Youtube релиздері: Ван Гог пен леди Макбет

Youtube платформасына шыққан цифрлық релиздер арасынан Ван Гогтың өміріне арналған, Уиллем Дефо ойнайтын байопикті, қатал отбасыға шыққан бойжеткеннің өмірін баяндайтын британ драмасын және Джессика Честейн ойнаған саяси триллерді ұсынамыз.

Мәңгілік қақпасының алдында / Ван Гог. На пороге вечности / At Eternity’s Gate [16+]

Нидерланд суретшісі Винсент Ван Гогтың өміріне арналған кинотуынды 2018 жылы жарық көрді. Суретшіні ойнаған Уиллем Дефо осы рөлі үшін Венеция кинофестивалінің сыйлығын алып, «Оскар» мен «Алтын глобусқа» үміткер болды.

Фильмнің жасалуына да суретшілер атсалысты. Режиссері Джулиан Шнабелдің жұмыстары әлемнің көптеген қаласында көрсетілген. Оператор Бенуа Деломм да суретші, кинодан қолы бос кезінде кескіндемемен айналысады. Ал сценарий авторы -«Оскар» мен екі BAFTA сыйлығының иегері, Канн кинофестивалінің лауреаты Жан-Клод Карьер.

Уиллем Дефо сомдаған Ван Гог – кескіндемеге бар жанымен берілген және әлемді өзгертуді армандаған адам. Ол Парижде тұрып, Гогенмен дос болды. Тірі кезінде оның жұмыстары бағаланған жоқ, ал қазір – әлемдегі ең қымбат картиналар санатында.

Рейтинг
Кинопоиск: 7.0
IMDb: 6.9

Леди Макбет / Lady Macbeth [18+]

Британ драмасы Николай Лесковтың шығармасының желісімен түсірілген. Премьерасы 2016 жылы Торонто кинофестивалінде өтті.

Сюжеті Виктория заманында өрбиді. Кэтрин есімді қыз тәрбиесі қатал отбасыға тұрмысқа шығады. Оған серуендеуге тыйым салынады, күйеуі мен оның туыстары Кэтринге тіл тигізумен болады. Бірде үйде ешкім жоқ кезде ол осы үйдің жұмысшысы Себастианмен танысады. Көп кешікпей екеуінің арасында сезім пайда болады.

Рейтинг
Кинопоиск: 6.3
IMDb: 6.8

Мисс Слоун / Опасная игра Слоун / Miss Sloane [18+]

2016 жылғы саяси триллер басты рөлде ойнаған Джессика Честейнге «Алтын глобус» номинациясын алып берді. Басты кейіпкер Элизабет Слоун – АҚШ саяси бизнесінің акуласы, беделді лоббиші. Психологиялық ойынымен, манипуляция өнерін пайдаланып, ол қарсыластарын жеңіп шығады. Мықты саяси тұлғаларға қарсы кампанияны қолға алғаннан кейін Слоунға және оның жақындарының өміріне қауіп төнеді.

Рейтинг
Кинопоиск: 7.6
IMDb: 7.5

Youtube релиздері: «Сибил», «Сүйек томагавк» және «Еркек бол»

Youtube арқылы көрерменге жол тартқан фильмдер арасынан Канн кинофестиваліне қатысушы «Сибил» француз драмасын, каннибал аборигендер туралы вестерн-хоррорды, су астында қалып қойғандар туралы британ картинасын және Саймон Пеггтің қатысуымен түсірілген ромкомды іріктеп алдық.

Сибил / Соблазн / Sibyl [18+]

Француз режиссері Жюстин Триенің бұл картинасы Канн кинофестивалінің бас жүлдесіне үміткерлер қатарынан көрінді. Драмада психотерапиямен айналысатын Сибил деген әйел туралы баяндалады. Ол кітап жазу ниетін іске асыру үшін практикадан бас тартқысы келеді. Бір күні Сибил қолдауға мұқтаж Марго деген жас актрисамен танысады. Жаңа пациентінің оқиғасына еліткен Сибил, өз өмірінің түбегейлі өзгеріске ұшырайтынын сезбейді.

Басты рөлдерде Виржини Эфира мен Адель Экзаркопулос ойнайды.

Рейтинг
Кинопоиск: 5.4
IMDb: 5.8

Сүйек томагавк / Костяной томагавк / Bone Tomahawk [18+]

Курт Рассел, Мэттью Фокс, Патрик Уилсон ойнаған вестерн-хоррор. Сюжетте төрт ер адам каннибалдар үңгірінен тұтқындарды құтқару үшін Жабайы Батыс өлкесіне аттанады.

