Әділхан Ержанов «Коллективный иммунитет» деген жаңа драмасын түсіріп бітті (+фото)

Қазақстан режиссері Әділхан Ержанов «Коллективный иммунитет» деген жаңа картинасының түсірілімін аяқтады.

Сюжетте іс жүргізу тәсілі бір-біріне қарама-қайшы екі полицей туралы айтылады. Біреуі – ауылдың учаскелік полицейі, жұрт оны заң бұзу жағдайларына көз жұма қарайтыны үшін жақсы көреді. Екіншісі – аудан полициясының принципшіл және адал бастығы. Ол ауылға келіп, жергілікті қылмысты жоймақшы болады. Ал ауыл учаскелік инспекторы қиын шешім қабылдауы керек – не ескі достық, не заңды ұстану.

Әділхан Ержановтың айтуынша бұл бадди-муви стиліндегі кино, яғни екі кейіпкер бәсекелесіп, жауға айналады. Ақырында ортақ шешімге келеді. Оқиға орны – режиссердің бірнеше фильмінде көрініс тапқан Қаратас ауылы.

Түсірілім 1-15 маусым аралығында өтті. Басты рөлдерде Данияр АлшыновҚап-қара адам«, «Атбайдың шайқасы»), Әсел Сәдуақасова («Атбайдың шайқасы»), Ержан Жаманқұлов ойнайды. Продюсерлер қатарында белгілі отандық кинематографшы Ақан СатаевӘлемге жылы бейжайлық«, «Қап-қара адам«) бар. Фильм прокатқа 2021 жылы қыста шығады деп жопарланған.

Қараның елу реңкі: «Қап-қара адам» фильміне рецензия

Отар-отар қойды өріске айдағанда көтерілген шаң ба, жол әлде тұман ба, таң атып келе жатыр ма, кеш батып келе жатқандағы алагеуім бе түсініксіз. Кара мен сұрдың 50 реңкі оқиға желісіне құпиялық пен көптеген бассыздыққа жол беретін атмосфера жасайды. Қара мен сұрдың көптігі соншалық бір сәтте көзің бұлдырап отыр ма деп сүрткің келіп, одан түк шықпаған соң экранды сүртіп келгің келеді екен.

Оқиғаның шиеленісіп кеткені соншалық көліктің алдыңғы терезесі тас тиіп шытынап кеткенде болашағы жоқ тірлік екенін түсінесің. Өз микроклиматы бар ауылда қылмыскері бостандықта, тәртіп сақшылары/құқық қорғау бөлім қызметкерлері қорғансыздарды үркітіп тастаған. Қалтасына қанша ауызбастырық түссе де тозығы жетіп созылып кеткен жемпірмен жүре беруі – арам ақшаның ішекті майламайтынын сездіретіндей.

Сот ғимаратында арқаны кеңге салып жайнаған дастархан басында бір-біріне пара беріп отыру, есік қаққан қызды арнайы шақыртылған жезөкше деп ойлау әбден сүйекке сіңген әдет деп қабылдау ғана қалады.

Зорлық салдарынан қаза болған сұраушысы жоқ жасөспірімнің мәйіті айдалада тәуліктеп жата беруі, сотмедсараптама қызметі де бұл ауылда заң шеңберінен шығып кеткені, сараптама қорытындысы сыйақымен өзгере беретін жәй ғана қағаз екені қынжылтады.

Фильмдегі балакөңіл «қылмыскер» Пукуар мен құрбысы ғана қандай ортада жүргенін түсінбейтіндей. Жоғарыдан келген Ариана тергеуші Бекзаттың барлық жоспарын бұзғанымен әлі де болса тасқа айналмаған жүрегі бар екен көрсетті.

Түнекке батып бара жатқан ауылға жарық таң арайлап атқанда бір-ақ келеді.

Авторы: Мақпал Шайхистамова

«Қап-қара адам» прокатқа шығады: қазақ даласындағы нуар-триллер

2020 жылдың 6 ақпанында режиссер Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» / «Черный-черный человек» картинасы Қазақстан прокатына шығады.

