• Біздің парақшалар:

Ланчбокс | Dabba

Бүгін «Үш дилетант» «Ланчбокс» атты үнді фильмін талқылайды. Пікірталасқа қатысушылар:

Мерей Ермұханов

Райымбек Егембердиев

Айдардың бүгінгі қонағы – Ая Өміртай

А.Ө.: Алдымен, ассалаумҰғалейкум! Екіншіден, осы айдарларыңызға мені қонақ ретінде шақырғандарыңызға рахмет! Фильмді қарауға бір апта уақыт жұмсадым. Төрт бөліп көрдім-ау деймін. Алғаш осы киноны Райымбек қараңыз деген кезде, мынау бір арзанқол комедия ма деп шошып кеткенмін. Пойыз, жолаушылар, ауыр сөмкелер... Жүздерінде шаттықтың лебі жоқ, күйбең тіршіліктің соңына түсіп кеткен адамдар... Олпы-солпы, жұтаң асхана... Осының барлығы мені расымен шошытты. Бірақ, үнді асханасын көргенде, өзімнің карэ тауығына батырып жеген чапати еске түсіп, бір жұтынып алғаным рас. Фильмнің барысында анау айтқандай күрделі сюжеттік линия жоқ. Туындының атмосферасы тұманды болған соң, адамдардың ішкі әлеміне терең бойлайтындай образдарды жинау керек пе еді?! Фильм туралы ізденіп қарасам, бірнеше халықаралық фестивальдерде топ жарған, атағы дардай туынды екен. Көпшілік мұны «үнді кино өнеріндегі тың ізденіс» деп бағалапты. Бір ғана оқиғаны көрсету үшін 100 минут жұмсау дегеніңіз тым көп деп ойлаймын. 100 минуттың ішінде адамға әсер ететіндей көркемдікті, мағыналы ойды байқай алмадым.

Дей тұрғанмен, фильмнің өзіндік атмосферасы бар екенін жоққа шығара алмаймын. Туындының өз көрермені бар шығар, бірақ, ол мен емес. Басталған сәтте бір кемпірдің «еркектің жүрегіне асқазаны арқылы жол табасың» деген жауыр болған сөзді айтқаны да жүйкеме тиді. Басқа бір сәтті фраза таңдап алуы керек еді. Естуімше, бұл Мерейдің таңдаған фильмі екен. «Мерей, неге дәл осы туындыны таңдадың?» деп сұрағым кеп отыр.

М.Е.: Ох, бұл күнге де жеттік-ау!

Болливудке жеттік дерден бұрын, жалпы айдарымыздың кезекті санына да қол жеткіздік дейінші. Сәлем, Ая!  

«Ланчбокс» ­­ ­– үндінің пендеуи тіршіліктің боямасыз көрінісі. Жо-жоқ, мұнда құжынаған қоқыс пен ескі жеркепе арасындағы быжынаған кедейлер өмірі көрсетілмейді. Бірақ Мумбайдағы офистік өмір мен үй шаруасындағы тірлік те – игерілмеген тың дала. Болливудтың ән мен биден тыс драма мен философия сала алатын тунды жасайтынына үйреніп келеміз.

«Ланчбокс» саған лақ еткізіп барлық моральды төге салмайды. Бұл – тұспалдар мен ишара киносы. Үндінің қазіргі өміріне де емеурін, отбасындағы берекесіздікке де сілтеме, бастысы, мимырт күйбеңнен тыс жан рақаты үшін өмір сүруге де бағдар бар, бірақ айқын көрініс жоқ. Ең соңындағы эпизодтардан екеуі де Бутанға аттанғанына сенемін. Ал онда... мамыражай бақытты өмір.

Кейіпкерлер – тұнық, шынайы, бірін-бірі бір көрмей сүйіспеншілік оята алған жандар. Мұсылман Сыддықидің кейіпкері әрі қайғылы, әрі күлкілі қаһарман. Ондай тұлғалар өмірде де бар: жетімдіктен кейін өз дегеніне қалай да жететін жарқын жігіттер.