Рейтинг
Кинопоиск: 6.6
IMDb: 7.1

Қысым / Опасное погружение / Pressure [16+]

Британ картинасы тереңдігі бес шақырым болатын су астында тұрып қалған шағын капсуладағы төрт адам туралы. Оттегі уақыт санап азаюда, ал құтқарылуға деген үміт жоғалуда. Оларда аман қалу үшін өз беттерімен шешім қабылдаудан басқа амал жоқ.

Рейтинг
Кинопоиск: 5.9
IMDb: 5.6

Еркек бол / Краденое свидание / Man Up [16+]

Британ-француз ромкомында Лэйк Белл мен Саймон Пегг ойнайды. Сюжетте күтпеген жерден соқыр кездесуге тап болып, өмірлік серігін жолықтырған жалғыз басты келіншек туралы баяндалады.

Рейтинг
Кинопоиск: 6.5
IMDb: 6.8

ОНЛАЙН: Жалғыз қалған Марк Уолберг, кек алған Шварценеггер

Бүгінгі топтамада Марк Уолберг ойнаған әскери боевикті, Арнольд Шварценеггер ойнаған, оқиғасы өмірден алынған драманы және Бенуа Пульворд түскен француз комедиясын көруді ұсынамыз.

Аман қалған жалғыз / Уцелевший / Lone Survivor [16+]

Питер Бергтің 2014 жылғы әскери боевигі. Басты рөлде Марк Уолберг ойнайды. Фильм «Үздік дыбыс монтажы», «Үздік дыбыс» номинациялары бойынша «Оскарға» ұсынылды.

Ауғанстан, 2005 жыл. Американың арнайы мақсаттағы жасағы тәлібтердің белгілі көшбасшысы Ахмад Шахты жойып жіберу туралы тапсырма алады. Лаңкестердің тұзағына түсіп қалған жауынгерлерге сан жағынан басым қарсыласпен соғысуға тура келеді. Атыстан Маркус Латтрел есімді сарбаз ғана тірі қалады.

Рейтинг
Кинопоиск: 7.1; IMDb: 7.5; Rotten Tomatoes: 75% (6.5/10)

Тауқымет / Последствия / Aftermath [18+]

Арнольд Шварценеггер ойнаған драма. Фильм өмірде болған оқиғаға негізделген. 2002 жылы 1 шілдеде Германия үстімен ұшып бара жатқан Мәскеу-Барселона бағытындағы ресейлік Ту-154М жолаушылар лайнері мен Бахрейн-Бергамо-Брюссель бағытындағы Boeing 757-200PF жүк ұшағы бір-бірімен соқтығысады. Нәтижесінде екі ұшақтың да бортындағы адамдар, барлығы 71 адам қаза тапты. Солардың арасында Ресей архитекторы Виталий Калоевтың да отбасы (әйелі, ұлы мен қызы) болды.

Драма әуе апатының салдарынан әйелі мен аяғы ауыр қызынан айырылған Виктор есімді отағасы туралы баяндайды. Апат әуе диспетчерінің кінәсінен болған. Ол өз қателігін мойындайды және қорғауға алынады. Виктор сот шешімін күтпестен өз қолымен өш алмақ болады.

Рейтинг
Кинопоиск: 5.7; IMDb: 5.7; Rotten Tomatoes: 41% (5.1/10)

Венеция Италияда емес / Венеция зовет / Venise n’est pas en Italie [12+]

Француз комедиясында Канн кинофестивалінің лауреаты Бенуа Пульворд ойнайды. Сюжеті бір отбасының төңірегінде өрбиді.

Үйдің үлкен баласы Эмиль армандаған қыздан Венецияға шақырту алады. Оның біртүрлі ата-анасы баланы жалғыз жібермей, бүкіл отбасы болып аттанбақ болады. Ескі трейлермен сапарға аттанған кейіпкерлердің қызық оқиғасы осылай басталады.

 

Рейтинг
Кинопоиск: 6.3; IMDb: 6.1

Онлайн: «Алғашқылар дәуірі» және «Off-line каникул 2»

Youtube видеохостингіне тегін көрсетілімге шығарылған фильмдер ішінде ашық ғарышқа шыққан тұңғыш ғарышкер Алексей Леоновтың ерлігіне арналған драма, әскери тілші туралы британдық картина, былтыр Германия атынан «Оскарға» ұсынылған триллер және отандық балалар комедиясы бар. Тамашалаймыз!

