Қазақстан киносыншылары 2019 жылдың үздіктерін атады

Жыл сайын кино саласының үздіктерін анықтайтын Қазақстан Киносыншылар қауымдастығы «Сыншылар таңдауы-2020» жүлдесінің жеңімпаздарын жариялады. Жүлдегерлер мамыр айының 6 жұлдызында YouTube-те өткен онлайн-көрсетілім барысында анықталды. COVID-19 эпидемиясына байланысты, жүлдегелерді салтанатты түрде марапаттау кешін осындай форматта өткізуге тура келді. «Сыншылар таңдауы» мүсіндері әр жеңімпазға арнайы жеткізіліп, жеке табысталатын болады.

«Сыншылар таңдауы-2020» лауреаттары:

Үздік драма фильм – «Қап-қара адам» (прод. А.Сатаев, Э.Курмашев, С.Абишев, О.Хлащева)

Үздік жанрлық фильм – «OFF-LINE демалыс» (Э.Курмашев, С.Абишев)

Үздік режиссер – Әділхан Ержанов («Қап-қара адам»)

Үздік сценарий – Фархат Шәріпов («Тұлғалық өсу тренингі»)

Үздік қоюшы-оператор – Айдар Шәріпов («Қап-қара адам»)

Үздік қоюшы-суретші – Куат Тілеубаев («Томирис»)

Үздік ер адам бейнесі – Данияр Алшынов («Қап-қара адам»)

Үздік әйел бейнесі – Динара Бақтыбаева («Қап-қара адам»)

Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі – Ержан Түсіпов («Тұлғалық өсу тренингі»)

Екінші пландағы үздік әйел бейнесі – Дильназ Нұрсейіт («Композитор»)

Үздік композитор – Илья Одегов\ Эмиль Досов («Тұлғалық өсу тренингі»)

Үздік ән – Данэлия Төлешова & AlvinToday – «Каникулы off-line» («Off-line демалыс»)

Үздік дебют – Шәрипа Оразбаева («Мариям»)

Естеріңізге сала кетейік, өз жұмысын 2015 жылдан бері жалғастырып келе жатқан Қазақстан Киносыншылар қауымдастығы жыл сайын отандық кино саласындағы үздіктерді анықтап, «Сыншылар таңдауы» жүлдесін табыстайды. Киносыншылар қауымдастығы биыл жаңа мүшелермен толықты. Олар: Өнертану докторы Молдияр Ергебеков, кинотанушы, киносыншы Дана Әмірбекова және кинотанушы, Baiqonyr International Short Film Festival кинофестивалінің бағдарлама директоры Ержан Жұмабеков. Сондай-ақ, Қазақстан Киносыншылар қауымдастығына отандық белгілі кинотанушылар мен кинозерттеуші мамандар мүшелік етеді. Атап айтсақ, олар: Олег Борецкий, Төлеген Байтөкенов, Кәрім Қадырбаев, Баубек Нөгербек, Назира Мұқышева, Гүлажар Машрапова, Ғалия Байжанова, Дмитрий Мостовой, Инна Смаилова, Ольга Малышева, Мәди Мәмбетов және Александра Поршнева. Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының президенті – Гүлнара Әбікеева. Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының құрамы 16 кәсіби білікті маманнан тұрады.

Қазақстан фильмдерін көрсететін Youtube-арналар

Өткен аптада шетелдік фильмдерді заңды түрде көрсететін Youtube-арналар туралы айтып едік. Енді қазақстандық фильмдер туралы әңгімелегіміз келеді. Әдетте Youtube арқылы таралатын отандық картиналарды соны түсірген компанияның ресми аккаунтынан көре аламыз.

Жақында пайда болған тамаша жаңалық – Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Алтын қорға» кіретін, қазақ киносының классикасы саналатын біраз фильмді тегін таралымға шығарды. Оны осы киностудияның аккаунтындағы бөлек плейлисттен тамашалауға болады.

Енді қазіргі заманның киносы туралы. Біздің кино өндірісінде қалыптасқан құбылыстардың бірі – кинокомпания немесе режиссер өз өнімін прокат мерзімі аяқталған соң бірнеше айдан кейін Youtube хостингіне шығарады.

