• Біздің парақшалар:

Біреулер ыстығынан қалайды | Some Like It Hot

Бүгін «Үш дилетант» «Джазда тек қыздар» фильмін талқылайды. Пікірталасқа қатысушылар:

Мерей Ермұханов

Роза Әрен

Айдардың бүгінгі қонағы – Жанасыл Болатбек

 

Ж.Б. Кино таңдағанда ЭКШН іздейтін әдетім бар. Әсіресе тарихи киноларда. Әдемі көріністерді көрсем рухани рахаттанамын. Компьютерлік графика екенін біліп тұрсам да. Екіншіден, қатты киноман болмағандықтан ертеде түсірілген киноларды көп қарамаймын. Мерей мына киноны ұсынғанда атын бірден гуглға салып жібердім де, фук етіп шыға келген сұрқай суреттерден тіксініп қалдым. Тек Мэрилин Монро ойнайтынын көріп қана өзімді жұбаттым :) Әлгі етегі желбіреген суреті арқылы танығаныммен бұл актриса туралы мүлдем хабарсыз екенмін. Осының орны сәл болсын толыққандай болды. 

Бастай алмай апта жүрдім. Бас тарту туралы да ойлар қылаңдап келді бір екі рет:) Соңғы күн дегенде қарауға мүмкіндік таптым. Үйдегі интернет құрғыр да өшіп қалған екен, соткадан қарауға тура келді.

Киноның алғашқы кадрлары (машинадағы қашқындардың бейнесі) әлгі аты шулы " Крёстный отец" ті еске түсірді.  Алғашқы қуғында атылған оқтан машинаның арты шұрқ тесік болса да сап сау отырған іштегі екі қарақшыны көріп шайтан күлкімен бір күліп алдым:)

Сонымен жұмыс іздеген екеу. Алғашқыда басты нысан жылпос, сөзшең, әйелқұмар Джо секілді еді. Қуғынға түсіп екеуі әйел образына ауысқан кезде екеуінің рөлдері ауысып кеткендей болды.

Мэрилин Монроның образы тура бұған дейін менің санамда еркімнен тыс жинақталған образымен сәйкес келгендей болды.

Кәдімгі қазіргі заманда да көптеп кездесетін сұлу, ақымақ бай жігітті қармағына түсіруді армандайтын қыз. Саксофонист жігіттер менің осал тұсым деген жері әлгі "Ішсем күліп қоямын, күлсем "беріп" қоямын" деген дізесі шыққан әзіл тіркесті еске түсірді :)

Қорыта айтқанда кино ұнады. Бір қарауға болады. Соңы аяқсыз қалғандай болды. Мүмкін жалғасы бар шығар.

Коломболықтардың образы ашылмай қалғандай, өздері жеке туындыға сұранып-ақ тұр. Мүмкін бар да шығар. 

М.Е. «Джазда тек қыздар» (түпн. Some Like It Hot) фильмі – әлемдік кинематографтың классикасы. «Менің атым Қожа» сияқты. Хе.

Бұл музыкалық комедия – Голливудке өз уақытында серпіліс әкелген картина. Студиялық жүйеден жеке продюсерлікке ауысқан алғашқы фильмдер қатарында, әрі моральдық-этикалық еркіндігі өзге кинолардан ерекшеленген.

Комедия жанрына жатқанымен, ішек-сілеңді қатыра тырқылдатпайды, кеңкілдетпейді, қарқылдатпайды. Яки, жанрлар тоғысқан қаймақ. Тәтті кілегей.

Фильмнің бір аймақта өтпейтіні, үлкен территориялық және антропогендік аумақты шарпыған ұнайды. Сәйкесінше, сюжет желісі де кең.

Фильм өз қызықтары мен әзілі жолында әр кейіпкердің тағдырын қалыптастыруды ойламаған. Гангстерлер ассоциациясының боулының өзі ерекше. Ансамбльдегі басқа аруларды былай қойғанда, қалайша Джерри/Дафнаны ана шалға қия салуға болады, а, сценаристер? Е, айтпақшы, сценарий голливудтық түпнұсқа емес екенін айту керек, түбірі еуропалық фильмдерден. Nobody’s perfect! – тіпті комедияның соңғы тіркесі. Гомосексуализнің иісі аңқи ма, қалай? Әрине, бәрі юмор үшін.

«Олардың ауырлық діңгегі – басқа жер» (әйелдерге қатысты), «Онда саған бүгін машинаң керек емес қой?». "Салықты есептемегенде 120 миллион таптық. Шынын айтқанда, біз салық төлемейміз" деген секілді жымитатын тұстар кино бойына есте қалып отырады.