Алғашқылар дәуірі / Время первых / First Time [6+]

Тимур Бекмамбетов продюсер болған ресейлік тарихи картина. Басты рөлдерде Евгений Миронов пен Константин Хабенский ойнайды.

1960 жылдар. Қырғи-қабат соғыстың кезеңі. Екі супердержава – КСРО мен АҚШ ғарышты бағындыру жолындағы жарыста бір-бірінен озып шығуды көздейді. КСРО ашық ғарышқа адам шығаруды жоспарлайды. Стартқа екі апта қалғанда сынақ кемесі жарылады. Себеп-салдарын анықтауға уақыт жоқ. Қауіп көп болғанына қарамастан, көшбасшылықтан айырылып қалмау үшін билік барын салып жанталасады. Тәжірибелі ұшқыш Павел Беляев пен оның серігі Алексей Леонов адамзатқа әлі белгісіз белесті бағындыруға дайын. Алайда ұшу кезінде қандай жағдайлар күтіп тұрғанын ешкім болжай алмайды. Бұл миссияның барысы әу бастан-ақ дұрыс емес еді…

Рейтинг
Кинопоиск: 7.4; IMDb: 7.3

Жеке соғыс / Частная война / A Private War [18+]

2019 жылы «Алтын глобустың» екі номинациясына үміткер болған британ әскери драмасы. Басты рөлде – Розамунд Пайк.

Фильм соғыс жүріп жатқан жерден хабар тарату үшін ыстық нүктеге аттанған тәжірибелі әскери тілші туралы баяндайды. Сюжетке 2012 жылы Vanity Fair журналында жарияланған «Мэри Колвиннің жеке соғысы» мақаласы арқау болған. Материал британдық Sunday Times газетінде шетелдік тілші болып істеген Мэри Колвин есімді танымал журналисттің қызметіне арналады.

 

Рейтинг
Кинопоиск: 6.1; IMDb: 6.7; Rotten Tomatoes: 87% (7/10)

Авторы жоқ жұмыс / Работа без авторства / Werk ohne Autor [18+]

2018 жылғы осы неміс триллері Венеция кинофестивалінде жүлде алып, «Алтын глобусқа» және «Оскарға» ұсынылды.

Фильм неміс суретшісі Курт Барнерттің өмірін баяндайды. Балалық шағы нацистік, ал жастық шағы коммунистік режимге тұспа-тұс келді. Оның тұлға болып қалыптасуына әпкесі Элизабет көп ықпал еткен еді. 1937 жылы әпкесі «шизофрения» диагнозымен психиатриялық ауруханаға жатқызылады, кейін стерилизация жасалып, өлтіріледі. Соғыстан кейін Курт көркемсурет академиясына түсіп, Элли есімді қызға ғашық болады. Бойжеткен нацистік режим кезінде эвтаназия бағдарламасының белсенді қатысушысы болған профессордың қызы болып шығады.

Рейтинг
Кинопоиск: 7.7; IMDb: 7.7; Rotten Tomatoes: 77% (7.3/10)

Off-line каникул 2 / Каникулы off-line 2 [12+]

2019 жылдың басында шыққан отбасылық комедияның екінші бөлімі. Жобаға Ақан Сатаев продюсер болды.

Бұл жолы басты кейіпкер Қайрат ірі компанияға басшылық қызметке кетеді.«Аулкемп» лагерінде басты жауапты адамдар ретінде өзінің ебедейсіз достары Дастан мен Болатты қалдырады. Олар, өз кезегінде, лагерьді бір-біріне қарсы күресетін екі топқа бөліп жібереді.

 

Рейтинг
Kino.kz: 7.8

Онлайн: «Бекзат» және «Коммивояжер»

Айдауда / От звонка до звонка / Starred Up [18+]

Британ режиссері Дэвид Маккензидің қылмыстық драмасы. Басты рөлдерде Бен Мендельсон мен Джек О’Коннелл ойнайды. Фильмде ересектер түрмесіне ауыстырылған тәртібі қиын тентек жасөспірім туралы баяндалады. Бұл жерде ол өз әкесін кездестіреді.

Картина 2013 жылы жарық көрді. Қазақстан кинотеатрларында 2015 жылы қазанда көрсетілді. Фильм сценарийші Джонатан Ассердің өмірінде болған оқиғаға сүйенген. Ол бұрын түрмеде ерікті түрде терапевт болып жұмыс істеген.