Жанна Исабаева Zhanna Issabayeva – тәуелсіз режиссер, сценарийші, продюсер Жанна Исабаеваның арнасы. Отандық кинематографшы бүкіл жұмысын осы жерге салды. Көпшілік оны «Ойпырмай» комедиясынан кейін тани бастады. Бірақ автордың басты жанры – әлеуметтік драма.

OMNIARS – бұл тәуелсіз кинокомпанияның арнасы. Компанияны құрушы – режиссер, актер, сценарийші және продюсер Ермек Шахмет. Талдықорғаннан шыққан кинематографшы 2009 жылы «Анаша» деген псевдодеректі картинасымен белгілі болған еді. Бұл режиссердің қолынан «Кредитомания», «Бекзат», «Selfie с мертвецами» секілді фильмдер шықты.

KANAIDAR PRODUCTION – режиссер Қанағат Мұстафин мен продюсер Айдархан Әділбаевтың компаниясы. Бұл продюсерлік орталық «Рывок», «16 қыз» және басқа да ромкомдар шығарды.

Shine Production – Баян Алагөзованың продюсерлік орталығы. Компания музыкалық жобалармен ғана емес, кино және телефильмдер жасаумен айналысатыны белгілі. Соңғы жылдары шыққан бірнеше туындысын осы арнадан табуға болады. Қысқа видеолар мен клиптердің арасында адасып кетпесеңіз болды 🙂

Koyanbayev Live – Продюсер, шоумен, актер Нұрлан Қоянбаевтың арнасы. Соңғы жылдары «Қазақша бизнес» сериясымен бірнеше фильм шығарып танылды. Арнадан оның продюсерлік етуімен жасалған фильмдерді табуға болады.

bissembin film – режиссер Асқар Бисембиннің арнасы. Бұнда оның барлық картинасы бар деп айта алмаймыз, бірақ бірнешеуі табылады. Одан бөлек біраз қысқаметраж картиналар да бар.

Nurtas Adambay – әмбебап кинематографшы Нұртас Адамбайдың арнасы. Аккаунтын тұрақты түрде жаңартатын сирек адамдардың бірі. Сол үшін бір респект жолдауға болады. Прокатта болып кеткен фильмдерінің барлығын таба аласыз.

Каникулы off-line 2 – Astana Film Fund компаниясының аккаунты. Арна атауы жарнамаланып жатқан өнімге байланысты өзгеріп тұрады. Бұнда Ақан Сатаевтың «Бизнесмены», «Районы», сондай-ақ «Каникулы OFF-LINE» картиналары жүктелген. Ал режиссердің бұрынырақтағы фильмдерін көрем десеңіз – SATAIFILM арнасы да бар.

Асель Садвакасова TV – продюсер Әсел Садуақасованың арнасында фильмдер көп емес, бірақ болашақта жаңа өнімдермен толыға түседі деген үміт бар. Әселдің продюсерлік етуімен жасалған соңғы екі картинаны осы жерден көріңіз. Ал оның актриса және продюсер ретіндегі басқа жұмыстарын 1kino.kz арнасынан көруге болады.

Corich group – актриса және продюсер Құралай Анарбекованың компаниясы. Арнада фильмдер аз, бірақ бұл да тұрақты жаңарып отыратын арна. Сол себепті әлі де фильмдер салынады деп ойлаймыз.

B8 PRODUCTION – бастапқыда «Женатики», «Городские легенды» секілді телевизиялық юмор жобалармен айналысқан компания соңғы жылдары кино өндірісіне де қатысып жүр. «Гудбай, мой бай», «Аташка на хайпе» солардың өнімі.

SATAIFILM – «Sataifilm» кинокомпаниясының арнасы. Бұнда «Рэкетирден» бастап компания осы күнге дейін шығарған фильмдердің біразы бар.

Назардан тыс қалған тағы қандай Youtube-арнаны білесіздер? Комментке жазыңыз, біз осы материалға қосамыз.

