• Біздің парақшалар:

Лиссабонға апаратын түнгі поезд | Night Train to Lisbon

«Үш дилетант» айдарының мақсаттарының бірі Голливуд баурайынан тыс жарық көрген, ажалды көрерменге кең таралмаған, алайда сөз етуге тұратын, айтатын ойы мен көркемдік құндылығы бар туындыларға қатысты пікір қалыптастыру болып келеді. Дилентанттардың бүгінгі талқысы  ̶«̶А̶н̶а̶ғ̶а̶ ̶а̶п̶а̶р̶а̶р̶ ̶ж̶о̶л̶»̶  «Лиссабонға апаратын түнгі поезд» атты неміс кинокартинасы жайында өрбиді. Фильм 2013 жылы жарық көрген, режиссері – Билле Аугуст.

Осы киноны қараған комментаторлар Роза Әрен мен Райымбек Егембердиев бүгін журналист Рүстем Әлпиді рухани қонақ етеді. Аса қонақжай емес екен бірақ. 

Есімдері Р әрпінен басталатын үш бірдей киношылдың бас қосуы 2002 жылғы «Үздік режиссура үшін» «Оскар» сыйлығын табыстау кезіндегі Рон Ховард, Ридли Скотт пен Роберт Олтменнің номинант болып отыруы шығар. Алайда, логопедке жүгінушілерге қиын аты бар үш қазақтың бір сәтке ортақ ой тоғыстыруы сирек дүние сияқты.

Сонымен...

 

Р.Әрен:

- Достар, шынымды айтсам, фильмді осыдан 3-4 апта бұрын көріп тастағандықтан, көп нәрсені ұмытып тұрмын. Фильмнің бас жағында қатты ішім пысты. Жалпы, алғанда фильм маған ұнады. Өйткені, мағынасы терең. Өмірдің мәнін ұғындырады, көріп болғаннан кейін кәдімгідей ойланып қаласың. Мұндағы кейіпкерлердің айтатын сөздерінің салмақты болғаны сондай, тіпті кей жерін қайталап қарап, түсінуге тырыстым. Атауына қарап, тым-тым қызықты сюжет күткенімді жасырмаймын. Бірақ, ондай болмады. Маған қанша жерден ой салса да, бұл менің есімде іш пыстырарлық, бірақ, терең фильм ретінде қалды. Басты рөлдегі Айронстың ойынына ерекше риза болдым.

Өте жоғары баға берем деп айта алмаймын. Қанша жерден салмақты туынды болса да... Өйткені, мен ұнататын фильмдердің жанры, санаты бөлектеу. 

Р.Е.:

- Қарапайым өмірдің күйбеңіне түсіп кеткен профессордың өмірі бір қызды өзіне қол жұмсаудан құтқарып қалған соң өзгеріп кетеді. Өзгерткен нақты қыз емес, оның пальтосынан табылған кішкентай ғана кітап. Пальтодан табылған билет те професордың өмірін өзгертті деуге болар еді. Бірақ өз ойым, оның өмірі кітапты оқыған сәттен бастап өзгерді. Лиссабонға жеткен соң кітаптың авторы туралы көбірек білгісі келіп әркіммен сөйлесе бастайды. Осы кезде кино ішінде кино, кітап авторы Амадеу туралы жеке тарих ашыла бастайды. Профессор екінші планға кетіп қалғандай да болады. Жалпы осындай екі ізділік киноның жетістіге ме әлде кемшілігі ме басып айта алмадым.

Революция жайлы көп айтылғанымен ол жай кейбір оқиғалар себепкері ғана болып қалып қояды. Негізгі фокус Амадеудің ішкі жан дүниесінде. Иә, киноны алып ұшып жақсы деуге келмес бірақ іш дүниені қозғауға біраз әрекет жасаған.

Оқиға желісін белгілі бір арнамен жүргізу үшін де көп өмірде болу ықтималдығы өте төмен кездейсоқ оқиғалар пайдаланылған. Мысалы, көпірдегі қызды ішкі дүниесі кең профессор құтқарып қалатынының өзі не тұрады.