 Рейтинг: Кинопоиск: 6.7; IMDb: 7.4; Rotten Tomatoes: 99% (7.8/10) 

Асау жүрек / Это чертово сердце / Dieses bescheuerte Herz [16+]

2017 жылы шыққан неміс драмасы мейірімділік пен қайырымды болуға шақырады. Басты кейіпкер Леннидің жалғыз тірлігі – достарымен бірге сауық-сайран құру. Оның кез келген еркелігін әкесі төлейді. Онымен бір қалада 15 жасар Дэвид тұрады. Ол бар уақытын үйде өткізеді. Дэвидтің жүрегінде ақау бар және дәрігерлердің болжамы көңіл көншітерлік деуге келмейді. Ұлының жалқаулығынан шаршаған Леннидің әкесі оған жұмыс тапсырады. Енді ол Дэвидке қамқор болуы керек. Көп кешікпей екеуі достасады. Ленни балаға өмірді сезінуге, арманының орындалуына көмектеседі, ал Дэвид өз өмірі мен жақындарының өмірі үшін жауапкершілікті сезінуге сеп болады.

 Рейтинг: Кинопоиск: 7.4; IMDb: 7.0 

Саудагер / Коммивояжер / Forushande [18+]

Атақты Иран режиссері Асгар Фархадидің бұл картинасы біраз жүлденің иегері. «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» алғанын былай қойсақ, қоржынында Канн кинофестивалінің екі жүлдесі, Азия киноакадемиясының бір марапаты бар.

Сюжеті Эмад және Рана есімді ерлі-зайыпты туралы. Эмад мектепте сабақ береді. Ал кешке жұбайы екеуі Артур Миллердің «Саудагердің өлімі» пьесасы бойынша қойылған спектаклге дайындалады. Олар көшіп келген жаңа үй береке ошағы болуы тиіс еді. Алайда бұл орын қылмыс орнына айналады.

 Рейтинг: Кинопоиск: 6.6; IMDb: 7.8; Rotten Tomatoes: 96% (7.9/10) 

Бекзат [12+]

«Хабар» телеарнасының тапсырысымен түсірілген телефильм. Былтыр қазанда алдымен картинаның кинотеатрға арналған нұсқасы ұсынылды.

Фильм Сидней олимпиадасының чемпионы, марқұм Бекзат Саттархановқа арналады. Фильмде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. Балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті.

Басты рөлде Самат Әзімқұлов есімді жас актер ойнайды. Фильмді Мұрат Бидосов түсірді.

 Рейтинг: Kino.kz: 9.1 

Қаламгер

Бұл да «Хабар» телеарнасы үшін түсірілген Мұрат Бидосовтың картинасы. Прокатта былтыр қыркүйекте болды.

Сюжет бойынша Сәтжан есімді жас жазушы Алматыға келеді. Жазушылар Одағына қабылданып, шығармаларымен бірден көзге түседі. Ғылым жолына бет бұрып, «Алаш» тақырыбына диссертация жаза бастаған оған қысым көрсетіле бастайды. Яғни фильмде өткен ғасырдың 1970-80 жылдардағы ақын-жазушылардың басынан кешкен жағдай басты кейіпкер Сәтжан арқылы бейнеленеді. Сәтжан – жиынтық образ. Себебі драматургия заңдылығында кейіпкердің барлығын беру мүмкін емес. Кинокартинада ұлтын ұлықтаған тұлғалардың образы, оған қоса махаббат драмасы осы Сәтжанның бойынан табылады.

 Рейтинг: Kino.kz: 6.8 

Онлайн: «Пусанға апаратын пойыз» және «Мен сені сүйемін»

Коронавирусқа қатысты қазіргі ахуалға орайластырған тәрізді, 2016 жылдың хиты – «Пусанға апарар пойыз» зомби-фильмі жарияланыпты. Сонымен қатар отандық режиссерлер түсірген екі картинаны тамашалауға болады.

Пусанға апаратын пойыз / Поезд в Пусан / Busanhaeng [16+]

2016 жылдың атышулы картинасы Канн кинофестивалінен кейін танымал болған еді. Оңтүстік Корея режиссері, мультипликаторы Ён Сан-хо түсірген үрейлі фильм зомби-апокалипсис туралы.

Су-ан есімді кішкентай қыз Сеулде әкесімен тұрады. Қыздың анасы Пусанда тұрады. Әкесі екеуі сол қалаға жолға шыққан кезде күтпеген оқиға басталып, беймәлім вирустың кесірінен адамдар ақылынан адаса бастайды. Пусанға аман жетудің жалғыз жолы – пойыз.

Айтпақшы бұл картинаның приквелі – 2016 жылы шыққан «Сеул» бекеті» мультфильмі.