«Жаным, ты не поверишь!»: көрермендер пікірі

Ернар Нұрғалиев режиссерлік еткен «Жаным, ты не поверишь!» (қазақша мағынасы – «Жаным, айтсам сенбейсің ғой») қара комедиясы осы аптаның ең көп талқыланған фильмі десек өтірік айтпаспыз. Көпшілік бұл фильмді отандық кинодағы феномен деп жатыр. Осы орайда Facebook желісіндегі қазақ тілді қолданушылар жазған пікірлерді топтастырып беріп отырмыз.

Нұрмұхамед Байғараев:

«Жаным, ты не поверишь» фильмі жақсы түсіріліпті. Черная комедия. Сценарий мен актерлер көңілден шықты. Пландары да. Операторы режиссер Айсұлтанмен талай клип түсірген Азамат Дулатов екен.

Жалпы, ресейлік «Брат», «Бригада», индонезиялық «Рейд», голливудтық ужастиктердің біраз сценалары «ұрлағаны» көрініп тұр. Бірақ жақсы сценариймен бәрін әдемі үйлестірген. Ұнады.

Дулыға Ақмолда өзі үшін жаңа амплуа – боевой маньякты алып шыққандай… Ал Қисықтың рөліндегі Еркебұлан Дайыров мықты.

Ғалымжан Оразымбет:

Айтсам сенбейсіңдер ғой. Қазақтар түсірген ең мықты фильм. Ғарыш трэш

Амангелді Аралбайұлы:

Тәңір тас төбеңнен ұрғыр! Қазақстан шедевр түсірді!

Nurlan Janai «Жаным, ты не поверишь» фильмін «айуани» деп атағасын ыңғайсыз болса да, адам аз келеді ғой деп, үйімнің жанындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының кинотеатрына барып, фильмді көріп қайттым. Өзімше алдын ала билет алудың қажеті жоқ қой деп, кеш барғам, адам көп болды, алдыңғы қатардан ғана орын қалыпты. Фильмнен алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Шедевр! Нағыз әжуаға толы ғаламат фильм. Оператор жұмысы, әндер мен локацияның таңдалуы – ғажап! Қарап отырып, «мә түсіре алсаң, біздің елде де керемет кино түсіруге болады екен ғой» деп ойланып отырдым. Әзілдерін айта алмаймын енді. Тұрмыстағы, саясаттағы, қарым-қатынастағы түрлі мәселелер қозғалды. Міндетті түрде қайта барып көруге тырысамын. Шынымен, шедевр. Әбден көгілдір экраннан түспейтін көзге күйік болған актерлер жоқ, бірін де танымаймын. Ирина Кайратовнадағы Азаматты және братанды ойнаған ағаны білем. Енді интернеттен қарап отырсам, Еркебұлан Дайыровты біледі екем. Гриммнан танымадым. Рустем Жаныамановтың ойнына ырза болдым, біздің Джонни Депп дермісің… Бір сөзбен айтқанда, барлығыңызға баруға кеңестеймін??? Қиямет фильм. Ұялмай сыртқа көрсетуге болатын фильм. Өлді ТМД елдерінде көрсетіледі деп сенем. Басталғаннан соңына дейін қарқылдап отырдым??? Жиза сәттер көп. Бір-екі адам «адам көретін кино емес» деп кетіп қалғанын көрдім? талғамда талас жоқ. Ұнамай қалуы әбден мүмкін, бірақ көріп шығыңыз керек. Міндеттеймін? Жай ғана отандық өнімді қолдау үшін. Бірақ ұнайды деп уәде берем.

Абай Тіленшиев:

Ал кеше мен қазақ киносының бір табан алға жылжығанын көрдім. «Жаным, ты не поверишь» деген атауына қарап, қаптаған «от басы, ошақ қасы» комедияларының бірі шығар деп ем. Жоқ, Dark comedy жанрындағы сюжетке бай туынды дүниеге келіпті.

Алдын ала болжай алмайтын күтпеген бүрылыстары көп. Әзілдері өтімді, «боқтық» сөздері – трештері қазақы. Қорқынышты сахналары орта деңгейдегі батыс фильмдерінен кем түспейді.