Актерлер өз орнында. Гангстерлердің ішіндегі жалпақ мұрын – тамаша кейіпкер.

Негізі, шын махаббат сезінгендер қосылады, қылмыскерлерді өлім күтеді деген секілді жалпы морали түйіндерді жымын білдірмей салып жіберген. Бұл мұндай кино үшін тіпті күтпеген шешімдер.

Мэрилин Монро – Sugar! 

Р.Ә. "В джазе только девушки" фильмін бұрыннан көрсем деп жүретінмін. Көп дүниені үстірт бағалай саламыз ғой, "черно-белый" фильм болғандықтан, толық қарап шығуға ынтам жетпей келді. Осы жолы "Үш дилетантқа" өзім таңдаған соң ба, бір деммен көріп шықтым. Ох, шіркін, Sugar! Шіркін, Джеральдина мен Дафна! Шедевр десе, шедевр дейтіндей-ақ туынды екен. Маған бұл фильм сондай ұнады, көңілімде керемет бір әсер қалдырды. Кейіпкерлердің іс-қимылы, тауып айтқан сөздері, күлкілі қылықтары... Еріксіз жымидым да отырдым. Коломбо бастаған қылмыс әлемінің серкелері (ох!) де фильмге ерекше өң беріп тұр. Оларсыз тіпті елестету де мүмкін емес сияқты. Мэрилин Монро осы фильмге түсуге қаржыдан қысылған соң амалсыз келіскенін оқығанда таңғалдым. Ол өзінің осыған дейін Голливудта қалыптасып үлгерген "ақымақ, жеңілтектеу блондинка" образынан құтылып, терең драмалық рөлдерді армандап жүрген екен. Күйеуінің кеңесімен бұл туындыда да "блондинканың" рөлін тағы бір мәрте алып шығуға мәжбүр болыпты. Жан-дүниесімен қаламай, ойнаған рөлінің өзін қалай жандырған, ә, жігіттер? Мың бұралған белі қандай, күлкісі қандай, қылығы қандай? Қысқасы, Монроға айрықша респект аттым. Ол кезде атағы жер жарған әртістер болмаса да, осы кинодан соң, бір күнде жұлдыз боп оянған екі әртісті де құрметке лайық дер ем. Ғажап! Талқылау барысында тағы ойларымды айтармын. Әзірге таңдай тақылдатумен ғана отырмын))) 

----------------------------------------------------------------------------- 

М.Е. https://youtu.be/buPQQgM1zhA күшті иә трейлері. Мынадай кинодан тіпті кемшілік іздегің де келмейді. Өткенге құрмет сиқтя ма…

Бірақ, әрине, онысы шыққан жылдарына орай бар. Мысалы, гангстерлердің сюжеттік бейқамдығы таңғалдырады. Иә, комедия... Сонда да басқа гангстерлерді қыруға гаражға келгенде, артына қарамайды. Үш адам тұр қарап. Оның екеуі тығылып үлгерді, уақытша. :)

Р.Ә. Режиссер фильмді түрлы-түсті таспаға түсіруден бас тартыпты. Ал, Мэрилин болса, басында соны талап еткен. Кейін әйтіп-бүйтіп көндірген екен. Меніңше, режиссердің осы шешімі дұрыс болған сияқты. Ақ-қара нұсқада бағалырақ көріне ме, қалай? 

Ж.Б. Сонымен алғаш рет Мэрилин Монро түскен кинотуындыны қарадым. Ұнады. Болашақта басқа киноларын іздеп қарауға ниет бар. Басқа киноларында ырбыңдаған ақымақ бикештің образымен жүрмейтін шығар деп ойлаймын :) Әлде бар болмысы осы ма? 

М.Е. Монро фильмге түсу кезінде бірнеше мәрте өзіне өзі қол жұмсамақ болған. Тіпті түсірілімді кідірте тұрған да сияқты. Сондықтан өмір шекер емес, өзі Sugar болғанымен... 

Сұлу болып тума, бақты болып ту. :) 

Ж.Б. Маған қызығы Коломболықтардың образдары, төрт "қорғаушының" түрі деген... Бұлар түскен басқа кинолар бар ма? 

Р.Ә. Оны білмейді екенмін. 

Жалпы осы фильмді ұнатып көргендіктен бе, қандай да бір сын айтуға, мін айтуға жүрегім даулап отырған жоқ. Барлық дерлік тұсы ұнады. Мерейдің айтқан сөзіне қосыла кететін болсам Мэрилин Монро бұл фильм кезінде бірнеше рет депрессияға түскенімен қоймай, өмірде де сол суицидке бірнеше рет бармақшы болып құлазыған. Жеке өмірінде бақытсыз жан болған деп көп айтылады, жазылады. Осы фильмді түсіру кезінде де Монро депрессияға түсіп, қаншама күнге жоспарланып қойылған сахналар түсірілмей біршама шығынға ұшыраған екен. Соған қарамастан Мэрилин өзі еркетотай жұлдыз, және де өзіне ең басты рөл ұсынып тұрғасын ешқандай да құлазуын көрсетпей рөлін барынша көңілді түрде алып шығуға тырысқан екен. 