Фильм «Short Brothers» және «Arizona Productions» компанияларының қатысуымен түсірілген драма ауылда өлтірілген баланың оқиғасын баяндайды. Тергеуші Бекзат (Данияр Алшынов) істі тез арада жапқысы келеді, себебі кінәліні – зиянсыз ақымақ Пукуарды (Теоман Хос) – жергілікті полицейлер тауып қойған. Тек қаладан келген журналист Ариана (Динара Бақтыбаева) іске араласқанда ғана, іс орнынан қозғалады. Енді тергеушіге осы істі өмірінде бірінші рет барлық ережеге сай жүргізуге тура келеді…

Картинаның әлемдік тұсаукесері 2019 жылы 23 қыркүйекте Испанияда өтті. Картина Сан-Себастьяндағы 67-ші Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді.

Осы көрсетілімнен кейін бірден әлемдік баспасөз басылымдарында фильм туралы жағымды пікірлер пайда бола бастады:

картинаны шет елдік сыншылар «әдемі, ирониялық, талғампаз», «қызықты авторлық триллер» деп атады және оның «қатал сұлулығын» атап өтті. Әлемдегі кино туралы жазатын ең беделді басылымдардың бірі, Variety, фильмге мақтаулы рецензия жариялап, оны «керемет, ымырасыз нуар», «ғажайып криминалдық драма» және «ырғақты, қызықты триллер» деп атады.

Өткен жылдың қараша айында Австралияның Брисбэн қаласында өткен «Asia Pacific Screen Awards-2019» сыйлығын табыстау салтанатында режиссер Әділхан Ержанов «Қап-қара адам» фильмі үшін «Үздік режиссер» номинациясында жеңімпаз атанды. Осылайша, Ержанов осы номинацияға ие болған алғашқы қазақстандық режиссер болып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы «Қап-қара адам» Almaty Film  Festival аясында питчинг жобаларының жеңімпазы атанған болатын.

Сценарий авторлары Әділхан Ержанов және нидерландтық Ролоф Ян Миннебоо. Халықаралық ілгерілету продюсері – Ольга Хлащева, атқарушы продюсер – Серік Әбішев, екеуі де режиссердің барлық фильмдерінде жұмыс істеген. Фильмнің операторы ресейлік Айдар Шәріпов, Ержановпен бұрын «Әлемнің ерке енжарлығы» фильмінде жұмыс атқарған. Қоюшы суретші Ермек Өтегенов, режиссердің тағы бір тұрақты серіктесі. Фильмнің әуенін атақты музыкант Ғалымжан Молданазар жазды.

«Бұл өзгеріп, адам болатын кейіпкер туралы фильм. Бұл классикалық оқиға, талай рет айтылған, бірақ ол әрқашан қызықты және ол мені толғандырады. Бұл анти-детектив. Бұл жерде ең бастысы адам өлтіру емес, бас кейіпкердің өзінің ішкі қақтығысын қалай шешетіні», – деді Әділхан Ержанов фильм туралы.

«Менің ойымша, бұл фильм – біздің ортақ үлкен жетістігіміз. Алаңдағы атмосфера тамаша болды, бұл режиссер Әділхан Ержановтың үлкен еңбегі. Алғашқы күннен бастап, ол маған менің кейіпкерім Бекзат қандай жолмен өтетіні туралы айтқан кезде, мен: «бұл маған арналған рөль, мен армандаған рөль» дедім», – деді басты рөлді сомдаушы Данияр Алшынов.

«Бұл Әділхан Ержанов түсірген менің сүйікті фильмдерімнің бірі. Өте атмосфералық, терең және салмақты, ол өз әлеміне алғашқы секундтан бастап тартып алады. Ариана рөлінің арқасында мен өзімнің жаңа қырларымды аштым, ал бұл мен үшін актриса ретінде баға жетпес тәжірибе. Мен осы жобаның бір бөлігі болғаныма бақыттымын және көрерменнің оны көретініне қуаныштымын!» – деді Динара Бактыбаева.

«Фильм бірден беделді халықаралық кинофестивальдардың үлкен қызығушылығын тудырды. Әлемдік премьерасы жер бетіндегі ең көне «А» класына жататын кинофестивальдердің бірі – Сан-Себастьяндағы негізгі конкурстық бағдарламасында болып өтті. Содан кейін «Қап-қара адам» Бусан (Оңтүстік Корея), Норвегия, Түркия және Керале (Үндістан) сияқты бірнеше басқа да салмақты фестивальдардың бағдарламаларына шақырылды. Қараша айында әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі «AsiaPacificScreenAwards» сыйлығын режиссурасы үшін алды. Сонымен бірге 2020 жылы бүкіл әлем бойынша алты ірі кинофестивальге қатысу жоспарланған», – деді өз сөзінде фильмнің халықаралық ілгерілету бойынша продюсері Ольга Хлащева.