Еркебұлан Дайыров пен Дулыға Ақмолда өздерін тағы бір қырынан танытқан. Маған, әсіресе, мылтық ұстаған Рүстем Жаныамановтың рөлі ұнады.

Жалпы, қазақ актерларына жанрлық әралуандылық, сценарий жетіспей жүр екен. Әйтпесе, «берсең болды, барлық рөлді ойнап береміз» деп таланттары тасып отыр.

Саундтректі «Ирина Кайратовна» мен «Дос Мұқасан» алып шыққан.

Арайлы Жақсылық:

«Жаным ты не поверишь» ес білгелі көрген самый топ қазақша кино, не кино а кинощщще

Әсел Әділбек:

«Жаным, ты не поверишь» фильмін көріп қайттым. Қазіргі қазақ киноларының ішінде ұнаған үшінші фильм. Актерларда жақсы таңдалған. Кәсіби. Осындай комедия түсіре алатынына қуанып отырмын.

Жәнібек Нұрыш:

«Соңындағы момент тура кинодағыдай болды» ©

«Жаным, ты не поверишь» фильмін көріп шығып, айтқан комментарийіміз осы.
Мұндай кадр, мұндай оқиға, мұндай диалог, мұндай грим, тұнған трэшті
тек голливуд фильмдерінен көріп үйреніп қалғаннан ба,
әйтеуір,
бұрын мұндай мықты қазақстандық фильм көрмеген соң болар,
көрген киномыз туралы «тура кинодағыдай» деп сөйлеп кетіппіз.
Фильмнің мықты шыққаны мына постеріндегі ART DEALERS кинокомпаниясының логосынан-ақ білініп тұрса керек. Кинокомпания атауы да символичті.
Фильм сиквелін де, актер Дулыға Ақмолда ойнаған рөлдегі кейіпкер туралы приквелін де күтем. Шықса көрем.

Ардақ Құлтай:

#ЖанымТыНеПоверишь фильміне барайық дегенде бірден қазақша фильмге қаншама аванс көңілмен барып, артынша өкініп қайтқым келмеген соң «ой, қойшы» дегенмін. Бірақ 8 наурыз ғой деп, келініңіздің бір өтінішін орындайын дедім. Азар болса ұйықтап алармын…

Фильм басталғанда-ақ Тарантиноның, ол салған дара жолдың иісі мүңк етті. Режиссердің көрерменді бассыз тұлып көруге жұлынған құлақпен дайындап алуы ұнады. Бірден жалп еткізіп, сойылған дене мен ішек-қарынды көрсетпей, мәдениетін сақтағанына ужас көрмейтін маған қатты ұнады.

Тағы бір ұнаған тұсы – театралдардың киноға келе бастауы. Дулыға Ақмолданың өз тарихы бар, әбден піскен кейіпкері. Әлемді себепсіз жеккөретін зұлымы бар әуелден фальшқа жатып алған өтірік фильмдерді сценарист осылай әшкерелепті.

Бәрі де өз көрпесіне қарай көсіледі, одеялоно өзіне тартпайды (Назгүл әпшенің стилімен). Бас кейіпкер де ерекшеленіп, назар аударуға мұқтаж емес.

Ал соңғы кадр ше? Қысқасы, жалғасын күтемін!

Ернар Бекенов:

«Жаным, ты не поверишь» – ұялмай, міне, қазақстандық кино деп көрсетуге болатын өнім. Ия, кінәрат қоятын жерлері бар шығар. Бірақ бұндай биік планка қойып тастайтындай қауқарына бола бәрін кешіруге болады.

Қара комедия, треш бағытындағы канондарды сақтай отырып, ұлттық колоритті де ұмытпаған нағыз комедия, міне, осы.

Қазақстан киносында бұндай болған жоқ осыған дейін. Уақыт пен ақша шығыны үшін шынымен өкінбейтін, сеанстан риза көңілмен шығатын сирек отандық туынды.