Жалпы кино туралы бір нақты пікір қалыптастыру қиын. Бірнеше арна, бірнеше сюжет қосылып кеткендей. Одан режиссердің де ойы шашыраңқы болған емес па екен деп қалдым. Немесе режиссердің айтқысы келгені көп болып, соның барлығын бір киноға кіргізгісі келген болар. Не десем де, барлық айтылған ойлар өзіме ұнады, кейбір жерлері ішкі дүниені де қозғады. Бірақ киноны жоғары бағалау қиын. Сондықтан берер бағам 6 (алты). 

Р.Әлпи:

- Менің де фильмді көргеніме біраз уақыт өтіп кетіпті. Бір жағынан бұл жақсы да шығар. Өйткені шынайы туындының ешқашан естен кетпейтін жоқ дегенде бір-екі фрагменті болады деп есептеймін. Мұндай фрагменттер «Лиссабонға дейінгі түнгі поезд» (өз аудармасы - ред.) фильмінде жоқ емес. Алдымен ол мыңдаған жыл тарихы бар Лиссабон қаласының өзі əрине. Тарихы Лондон, Мадрид секілді қалалардан да тереңірек жатқан Лиссабон қаласын нағыз суретшінің көзімен көрсете алған. Ол талай тарихи оқиғалардың куəсі болған тар көшелер... Профессордың қаланы қайықпен жүзіп өткен сəттері сіздердің де естеріңізде болар? Бұған сымбатты актерларды тағы қосыңыз. Əр жас ерекшелігіне байланысты үлкен талғаммен таңдалған дер едім. Кино - сурет өнерінің бір түрі дер қарастырар болсақ, онда сөзсіз бұл туынды жоғары бағаланады деп есептеймін.

Ал енді сценарий желісіне келер болсақ:

1: Жақсы фильм жасағың келсе бірден драмалық қиындықтан баста деген қағида бар ма? Бар.

2: Басты кейіпкер бақытсыз күйден, қызды құтқарып қалып өмірі мəн кіре ме? Кіреді.

3: тауып алған кітап профессордың алдына жаңа мақсат, билет оны шешудің жолын көрсете ме? Көрсетеді.

4: фильмде катарсисті де байқауға болады.

Бір сөзбен айтқанда сценарий сəтті жазылған деуге болады.

Кемшілігі: өзіне қол жұмсамақ болған қыздың бейнесі толық ашылмай қалуы деп есептеймін. Осы қызға не болды екен деп отырсаң, ол логикалық байланысы жоқ жерден пайда болады да, кетіп қалады. Киноны көріп отырып өз елім еріксіз көз алдыма келе берді.

Жүрген шығар бір профессор бізде де жұлдызды сəтін күтіп.

Р.Е.:

- Роза бір іліп алатындай ештеңе айтпапты. Өткен жолы қорқып қалғаннан іліп аларлық ештеңе жазбай жүр. Рүстем Лиссабон қаласының тарихы секілді суреттеумен операторлық жұмысқа жақсы баға берген сияқты. Бірақ оператор жұмысынан аса бір ерекшелік байқадым деп айта алмаймын. Және бірінші планға профессорға шығарған Рүстемнің пікірінде, ал мен олай ойламаймын. Профессор мұнда жай ғана гид сияқты, Амадеу туралы тарихты адамға айтып беру үшін пайдаланылған. Оның өміріне мән кірді дегенде де, ол жасарын жасап, асарын асап қойған соң... 

Р.Әрен:

- Рүстемнің пікіріне келісе алмаймын. «Кемшілік тұсы – өзіне қол жұмсамақ болған қыздың образы ашылмай қалды» депсің. Оны ашылмай қалатын несі бар, соңында Амадеу ме, Амадео ма, кейіпкерге жау болған адамның немересі боп шыққан жоқ па? Кітапты оқып, өмірден түңіліп, өлмек болған кезінен құтқарып алған жоқ па? Ашылды ғой оның образы. 

Р.Әлпи:

- Менің айтайын дегенім, сценарист бастапқыда берген интригасын емес, күтпеген жерінен байланыстырған. Əйтпесе атасының өкіметтің адамы болғаны үшін, жігітке көмектескені үшін секіріп өлгісі келді деген миға қонымсыз екенін өзің де жақсы түсінетін боларсың?

