Youtube релиздері: Ван Гог пен леди Макбет

Youtube платформасына шыққан цифрлық релиздер арасынан Ван Гогтың өміріне арналған, Уиллем Дефо ойнайтын байопикті, қатал отбасыға шыққан бойжеткеннің өмірін баяндайтын британ драмасын және Джессика Честейн ойнаған саяси триллерді ұсынамыз.

Мәңгілік қақпасының алдында / Ван Гог. На пороге вечности / At Eternity’s Gate [16+]

Нидерланд суретшісі Винсент Ван Гогтың өміріне арналған кинотуынды 2018 жылы жарық көрді. Суретшіні ойнаған Уиллем Дефо осы рөлі үшін Венеция кинофестивалінің сыйлығын алып, «Оскар» мен «Алтын глобусқа» үміткер болды.

Фильмнің жасалуына да суретшілер атсалысты. Режиссері Джулиан Шнабелдің жұмыстары әлемнің көптеген қаласында көрсетілген. Оператор Бенуа Деломм да суретші, кинодан қолы бос кезінде кескіндемемен айналысады. Ал сценарий авторы -«Оскар» мен екі BAFTA сыйлығының иегері, Канн кинофестивалінің лауреаты Жан-Клод Карьер.

Уиллем Дефо сомдаған Ван Гог – кескіндемеге бар жанымен берілген және әлемді өзгертуді армандаған адам. Ол Парижде тұрып, Гогенмен дос болды. Тірі кезінде оның жұмыстары бағаланған жоқ, ал қазір – әлемдегі ең қымбат картиналар санатында.

Рейтинг
Кинопоиск: 7.0
IMDb: 6.9

Леди Макбет / Lady Macbeth [18+]

Британ драмасы Николай Лесковтың шығармасының желісімен түсірілген. Премьерасы 2016 жылы Торонто кинофестивалінде өтті.

Сюжеті Виктория заманында өрбиді. Кэтрин есімді қыз тәрбиесі қатал отбасыға тұрмысқа шығады. Оған серуендеуге тыйым салынады, күйеуі мен оның туыстары Кэтринге тіл тигізумен болады. Бірде үйде ешкім жоқ кезде ол осы үйдің жұмысшысы Себастианмен танысады. Көп кешікпей екеуінің арасында сезім пайда болады.

Рейтинг
Кинопоиск: 6.3
IMDb: 6.8

Мисс Слоун / Опасная игра Слоун / Miss Sloane [18+]

2016 жылғы саяси триллер басты рөлде ойнаған Джессика Честейнге «Алтын глобус» номинациясын алып берді. Басты кейіпкер Элизабет Слоун – АҚШ саяси бизнесінің акуласы, беделді лоббиші. Психологиялық ойынымен, манипуляция өнерін пайдаланып, ол қарсыластарын жеңіп шығады. Мықты саяси тұлғаларға қарсы кампанияны қолға алғаннан кейін Слоунға және оның жақындарының өміріне қауіп төнеді.

Рейтинг
Кинопоиск: 7.6
IMDb: 7.5

Youtube релиздері: «Сибил», «Сүйек томагавк» және «Еркек бол»

Youtube арқылы көрерменге жол тартқан фильмдер арасынан Канн кинофестиваліне қатысушы «Сибил» француз драмасын, каннибал аборигендер туралы вестерн-хоррорды, су астында қалып қойғандар туралы британ картинасын және Саймон Пеггтің қатысуымен түсірілген ромкомды іріктеп алдық.

Сибил / Соблазн / Sibyl [18+]

Француз режиссері Жюстин Триенің бұл картинасы Канн кинофестивалінің бас жүлдесіне үміткерлер қатарынан көрінді. Драмада психотерапиямен айналысатын Сибил деген әйел туралы баяндалады. Ол кітап жазу ниетін іске асыру үшін практикадан бас тартқысы келеді. Бір күні Сибил қолдауға мұқтаж Марго деген жас актрисамен танысады. Жаңа пациентінің оқиғасына еліткен Сибил, өз өмірінің түбегейлі өзгеріске ұшырайтынын сезбейді.

Басты рөлдерде Виржини Эфира мен Адель Экзаркопулос ойнайды.

Рейтинг
Кинопоиск: 5.4
IMDb: 5.8

Сүйек томагавк / Костяной томагавк / Bone Tomahawk [18+]

Курт Рассел, Мэттью Фокс, Патрик Уилсон ойнаған вестерн-хоррор. Сюжетте төрт ер адам каннибалдар үңгірінен тұтқындарды құтқару үшін Жабайы Батыс өлкесіне аттанады.

Рейтинг
Кинопоиск: 6.6
IMDb: 7.1

Қысым / Опасное погружение / Pressure [16+]

Британ картинасы тереңдігі бес шақырым болатын су астында тұрып қалған шағын капсуладағы төрт адам туралы. Оттегі уақыт санап азаюда, ал құтқарылуға деген үміт жоғалуда. Оларда аман қалу үшін өз беттерімен шешім қабылдаудан басқа амал жоқ.