«Жаным, ты не поверишь!» прокатқа 5 наурызда шықты. Сюжетте тұңғыш баласын күтіп жүрген жас отбасы көрсетіледі. Екеуі ұрысып қала берген соң, күйеуі бір-екі күнге достарымен бірге балыққа кетіп қалады. Жолшыбай жігіттер күтпеген оқиғаларға ұрынып, басы бәлеге қалады.

Ticketon билет сату жүйесінің мәліметі бойынша отандық треш-комедия алғашқы уикендте 18 миллион теңгенің үстінде пайда тапты. Дегенмен прокат лидері бола алмады, қазір 5 орында тұр.

2019 жылды қорыту: Қазақстан киносы мен нарығы

2019 жылы прокатқа Қазақстан режиссерлері түсірген немесе Қазақстан кинематографшыларының қатысуымен қырықтан астам фильм шығыпты. Әдеттегідей комедия мен романтикалық мелодраманың үлесі көп дегенімізбен, тарихи және байопик киноға көбірек көңіл бөліне бастапты. Бұл сөзімізге былтыр шыққан «Қазақ хандығы. Алтын тақ«, «Балуан Шолақ«, «Композитор«, «Томирис«, «Бекзат«, «Қазбат» сияқты картиналар дәлел.

Бокс-офис туралы айтсақ, өсу динамикасы анық байқалады. Биыл алғаш рет миллиардтық меже бағындырылды. Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнес Кореяда» комедиясы отандық фильмдер арасында алғаш болып миллиардер атанды.

2019 жылы прокатта ең көп табыс тапқан 10 отандық фильм:

  1. Қазақша бизнес Кореяда (Бизнес по-казахски в Корее) – ₸1 млрд 107 млн
  2. Әкім (Аким)- ₸577 млн
  3. Томирис – ₸588 млн
  4. Оффлайн каникул / (Каникулы off-line) – ₸455 млн
  5. Брат или брак 2 – ₸377 млн
  6. Красавчики до нашей эры – ₸287 млн
  7. Off-line каникул 2 (Каникулы off-line 2) – ₸250 млн
  8. Анамды іздеймін 2: Жаңа оқиғалар (В поисках мамы 2: Новые приключения) – ₸166 млн
  9. Аташка на хайпе – ₸164 млн
  10. Келін де адам баласы 2 (Келинка тоже человек 2) – ₸156 млн

2018 жылмен салыстырғанда кассалық түсімнің өскенін байқаймыз. 2018 жылы үздік үштіктің табысы 195 млн – 573 млн теңге аралығында еді. Ал 2019 жылы үшінші орындағы «Томиристің» табысы оның алдындағы бірінші орындағы фильмдікінен де көп («Қазақша бизнес Африкада»).

Ал қазақстандық киножобалардың рентабелдік дәрежесі туралы ештеңе айта алмаймыз. Өйткені шыққан фильмдердің басым бөлігінің бюджеті белгісіз күйінде қалды.

Енді Қазақстан кинонарығындағы шетелдік фильмдер туралы айтайық. Бұл салада да динамиканың өскені байқалады. Миллиардер атанған жобалар бар. Мысалы 2018 жылы ондай көрсеткіш тіркелген жоқ (ең кассалы «Кек алушылар: Шексіздік соғысы» – 832 млн).

2019 жылы Қазақстан прокатында ең көп табыс тапқан 10 шетелдік фильм:

  1. Кек алушылар: Ойын соңы – ₸1 млрд 272 млн
  2. Арыстан патша – ₸1 млрд 196 млн
  3. Әлдекім: Екінші тарау – ₸881 млн
  4. Малефисента: Түнек әміршісі – ₸837 млн
  5. Мұзды өлке 2 – ₸776 млн
  6. Джуманджи: Келесі кезең – ₸760 млн
  7. Үй жануарларының құпия өмірі 2 – ₸610 млн
  8. Капитан Марвел – ₸597 млн
  9. Аладдин – ₸591 млн
  10. Форсаж ұсынады: Хоббс пен Шоу – ₸571 млн

2019 жылдың басты жаңалықтарының бірі – «Кинематография туралы» заңға енген өзгеріс еді. Жаңа нормаға сәйкес енді прокатқа шығатын өзге тілді фильмдердің барлығы қазақшаға аударылуы керек. Ол дубляж, кадр сыртындағы дыбыстау немесе субтитр болуы мүмкін. Былтырдан бастап фильмдердің барлығы дерлік үлкен экранда қазақша субтитрмен беріліп жүр.

