• Біздің парақшалар:

Басты назарда | Spotlight

Достар, сайтымызда жаңа «Үш дилетант» айдары жарық көріп отыр. Оның аясында үш кинокөрермен өздері қалаған кинотуындылар жайлы пікір білдіріп, талқыға салмақ. Олар –

-       Роза Әрен (Р.Ә.) – журналист;

-       Райымбек Егембердиев (Р.Е.) – програмист;

-       Мерей Ермұханов (М.Е.) – медиа-компания қызметкері, аналитик. 

Айдардың бірінші материалында – «Жылдың Үздік фильмі» номинациясында 2016 жылғы «Оскар» сыйлығының жеңімпазы болған «Басты назарда» фильмі.

Р.Е.:

-  Кино - 2000 жылдардағы Америкадағы атышулы оқиға туралы. Шіркеудің педофил қызметкерлері жайлы шындықтың, одан да маңыздысы, оларды жылдар бойы судан құрғақ етіп шығарып жүрген шіркеу жүйесінің бетпердесін сыпыру туралы. Режиссер бұл жаңалыққа өзінің реакциясын да актерлар арқылы жеткізгісі келгендей. Мұндай ауқымды жаңалықты естіген кезде бірінші кезекте «Қалайша? Қалай ешкім білмейді? Мұны қалай жасырып қалуға болады? Қалайша көз жұмуға болады?» деген сұрақтар пайда болып, өткеніңді ойлап, «Сол құдай үйіндегі адамдардың қолынан өтсем не болар еді?» деген ойларға батып кетесің. Әсіресе, бұл газет қызметкерлерінің айналасында болып жатқанын ескеру керек. Барлығы - тұмсықтарының астында, бірақ бәрі көз жұма қарайды, адам сенгісіз... Бірақ, ол - шындық, қоғамда орын алып жатқан нәрселер.

Сол ешкім сенгісі келмейтін нәрсенің қалай жарыққа шыққандығын кино толығымен жеткізе алған. Бәрі жаңа бастықтың келгенінен басталады. Ол анау айтарлықтай ештеңе де істемеді, оның басты ролі – триггер болғандығы және мәселенің ауқымын басынан сезіне алғандығы. Мүмкін, оның орнында басқа адам болғанда, бірнеше адамды ғана айыптап, шу көтеріп қана қалумен шектеліп қалар ма еді? Ол бар реакцияны бастады, ікір-шікірді жай ғана бір тапсырма беру арқылы бастап кетті. Интуиция ма, не кәсіби шеберлік пе, ең бастысы жұмыстың басталуына ұйытқы болды. Одан кейін ортаға қарапайым қызметкерлердің барын салып істеген жұмыстары мен ізденістері түседі. Олардың жұмысы көп диалог арқылы жеткізілген.

Мұның бәрі маңызды, және ол процесстер түгел көрсетілгенімен, режиссерді толығымен қолдаймын. Мүмкін, кино тым ұзақ болып көрінер, бірақ «Ұзақ болмас үшін қай жерін алып тастайтын едің?» десе, мен еш жерді көрсете алмас едім. Өйткені, онсыз әйтеуір бір элемент түсініксіз болып қалуы мүмкін. Мысалы, қалайша көп адамдар көз жұма салды, қалайша шіркеу қазанды жабық күйінде сақтай, жапа шеккен адамдардың барлығын үндемей отырғыза алды деген сауалдар және т.с.с.

Тағы бір назар аударғым келген тұсы, кинода кейіпкерлердің отбасыларына кішігірім акцент жасалған. Кейіпкерлердің ізденістерінде олардың да ерекше орындары бар екенін бір-екі рет көрсетіп өткен.

