2020 жылы қаңтарда қандай сериалдар шығады – 3 бөлігі

Қаңтардың сериалдарына арналған шолудың үшінші және соңғы бөлігі.

Арес / Ares

Нидерландыда түсірілген үрейлі триллер. Сюжеті Роза және Джейкоб есімді достар төңірегінде өрбиді. Олар амстердамдық элитаға еніп, билік пен ақшаға жол ашамыз деген үмітпен «Арес» студенттер құпия қоғамына кіреді. Көп кешікпей екеуі «Арестің» жындар құпиясы мен салтына қатысы бар екенін біледі.

Сериал премьерасы: 17 қаңтар

Кобра / Cobra

Британ экшн-драмасы. Сериалда қауіпсіздік сарапшыларынан, саясаткерлерден және ТЖ кезінде азаматтарды қорғау мамандарынан құралған «Кобра» комитетінің жұмысы туралы айтылады. Ұлыбритания премьер-министрі елдің қамы үшін үнемі күтпеген және қауіпті саяси шешімдер қабылдауға мәжбүр.

Премьерасы: 17 қаңтар

Болашақ президенттің күнделігі / Дневник будущей женщины-президента / Diary of a Future President

Disney студиясының отбасылық комедиясы 12 жасар Елена есімді қыз туралы баяндайды. Ол АҚШ-тың тұңғыш әйел-президенті болуды армандайды. Ол өмірінің барлық оқиғаларын күнделікке жаза бастайды. Қыздың өмірі қызыққа толы: күн сайын орта мектепте түрлі қиындықтар мен қуанышты оқиғаларға ұрынады, достықтың және ұлдармен қарым-қатынастың жаңа қырын тани түседі, отбасындағы өзгерістерге уайымдайды.

Премьерасы: 18 қаңтар

5 авеню / 5-я авеню / Avenue 5

Америкалық фантастикалық комедияның оқиғасы 2060 жылы өрбиді. Ғарыш туризмі қарыштап дамып кеткен, басты танымал бағыттардың бірі – Күн жүйесі. «5 авеню» кемесінің талайды көрген капитаны Райан Кларк қазіргі заманның қалыптасқан өмір салтына көніп, ғарыш индустриясында өз орнын тапқысы келеді.

Премьерасы: 20 қаңтар

Стартрек: Пикар / Звездный путь: Пикар / Star Trek: Picard

«Стартрек» франшизасының сегізінші сериалы. Сэр Патрик Стюарттың орындауындағы ардагер капитан Жан-Люк Пикар арамызға қайта оралды. Сюжеті XXIV ғасырда, 2002 жылғы «Стартрек: Немезис» фильмінің оқиғаларынан кейін 20 жыл өткен соң өтеді.

Премьерасы: 24 қаңтар

Бейтаныс / Незнакомец / The Stranger

Америка жазушысы Харлан Кобеннің 2015 жылғы аттас романына негізделген детектив-драма. Басты кейіпкер Адам Прайс – сүйікті ер және екі баланың ардақты әкесі. Оның өмірі бейтаныс біреумен танысқаннан кейін күрт өзгереді. Әлдебіреу оған әйелінің қорқынышты құпиясын ашады. Енді кейіпкердің кез келген қателігі өзінің немесе отбасы мүшелерінің өліміне әкелуі мүмкін.

Премьерасы: 31 қаңтар

Кезекті маусымын ұсынатын сериалдар:

  • 20 қаңтар: Энтузиазмыңды бас / Умерь свой энтузиазм / Curb Your Enthusiasm (комедия), АҚШ; 10 маусым премьерасы
  • 22 қаңтар: Көк кітап жобасы / Проект «Синяя книга» / Project Blue Book (фантастика, тарихи, детектив), АҚШ; 2 маусым премьерасы
  • 25 қаңтар: Өжет / Выскочка / Shrill (комедия), АҚШ; 2 маусым премьерасы
  • 25 қаңтар: Сабринаның жан түршіктірер оқиғалары / Леденящие душу приключения Сабрины / The Chilling Adventures of Sabrina (фэнтези, үрейлі, триллер, мистика), АҚШ; 3 маусым премьерасы
  • 29 қаңтар: Ғажайып жұмыскерлері / Miracles Workers / Чудотворцы (комедия), АҚШ; 2 маусым премьерасы
  • 31 қаңтар: Нашар банктер / Плохие банки / Bad banks (драма, триллер), Германия, Люксембург; 2 маусым премьерасы

Соңы.