Рейтинг
Кинопоиск: 5.9
IMDb: 5.6

Еркек бол / Краденое свидание / Man Up [16+]

Британ-француз ромкомында Лэйк Белл мен Саймон Пегг ойнайды. Сюжетте күтпеген жерден соқыр кездесуге тап болып, өмірлік серігін жолықтырған жалғыз басты келіншек туралы баяндалады.

Рейтинг
Кинопоиск: 6.5
IMDb: 6.8

Қазақстан фильмдерін көрсететін Youtube-арналар

Өткен аптада шетелдік фильмдерді заңды түрде көрсететін Youtube-арналар туралы айтып едік. Енді қазақстандық фильмдер туралы әңгімелегіміз келеді. Әдетте Youtube арқылы таралатын отандық картиналарды соны түсірген компанияның ресми аккаунтынан көре аламыз.

Жақында пайда болған тамаша жаңалық – Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Алтын қорға» кіретін, қазақ киносының классикасы саналатын біраз фильмді тегін таралымға шығарды. Оны осы киностудияның аккаунтындағы бөлек плейлисттен тамашалауға болады.

Енді қазіргі заманның киносы туралы. Біздің кино өндірісінде қалыптасқан құбылыстардың бірі – кинокомпания немесе режиссер өз өнімін прокат мерзімі аяқталған соң бірнеше айдан кейін Youtube хостингіне шығарады.

Жанна Исабаева Zhanna Issabayeva – тәуелсіз режиссер, сценарийші, продюсер Жанна Исабаеваның арнасы. Отандық кинематографшы бүкіл жұмысын осы жерге салды. Көпшілік оны «Ойпырмай» комедиясынан кейін тани бастады. Бірақ автордың басты жанры – әлеуметтік драма.

OMNIARS – бұл тәуелсіз кинокомпанияның арнасы. Компанияны құрушы – режиссер, актер, сценарийші және продюсер Ермек Шахмет. Талдықорғаннан шыққан кинематографшы 2009 жылы «Анаша» деген псевдодеректі картинасымен белгілі болған еді. Бұл режиссердің қолынан «Кредитомания», «Бекзат», «Selfie с мертвецами» секілді фильмдер шықты.

KANAIDAR PRODUCTION – режиссер Қанағат Мұстафин мен продюсер Айдархан Әділбаевтың компаниясы. Бұл продюсерлік орталық «Рывок», «16 қыз» және басқа да ромкомдар шығарды.

Shine Production – Баян Алагөзованың продюсерлік орталығы. Компания музыкалық жобалармен ғана емес, кино және телефильмдер жасаумен айналысатыны белгілі. Соңғы жылдары шыққан бірнеше туындысын осы арнадан табуға болады. Қысқа видеолар мен клиптердің арасында адасып кетпесеңіз болды 🙂

Koyanbayev Live – Продюсер, шоумен, актер Нұрлан Қоянбаевтың арнасы. Соңғы жылдары «Қазақша бизнес» сериясымен бірнеше фильм шығарып танылды. Арнадан оның продюсерлік етуімен жасалған фильмдерді табуға болады.

bissembin film – режиссер Асқар Бисембиннің арнасы. Бұнда оның барлық картинасы бар деп айта алмаймыз, бірақ бірнешеуі табылады. Одан бөлек біраз қысқаметраж картиналар да бар.

Nurtas Adambay – әмбебап кинематографшы Нұртас Адамбайдың арнасы. Аккаунтын тұрақты түрде жаңартатын сирек адамдардың бірі. Сол үшін бір респект жолдауға болады. Прокатта болып кеткен фильмдерінің барлығын таба аласыз.

Каникулы off-line 2 – Astana Film Fund компаниясының аккаунты. Арна атауы жарнамаланып жатқан өнімге байланысты өзгеріп тұрады. Бұнда Ақан Сатаевтың «Бизнесмены», «Районы», сондай-ақ «Каникулы OFF-LINE» картиналары жүктелген. Ал режиссердің бұрынырақтағы фильмдерін көрем десеңіз – SATAIFILM арнасы да бар.

Асель Садвакасова TV – продюсер Әсел Садуақасованың арнасында фильмдер көп емес, бірақ болашақта жаңа өнімдермен толыға түседі деген үміт бар. Әселдің продюсерлік етуімен жасалған соңғы екі картинаны осы жерден көріңіз. Ал оның актриса және продюсер ретіндегі басқа жұмыстарын 1kino.kz арнасынан көруге болады.

Corich group – актриса және продюсер Құралай Анарбекованың компаниясы. Арнада фильмдер аз, бірақ бұл да тұрақты жаңарып отыратын арна. Сол себепті әлі де фильмдер салынады деп ойлаймыз.

B8 PRODUCTION – бастапқыда «Женатики», «Городские легенды» секілді телевизиялық юмор жобалармен айналысқан компания соңғы жылдары кино өндірісіне де қатысып жүр. «Гудбай, мой бай», «Аташка на хайпе» солардың өнімі.

