Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» байопигі 21 қазанда прокатқа шығады. Фильмнің өндірісімен «Қазақфильм» киностудиясы айналысты.
Көркем картинаға М. Мақатаевтың өмірінің соңғы жылдары арқау болған. Сюжетте Қазақ КСР Жазушылар Одағы кезекті жиналыста ақынның тағдырын шешкен сәті көрсетіледі.
Режиссердің айтуынша бұл фильмнің идеясы 15 жыл көкейінде жүрген. Туындының түсірілімі 2019 жылы басталып, 2020 жылы аяқталды. Түсірілім жұмыстары Өскемен, Алматы және Санкт-Петербург қалаларында өтті.
23 қаңтарда Қазақстан прокатына Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» / «Хранитель» картинасы шығады.
Фильм – Екінші Дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады. Ол киноның көмегімен әлемді жақсартуға болады деп сенеді.
Ермек Тұрсыновтың сегізінші режиссерлік жұмысы марқұм актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергеновтың идеясына құрылған екен. Негізі басты рөлде де өзі ойнауы тиіс еді, бірақ актер бұл киноға түсіп үлгермеді. Жобаның өндірісімен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Tursunov Film» компаниясы айналысты.
Басты рөлдерде Мұратжан Мұқажанов, Қуат Тілеубаев, Әлібек Данабай, Рахилям Машурова, Иісбек Әбілмәжінов ойнайды. Сондай-ақ актерлік құрамда Ресейдің халық әртісі Нина Усатова бар.
Фильм прокатқа дейін бірқатар фестивалдерге қатысып үлгерді. Әлемдік премьерасы XXII Шанхай халықаралық кинофестивалі аясында өтті (2019 жылы маусым). Ресейдің Анапа қаласында өткен «Киношок» фестивалінде «Кино өнеріне адал кейіпкердің образын көркем сомдағаны үшін» қазылар алқасының дипломымен актер Мұрат Мұқажанов және «Үздік оператолық жұмысы үшін» Мартин Сечанов марапатталды (2019 жылы қыркүйек). Фильмде негізгі рөлдердің бірін ойнаған Нина Усатова Сочи ХКФ-де «Үздік әйел рөлі» номинациясында жеңіске жетті және осы фестивалде «Шырақшы» үздік фильм деп танылды.