2020 ЖЫЛЫ ҚАҢТАРДА ҚАНДАЙ СЕРИАЛДАР ШЫҒАДЫ – 2 бөлігі

Қаңтардың жаңа сериалдарына арналған шолуды жалғастырамыз.

Зоидың экстраординар плейлисті / Экстраординарный плейлист Зои / Zoey’s Extraordinary Playlist

Америкалық мюзикл-комедия. Сюжетте денсаулығын тексерткеннен кейін ерекше қабілетке ие болған қыз туралы айтылады. Енді ол адамдардың ойын ести алады. Бір қызығы – естігендерінің барлығы қарапайым сөзбен емес, танымал әндер арқылы жетеді. Соның арқасында Зоидың өмірі түгелдей мюзиклға айналады, төңірегіндегі адамдардың бәрі ән салып тұрғандай болады.

Премьерасы: 8 қаңтар

Линкольн Райм: Сүйек коллекционерінің ізіне түсу / Линкольн Райм: Охота на Собирателя костей / Lincoln Rhyme: Hunt for the Bone Collector

Детектив драма Линкольн Райм есімді танымал криминалист туралы. Ол бұрын Нью-Йорк полициясында детектив болып істеп, Коллекционер деген атпен белгілі атақты қылмыскердің ізіне түскен. Бірақ маньякты ұстамақ болғанда биіктен құлап, өмір бойы мүгедек болып қалған еді. Енді Линкольн талантты офицер Амелия Саксқа кеңес беріп, күрделі істерді ашуға көмектеседі. Сонымен қатар өзін төсекке таңылуына себепші болған қылмыскерді табуды мақсат етеді.

Премьерасы: 10 қаңтар

Бөтен адам / Чужак / The Outsider

Стивен Кингтің 2018 жылғы шығармасына негізделген триллер. Сериалдың басты кейіпкері – ағылшын тілінің мұғалімі, спорт бапкері, адал жар және екі қыздың әкесі Терри Мэйтленд. Күтпеген жерден оны 11 жасар ұлдың өліміне күдікті деп қамауға алады. Куәгерлер мен камера жазбалары оның бұл іске қатысы жоқ екенін айғақтайды, алайда қылмыс орнында оның саусақ іздері мен ДНҚ-сы табылады.

Сериалда басты рөлде Джейсон Бейтман ойнайды, ол, сондай-ақ, режиссер және продюсер міндетін атқарды.

Премьерасы: 12 қаңтар

Кішкентай Америка / Маленькая Америка / Little America

Комедия жанрындағы сериалға Epic Magazine журналында жарияланған адамдардың шынайы оқиғалары арқау болған. Кейіпкерлер – АҚШ-та тұратын және жаңа үйге, жаңа қоғамға және жаңа өмірге бейімделуге тырысқан иммигранттар.

Премьерасы: 18 қаңтар

911: Жалғыз жұлдыз / 911: Одинокая звезда / 9-1-1: Lone Star

2018 жылы шыққан, құтқарушылар туралы «911» сериалының спин-оффы. Сюжетте Оуэн Стрэнд есімді өрт сөндіруші туралы баяндалады. Ол ұлымен бірге Нью-Йорктан Остинге көшіп келеді. Оуэн жаңа қалада ұлының тәрбиесі мен адам өмірін құтқарумен байланысты жұмысы арасында тепе-теңдік сақтауға тырысады.

Премьерасы: 19 қаңтар

Енді кезекті маусымын ұсынатын сериалдар тізімі:

  • 10 қаңтар: Жас Папа / Молодой Папа / The Young Pope (драма), АҚШ, Испания, Италия, Франция; 2 маусым премьерасы
  • 16 қаңтар: Сиқыршылар / Волшебники / The Magicians (драма, фэнтези, детектив), АҚШ; 5 маусым премьерасы
  • 16 қаңтар: Грейс пен Фрэнки / Грейс и Фрэнки / Grace and Frankie (комедия), АҚШ; 6 маусым премьерасы
  • 17 қаңтар: Жыныстық сауат / Половое воспитание / Sex Education (драма, комедия), Ұлыбритания; 2 маусым премьерасы
  • 19 қаңтар: Күш / Ударная группа / Force (драма, қылмыстық), Нидерланд; 5 маусым премьерасы

