2020 жылғы қыркүйектің сериалдары: 3 бөлік

Қыркүйектің жаңа сериалдарына арналған шолуымыздың үшінші бөлігінде Netflix-тің жобалары басым. Одан бөлек басқа телеарналардың да жобалары бар.

Юра әлемі: Бор кезеңінің лагері / Мир Юрского периода: Меловой лагерь / Jurassic World: Camp Cretaceous

Атақты «Юра дәуірінің паркі» франшизасының құрамына кіретін анимациялық веб-сериал. Netflix-те басталған сериалда алты жасөспірімнің басынан кешкен оқиға баяндалады. Сюжеті 2015 жылғы «Юра дәуірінің әлемі» фильміндегі оқиғаға тұспа-тұс келеді. Динозаврлар қоршауды бұзып, төңіректі ойрандатып жатқан кезде Нублар аралының қарсы бетінде жүрген балаларға да қауіп төнеді.

Жобаға Стивен Спилберг, Фрэнк Маршалл, Колин Трэверроу продюсер болды. Премьерасы: 19 қыркүйек.

Рэтчед / Сестра Рэтчед / Ratched

Netflix ұсынған драманың сюжеті Кен Кизидің «Көкек ұясының үстімен ұшқанда» романындағы басты кейіпкерлердің бірі – психиатрия клиникасының медбикасы Милдред Рэтчед төңірегінде өрбиді. 1947 жылы ақылынан алжасқандардың ауруханасына тап болып, пациенттердің зәресін алатын қатыгез де қатал жанға айналады.

Басты рөлде Сара Полсон ойнайды. Премьерасы: 19 қыркүйек.

Шіріген байлар / Несметно богатые / Filthy Rich

Сатирамен көмкерілген америкалық драма. Кезінде Жаңа Зеландияда осындай сериал болған екен, бұл соның ремейкі. Сюжет бойынша АҚШ-тың оңтүстігіндегі ең бай саналатын отбасының басшысы, христиан телеарнасының негізін қалаған Юджин Монро әуе апатынан қайтыс болады да, бүкіл тірлік әйеліне артылады. Оның үстіне марқұм күйеуінің некеден тыс үш баласы бар екені әшкере болады. Ағайындар арасында мұраға талас басталады.

Премьерасы: 21 қыркүйек.

Кішкентай балта / Топорик / Small Axe

«Құлдықтағы 12 жыл» фильмі үшін «Оскар» алған Стив МакКуин жасаған мини-сериал. Бұл британ драмасы қара нәсіл өкілдерінің проблемасын қозғайды. Сюжеті Лондонда өтіп, 1960 пен 1990 жылдар аралығын қамтиды. Оқиғалар өмірден алынған.

Премьерасы: 25 қыркүйек.

Сиқыршы медбике / Медсестра-заклинательница / Bogeongyosa An Eun-yeong

Фэнтези жанрындағы корей сериалын Netflix көрермендеріне ұсынылады. Басты кейіпкер – Ан Ын-ен деген ерекше қабілеті бап мұғалім. Ол адамның күшті сезімдері мен қалауынан пайда болатын былқылдақ монстрларды көре алады. Бойжеткен олармен қолынан келген күресіп бағады, оқушыларын қорғауға тырысады. Ан өзі істейтін мектепке үлкен қауіп төнгенін сезеді. Оған ерекше аурасы бар қытай тілінің мұғалімі Хон Ин-пе көмекке келеді.

Премьерасы: 25 қыркүйек.

Жалғасы бар…

2020 жылғы қыркүйектің сериалдары: 2 бөлік

Қыркүйектің сериалдарына арналған шолудың екінші бөлігінде нәсілшілдікке арналған комедия, Дес деген маньяктың өмірде болған оқиғасы, Джуд Лоу ойнаған детектив және басқа да жобалар туралы айтамыз.

Ояну / Проснувшийся / Woke

Hulu сервисінің комедиясы қазіргі кездегі актуал тақырып – нәсілшілдік мәселелерін көтереді. Басты кейіпкер Киф талантты комикс суретшісі. Болашағының жарқын болатынына да кәміл сенімді еді. Бір күні полицейлердің қатыгез әрекетіне тап болып, миы шайқалады. Осыдан кейін Киф әлеуметтік-саяси тақырыпта әңгіме айта алатын жансыз заттарды ести алатын қабілетке ие болады. Көп кешікпей суретшінің өмір салты үлкен өзгеріске ұшырайды.

Премьерасы: 10 қыркүйек.

Герцогиня / The Duchess

Netflix платформасы ұсынатын ситком қыз тәрбиелеп жатқан жалғыз басты ана туралы. Ол тағы бір қызды өмірге әкелгісі келеді. Сол үшін қас жауы – бұрынғы күйеуінің көмегіне жүгінуге мәжбүр болады.

Жобаны жасаушы – британ комигі Кэтрин Райан, ол сондай-ақ басты рөлде өзі ойнайды. Премьерасы: 11 қыркүйек.

Дес / Des

Ұлыбританияда түсірілген қылмыстық драма атақты маньяк Деннис Нильсеннің өмірі жайында баяндайды. Ол 1978-1983 жылдары жасөспірімдерді өз пәтерінде өлтіріп, мүшелеп, далаға лақтырған. Дес алты адамды өлтіргені үшін сотталды. Мини-сериал түріндегі телевизиялық фильмде қылмыскерді әйгілі шотланд актері Дэвид Теннант ойнайды.