Фильмде әдемі цитата мен жымитатын тұстары да қызық. Оқиға желісі баналь көрінуі де ықтимал, оның үстіне түскі ас жеткізу қызметі шын өмірде қателеспейтін болса. Екіұдай сезім тудырған кино, әрине. Толыққандылық жоқ сияқты, алайда... бұл оның ерекшелігі.

Бірақ мен онысын кешіремін. Негізгі ойды айта тұра, көрерменнің өзіне де көп толғаныс маневріне орын қалдырғаны үшін.

Ал бүгінгі қонағымыз да мүмкіндік болса, «ланчбокс» арқылы хат жазардай қыздардың типажы ғой. Мархабат.

Р.Е.: "Еркектің жүрегіне жол асқазаны арқылы" дейді ғой. Кино сюжетінің себепкері осы сөз. Күйеуінің асқазанына арналған бар махаббатымен жасалған түскі ас, басқа еркектің қолына түсіп, жүрегін құлдыққа алып, арты кішігірім романтикалық хат жазысуға жалғасады.

Киноға қалжың аралас жеңіл қарасаң осындай пікір айтуға болады. Ал үңіліп қарасаң, сүйікті әйелінен айырылып, кезінде жақсы жар бола алмағанына іштей өкінетін жалғыз ер кісі мен отбасысы толық бола тұра жалғыз қалған әйел кісі жайлы. Бұрыннан белгілі бұл әлеуметтік тақырыптар бір емес талай көтеріліп көпшіліктің жүйкесіне де тиіп кеткен болар. Дегенмен бұл кино аздап басқаша.

Фильм басынан бастап үлкен бір уәде бермейді, алғашқы сәттерден ақ кино соңына дейін бір сарынды, бір бағытта жүретінін түсінесің. Бірақ жалғастырып көре беруден жалықпайсың (кейбіреулер жалығып кеткен де болуы мүмкін). Асқан бір комедиялық әзілдер де жоқ, өкіріп жылаған аянышты сәттер де жоқ. Яғни көп қатарлы кинолар секілді көрерменнің назарын оңды-солды эмоция арқылы тартқысы келмейді. Керісінше, көрерменге ойлануға көптеген сәттер мен ишаралар қалдырады. Динамикаға бай жаңа заман кино стилінен гөрі өткен ғасыр кино стиліне жақындау десем қате айтпаған болармын.

Режиссер көрерменді мәнді-мәнсіз оқиғалармен жай ғана телміртіп отыруды емес, кішігірім болсын оларға ой салуды көздегендей. Сюжеттің де толық аяқталмай қалуының себебі сонда деп түсіндім. Яғни, режиссер көрермен үшін кино соңында үлкен бір нүкте қойып берген жоқ. "Соңында не болғаны маңызды емес, маңыздының бәрін кино барысында айтып болдым, сол жақтан іздеңдер" дегендей аяқтады.

Бағалау жөніне келетін болсам көп тұсына нейтрал қалдым. Аса көктеп бір мақтамаймын, бірақ нашар деп жамандауыма де себеп жоқ. Ең ұнаған тұстарының бірі ол екінші пландағы кейіпкерлер (тек дауысы естілетін көрші, көмекші жігіт, балалар). Ұнамаған тұсы жоқ. 7 деген бағаға әбден лайық.

А.Ө.: Мерей, сіздің пікіріңізді оқып шықтым. Сізді осынша сезімді түсіне алатын жан деп ойламаған екенмін... Пікір жазайын деп оқталған сәтте ұялы телефонымның сынып қалғанын байқадым. Шынымды айтсам, соған көбірек абыржып отырмын...

М.Е.: Біз бір нәрсе талап еткен уақытта бір нәрсең сына қалады екен сенің, Ая?

А.Ө.: Осымен барлығы айтылып болған сияқты, динамикадан жұрдай, іш пыстыратын фильм туралы не айта беруге болады? Іліп алатын жақсы бір тіркестері болса маған бір басу айтып көріңіздерші ал?! Ой салатын фильм деп жатыр екенсіздер ақыры. 

М.Е.: Іліп алатын тіркес бар, әрине. «Кездейсоқ пойыздың өзі сен діттеген бекетке апаруы мүмкін». Мысалы, сізге керек жігіт басқа ортада, кездейсоқ ортада жүрген шығар?!