Р.Ә.:

-  «Басты назарда» фильмін бұған дейін бір рет бастап тұрып, ұнатпай, тастап кеткен едім. Сол жолы тастап кеткенім дұрыс болыпты деп ойлап отырмын. Неге? Менің субъективті пікірім - бұл фильм «Оскарға» лайық емес. Шын өмірде болған оқиға, көтерген тақырыбы маңызды болғасын берген шығар. «Оскардың» өзі қып-қызыл саясат қой. Сонша танымал актерді жинап, 2 сағат 9 минуттық көркем фильм жасағанша, деректі фильм түсіре салғандары әлдеқайда жақсы еді. Өйткені, мен мұндай іш пыстырарлық фильмді өте сирек қараймын. Журналистік зерттеу деп қояды, әркімнің есігін тоқылдатып, қайта-қайта қағазға үңіліп, әлсіз аргументтерді тізе беретін кейіпкерлердің әрекеті - кәсіби шеберлік пе сонда? Диктофон, жасырын камераға түсіріп алу, әртүрлі айғақ фотоларды тауып алу деген компроматтар жоқ. Езіліп жүреді де қояды. Әйнек офистің ішінде бес-алтауы жиналып алып, бір тақырыпты ішегің үзілгенше талқылайды. Интрига жоқ бұл фильмде. Соңғы жағында не болатынын басында-ақ біліп отырасың. Құрығанда, ең соңында күтпеген финиш боп, «миым төңкеріліп» қала ма деп едім, армандаппын. Дым да жоқ. Иә, осы киноны көріп, қатты ашуландым. «Оскары» несі? «Ах, ух, неткен ащы шындық! Мұндайды күтпедім» дегендерге айтарым, мен «шын мәнінде бәрі де біз ойлағандай емес екенін» білемін. Сондықтан да, дін тақырыбына, сол саладағы адамдарға адамдарға ешқашан періште деп қараған емеспін. Сондықтан да, кинодағы мәселе мені дым таңғалдырған жоқ. Адам азғындығының шегіне жеткен (өз ойым) кезеңде өмір сүріп жатырмыз ғой, мен неге бұл тақырыпқа таңғалып, фильмге риза болуым керек? Фильмде жан алып, жан беріскен көріністер жоқ, шытырман оқиға дегенді түсіңізде көріңіз, бастан-аяқ баяндау. Бәрі айқын. Айттым ғой, Маккартни деректі фильм түсіруі керек еді. Қысқасы, көңілім қалды. Актерлердің ойынын талқылауға да құлқым жоқ. Өз мамандығым осыншалықты іш пыстырарлық мәнерде экрандалады деп ойламаппын. Мұның қасында шын болған оқиғаға негізделмесе де, «Жизнь Дэвида Гейла» тәуір еді...

Көркем өнерде «қалай» көрсету маңызды болғандықтан, «нені» көрсеткенің кейде туындыны құтқармай қалып жатады. Сондықтан, фильмде тақырып өзекті болғанымен, қалай көрсеткені көңілімнен шықпады.

М.Е.:

Әрине, фильмге көзқарас екіұдай болуы заңды. Фильмді «Оскар» сыйлығының ең маңызды номинациясын ұтқан туынды ретінде қарайтын болсаңыз - көңіліңізден шықпауы мүмкін. Дегенмен... Мен киноакадемиктерді түсінемін, тіпті дауыс бөлінісінде аз ғана басымдықпен жеңді деп ойлаймын. Нақты өмірден алынған фильмдер ішінде биыл фавориттер қатарында болды.

Бірақ олардың қатарындағы «Қатын көпір», ой, «Шпион көпірі» - аса керемет емес, «Жаны қалған» да - жеке адамның мәселесі, оның үстіне ди Каприоға берілген жүлде басқасын қағуы тиіс еді. «Артқа тартар ойын» - саяси тұрғыда алуы қиын еді, «Бөлме» - терең оқиға, дегенмен локалды.

«Бруклинге» де таңдау түспеді, махаббат пен қоғам тоғысқан тұста мүмкіндігі бар еді. «Марсакелместік» - тәтті болғанымен, әзірге фантастика, «Жынды Макс 4: ашу жолы» - үздік фильм алуға тым жеңілтек (ред. - Фильмдердің қазақша атауы өз интерпретациясында).