Фильмнің дистрибьюторы Meloman Entertainment компаниясы, олар Әділхан Ержановтың «Әлемнің ерке енжарлығы» атты фильмін прокатқа шығарған болатын.

Әділхан Ержановтың ретроспективасы

Дереккөз: Nicholas Hunt/Getty Images Europe

Алматыдағы «Арман» кинотеатрында 1-5 ақпан аралығында белгілі режиссер Әділхан Ержанов кинофильмдерінің ретроспективасы өтеді.

Бағдарламасы:

1 ақпан, 16:00

«Үкілі кәмшат» / «Хозяева» (2014)

Фильм елдегі жемқорлықтың салдарынан баспанасынан айырылған ағалы-інілі және апалы-сіңлілі адамдардың хикаясы туралы. Жергілікті тұрғын учаскелік полицей болып жұмыс істейтін туысының көмегімен кейіпкерлерді пәтерінен шығарады. Жастар арқа сүйейтін жақыны жоқ болғанымен баспанасынан жайдан-жай айырылып қалғысы келмейді.

Картинаның жанры – шынайы өмірге арналған карикатура элементтері бар абсурд драма. Кино Алматы облысында түсірілді, басты рольдерде Т. Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының түлектері ойнады.

Трейлер

2 ақпан, 16:00

«Қаратас ауылындағы оба» / «Чума в ауле Каратас» (2016)

Сюрреалисттік картина Қазақстандағы саясит әділетсіздікті сөз етеді. Шалғайдағы ауылға жаңадан келген әкім тұрғындардың қатерлі дертке шалдыққанын көреді. Бірақ вакцинаға бөлінген қаражат жергілікті билік өкілдерінің қалтасына түседі.

Фильмнің әлемдік премьерасы 2016 жылы 2 ақпанда Роттердам халықаралық кинофестивалінде өтті және осы жерден Азия киносын көтеру желісінің (NETPAC) сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, ағылшынның The Calvert Journal журналы «Қаратас ауылындағы оба» картинасын 2016 жылы күтілетін үздік бес фильмнің қатарына қосты. ТМД, Латвия, Литва және Эстония елдеріне арналған «Киношок-2016» ашық фестивалінің бас жүлдесі – «Золотоя лоза» иегері болды.

Трейлер

3 ақпан, 19:00

«Түнгі құдай» / «Ночной бог» (2018)

Драма/фэнтези жанрында түсірілген «Түн құдайы» кинотуындысы қаңырап қалған қалада тентіреп жүрген, шаршаған, суықта тоңып қалған әлдебір Түн құдайы жайлы көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Түн құдайы» фильмінің әлемдік тұсаукесері 2018 жылы XL Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауында өткен болатын. Сонымен қатар, картина алдыңғы жылы Париждегі «L’Etrange Film Festival» және Индонезиядағы «NETPAC Asian Film Festival» кинофестивальдеріне қатысқан. Ал 2019 жылы Үндістанның «Bengaluru International Film Festival»-не қатысқан.

Трейлер

4 ақпан, 19:00

«Әлемнің ерке енжарлығы» / «Ласковое безразличие мира» (2018)

Ауылдан қалаға келіп, жаңа да қатыгез әлемге тап болған ғашық жандардың хикаясы. Мегаполистің ережелеріне қарсылық таныта жүріп, екі жас нағыз сезімдердің тазалығы мен пәктігін сақтауға тырысады.

Фильмнің премьерасы 71-ші Канн кинофестивалінде «Ерекше көзқарас» конкурсы аясында өтті.

Трейлер

5 ақпан, 19:00

«Қап-қара адам» / «Черный, черный человек» (2019)

Сюжеті бір ауылда өрбиді. Тергеуші Бекзат бала өліміне қатысты істі тез арада жапқысы келеді, себебі кінәліні жергілікті полицейлер тауып қойған. Бірақ іс насырға шабады – қаладан журналист келіп осы іске араласады. Тергеуші өмірінде алғаш рет істі ережеге сай жүргізбекші.

Әлемдік премьерасы биыл былтыр қыркүйекте Сан-Себастьяндағы халықаралық кинофестиваль аясында өтті.

Трейлер

Көрсетілімдерге билеттерді “Арман” кинотеатрының сайтынан немесе ticketon.kz платформасы арқылы сатып алуға болады.