Дегенмен «Болашақ» қауымдастығының бұрыннан келе жатқан бастамасы да жалғасын тапты. Осы ұйымның ұйытқы болуымен Голливудтың 6 картинасы сапалы қазақша дубляжбен жарық көрді:

*Кассалық түсім туралы деректер Тикетон сервисінің сайтынан алынды

«Қап-қара адам» прокатқа шығады: қазақ даласындағы нуар-триллер

2020 жылдың 6 ақпанында режиссер Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» / «Черный-черный человек» картинасы Қазақстан прокатына шығады.

Фильм «Short Brothers» және «Arizona Productions» компанияларының қатысуымен түсірілген драма ауылда өлтірілген баланың оқиғасын баяндайды. Тергеуші Бекзат (Данияр Алшынов) істі тез арада жапқысы келеді, себебі кінәліні – зиянсыз ақымақ Пукуарды (Теоман Хос) – жергілікті полицейлер тауып қойған. Тек қаладан келген журналист Ариана (Динара Бақтыбаева) іске араласқанда ғана, іс орнынан қозғалады. Енді тергеушіге осы істі өмірінде бірінші рет барлық ережеге сай жүргізуге тура келеді…

Картинаның әлемдік тұсаукесері 2019 жылы 23 қыркүйекте Испанияда өтті. Картина Сан-Себастьяндағы 67-ші Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді.

Осы көрсетілімнен кейін бірден әлемдік баспасөз басылымдарында фильм туралы жағымды пікірлер пайда бола бастады:

картинаны шет елдік сыншылар «әдемі, ирониялық, талғампаз», «қызықты авторлық триллер» деп атады және оның «қатал сұлулығын» атап өтті. Әлемдегі кино туралы жазатын ең беделді басылымдардың бірі, Variety, фильмге мақтаулы рецензия жариялап, оны «керемет, ымырасыз нуар», «ғажайып криминалдық драма» және «ырғақты, қызықты триллер» деп атады.

Өткен жылдың қараша айында Австралияның Брисбэн қаласында өткен «Asia Pacific Screen Awards-2019» сыйлығын табыстау салтанатында режиссер Әділхан Ержанов «Қап-қара адам» фильмі үшін «Үздік режиссер» номинациясында жеңімпаз атанды. Осылайша, Ержанов осы номинацияға ие болған алғашқы қазақстандық режиссер болып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы «Қап-қара адам» Almaty Film  Festival аясында питчинг жобаларының жеңімпазы атанған болатын.

Сценарий авторлары Әділхан Ержанов және нидерландтық Ролоф Ян Миннебоо. Халықаралық ілгерілету продюсері – Ольга Хлащева, атқарушы продюсер – Серік Әбішев, екеуі де режиссердің барлық фильмдерінде жұмыс істеген. Фильмнің операторы ресейлік Айдар Шәріпов, Ержановпен бұрын «Әлемнің ерке енжарлығы» фильмінде жұмыс атқарған. Қоюшы суретші Ермек Өтегенов, режиссердің тағы бір тұрақты серіктесі. Фильмнің әуенін атақты музыкант Ғалымжан Молданазар жазды.

«Бұл өзгеріп, адам болатын кейіпкер туралы фильм. Бұл классикалық оқиға, талай рет айтылған, бірақ ол әрқашан қызықты және ол мені толғандырады. Бұл анти-детектив. Бұл жерде ең бастысы адам өлтіру емес, бас кейіпкердің өзінің ішкі қақтығысын қалай шешетіні», – деді Әділхан Ержанов фильм туралы.