«Басты назарданы» сөккенмен, интрига жоқ емес: 20 священникке айып тағылғаны жайлы «Глоуб» 1993 жылы-ақ жазыпты. Бірақ оған аса мән берілмей, жылы жауып қоя салған. Оған кінәлі Майкл Китон сомдайтын Уолтер Робинсонның сипаты фильм барысында қызықтырады. Оны қарсы тараптың адамы деп ойлап қалатын да сәт туады.

Қазір жылтырақ, ерекше, темпті фильмдер сұранысқа ие. Бірақ кейде осындай баяу, бір оқиғаны сипаттайтын, қарабайыр, тіпті түсірілуі ескі стильдегі киноны да іздейсің. 7,5/10 қояр едім мен.

Р.Е.:

- Роза, сенің пікіріңе қатысты. «Оскардың» өзі қып-қызыл саясат қой дейсің. Мерейдің айтқанында да «Оскар» жүр. Мен оны номинация иегері ретінде қарастыруды құптамаймын. Ол жүлде алды ма, алмады ма, байланысы жоқ. Жай фильм ретінде қарастырайық.

Келесі. Роза «Деректі фильм түсіре салғаны әлдеқайда жақсы еді» дейді. Негізі, мен арнайы іздедім, деректі фильм бар. Священник туралы. Бірақ ол жайлы ешкім білмейді. Сен де білмеген соң, «түсіре салғаны жөн» дейсің. Мұнда, кино, бір жағынан, кинотеатрларға тарайды. Айырмашылығы көп.

Шынымды айтсам, біртүрлі пікір. Не дерімді онша білмей тұрмын...

М.Е.:

- Программист үшін өте шешен сөйлейді екенсің, Райымбек.

Р.Е.:

- Ал жалпы, фильмнің сюжетіне келсек, Роза: «Журналистік зерттеу деп қояды, әркімнің есігін тоқылдатып, қайта-қайта қағазға үңіліп, әлсіз аргументтерді тізе беретін кейіпкерлердің әрекеті - кәсіби шеберлік пе сонда?» - деп пікір білдіреді. Маған осы жағы ұнады керісінше. Өйткені, шын өмірде фильмдердегідей пистолет ұстап, жалғыз қаһарман болып шауып шықпайды. Нәзік дүниелер әдемі көрсетілген, ешкімнің ықпалына түспестен дегендей...

М.Е.:

- Бұл фильмнің проблемасы, көп адамнан критикаға ұшырауы – түбі «Үздік фильм» номинациясында «Оскар» алуына келіп тіреледі. Шын мәнінде, режиссер, түсіру тобы, продюсерлер «мынау бір жақсы оқиға екен, 15 жыл бұрынғы ситуацияны архивтен қазып алып, кино қылып көрсетейік» деп өздері шешім қабылдайды. Кейін оған «Оскар» берсе – ол фильмнің бас ауруы емес, бер жақтағы киноакадемиктердің проблемасы. Олар тіпті әу баста мұндай нәтижеге жетеміз деп ойламаған да шығар. Себебі, фильмде арнайы эффектілер жоқ, ерекше интрига жоқ, қарабайыр оқиғаны тізіп көрсете берген. Бірақ оның артықшылығы да осында. Қазіргі кезде жылтырақ, іш пыстырмау керек киноны күту – біздің әдетіміз болып кетті. Темпті, міндетті түрде интригалы, соңында шок болуы қажет... Сондай фильмдер бізге көбірек ұнайды. Ал  ол – режиссерлік шешімнің мәселесі емес. Академиктер осы ерекшелікке қарады деп ойлаймын.