Мынандай бір қызықты детальдар туралы оқыған едім. Мерелин жағажайда яхтаның өтірік иесі, ауқатты кісі болып киініп алған Джозефинаның қасына келген кездегі сахнаны Мэрилиннің жақсы ойнап шыққаны сондай барлығын бір ғана дублде түсірген екен. Ал яхтадағы түнде түсірілген сахнаны 32 рет қайта түсіруге тура келіпті, өйткені Мэрилин сөзінен шатасып немесе дұрыс ойнай алмай қала берген. Джозефинаны ойнаған жігіт онша танымал болмаған, бірақ режиссер сол кезге дейінгі ойнаған рөлдерін байқап, шақырған екен. 

М.Е. Мына бір нәрсені атап өткім келеді. Фильм оригинал тілінде, яғни ағылшынша әлдеқайда күлкілі сияқты. Аударманың өзінде біршама көңілді фильм. Бірақ ағылшын тілінің ерекшеліктеріне сай қызықты диалогтардан тұратын секілді. 

Актерлердің өз орындарында екенін де атап өтер едім. Мысалы, миллионердің рөлін ойнаған шал өзінің орнына тамаша таңдалған. Одан бөлек, әрине, Коломбоның бандылары жөнінде айттық. 

Киноның музыкалық комедия атануында музыканың көп екендігінде, музыкалық ансамблдің болуында көрініп тұр. 

Фильмде ерекше шарм бар. Ең алғаш Sugar-ді ішімдік ішіп отырған тұсынан көріп қалып, кейін ансамблдің бастық әйелінен бөтелке менікі деп құтқарып қалатын бірі болатын болса, екіншісі миллионер образына еніп, соның жүрегін жаулайды. Яғни, әу баста екі жігіттің сұлуға қарап қандай да бір сезімдердің оянғаны түсінікті. Бірақ кинода олардың арасындағы қырқыс аса бір ширатылып, тарқатылмайды. Яғни, сценаристтер осы тұста махаббат иірімдерін құрбандыққа шалған сияқты. Тіпті бірі екіншісіне физикалық қара күшпен қоқан-лоқы көрсетеді де, оны кәдімгідей пайдаланады, эксплуатациялайды. Оның тапқан қыздың кейіпінде браслеттерін алып, гүлін алып сыйлап жібереді. Әу баста өзін батыл жігітше көрсеткен адам кейін лузердің қызметін атқарады. Мүмкін бұл да бір ерекшелік шығар. 

Ж.Б. Екі жігіттің арасында қызға деген қатты бір тартыс бола қойған жоқ негізі. Алғашқы кездегі тірліктері кез-келген еркектің басынан өтетін немесе кез келген еркекке тән нәрсе. Яғни, дұрыс қыз көрген кезде соған қарай ыңғай жасау, соған бейімделу немесе соның артынан жүгіру деген сияқты нәрселер. Ол жерде ғашықтық деген рөл ойнамайды, бастысы бұл жерде әдемі зат деп алайық немесе әдемі қыз және соның артынан жүгірген еркек болды. Ал жеме жемге келген кезде Джон батылдау қадам жасағандықтан досы соған көмектесуіне, бейімделуіне тура келді. Еркектің арасын қыз бұзбайды деген сияқты қағида ғой. 

Р.Ә. Жанасыл жоғарыда айтып өтіпті Мэрилин басқа фильмдерде ырбаңдаған, ақымақ бикештің образында жүрмейтін шығар деп үміттенемін деп. Мен жазған едім Мэрилин осы фильмге түсуден үзілді-кесілді бас тартқан. Өйткені, голливудта танылып үлгерген ақымақ қыз рөлін қайтадан ойнағысы келмеген. Сол кездерде ол курстарға барып, актерлік шеберлігін шыңдап жүрген. Өзі үшін ауырлау, драмалық, тереңдеу рөлдерді ойнауды армандаған. Бірақ амал нешік ол голливудтың алдында, көрермендердің жадында сары шашты, жеңілтек мінезді, бірақ әдемі, ер азаматтарды еріксіз баурап алатын өзіндік бір сиқыры бар блондинка ретінде қалды. 