Премьерасы: 14 қыркүйек.

Біздің шынайы болмысымыз / Мы те, кто мы есть / We Are Who We Are

Итальян режиссері Лука Гуаданьино түсірген 8 бөлімді драма Нью-Йоркте тұратын 14 жаса Фрейзер Уилсонның басынан кешкен оқиғаларын баяндайды. Ол ата-анасының қалауымен Италиядағы әскери базаға аттанады. Сол жақта жаңа достар табады, бір қызға ғашық болды. Әйтсе де уақыт өткен сайын ол елде қалған досы Маркты сағынады.

Премьерасы: 15 қыркүйек.

Үшінші күн / Третий день / The Third Day

Британ-америкалық мини-сериал Джуд Лоу, Наоми Харрис, Кэтрин Уотерстон, Пэдди Консидайн, Эмили Уотсон секілді жұлдыздардың басын қосты.

Сюжетте Сэм есімді ер адам бір құпия аралға келеді. Бұнда тұратын адамдар өзгелерге ұқсамайтын дәстүрді ұстанады. Олардың жөн-жоралғысын көргеннен кейін Сэм баяғыда ұмыт болған зақымын еске түсіреді. Көп кешікпей шынайылық пен қиял арасындағы шекара жоғалады.

Премьерасы: 15 қыркүйек.

Кезекті маусымын ұсынатын сериалдар:

16 қыркүйек:
– Қылмыс: Ұлыбритания / Преступник: Великобритания / Criminal: UK; драма, қылмыстық (Германия, Испания, Ұлыбритания, Франция): 2 маусым

17 қыркүйек:
– Арчер / Archer; комедия, боевик, мультфильм (АҚШ): 11 маусым

19 қыркүйек:
– Пен15 / Pen15; комедия (АҚШ): 2 маусым

2020 жылғы қыркүйектің сериалдары

Қыркүйектің басында шығатын сериалдардың арасында Ридли Скотт басқарған ғылыми-фантастикалық драма, ауыл ветеринары туралы британ теледрамасы, детектив Валландердің жас кезіне арналған детектив бар.

Барлық тіршілік иелері, үлкені де, кішісі де / Все существа, большие и малые / All Creatures Great and Small

1978-1990 жылдар аралығында көрсетілген британ теледрамасының римейкі. Сериал «If Only They Could Talk and It Shouldn’t Happen to a Vet» деп аталатын әдеби түпнұсқаның жарияланғанына 50 жыл толуына орай ұсынылып отыр.

Басты кейіпкер – Йоркширдегі ауылда тұратын ветеринар. Ол жануарлардың ғана емес, олардың қожайындарының да тілін таба білген жан. Драманың сюжетіне ұзақ жыл бойы мал дәрігері болып істеген Джеймс Хэрриоттың мемуары арқау болды.

Премьерасы: 1 қыркүйек

Екі аптада үлгеру / Успеть за две недели / Two Weeks To Live

«Тақтар ойыны» сериалының жұлдызы Мэйси Уильямс ойнаған қылмыстық комедия. Сюжетте өркениеттен жырақта өскен жас қыз туралы баяндалады. Отағасынан айырылған анасы оны кішкентай кезінде алысқа алып кетеді. Анасы қызды жабайы табиғаттың заңдарына төзуді және қару-жарақ қолдануды үйретті. Бір күні басты кейіпкер әкесінің моласына барады. Сол жерде күтпеген оқиғаға тап болып, полиция мен қылмыскерлердің нысанасына ілігеді.

Премьерасы: 2 қыркүйек

Жас Валландер / Молодой Валландер / Young Wallander

Басты кейіпкер – инспектор Курт Валландер туралы екі сериал шықты – шведтік және британдық. Енді шыққалы жатқан мини-сериал форматындағы үшінші жоба – басты кейіпкердің жастық шағына арналмақ. Netflix ұсынатын қылмыстық драма 6 эпизодтан тұрады.

Сюжетте полиция академиясын енді аяқтаған Курт Валландер қанды қылмыстың куәсі болды. Бастығының жетекшілігімен істі тергеуге кіріседі.

Премьерасы: 3 қыркүйек

Қасқырдың қолында өскендер / Воспитанные волками / Raised by Wolves

Ридли Скоттың жетекшілігімен HBO Max сервисіне арналып түсірілген ғылыми-фантастикалық драма. Сериалдың оқиғасы колонияға айналған басқа планетада өрбиді. Онда екі андроид адамдардың балаларын тәрбиелейді. Халық саны өскен сайын адамдарда өзінің шығу тегі туралы сұрақ көбейе түседі.

Премьерасы: 3 қыркүйек

Алыста / Вдали / Away

Netflix көрермендеріне арналған фантастикалық драма. Басты рөлде – екі мәрте «Оскар» иегері Хилари Суэнк. Оның кейіпкері – Марсқа аттанатын команданы бастап баратын америкалық астронавт. Жерде оның қызы мен күйеуі қалды. Қауіпті миссияны орындау үшін ол үш жыл отбасын көрмейді.

Премьерасы: 5 қыркүйек.

Сондай-ақ 5 қыркүйекте «Жүгірмектер» / «Пацаны»/ «The Boys» фантастикалық боевигінің екінші маусымы, ал 10 қыркүйекте «Лос-Анджелестің мықтылары» / «Лучшие в Лос-Анджелесе» / «L.A.’s Finest» экшн-комедиясының екінші маусымы басталады.

Жалғасы бар…