Ал жоғарыдағы пікірімде мен операторлық жұмысқа емес, режиссерге баға бердім. 

Р.Әрен:

- Иә, Рүстем, мен сені түсініп отырмын. Жалпы фильмнің атауы интригалы болғанымен де, өзі соншалық интригаға толы деп айтпас едім. Тек сол үшін суицид жасамақ болды деп ойламаймын. Райымбек бірізділік жоқ депті, түрлі нәрсе туындап отырады, кітап пайда болған соң, профессор екінші планға қалып, Амадеудің жан дүниесі екіншіге ауысып... Бірақ режиссердің ойы шашыраңқы болды ма екен дегенге келіспеймін. Меніңше, әдейі осындай тәсіл қолданылған сияқты. Тарантиноның фильмдері бар емес пе, бүкіл оқиғаны басынан аяғына дейін, не ортасынан басына дейін өткізетін. Бұл режиссердің басы жетіп отырып, қолданған ұтымды тәсілі сияқты. 

Р.Әлпи:

- Солай екен ғой... еее... 

Р.Әрен:

- Жалпы, достар, бұл фильмді «Үш дилетантта» ұсынбасаңдар, өздігімнен көрмес едім. Көрсем де, бірнеше жерінен үзіп, тоқтата салар едім, іш пыстарады. Он баллдан он балл қоятын фильм емес. Әрине, ойландырады, бірақ мұндай қатардағы ойландыратын драмалар көп. Сондықтан маған қатты әсер етті, ешқашан бұл фильмді ұмытпаймын деп айта алмаймын. 

Р.Әлпи:

- Иә, бұл фильмнің оқиға желісі бізге қатысы жоқ болғасын, әсер етпеген болар. Егер біз португал болсақ, еуропалық болсақ, бізге қызығырақ болар ам еді? Тарихын білмегендіктен, басымыздан кешпегендіктен, жай көрермен болдық та...

Мысалы, ертең Қазақстан, Қазақстандағы диктатура (!) жайлы фильм түсірілетін болса, Еуропада отырған үш адам дәл осындай пікір жазуы мүмкін. 

Р.Әрен:

- Тарихы шын ба, әлде ойдан құрастырылған ба? 

Р.Әлпи:

- Кәсіби түрғыдан алып қарасақ, фильм маған өте қатты ұнады. Жоғарыда айтқандай, режиссердің жұмысы, сценарийдің жазылуы, болмашы бір оқиғаны үлкейтіп, екі кезеңдегі оқиғаны бір-бірімен байланыстырып, бір фильмге салу асқан шеберлікті талап етеді деп ойлаймын.

Әрине, шын, тарихы шын, кейіпкерлер ойдан шығарылған болуы мүмкін, бірақ тарихы шын. 

Р.Әрен:

- «Тарих шын, ақиқат жалғыз, Платон - менің досым» деп қойсаңшы... 

Р.Е.:

- Тарантиноның әдісіне мүлдем келмейді, Роза. 

Р.Әрен:

- Тарантиноның әдісіне келмейді дегенмен келісемін, оныкі басқа қиқы-жиқы әдіс қой, басын соңына, соңын басына шығаратын. Алайда, фильм басталған сәтінен бастап, бір ғана оқиға желісі дамып қоймайтындығы, бір оқиғадан екінші оқиға шығып отыратындығы бір сарынды финолардан ерекшелеу дегім келген. 

Р.Е.:

- Тарантинода, керісінше, бір сарындылық бар. Мына кинода ол жоқ. Басы алдына, соңы басына, уақыт бір сызықтық емес деген секілді атауы бар еді сол әдістің. Бұл кинода ондай әдіс емес. Бұл киноның ішінде кино. Лиссабондағы қазіргі уақыт пен революция кезіндегі уақыттың байланысы кітап қана. Кітап, профессор, өзін өлтіргісі келтірген қыз – «палачтың» немересі. Бұл өмірде кездесуі қиын жағдай ғой. Таңғаларлық жолмен байланыстырған. Тарантиноның киносында бір оқиға екіншісімен байланысып жатады тікелей, бұл жерде ондай жоқ.

