• Біздің парақшалар:

Руби Спаркс

«Үш дилетант» айдарының бүгінгі қонағы – блогер, журналист, ісмер, шымкенттік Көркем Аблаева.

Оны пікірлесуге тартуға тырысқан Роза Әрен және Райымбек Егембердиев, ал қаралған кинотуынды –  Джонатан Дэйтон мен Валери Фэристің «Руби Спарксі».  

Бұл сұхбат айдар қонақтарын сараптаудың маңызын тағы да бір рет көрсетті. Бүгінгі мейман ажалды пенделердің айналысатын тірлігіне һәм тақырыбына тұшына қоймады ма, үшінші дилетант болмағасын, шабыты ашылмады ма (Smile), оңтүстік қыздардың биязылығы мен бағыныштылығын байқатты ма, асқан ойталасқа түсе қоймады. 

Көркем Аблаева (К.А.): Құдай өзі кешірсін деген бе... О баста «ужастик» немесе экшн жанрындағы фильмдерді ұсын деп неге айтпадым деп өкініп қалдым. Десе де, «Руби Спаркс» бір рет көруге тұрарлық фильм екен. Махаббатты жырлайтын, талантты жас жазушы жігіт хикаясын мелодрамадан комедияға, комедиядан драмаға сәтті аттата білген.

Фильмнің басты мақсаты - сенімнің күшін дәлелдеу сияқты. Психосоматикаға қызығушылық танытып жүргендерге ұсынар едім. Себебі фильмде Кельвин түсіндегі бойжеткенді ойша қағаз бетіне түсіріп, өз арманындағы кейіпкерге айналдырады. Кенет оның арманы өз үйінде, дәл жанында жүреді. Неге?

Фильм: "Сен арманыңа сен, орындалады!" дейтін сияқты.

Оның жалықпайтын психологы мен ағасы, Скотти, анасы мен Морт... Руби... О, ноу, мені жалықтырып жіберді. Фильмді екі бөліп қарағанымды да жасырмаймын. Жалғыз-ақ, Кельвиннің өгей әкесінің сыйлығы күлдірді, не деген ақкөңіл, ғажап жан деп! Мүмкін ол Антонино Бандерас болғаны үшін ғана шығар. :) 

Райымбек Егембердиев (Р.Е.): Түсі өңіне айналған жазушы бала туралы кино. Сапасы орташа, іліп аларлық ештеңесі жоқ, қарапайым романтика, қыз-жігіт арасындағы қарым-қатынас. Сол қарапайымдылыққа тұздық ретінде қыздың жазушы қиялынан тіріліп кеткені ғана қосылған. Осы сәттен бастап есіней беруге болады. Ары қарай тізілген банал, не болары түсінікті сюжет. Сюжеттік қиылу мен өзіне тартып отыратын ештеңесі жоқ. Оның үстіне соңы ХӘППИ ЕНД!

Кинода персонаж ретінде жалғыз ұнаған адам - ол жазушының ағасы. "Ми инцесті" дегенінің өзі не тұрады дерсің. Мұндай ақылды ойды сценаристтер байқамай қосып жіберді ме екен? Шынында да солай ғой, қанша фантастика болса да, қыз - жазушы қиялының салдары. Жазушы қаншалық қиялдап жаңа тұлға құрғанымен, ол тұлға жазушының ми мүмкіндігімен шектеулі. Жазушы жаза алатын ғана, суреттей алатын ғана мүмкіндіктерге ие. А, жоқ, қателесіппін, қыздың французша сөйлеп кететін жері мұның бәрін бұзып тастайды екен (фейспалм).

«Ескерту: кинодан логика ізделмесін" деген титрмен басталса, ешқандай претензиям қалмас еді. Неге? Фильм басында қыз тіріліп кеткенде, бұл жай шантаж шығар деп ойлай бастайсың. Егер шынымен солай болса, қызық сюжет болар еді. Ол қалай жазушыны алдай алды, қалай үйге кірді деген сияқты бірнеше сұрақ пайда болып, кино өзіне баурап алар еді. Ол пікір киноның басында-ақ "тфу" деп лақтырылып тастайды (французша сөйлеп кету). Өз басым соңына дейін қыз бен жазушының ағасы ойласып, ананы жынды қылып жатқан болып шықса деп үміттендім. Кейін, еш болмаса, қыздың қалай тіріліп кеткенін түсіндіретін шығар деп үміттендім. Тоқсан пайыз фантастика фильмде кемі тылсым күш бар болады. Ежелгі қытай артефакті секілді зат болады. Бұл жерде ол да жоқ. Қысқасы, фильм сценарийі екі сценарист ішіп отырып, "Мә, түсіме кірген қыз тірілсе, не болады екен" деп қуып айта салған негізінде құрылған секілді.