Р.Е.:

- Розаның мына пікіріне таңғалдым: «Диктофон, жасырын камераға түсіріп алу, әртүрлі айғақ фотоларды тауып алу деген компроматтар жоқ». Бұл жерде оның фильмнің бір тұсынан бастап, жіті ұқыптылық жоғалтып алғаны көрінеді. Өйткені, ол жерде диктофон пайдаланбақ түгілі, қағазға түртіп алуды рұқсат сұрап, зорға жасағаны 2-3 сценада байқалды. Рұқсатсыз ештеңе жазуға болмайды дегені – журналистер өзінің кәсіби шеберлігін көрсетіп тұр. Мәселенің нәзіктігі – осындай қадамда, журналистерге қарама-қарсы шу керек емес. Заңсыз жолбен бірдеңе тауып алдың дегендей. Шаш арасынан бит іздегендей, майда аргументтер жинап жүріп, үлкен нәрсеге аяқ тірейді.

М.Е.:

- Жалпы, Америкадағы журналистика үшін мұндай зерттеулер – ерекше оқиға емес, қатардағы нәрсе. Мысалы, сенің, Роза, жақында көмектескен ақсақалың бар. Бұл одан да глобалды нәрсе, қандай да бір қоғамдық мәселені көтеруге не шешуге, назар аудартуға әсер етеді.

Фильм 90 пайызға жуық өмірде өткен оқиғаның желісімен түсірілген. Мен, мысалы, саған бұл кәсіби тұрғыда ұнауы тиіс деп санаймын. Қазақстандағы журналистика айдар аясында осындай зерттеу жүргізуге жоламайды, иә? Баспасөз хабарламасының айналасында ғана...

Оның үстіне, ең соңында бұл фильмде – редакциядағы телефонға тыным болмай, толассыз қоңыраулар соғып жатқанда, әркім өз оқиғасын айтып бастағанда – журналистік бақыт деген осы. Мен мүндай сәттері бар фильмді төмен бағалауға болмайды деп ойлаймын.

Р.Е.:

- Басында мәселенің осынша ауқымды екені көрінбеді де... Кейін жарыққа, су бетіне қалай шыққаны – кино сол жағынан ұнады маған.

М.Е.:

- Мысалы, қазіргі Голливуд стиліндегі кино болса, онда бір қаһармандық болар еді. Ана бір адвокаттың мәліметтерін алу үшін басқа фильмдер былай шешім қылар еді: басты кейіпкерлер қиналып, құрылымнан құрылымға өтіп, ғимараттан ғимаратқа өтіп, түнде тығылып, жәшіктен алып шығып, күзетші ұстап алуға сәл қалып, миллисекундта есіктің ар жағына өтіп кетіп...

Ал мұнда материалды құпиясыздандырылды деді де, сауал салсаң, берілетін қылды.  Нағыз өмірде солай ғой.

Фильм – шедевр емес, рас. Ескі стильдегі, тіпті әуесқойлықтың иісі аңқитын нәрсе. Сыздықтатып түсіреді. Мүмкін, осының өзін әлдеқайда бояуымен, ерекше түсіруге болар еді. Бірақ ретро стиль қаншалықты минус екенін білмедім.

Р.Ә.:

- Фильмді қыстан бері көп адамның аузынан естідім. Мүмкін, журналист болған соң да айтқан шығар. Мен әдетте спойлер айтқанын қаламаймын, еш ақпарат білгім келмейді. Тек рейтингінен басқа. Өзім киноға да кіруім қиын адаммын. Жата қалып, киноға кіріп кетіп, бір күнде пәленшесін көру деген жоқ. Киноға ұзақ уақыт енуім керек, сосын шыға алмай жүрем.

Жіті қарамау дегенде, фильмді бөліп-бөліп көрдім. Өзім де құлық танытпағандықтан, байқамай қалған тұстарым көп. Қағаз жазып, есік қағып жүру дегенді қызуқандылықпен жазып қойған сияқтымын. Менің өзім де сөйтіп жүрген кездерім болады. Енді ол... кәдімгі кәсібилік қой деп ойлаймын.

Шок, интрига, күтпеген финал күтеміз дегенмен, иә, бәріне келісемін. Бірақ дәл осындай мықты деңгейлі актерлермен осындай ауқымды мәселені әлдеқайда көркем түсіруге болар еді. Фильм шынымен де мүлдем тартпады. Немесе әркім біреу бір мақтап, көп нәрсе күтіп қойған шығармын.