Киноның тарихқа ешқандай қатысы жоқ. «Диктатура фактқа айналған кезде, революция біздің міндетімізге айналады» деген цитатасы бар. Революцияға қатысы жанама ғана. Киноның баяндап тұрғаны бір ғана нәрсесі – Амадеудің ішкі жанталасы. Тарих, революция кезін ашып бергісі кеп тұрған мақсат жоқ. Мақсаты – Амадеу неге өзін кінәлі сезінді, революционерлердің жасырын тобына не үшін барды дегендей...

Рүстем киноның локалды нәрселерді айтқысы келген шығар дейді. Мысалы, біздің «Алмас қылыш» - өз тарихымыз, тек Қазақстан ауқымында өзекті, шетелге еш қызығы жоқ дегендей. Ал «Лиссабонға апаратын түнгі поезд» әлемдік деңгейге бағытталған, Лиссабон орнына басқа қала қойсаң да, ештеңе өзгермейді. Ешқандай локал емес. «Тарихи мәселелер болғандықтан, біз түсіне алмай қалдық» деген оймен келіспеймін. 

Р.Әлпи:

- Сонда бұл фильм арқылы режиссер не айтқысы келген деп ойлайсыз? 

Р.Әрен:

- Менің қоятын баллым - 6. Тіпті бұдан да аз қоя алам, себебі, бұл мен үшін іш пыстырарлық фильм. 

Р.Е.:

- Кинода бірізділік жоқ. Яғни, режиссер нақты бір нәрсе айтқысы келсе, мен ол бір нәрсені көрмедім. Мен бес-алты нәрсе көрдім. Не туралы? Өлейін деп тұрып та, мақсатыңа жүгіре бер. Амадеу жазуын тоқтатпады дегендей. Революция күресі, профессор өмірі өзгергені туралы, қыздың өзін өлтірейін деп тұрып, аман қалғаны туралы... Қысқасы, бұл жерде нақты не айтқысы келгені, түсініксіз. 

Р.Әрен:

- Маған фильм дым да ұнамады. Ұсынған адамды зынданға тастайық! 

Р.Е.:

- Фильмнің басты кемшілігі – өзіне деген нақты пікір қалыптастыра алмауында деп есептеймін. Бірнеше нәрсенің артынан қуғандай. Айтқысы келгенін жанамалап жинаған, әрқайсысына акцентті ұлғайтпай. Нақты үлкен нәрсе көре алмадық, бірнеше кіші дүниелер көрдік. Білмеймін ғой енді, режиссердің не айтқысы келгенін...

Зынданға тастайтындай нашар емес, сол 6 балл жағдайы. 

Р.Әрен:

- По идее, терең фильм ғой. Біз қуып отырған (Комментатордың бүгінгі айтқан ең сүбелі пікірі - ред.). 

Р.Әлпи:

- Бүгін менің рецензияма қарсы айтылған конструктив сын ести алмадым. «Фильм нақты бірдеңе айтқысы келген, бірақ не айтқысы келген, білмедім» деген жауап мені қанағаттандырған жоқ. Өз ойымда қаламын. Тарихын білмегесін, түсіне алмадық. Көркемдігі, сценарийі, түсірілуі жағынан жоғары балл беремін. 

Р.Е.:

- «Нақты бірдеңе айтқысы келген, бірақ не айтқысы келген, білмедім» демеген сияқты едім. Мен «нақты айтатын бір нәрсесі жоқ» деген сияқты едім. 

Р.Әлпи:

- Менің бір суретші таныс қызым бар. «Журналистер көрмеге келген кезде, жыныма тиетін бір сұрақ – бұл туындыңыз арқылы не айтқыңыз келді? деп сұрайды жиі. Көркем туынды болса, ол бір нәрсе айту үшін салынбайды немесе түсірілмейді. Оның мақсаты адамдарға бір нәрсе айту ғана емес» деп түсіндірді маған. Сол айтқым келгені. 

Р.Әрен:

- Рүстемнің айтқанына қосылам. Екі қол мен екі аяғымды көтере қолдаймын. 