Бағам – 5,5. 

К.А.: Ахахах, бағалауды ұмытыппын. 3/10. 

Роза Әрен (Р.Ә.): Армысыздар ма, халқым! Қызығы сол, менен басқа екі дилетантқа қарағанда фильмді мен көбірек ұнатқан сияқтымын ба, қалай өзі?! Шынымды айтайын, фильм басталған сәтте-ақ жалыға бастадым. Басында. Біраааақ... Анау қыз сайтан құсап, сап етіп, жазушының үйіне келе қалғанда, "Оппа, бұдан әрі не болар екен?" деп алақанымды ысқылай бастадым. Фантастика ма, жоқ, әлде, Райымбек айтпақшы, Руби Спаркс жазушының ағасымен ақылдасып, әдейі бір жақтан келді ме, ол жағы маған маңызды болған жоқ. Өмірде қыздардан жолы болмаған ботан, бейшара жазушы жігіт Рубиді олай бір, бұлай бір құбылтып, өзін құдды бір сиқыршы сезінді. Естеріңде ме, "мен сенсіз өмір сүре алмаймын, мен сенсіз өмір сүре алмаймын" деп анау қызды өзінің артынан жүгіртіп қойғаны? Неткен әлсіз, неткен эгоист жігіт еді! Рас, фильмнің кейбір жерлерінде жалығып кеттім. Мұндай трагикомедия үшін 1 сағат 44 минут сәл ұзақтау сияқты. Бірақ, жалпы алғанда, фильм ұнамады дей алмаймын. Фильм бір көруге тұратын, жеңіл комедия делінгенмен, мұнда өмірдің өзі көрсетілген. Біріншіден, адамның өзінің айналасындағы жандарды Құдай берген болмысымен емес, өздері ойдан шығарған бейнесімен жақсы көруге талпынуы. Яғни, біз өзіміз сүйген жандарды қаз-қалпында емес, өзіміз қалаған келбетте, өзімізге ыңғайлы мінез-құлқымен көргіміз келеді. Иә, бұл - эгоизм. Сондықтан да болар, басында күйдім-сүйдім деп қосылған көп жұптар лезде айрылысып жатады. Естеріңде ме, жазушының ағасы басында айтады ғой: "Сен көп қиялдай бермей жерге түс. Әйелдер мәңгі-бақи сенің қиялыңдағыдай ғажап боп тұра бермейді. Олар тұрмыста, күндегі тіршілікте өзгереді. Өйткені, олар да - адам. Мен өз әйелімді жақсы көремін. Жақсы көргендіктен, кейбір кемшіліктеріне көз жұма қараймын. Ал, сен миыңда идеал бейне жасап алғансың. Өмірде олай болмайды" деп. Жалпы, фильмнің  басты месседжі осы секілді. Сосын, ойлардың қалай заттанатыны туралы деп те айтуға болады. Енді, әрине, кітап жазып, оның ішіндегі кейіпкер саған тіріліп келуі екіталай. Дегенмен, фильмнен мен "нені ойлайсың, сол орындалады" деген месседж көріп тұрмын. Жалпы, алған әсерім жаман емес. Фильм бекерден-бекер трагикомедия деп аталмаған екен. Ойсыз дүние емес. Берер бағам 10-нан 6,5. 

К.А.: Бұл менің киноға берген бірінші рецензиям, әлбетте (сыпайыландырылды – ред.) ол рецензия деуге келсе.  

Р.Ә.: Бұл фильм Райымбек екеуіңізге неге сонша ұнамағанын түсінбедім. По мне, мағынасы бар фильм. Көре білген көзге (ох!) тым жақсы дүниелер бар мұнда. 

К.А.: Адамның ішін пыстырады емес пе? Мен, мысалы, фильм барысында Кельвиннің анасының үйіне Руби екеуінің қонаққа барған жеріне келгенде ұйықтап кетіппін. Рубидің қайдан пайда бола қалғаны мені де қызықтырып отыр еді. Келесі бөлігін араға бір апта салып қарадым. Қашан? Қашан енді дегізіп, зарықтырады ғой?

Фильмнен тек сенім, армандау секілді дүнелерді насихаттайтындай көрінді. Психосоматикан, иә. 

Р.Ә.: Ішім пысқанын мен де мойындаймын. Бірақ, тек кей тұстарда ғана... Көрерменге шыдамдылық та керек, негізі. 

К.А.: Мәселен, өгей әкейдің сыйлығы мен, барттың әдемі ақылдарынан басқа не бар? 