SATAIFILM – «Sataifilm» кинокомпаниясының арнасы. Бұнда «Рэкетирден» бастап компания осы күнге дейін шығарған фильмдердің біразы бар.

Назардан тыс қалған тағы қандай Youtube-арнаны білесіздер? Комментке жазыңыз, біз осы материалға қосамыз.

Youtube желісінде шетелдік фильмдерді тегін ұсынатын арналар

Қазақстанда коронавирусқа қатысты жарияланған төтенше жағдайға байланысты көпшілік жиналатын орындардың жұмысы тоқтатылғаны белгілі. Оның ішіне кинотеатрлар да кіреді.

Үйде отырып кино көру – уақытша оқшаулануға мәжбүр бұқараның негізгі ермектерінің біріне айналады. Осыған орай Youtube желісінен тегін әрі заңды түрде шетелдік кино өнімдерін ұсынатын арналар туралы айтпақпыз.

Алдымен фильмдерді еркін таралымға шығаратын арналар туралы айтып өтейік. Көбінесе бұлар – Ресей кинодистрибьюторлары мен прокат компанияларының Youtube арналары. Сонымен қатар телеарналар мен киностудиялардың ресми аккаунттары. Прокат мерзімі аяқталған кейбір кинотуындылар солардың ресурстары арқылы тегін таратылады.

VideoLand – ресейлік ірі видео-лейбл, контент агрегаторы және DVD мен BLU Ray дисктердің дистрибьюторы. Компания VOD, PAY TV, Free TV құқықтарды басқарумен айналысады. Каталогында көркем, деректі және мультипликациялық фильмдер, блокбастер мен арт-хаус, кеңестік кино өнімдері бар.

VideoLand ресейлік CD Land Group компаниялар тобының құрамына кіреді. Осы топтың құрамында тағы бір Youtube жоба бар. Ол CD Land Video деп аталады. Бұл жерде де түрлі жанрдағы фильмдер жарияланады. CD Land Group құрамына, сондай-ақ, балалар контентін жариялайтын Детский Клуб арнасы да кіреді. Бұнда мультфильмдер мен балаларға арналған көркем фильмдер жарияланады.

Filmster – лицензиялық релиздерді таратумен айналысатын ресейлік арна. Олар өндіруші студиялардан құқық сатып алып, Youtube желісіне таратады. Соңғы жылдардың хиттары мен прокаттан тыс қалған фильмдерді көруге болады.

RWV Films – фестивалдік және тәуелсіз кино туындыларын таратумен айналысатын Russian World Vision компаниясының ресми аккаунты. Бұл арнада фестивалдерге қатысатын картиналардың, түрлі хит және блокбастер фильмдердің релиздері бар. Аптасына үш реттен жаңарып отырады.

Epic Media – Ресейдің ірі продюсерлік компаниясы. Компания көпсериялы фильмдердің өндірісімен және дистрибуциясымен айналысады. Оның қорында түрлі жанрдағы 50 шақты жоба бар. Өзінің Youtube арнасына өзі өндірген сериалдар мен көп бөлімді фильмдерін шығарады.

All Media Company – Ресей мен ТМД территориясында түрлі платформаларға арналған контенттің дистрибьюторы. Атап айтқанда – кинотеатр прокатына, ТВ, Интернетке, DVD, BluRay және мобилдік құрылғыларға арналған туындылар.

All Media шетелдің The Weinstein Company, Red Granite, Wild Bunch, Studio Canal, QED International, Entertainment One секілді компанияларымен әріптестік орнатқан. Солардың контентінен құралған қорда жеті жүзден астам фильм бар.

RVISION – лицензиялық видеоконтент тарататын арна. Иегер компания туралы ақпарат көп емес. Түсінгеніміз – ақпараттық технология саласында және контент иегерлеріне сервис көрсететін компания. RVISION – кино көруге арналған жалғыз арна емес. Осы аккаунттың «Арналар» (Каналы) бөліміне өтсеңіз, осы компанияның тақырыптық арналар тізімін көре аласыздар: драмалар, Совет фильмдері, мелодрамалар, әлемдік кино, т.б.

Cinematic – әлемдік киноны онлайн тарататын компанияның арнасы. Коллекция жиі жаңарады дей алмаймыз, бірақ арасында тым тәуір және танымал фильмдер бар.

Домашний – отбасы болып көруге болатын кинохиттарды көрсететін арна. Оның серіктес арнасы – Ashtray арнасына да кіре кетіңіз. Бұнда түрлі жанрдағы жаңа фильмдер шығады.

Central Partnership – Ресейдің ірі кинодистрибьюторы және кино мен тележобалар өндіруші. Ол өзі түсірген фильмдерден бөлек, Голливудтың Paramount Pictures, Lionsgate және Summit Entertainment компанияларының туындыларын эксклюзив таратады. Youtube арнасына шетелдік хиттар салып тұрады.

Фильмдерді киностудиялардың ресми аккаунттарынан да табуға болады. Youtube-та Киноконцерн «Мосфильм»Дирекция КиноКинокомпания «СТВ» секілді арналар бар.