Фильм солғын, тартымсыз. Әйтпесе, мен де біршама фильм көрген адам сияқтымын. Бір дилетант көрермен ретіндей айтып отырмын, әлдебір ортада маман ретінде пікір білдірсем, рейтинг дайындап алып, сөзімді сайлып сөйлейсің ғой...

М.Е.:

- Ой, сен не ақталып кеткенсің?

Р.Ә.:

- Бағана Мерей пікірінде: «Басқа ұсынылған фильмдер де лайық болмады, сондықтан «Оскарды» осыған берді» депті. Олай айту дұрыс емес сияқты. «Райымбек онша емес, Мерей онша емес, онда біз Розаны ұсына салайық» деген сыңай болмауы керек. Бөлек-бөлек қарап кету жөн емес, тек осы фильмді талқылау керек. Мә саған керек болса!

Бәрібір, фильм іш пыстырарлық. «Рим каникулдары» деген фильмде де - журналистің өмірі. Журналист өзінің сенсация материалы үшін патшаның қызымен көңіл қосуға, жағуға тырысады. Бір сарын, күннен кейін күн... Ана бір тұста редактор: «Күйеуіңмен бірге бір жерге барып қайт, кейін мүмкіндік болмайды» дегендер де – топас диалогтар.

М.Е.:

- Топас, баналды диалогтар болса, солай шығар. Бірақ газет немесе колонка редакторлары шамамен осылай айтады. Одан асқан тапқыр нәрсе болса, оны КВН авторлары отырып ойлап табуы керек. Ал өмірде олай емес қой.

Р.Е.:

- Режиссер осындай кішігірім диалогтармен адамдардың жұмыстан басқа жеке өмірі де бар екенін сызып тұрып, жай-жай акцентпен көрсеткен. Сөмке ұстап жүретін, құпия материал алған жігітке де «Әйелің жақсы екен» деп, байқатып кетеді. Бірін-бірі қолдайды онда.

Р.Ә.:

- Жоқ, нақу, жеке өмір!

Адамның қабылдауына байланысты. Салқынды адам секілдімін. Көп қыздардың фильм астындағы комментарийлерін оқыдым: «Ужыс, қандай ащы шындық!» деген... Ұлдың ұлды, қыздың қызды зорлағаны, ешкі алып сарайға кіріп кеткені – бұл азған қоғамнан бәрін күтуге болады, ол қай кезде де болған. Оған жағамды ұстап, қатты таңғалмаймын. Мүмкін, сондықтан бұлардың ашқан мәселесі –қызық болмаған шығар.

Еркектер, епископтар, поптар, монашкалар нәпсі жағынан тияды өздерін – бірақ қай-қайсысына да сенбеймін. Олар оңашада өздерінің азғын қиялдарын жүзеге асыруы мүмкін. Дін – нәзік дүние, онда шектеу болған соң, жыныстық қатынас деген екі есе көп болатын сияқты.

Менің қоятын бағам - 10 баллдан 6.

М.Е.:

- Католик шіркеуінде гомосексуализм, педофилия мәселесі бұрыннан бар. Дегенмен, «Бостон Глоубты» да, 15 жыл өткесін фильм жасауға архивтен қазып алған топты да мақтаймын, құптаймын.

Р.Е.:

- Бір ремарка. Дін мәселесі екінші планда қалып қойған сияқты көрінді. Ең қызық нәрселер журналистер тірлігінде болды. Менің бағам - 10-нан 7.

Р.Ә.:

- Тоқетері, өзіндік орыны бар фильм, бірақ менің талғамымда емес. Кейін жариялағанда, әркім өз деңгейіне қарай көреді ғой деп, сапырып жазып жүрмеңдер. Мен деңгейлі көрерменмін, мен деңгейлі көрерменмін! Жай ғана... ұнамағасын ұнамады деу керек қой!


Мерей Ермұханов – 7,5 балл;

Роза Әрен – 6 балл;

Райымбек Егембердиев – 7 балл.

Пікірлер