AÝT Central Asia 2021: үздік деректі фильмдер анықталды

Елімізде алғаш рет AÝT Central Asia 2021 Орталық Азиядағы деректі жобалар питчингі өтті.  AYT Central Asia 2021 – бұл Qara Film Festival аясында деректі кино жанрының жас авторларын қолдау және Орта Азиядағы деректі жобалар қауымдастығын кеңейту мақсатында өткізілген алғашқы питчинг.

Онлайн форматта өткен шараға Германия, Чехия, Ресей, Литва, Дания, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Португалия, Тәжікстан және Түркіменстан сияқты елдердің киноиндустрия мамандары қатысты.

Жеңімпаз жобаларға ынталандыру жүлделері берілді.

Сонымен, Сүйінбике Сулейменованың «MÄTIL» жобасы DOK Leipzig халықаралық кинофестивалінің өкілі Ульрике Шмидттің назарына ілігіп, жобаның авторы биыл Германияда өтетін DOK Leipzig жиынына қатысуға аккредитация алды, сондай-ақ халықаралық ко-продукция өндіруге бағытталған еуропадағы DOK Co-Pro ірі кинонарығына бақылаушы есебінде қатысу мүмкіндігіне ие болды.

«Артдокфест» халықаралық деректі кинофестивалінің президенті, режиссер-документалист Виталий Манский «Өзен қандай түс көреді» жобасын (реж: Кристина Михайлова, прод: Дана Сабитова) үздік деп таныды, сондай-ақ, Диана Жилкенованың «Жертөле» деп аталатын туындысына ерекше баға берді. Бұл жеңімпаз жобалар биылғы жылдың 9-12 қыркүйегінде өтетін Artdocfest/Riga питчингіне қатысуға мүмкіндік алды, сондай-ақ, биыл желтоқсан айында Мәскеуде өтетін «Артдокфест» фестиваліне сапар (тревел-грант) шегеді.

Ал Internews өкілдері Алевтина Мадьярова мен Манана Асламазян «Балдай тәтті дүмбіл» фильміне  1000 доллар көлемінде ақшалай сыйлық берді (реж: Айжан Қасымбек, прод: Диана Ашимова).