Әйел нені қалайды? «Алматы» телеарнасы жаңа сериалын таныстырды

«Өткінші жаңбыр» сериалы тағдырдың жазуымен Алматыда кездесіп, жақын дос болып, ортақ іс ашатын екі түрлі әйелдің тағдыры мен арманы туралы. Сюжет барысында олар өзгереді, жеке тұлға ретінде өседі, қиындықтарды жеңіп, табысқа жетуге ұмтылады.

Туындының басты кейіпкері – Жанар есімді көп балалы ана. Күнделікті үй шаруасынан зеріккен ол кәсіпкерлікті қолға алып, ел қатарлы жұмыс істегісі келеді. Алайда жұбайы бұл ойын құптамайды.

Екінші кейіпкер – Ажар. Ол жалғыз басты ана әрі шағын кәсіпкер. Тапсырыспен торт пісіру – оның басты табыс көзі. Жұмыстан жалыққан ол, керісінше, отбасылық өмірді аңсайды. Кейіпкерлердің тағдыры әр түрлі болғанымен, басқа түскен қиындық екеуінің басын бір арнаға тоғыстырады.

Екі басты кейіпкерді Нұргүл Мыңғатова мен Салтанат Бақаева ойнайды. Сондай-ақ актерлік құрамда Алмат Сақатов, Ажарлым Мағзум, Дәулет Бижанов, Ерғали Дүйсен. Режиссері – Дархан Сәркенов.

12 бөлімді «Өткінші жаңбыр» телехикаясы «Алматы» телеарнасында 2 қарашадан бастап көрсетіледі. Эфир уақыты: дүйсен-бейсенбі аралығында, сағат 20:40.