махаббатын жолықтыруға тырысады.

Жоба авторы – әйгілі «Секс және қала» / «Sex and the City» сериалын жасаушы Даррен Стар. Премьерасы 2 қазанда.

Комедия дүкені / Комедийный магазин / The Comedy Store

5 бөлімнен тұратын деректі мини-сериал. Жоба 1972 жылы ашылған «Комедия дүкені» клубы туралы. Жарты ғасырлық тарихында бұл клубтың сахнасында жүздеген комик өнер көрсетті. Олардың арасында Джим Кэрри, Луис С.К., Билли Кристал, Вупи Голдберг секілді жұлдыздар бар. Клуб резиденттерінің бірі – режиссер, продюсер, сценарийші әрі актер Майк Байндер осы орынның тарихын баяндайды, атақты әріптестерімен әңгімелеседі, юмор пайда болатын сахна сыртын көрсетеді.

Премьерасы 4 қазанда.

Кезбе өліктер: Тысқары әлем / Ходячие мертвецы: мир за пределами / The Walking Dead: World Beyond

Оқиғасы әйгілі «Кезбе өліктер» зомби-сериалының әлемінде өрбитін жаңа телешоу. Бұның сюжеті негізгі сериалдың оқиғаларынан 10 жыл өткеннен кейін басталады. Басты кейіпкерлер – зомби-апокалипсис кезінде туып-өскен балалардың алғашқы буыны. Олар жақсы қорғалған жерде өмір сүреді. Балалар тұратын қала – зұлмат басталғанға дейінгі әлемді еске түсіреді. Бірақ осындай жақсы өмірге қол жеткізу үшін алдыңғы ұрпақ көп құрбан болды және олардың ерлігін қазіргі буын ұмытқан жоқ. Бір топ жасөспірім нағыз әлемді көру үшін сыртқа шығады.

Премьерасы бастапқыда 13 сәуірге жоспарланған еді. Пандемияға байланысты уақыты шегеріліп, енді 4 қазанға белгіленіпті.

Қайырымды мырзаның құсы / Птица доброго Господа / The Good Lord Bird

Бастапқыда 17 ақпанда шығады деп, кейінге шегерілген жобалардың бірі. Оқиғасы Америкада азамат соғысы жылдары өрбиді. Канзас құлдықты жақтаушылар мен қарсы шыққандар арасындағы соғыс алаңына айналған. Онион есімді жалшы бала қыз болып киініп, аболиционист Джон Браунмен бірге одақтастар армиясына қарай қашады. Ұлды қатерге толы саяхат пен тарихи оқиғалар күтіп тұр.

Итан Хоук ойнайтын тарихи драма 4 қазанда шығады.

Жаны жақын адам / Родственные души / Soulmates

Фантастикалық мелодраманың сюжеті 2035 жылы өрбиді. Ғалымдар жер бетіндегі барлық адамның өмірін өзгертетін жаңалық ашады. Жаңа тесттің көмегімен жаны жақын адамыңды анықтауға болады. Бұл ақпаратқа ие болған кейіпкерлер түрліше әрекет етеді, өйткені әрқайсымыздың нағыз махаббат туралы танымымыз әр түрлі.

«Жаны жақын адам» – сериал-антология: әр эпизодта жаңа кейіпкерлердің қатысуымен жаңа оқиға баяндалады. Премьерасы 5 қазанда.

Жаңа маусыммен шыққан сериалдар:

3 қазан:
Воин / Warrior; драма, боевик, тарихи (АҚШ): 2 маусым

5 қазан:
Пандора / Pandora; драма, фантастика, боевик (АҚШ): 2 маусым

9 қазан:

Аванпост / The Outpost; фэнтези (АҚШ): 3 маусым

Жалғасы бар…