«Менің ойымша, бұл фильм – біздің ортақ үлкен жетістігіміз. Алаңдағы атмосфера тамаша болды, бұл режиссер Әділхан Ержановтың үлкен еңбегі. Алғашқы күннен бастап, ол маған менің кейіпкерім Бекзат қандай жолмен өтетіні туралы айтқан кезде, мен: «бұл маған арналған рөль, мен армандаған рөль» дедім», – деді басты рөлді сомдаушы Данияр Алшынов.

«Бұл Әділхан Ержанов түсірген менің сүйікті фильмдерімнің бірі. Өте атмосфералық, терең және салмақты, ол өз әлеміне алғашқы секундтан бастап тартып алады. Ариана рөлінің арқасында мен өзімнің жаңа қырларымды аштым, ал бұл мен үшін актриса ретінде баға жетпес тәжірибе. Мен осы жобаның бір бөлігі болғаныма бақыттымын және көрерменнің оны көретініне қуаныштымын!» – деді Динара Бактыбаева.

«Фильм бірден беделді халықаралық кинофестивальдардың үлкен қызығушылығын тудырды. Әлемдік премьерасы жер бетіндегі ең көне «А» класына жататын кинофестивальдердің бірі – Сан-Себастьяндағы негізгі конкурстық бағдарламасында болып өтті. Содан кейін «Қап-қара адам» Бусан (Оңтүстік Корея), Норвегия, Түркия және Керале (Үндістан) сияқты бірнеше басқа да салмақты фестивальдардың бағдарламаларына шақырылды. Қараша айында әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі «AsiaPacificScreenAwards» сыйлығын режиссурасы үшін алды. Сонымен бірге 2020 жылы бүкіл әлем бойынша алты ірі кинофестивальге қатысу жоспарланған», – деді өз сөзінде фильмнің халықаралық ілгерілету бойынша продюсері Ольга Хлащева.

Фильмнің дистрибьюторы Meloman Entertainment компаниясы, олар Әділхан Ержановтың «Әлемнің ерке енжарлығы» атты фильмін прокатқа шығарған болатын.

Әділхан Ержановтың ретроспективасы

Дереккөз: Nicholas Hunt/Getty Images Europe

Алматыдағы «Арман» кинотеатрында 1-5 ақпан аралығында белгілі режиссер Әділхан Ержанов кинофильмдерінің ретроспективасы өтеді.

Бағдарламасы:

1 ақпан, 16:00

«Үкілі кәмшат» / «Хозяева» (2014)

Фильм елдегі жемқорлықтың салдарынан баспанасынан айырылған ағалы-інілі және апалы-сіңлілі адамдардың хикаясы туралы. Жергілікті тұрғын учаскелік полицей болып жұмыс істейтін туысының көмегімен кейіпкерлерді пәтерінен шығарады. Жастар арқа сүйейтін жақыны жоқ болғанымен баспанасынан жайдан-жай айырылып қалғысы келмейді.

Картинаның жанры – шынайы өмірге арналған карикатура элементтері бар абсурд драма. Кино Алматы облысында түсірілді, басты рольдерде Т. Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының түлектері ойнады.

Трейлер

2 ақпан, 16:00

«Қаратас ауылындағы оба» / «Чума в ауле Каратас» (2016)

Сюрреалисттік картина Қазақстандағы саясит әділетсіздікті сөз етеді. Шалғайдағы ауылға жаңадан келген әкім тұрғындардың қатерлі дертке шалдыққанын көреді. Бірақ вакцинаға бөлінген қаражат жергілікті билік өкілдерінің қалтасына түседі.

Фильмнің әлемдік премьерасы 2016 жылы 2 ақпанда Роттердам халықаралық кинофестивалінде өтті және осы жерден Азия киносын көтеру желісінің (NETPAC) сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, ағылшынның The Calvert Journal журналы «Қаратас ауылындағы оба» картинасын 2016 жылы күтілетін үздік бес фильмнің қатарына қосты. ТМД, Латвия, Литва және Эстония елдеріне арналған «Киношок-2016» ашық фестивалінің бас жүлдесі – «Золотоя лоза» иегері болды.