А.Ө.: Бұл тіркес те тізесі шығып кеткен тіркес деп ойлаймын. Маған ұнамады, мені жұбата алмадыңыз.

Р.Е.: Ал, мен бұл туындыдан іліп алатын тіркестерден гөрі, ишараларды көп байқадым. Режиссер оны көрерменге шайнап бермейді. Мысалы, соңында бас кейіпкер пойызбен кетіп бара жатқан кезде қария қарап тұрады. Кейіпкер сонда «Бұдан былай да осы өмір салтымды өзгертпесем, пәлен жылдан кейін мен де осы шал сияқты болар ма екем? Неге тәуекел етпеске?» деп ойлаған сыңайлы.

М.Е.: Кино, әрине, философиялық толғамдар мен нақылдардың жиынтығы емес. Ол сізге әдемі цитаталар сыйлауға міндетті емес, Ая! Бұл фильмге деген көзқарастан тұрақты дилетанттар мен қонақтың жалпы фильмді қарау және қабылдау стилистикасынан, ниетінен айырмашылықты байқауға болады. Мысалы, Аяға дайын кино керек, жылтырақ нәрсе керек, әдемі сөздер немесе үлкен драма қажет. Ал, біз ондай дүниелердің бәрін көріп болғандықтан, осындай емеурінді, жарым-жартылай айтылған ойларды өзіндік стильмен жеткізе алған режиссерлерге де үй  ренгенбіз.

Р.Е.: Мен бұл туындыда кейіпкерлердің тұрмысқа (быт) сонша үйреніп, көндігіп кеткеніне назар аудардым. Динамикалық кинода кейіпкерлер мақсатына оңай жетеді. Ал мұнда жай ғана тұрмыстың тауқыметі, нағыз өмірдің қиыншылықтары көрсетілген.

М.Е.: Ая, неге нашар дедің? Тізіп айтып берші.

Р.Е.: Аяның бұл фильмнен тым терең ой іздегені көрініп тұр. Өз басым бұл киноны өте шебер түсірілген деп есептеймін. Режиссер жайлы айтар болсам, ол мына шығармада аздап батылдық көрсеткен. Мысалы, кейбір тұстарда ол түсініктеме бермей кеткен (ланчбокс қалай адасып кетті?). Осындай тағы 2-3 тұсы бар. Бұл әдіс киноны әлсіретпейді, керісінше, «жай ғана ол тұсы маңызды емес» деген нәрсе болса керек.

А.Ө.: Жалпы фильм режиссерлік жұмыс бойынша және үздік сценарий жобасы ретінде марапатталған екен. Сценарий тұрғысынан алып бара жатқан көркемдікті байқай алмадым, бір он беттік әңгіме болғанда сүйсіне оқыр ма едім деп ойлаймын. Көркемдік тұрғыда ұтатыны әрқилы, астарлы сахналарын озық көрсету арқылы режиссерлік шеберлігі басым түскенін мойындаймын.

М.Е.: Ая, сен жаңағы келіншектің орнында болсаң, сен хат жазысар ма едің? Оның орнында болсаң, сен не істер едің?

А.Ө.: Ол ­– әлгінде Райымбек айтқандай қарттың әжімді қолымен өлім құшағына сүйреп бара жатқандай пойыздағы екеудің екі толқындағы тербелісі.

Р.Е.: Сценарийде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын.

М.Е.: Сценарий тереңдігінен тыс, мысалы, драматургия тұрғысынан әңгіме есебінде жазған кезде сипаты басымырақ түсер ме еді деген ойға қатысты мен нейтрал көзқарастамын. Яғни, одан әдемі әңгіме де жасауға болады. Әңгімеде барлық сырды ашпай-ақ, емеурінді шығарма жазуға болады. Ең соңында әйелдің хат жазғандығын, еркектің пойызда кетіп бара жатқанын суреттеп, бірақ, пойыздың қайда бара жатқанын айтпай-ақ қоюға да болады. Тура кинодағы желі сияқты. Жалпы, сценарий желісі күрделі емес, иә. Екі жанрға да сай келеді деген пікірдемін.