М.Е. Мэрилин Монроның кейіпкері аса қатты жеңілтек емес. Әрине, өмірінде көп жеңілтек болған. Дәлірек айтар болсақ, тез ғашық болғыш, аңғал арудың кейіпі деп айтар едім. Оның үстіне сезімдерінің көбіне шынайы болатындығы фильмнің сюжеттік кульминациясы болып табылады. Яғни, ол жігіттің шын мәнінде миллионер еместігі екені ашылғаннан кейіннен де оған келуі, махаббат жолында ұлмен бірге бәрін тастап кетуі болып отыр. Сценаристтер мәңгілік құндылықтан асып кете алмаған. Сондықтан, Sugar-дің кейіпкері жөнінде жалпы жақсы пікірдемін. Әрине, миллионерге күйеуге тию әрбір перифериядан шыққан қыз үшін арман. Барлығы үшін болмаса да көпшілік қыздар үшін арман, мақсат десе де болады.  Әсіресе, отызыншы жылдардағы АҚШ үшін. Сондықтан оны арманшылдығы үшін, бәлкім меркантильдігі үшін айыптауға болмайды деп есептеймін. 

Р.Ә. Sugar, яғни Душечканы мақтап қояр емессіз ғой, Мерей? Мэрилиннің актерлік шеберлігінен басқа да қырлары, мүмкін параметрлері көзіңізге, көңіліңізге жаққанын да мойындаңыз. 

Мэрилиннің фильмнің бас жағында ішімдік ішіп отырып ұсталып қалатыны сол жылдардағы АҚШ-тағы “Сухой закон ” шыққанына байланысты арнайы жасалған көрініс. Сосын, фильмнің соңында өзінің қайығына отырып кететін Озгут миллионерді былтыр бізде сотталған Тоқтар Төлешовке ұқсаттым. Қайта-қайта сол кісінің бейнесі көз алдыма келе берді. Қатты ұқсайтын сияқты. 

Фильмнің соңында Озгут “Мен сені жақсы көремін” деп Дафнаға сезімін білдіріп жатқанда, Дафна “мен әйел емеспін ғой, мен ер жігітпін” деген кезде “у каждого свои недостатки” деп жауап береді ғой. Яғни, ол оның ер адам болғанына көз жұма қарап тұр. Осы үшін де бұл фильм біраз кісілердің сынына ұшыраған екен. Этикалық шеңберден асып тұр деп көп адамдар сынаған. Голливудтағы моральдық құндылықтардың, этикалық құндылықтардың шеңберінен шығып жаңа толқындағы фильмдерді түсіру дәуренінің бас жағында тұрған сияқты. 

Ж.Б. Соңғы сөз туралы ойымды қоса кетейін. Соңғы сөз әдемі айтылды және күлдірді. Мен негізі ол жерде күйеу жігіт шок болып қалатын шығар деп ойлаған едім. Олай болмады. Керісінше “әр адамның өз кемшілігі болады” деген сияқты әзілмен жауап берді. Олай жауап берудің де себебі бар. Өйткені, солай жауап болуы үшін олар негіз жасап қойды. Анау келіншек жігіт қолына алқа алып, сыйлық алып барғанында қыз болмағанына өкінді ғой. Әйел болмағанына өкінгенін сол жерде білдіргендей болды. Екеуі бір-бірімен байланысты деп ойлаймын. Сол оқиғаға мына жерде әдемі нүкте қойып берді. 

Р.Ә. Жанасыл, 10 баллдан қанша бал бересіз?

Ж.Е. 9 берейнші.

М.Е. Өз заманы үшін озық кинокартиналардың бірі. Мен алдында атап өткендей қателіктері болғанымен, ауыз толтырып олқы тұстарын жіктеп жатуға көңілім бармайды. Мүмкін фильмнің өзінің аурасы да сондай шығар, әрі өткенге деген, ретро фильмдердің үздіктеріне деген бір құрметіміз шығар. Сондықтан да тек жақсы бағамен аяқтар едім. Әлбетте, 8.5 айналасында ұпай қойып жіберуге дайынмын. 

Р.Е. Түйін таба алмасаң сау депті ғой 91 тобының әншілері. Сол айтпақшы мен де түйіндеп жіберейін. Өз заманының озық комедиясы, әлемдік шедевр, осындай жауһар фильмді көргеніме қатты қуаныштымын. Тіпті осы уақытқа дейін көрмей келгенім үшін өкініп қалған жайым бар. Қатты ұнады. Осы “Үш дилетант” жобасының аясында осындай жақсы туындылармен танысып жатқанымызға ризамын. Менің қояр бағам 10 баллдан 10 балл. Өйткені, кемшілік көрген жоқпын.

Пікірлер