Ана / Мамочка / Mommy [16+]

Канада кинематографшысы Ксавье Доланның 2014 жылғы драмасы. Картина Канн кинофестиваліне қатысып, әділқазылар сыйлығын алды. Сонымен қатар шет тіліндегі үздік фильм ретінде «Сезар» иегері болды.

Диана есімді жесір жасөспірім ұлын интернаттан шығарып алып, жаңа өмір бастамақ болады. Бірақ екеуі де өз бетінше өмір сүріп үйреніп қалған, бір-бірімен үйлесе алмайды. Көп кешікпей Кайла есімді көрші келіп, ұлды үйден оқыта бастағанда ахуал сәл түзеле бастағандай болады…

Көп аталы / Многодедный [14+]

Бұрынғы әнші, қазіргі кинематографшы Жеңісхан Момышев режиссер, сценарийші және продюсер болған комедия. Басты рөлде –  Тұрар Давильбеков, бұл актер кезінде «Кайрат-чемпион. Девственник №1» фильмі арқылы танылған еді.

Ерке өскен, жауапсыз жас жігіт қарттар үйіне тап болады. Ол әкесінің тағайындаумен бастық болып келеді. Оған қарияларды ғимараттан шығарып жіберуге тапсырма беріледі. Бірақ ол қарттармен жақын танысқан сайын өз әкесінің әрекеттеріне басқаша қарай бастайды.

Мен сені сүйемін / Я тебя люблю [16+]

Ернар Нұрғалиевтің 2019 жылғы мелодрамасы. Басты рөлдерде – Жандос Айбасов пен Сара Амангелді.

Сара есімді жас әнші анасының қатаң бақылауымен өмір сүреді. Бірде ережесіз жекпе-жекші Бекпен танысады. Олардың арасында сезім оты тұтанады. Алайда қыздың анасы екеуінің бірге болғанын қаламай, оларды бөлу үшін бәріне барады.

 

Онлайн: «Жыныстық белгісі бойынша», «Буырқану» және «Авторы жоқ жұмыс»

Youtube желісіне шыққан фильмдердің арасынан үздіктерін іріктеп, назарларыңызға ұсынамыз. Бүгінгі топтамада – Фелисити Джонс ойнаған, Американың атақты заңгері Рут Бейдер туралы байопик, Тильда Суинтон мен Рэйф Файнс қатысқан психологиялық триллер және неміс суретшісі Герхард Рихард туралы псевдобайопик.

Жыныстық белгісі бойынша / По половому признаку / On the Basis of Sex [16+]

Америкалық өмірбаян драма Жоғарғы сот судьясы Рут Бейдер туралы. Оны кинода Фелисити Джонс ойнайды. Соның ішінде Бейдер еркектер мен әйелдердің тең құқығы үшін күресі сөз болады.

Актерлік құрамда Арми ХаммерДжастин ТеруДжек РейнорКрис МалкиСтивен РутСэм Уотерстон секілді жұлдыздар бар.

Айтпақшы Рут Бейдер Жоғарғы сот судьясы лауазымына 1993 жылы тағайындалған екен. Фильм оның осы постта жұмысына 25 жыл толуына орай жасалды.

 

Буырқану / Большой всплеск / A Bigger Splash [18+]

Итальян режиссері Лука Гуаданьиноның психологиялық триллері. Негізгі рөлдерде – Тильда Суинтон, Маттиас Шонартс, Рэйф ФайнсДакота Джонсон. Фильм Венеция кинофестиваліне қатысып, екі жүлде алды. Сюжеті 1969 жылғы «Бассейн» картинасына негізделген.

Рок-жұлдыз Марианна Лэйн мен оның сүйген жігіті Италияның оңтүстігінде демалыста жүреді. Олардың жайдары көңіл-күйін кенеттен пайда болған Марианнаның бұрынғы жігіті Гарри бұзады. Жеңілтек ойын, астарсыз флирт, нағыз құмарлық және ерікке бағынбайтын қызғаныш кейіпкерлерге үлкен қауіп алып келмек.

 

Авторы жоқ жұмыс / Работа без авторства / Werk ohne Autor [18+]

Неміс суретшісі Герхард Рихардтің өмірбаяны бойынша жасалған псевдобайопик. Картина былтыр «Шет тіліндегі үздік фильм», «Үздік операторлық жұмыс» номинациялары бойынша «Оскарға» ұсынылды.

Сюжет балалық шағы нацистік режимде, жасөспірім кезі коммунистік заманда өткен неміс суретшісі туралы. ГДР-ден ГФР-ге қашып, өз тағдыры мен тұтас ұрпақтың тарихы туралы картиналар жазады.