Р.Е.: Жалпы, Аяға киноның баяулығы ұнамаған секілді, шыны керек, Аяға динамикаға бай кинолар ұнайды екен деп ойламаппын.

А.Ө.: Фильмді образды жиынтық деп алып қарайтын болсақ, бір ғана ағыстың бойымен ағып отыратын оқиғалар желісі. Онда ешқандай қаһармандық, трагедиялық, фантастикалық образдар жоқ. Драмалық образдардың біртектес жиынтығынан құралған екен. Ешкімде махаббат үшін күрес, күйіну, күрсіну, құрбан болу, ондай ештеңе жоқ. Барлығы өмірдің реттелгенін күтіп, ағыспен кетіп бара жатқан мимырт адамдар екен. Барлығы өздігінен болып жатқан оқиғалар. Болса – болар, болмаса – қояр дегендей.

Баяу фильм дегенде, мен негізі драма мен мелодраманы ұнатамын. Бірақ, ішінде адамды қызықтыратын өмірдің бір жарқын көріністері міндетті түрде болуы керек. Мумбай - теңіздің жағасында орналасқан, мәдениеті бай қала.  Сондай жерде адамды сергітетін лебі бар фильм түсірсе болар еді. Мен бұл фильмнен терең астар, пәлендей бір көркемдік көріп тұрған жоқпын.

Өзім жалпы эмоциямен өмір сүретін адам болғаннан кейін ол әйелдің орнында бола алмас едім деп ойлаймын. Өйткені, анадай жұтаң асханада, олпы-солпы киіммен мен ешқашан жүре алмаймын.

Р.Е.: Аяның аудиосында не деген көп термин))) Біз дилетанттар екенімізді ескерте кетсек))) Ая, сіз сонда бас кейіпкердің орнында өзіңізді қойып көре алатын ғана кинолар қарайсыз ба?)))

М.Е.: Мұның бәрі адамның талғамының ғана сұрақтары сияқты. Бір ерекше сезім, өліп-өшу, қаһармандық күту ­– қазіргі кинолардың тренді. Сен банальді көрерменнің қатарында сияқтысың. Шынайы өмірде олай емес. Шынайы өмірде ешкім алып-ұшып ештеңе жасамайды. Бірінші кезекте, ол сүйдім-күйдім деп хат жаза алмайды. Ол әуелі хатты «не болады екен?» деп қызыққа жазады. Өмірде шынымен солай ғой. Сен бөтен еркекке қалай жазасың ? Әйел образына қатысты ойыңа келіспеймін. Ол – кәдімгі үндінің әйелі, тұрмысы, киімі тым жақсы. Тек күйеуі екеуінің арасында салқындық пайда болып отыр. Ал, сол суықтық - өмірдің мәнін теріске айналдыратын нәрсе.  Білмеймін, шынайы өмірге келетін болсақ, үнді фильмдерінің ішіндегі ең жақыны осындай болуы керек деп ойлаймын.

«Мумбай теңіз жағасында орналасқан, мәдениеті керемет» деп, кейбір кинолардан көрген әсірелеуді айтасың, Ая. Иә, мүмкін, сондай жағы да бар шығар. Бірақ, Мумбайдың басқа жағы да бар. Мыңдаған километр алаңдағы жеркепелер мен қайыршылар, адам санының көптігінен тамақтың жетіспейтіні... Бұл –  Мумбайдың екінші бір жағы. Сол екеуінің орта тұсын көрсетіп, яки, ғажайып бай өмірді немесе тым кедей өмірді көрсетпей, үзік-үзік қадамға мүмкіндік бергені үшін бұл фильм төмен бағаланбауы керек. 

А.Ө.: Біз кез келген шығармаға көркемдік тұрғысынан қарағанымыз дұрыс. Жалпы, көркем образ деген өмірдегі шындықты игеріп және оны қорытып, терең де бай, жанды бейнелерге айналдыру деп ойлаймын. Сондықтан, Мумбайдың қоқысын көрсете ме, жоқ, аштығын көрсете ме, ондай болса, ол біздің кәдімгі «Жайдарманымыз» (КТК) болып кетеді. Сонымен қатар, деректі фильмге жақын болып кетеді. Онда деректі фильм түсірсін немесе эфирге «Жайдарман» ретінде алып шықсын.