Трейлер

3 ақпан, 19:00

«Түнгі құдай» / «Ночной бог» (2018)

Драма/фэнтези жанрында түсірілген «Түн құдайы» кинотуындысы қаңырап қалған қалада тентіреп жүрген, шаршаған, суықта тоңып қалған әлдебір Түн құдайы жайлы көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Түн құдайы» фильмінің әлемдік тұсаукесері 2018 жылы XL Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауында өткен болатын. Сонымен қатар, картина алдыңғы жылы Париждегі «L’Etrange Film Festival» және Индонезиядағы «NETPAC Asian Film Festival» кинофестивальдеріне қатысқан. Ал 2019 жылы Үндістанның «Bengaluru International Film Festival»-не қатысқан.

Трейлер

4 ақпан, 19:00

«Әлемнің ерке енжарлығы» / «Ласковое безразличие мира» (2018)

Ауылдан қалаға келіп, жаңа да қатыгез әлемге тап болған ғашық жандардың хикаясы. Мегаполистің ережелеріне қарсылық таныта жүріп, екі жас нағыз сезімдердің тазалығы мен пәктігін сақтауға тырысады.

Фильмнің премьерасы 71-ші Канн кинофестивалінде «Ерекше көзқарас» конкурсы аясында өтті.

Трейлер

5 ақпан, 19:00

«Қап-қара адам» / «Черный, черный человек» (2019)

Сюжеті бір ауылда өрбиді. Тергеуші Бекзат бала өліміне қатысты істі тез арада жапқысы келеді, себебі кінәліні жергілікті полицейлер тауып қойған. Бірақ іс насырға шабады – қаладан журналист келіп осы іске араласады. Тергеуші өмірінде алғаш рет істі ережеге сай жүргізбекші.

Әлемдік премьерасы биыл былтыр қыркүйекте Сан-Себастьяндағы халықаралық кинофестиваль аясында өтті.

Трейлер

Көрсетілімдерге билеттерді “Арман” кинотеатрының сайтынан немесе ticketon.kz платформасы арқылы сатып алуға болады.

Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» фильмі не туралы

23 қаңтарда Қазақстан прокатына Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» / «Хранитель» картинасы шығады.

ebc1264c8f2daa545c3bbd663f6440ec
e56ae5c6a9ce8fd3de6f3195e6e55430
ce940d9dddecb34465ad9673c20f8ad9
d9dddb5e1a64d186c4bdf8f522990ec3
af8cf3d3b48464b0edd28c4d53b76f4e
792ed145f3e670c244c9392dcc2a397f
Шырақшы

Фильм – Екінші Дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады. Ол киноның көмегімен әлемді жақсартуға болады деп сенеді.

Ермек Тұрсыновтың сегізінші режиссерлік жұмысы марқұм актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергеновтың идеясына құрылған екен. Негізі басты рөлде де өзі ойнауы тиіс еді, бірақ актер бұл киноға түсіп үлгермеді. Жобаның өндірісімен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Tursunov Film» компаниясы айналысты.

Басты рөлдерде Мұратжан Мұқажанов, Қуат Тілеубаев, Әлібек Данабай, Рахилям Машурова, Иісбек Әбілмәжінов ойнайды. Сондай-ақ актерлік құрамда Ресейдің халық әртісі Нина Усатова бар.

Фильм прокатқа дейін бірқатар фестивалдерге қатысып үлгерді. Әлемдік премьерасы XXII Шанхай халықаралық кинофестивалі аясында өтті (2019 жылы маусым). Ресейдің Анапа қаласында өткен «Киношок» фестивалінде «Кино өнеріне адал кейіпкердің образын көркем сомдағаны үшін» қазылар алқасының дипломымен актер Мұрат Мұқажанов және «Үздік оператолық жұмысы үшін» Мартин Сечанов марапатталды (2019 жылы қыркүйек). Фильмде негізгі рөлдердің бірін ойнаған Нина Усатова Сочи ХКФ-де «Үздік әйел рөлі» номинациясында жеңіске жетті және осы фестивалде «Шырақшы» үздік фильм деп танылды.