Р.Е.:

- Мұндай аргумент күттім. Көп адам түсіне бермейтін картиналарға келіп тақалатынына. Бірақ ондай аргументті жек көрем. Мүмкін, оны мен түсінбеймін, басқалар түсінбейді. Алайда ол бізге сын айтуға тосқауыл болмауы керек. Жай адамның түсіне алмауы оның сынау құқығынан айыра алмайды. «Мен оны түсінбедім, ештеңе дей алмаймын» деу ақымақтық. Керісінше, біз деуіміз керек сияқты.

Бірақ оны сондай картинамен салыстыруға келіспеймін. Түбі түсініксіз, Пикассоның суретімен салыстырардай ерекше кино деп айта алмаймын. Ұға алмайтындай ерекше оқиға көрген жоқпын.

Конструктив сын дегенде, мен түсірілуін сипаттап, мамани, критикалық пікір айтатын мақсат жоқ. Сол үшін дилетант деп атаймыз. Маған көрермен ретінде киноның бірнеше тармақталып кеткені ұнамағанына айтқан едім. Киноның бәрі бір сюжеттің артымен жүргесін, соған үйреніп қалғанбыз. Мұндай ондай жоқ. 

Р.Әлпи:

- Бұл фильмді көп адам түсіне бермейтін ерекше фильм деп айтқан жоқпын. Пикассо, «Қара шаршы», «Мона Лизадан» да мән іздеп қажеті жоқ. Әдемі қызды көресің, оның сұлулығынан мән іздеп қажет жоқ. Ол сұлулық!

Түптеп келгенде, өміріміздің өзі мәнсіз ғой. Адамдар оқиды, оқымайды, үйленеді, үйленбейді, жұмыс жасайды, жасамайды, түбі өлеміз. Өмірдің өзі мәнсіз болғанда, кино қалай мәнді болады? Өмірлік мағына, тәрбиелік кинолар болатын шығар, бірақ әр фильмнен күтпейміз оны. Тарантиноның киносында сюжет желісі қызық, қызығып қарайсың, одан басқа еш нәрсе жоқ. 

Р.Әрен:

- «Дауай, дауай, дігіттер»! Өмірден мағына іздеме, өйткені, бәрі де қас-қағым (Есей Жеңісұлы). Терең философияға кеттік жігіттер! 

Р.Е.:

- Тым терең кетіп қалғас сияқты философияға. Терең мағына іздеу емес, сюжеттік тармақтылығы жөнінде, бір сюжет - бір мақсат деген секілді.

Кино бір сюжетімен де мақтана алмайды, ерекше кейіпкерлерімен де мақтана алмайды, мақтана алатын нәрсесі – философиялық ойлар... 

Р.Әрен:

- Бір сюжет, бір мақсат, бір ел! 

Р.Әлпи:

- Біріншіден, сюжет шашыраңқы емес. Профессор қызды өлімнен құтқара алды, күртешесінен кітапты табады, кітап желісі арқылы болған тарихқа көз жүгіртеді, кейіпкерлермен сөйлеседі, өзіндік зерттеу жасайды. Соңында өз іздеген ақпаратына қол жеткізеді.

Егер тек қана профессор желісімен түсірілсе, мүлдем түсініксіз болар еді. Амадеуді мүлдем көрсетпесе, түсініксіз болар еді. Тек Амадеудің тарихын көрсетсе, тым қарабайыр фильм болып шығар еді. Ол да режиссердің қолында шығар бірақ.

Фильм кейіпкерлері қарабайыр, қызық емес дегенге келіспеймін. Амадеу үлкен жазушы бола тұра, дәрігерлік қызмет атқарғаны, жолдас баласының сүйген қызына ғашық болуы – күнделікті кездесе бермейтін оқиғалар деп білем.

Райымбек, жан-жағыңа қарашы. Қасыңда Тарантиноның кейіпкерлерінің қаншасы бар? Айналамыздағы адамдардың тағдыры қарапайым, экшн жоқ. Оны фильм қып түсірсе, өз өмірің, жолдасыңның өмірі – қандай қызық фильм боп шығар еді!

«Лиссабонға апаратын түнгі поезд» - өте шынайы фильм. 

 

Роза Әрен – 6 балл;

Райымбек Егембердиев – 6 балл;

Рүстем Әлпи – 8 балл. 

 

Мерей Ермұханов,

Коллаж - Исабек Жұбаныш.

Пікірлер