Р.Е.: Жайдарманға как скатились? Еш түсінбедім, «памагите»!!!

М.Е.: Райымбек, Ая «сол күйінде кино жасауға болмайды, көркем образ жасау керек» дейді.

Түсінбедім, Ая, неге «Жайдарманмен» байланыстырғаныңды? Ол да кино ғой. Өмірде болатын нәрсе кинода да болуы керек. Кейбір фильмдер (мыс.: «Миллионер из трущоб», «Лев») қиындықты көрсетеді. Кейбір фильмдер тек қана жылтырақ әуенмен көрсетеді. Оның барлығы – өнер, авторлық көзқарас. Оған белгілі бір шаблондар қоюға болмайды.

Р.Е.: Ая, түсінгенім бойынша, сіз киноны шын өмірге тым жақындығы үшін кінәлап жатқан сияқтысыз.

М.Е.: Басты кейіпкер мен оның орнын басқан қызметкер арасындағы қарым-қатынасқа аз көңіл бөлген сияқтымыз. Оның да бір психологиялық тұстары болғанын атап өтуіміз қажет. Қатаң адамның тілін табу немесе өзінің өмірі туралы ашық айту, көп ұзамай жетім бала болғандықтан, күйеу жігіт жағынан келген туыстардың қатарында жалғыз өзі тұруы... Мұның барлығы белгілі бір дәрежеде әсерлі тұстар деп ойлаймын. Мысалы, екі бананмен түскі ас жасауға болады деген ой тастады (күлді). Жалпы, айтары бар кино.

Р.Е.: Менің пікіріңізді өзгерту ниетім жоқ, мүмкін солай да болар. Барлық пікір өмір сүруге қақылы. Мұндағы нюанс та сонда да, иә, былай қарасаң киноның бар айтқаны тұрмыс сияқты. Бірақ, іздесең махаббат табасың, тылсым да табасың. Сол жағы іліп алып тұр.

М.Е.: Қорытайық, жалпы.

Р.Е.: Қорытылар болсам, мен басында жазған пікірімде қалдым. Менің қоятын бағам ­– 7. Ая айтқандай көркемдік образдарға бай болмаса да, өзіндік ерекшеліктері бар фильм деп есептеймін.

А.Ө.: Айтпақшы, Мерей, неге бұл фильмді таңдадыңыз?

М.Е.:  Райымбек 2 нұсқа ұсынды, соның бірін таңдадық )))

Санның түбі сапаға әкелетіндігі рас қағида шығар. Болливуд жылына мыңдаған фильм шығарса, солардың арасында өздерінің дәстүрлі ән-күйінен алшақ жатқан, өмірлік туындылар да бар. Солардың бірі – «Ланчбокска» 7,7 бал қоямын. Жалпы, киноны көргеніме өкінбеймін.

А.Ө.: Жалпы, драмада персонаждардың әлеуметтік шиеленісін, адами қағидалардың қарама-қайшылығы көрсетіледі ғой. Иә, енді осы тұрғыдан алып қарағанда, фильм барлығын қамтыған, үдеден шыға алған деп айтуға болады. Бірақ, маған ұнаған жоқ. Осы сәтті пайдалана  отырып, мені осындай фильмдерге шақырып жүрмеңіздер деп айтқым келеді. Мен қатты ренжимін. «Ланчбоксқа» ұқсайтын отандық туындылар кинотеатрлардан көрсетілген кезде қолдау ретінде барып жүрмін. Дәл осындай фильмдердің талайын көріп жүрмін деп айта аламын. Ермек Тұрсыновтың киноларының ар жақ, бер жағы деп айтуға болады. Болмаса, «Асланның сабақтары» деген арт-хаустық сипаты басым, көпшілік аудиториясына арналмаған, біртүрлі фильм бар ғой, соған келеді. Білмеймін, мен ондай психологиямды жаралайтын фильмдер көре алмаймын. Рахмет!

Фильм трейлері:

Пікірлер