Жалғасы бар…

2020 жылы қаңтарда қандай сериалдар шығады

Жаңа маусымын ұсынғаны бар, алғаш шығып отырғаны бар – қаңтарда біраз сериал шығады. Арасынан іріктеп, қызық деген отыздан астамын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Гамильтон / Hamilton

Швецияда түсірілген боевик. Сюжеті Джеймс Бондтың швед нұсқасы туралы десе де болады. Карл Гамильтон есімді агент Стокгольмде болған бірнеше жарылыс пен кибер-шабуылдан кейін қауіпті миссияға кіріседі. Күдіктің іздері орыс, швед және америкалық барлау қызметтеріне алып келеді. Басты рөлде норвег актері Якоб Офтебро ойнайды.

Премьерасы: 1 қаңтар

Дракула / Dracula

Брэм Стокердің романына сүйенген британ үрейлі драмасы. Сериалдың өндірісімен «Доктор кім«, «Шерлок» секілді телешоуларды жасаған Марк Гатисс пен Стивен Моффат айналысты. Басты рөлде – дат актері Клас Банг.

Сюжеті Трансильванияда 1897 жылы өрбиді. Қанішер граф Дракула Лондонды жаулап алып, қара түнек орнатпақшы.

Премьерасы: 1 қаңтар

Айналу / Вращение / Spinning Out

Мәнерлеп сырғанау тақырыбындағы америкалық спорт драмасы. Сюжетте жарақатынан кейін карьерасымен қоштаспақ болған Кэт есімді талантты спортшы туралы айтылады. Бірақ кенеттен мұз алаңына қайта оралуға мүмкіндік алады, ол үшін жұп болып сырғанауы керек. Оның жұбы – Джастин. Ол Олимпиада ойындарына қатысуы тиіс еді, бірақ қырсық мінезіне бола біраз нәрседен құр қалған. Бірлесіп жұмыс істеу екеуінің де өмірін өзгертеді.

Премьерасы: 2 қаңтар

Мессия / Messiah

Қазіргі халықаралық геосаяси ахуалға назар аудартатын америкалық драма. Сюжет Ева Геллер есімді барлау офицері төңірегінде өрбиді. Сирияда Аль-Масих есімді адам пайда болып, өзін Құдай елшісімін деп жариялайды. Офицер ол шынымен мессия ма, әлде көздеген басқа мақсаты бар ма – соны анықтауы тиіс. Басты рөлде Мишель Монахэн ойнайды.

Премьерасы: 2 қаңтар

Орынбасар / Маршал / Deputy

Сәнді боевиктер режиссері Дэвид Эйр түсірген драма. Басты рөлде – Стивен Дорфф.

Оқиғасы Лос-Анджелес округында өтеді. Осы округтың шерифі қайтыс болып, орнына оның көмекшісі Холлистер келеді. Сержант принципшілдігімен және қаталдығымен белгілі.

Премьерасы: 3 қаңтар

Басыбайлы бойжеткен / Крепостная

Украинаның өткен жылдағы ең рейтингі жоғары тележобаларының бірі. Енді басқа елдердің экрандарына жол тартты.

Тарихи мелодрама 18 жасар Катеринаның оқиғасын баяндайды. Ол – Нежиндегі ең бай помещик Червинскийдің меншігі. Ол сұлу, ақылды және өкіл анасының қалауымен ақсүйектерше тәрбие көрген. Тағдыр оған көп сынақ дайындайды: жақындарының өлімі, оны өлтіргісі келетін әйелге кезігу, халық көтерілісі, маньяктың аңдуы, т.б.

Премьерасы: 6 қаңтар

Сонымен қатар жаңа маусыммен жалғасқан сериалдар:

  • 3 қаңтар: Соңғы нағыз еркек / Последний настоящий мужчина / Last Man Standing (драма), АҚШ; 8 маусым премьерасы
  • 7 қаңтар: Манифест / Manifest (драма, фантастика, детектив), АҚШ; 2 маусым премьерасы
  • 8 қаңтар: Шиттс Крик / Schitt’s Creek (комедия), АҚШ, Канада; 6 маусымның премьерасы; 6 маусым премьерасы

Жалғасы бар…