Р.Е.: Қыздың түсінен тіріліп кететінін айтпағанда, тым шаблонды кино. Мысалы, өткен ғасырда классиканың бәрі түсіріліп тасталды ғой. Мынаның бәрі сол классика. Тек қыздың жазушы қиялынан шығып кеткені ғана – бетіне қойылған шағын шие. Басқа жаңалығы жоқ, қалғаны бұрынғы салынған жолмен түсірілген, ешқандай ерекшелігі жоқ.

Мағыналы фильм деп айту... Бір ғана мағына көрдім: ер кісілерге ерік берсең, әйел тарапынан еркектің кез-келген айтқанын істесең, бәрібір ешқандай профит болмайды деген секілді. Аздап еркетерді кінәлап тұрған сияқты. Бірақ дәл осылай әйел жазушы болып, еркек тіріліп келмеске?

Өгей әкенің пайда болуы да мына сюжетке сыйыспайды. Есі ауысқандау ма... Әкесі қайтыс болған соң, тым өзгеріп кеткенін анасының... Бетін мыжырайтып күлдіретін тым таяз комедиялар болады ғой, солардың үзінідісі сияқты болып кетті.

Роза айтпақшы, кино мағынасы бар секілді ұсынғысы келген, бір философиялық мәндерді қозғауға тырысқандай. Бірақ деңгейі жасөспірімдерге арналған, үлкен бір жаңалық әкелуге әрекет жасамайды, 15-16 жастағыларға арналған, бағасы 5 пен 6 арасында жүретін кинолар болады.

Рейтингі жоғары кейбір антиутопиялар сияқты емес. Мына кино жасөспірімдер фильмі етпегенін... Олай ете алмайтын да еді, өйткені, бас кейіпкер - өте мықты жазушы.

Қысқасы, отбасы боп жиналып, уақыт өткізуге келеді, барлық жас категориясына.

Роза, жақсы дүниелерінен бір-екеуінен атап бересіз бе? Өтініш. Мына жағы ұнап тұр ғой деймін: мысалы, таза махаббат... Бірақ сәл тереңірек үңілсең, қыздарға да тигізіп тұр ғой, жазушы ойындағыдай қыз таппай жүр.  Өмірде жоқ, өзім ойлап таппасам дегендей. 

Р.Ә.: Жоқ, Райымбек, мен тек махаббат үшін деп емес... Жасөспірімдер үшін ғана арналған фильм деп неге бағалағаныңды білмедім, оның ішінде айтатын месседж бар, оны көретін адам көреді, көрмейтін адам көрмейді. Өзіңнің жақсы көретін адамыңнан кейінірек мін іздеп, қалауыңа қарай өзгерткің келіп, сол үшін жанжалдар туындап, проблемаға ұрынып жатамыз. Сол тұрғыдан адамға ой тастайды. Еш пенде мінсіз емес, «Ол жігіттің ойындағыдай қыз болмады» деген ой тастайды деп ұққансың, бірақ бұл жерде кітаптағыдай, мінсіз кейіпкердей адам болмайды. Соңында қызды еркіне жіберіп, қарапайым бейнеде қайта кездестірді ғой: енді барлық кемшілігімен басқосуға әрекет жасап жатты...
Өгей әке деген эпизодтарды талқылағым келмейді, жеңіл комедияға жатуына келіскенмен, неше түрлі небір жеңіл, анайы фильмдер көріп жүрміз. Бұл фильм ой қалдырды. Рейтингі де жоғары, көрермен бағасы да ерсі кинолардан анағұрлым жоғары тұр.

Кейіпкерінің тіріліп келгеніне тірелудің қажеті жоқ, фильм шынайы оқиғаларға негізделген деп жазылып тұрған жоқ, фэнтези бола берсін арасында. Кезінде «Адалиннің ғасыры» фильмінде де кейіпкер ешқашан қартаймайтын, мәңгі жас еді. Жанрлар үзінділерін алып-қоссын, көрерменге тастайтын ойы бола, сол жеткілікті деп ойлаймын.

Біз бұл фильмнен жаңалық күткен жоқпыз, бірақ төмен бағалайтындай фильм емес.

Р.Е.: Кемшілік жөнінде қабылдадық, келістік делік. Бірақ рейтинг қоюда бағалау жүйеміз әртүрлі болуы мүмкін ғой. Шкаламыз алуан. 5-6 деп қойсам, бағам сол. Жаңалық күткенде... жаңалық болса, 7-8 болар еді. Стандарт деген не? Көп еңбек еткен жоқ олар... Дайын пазлдарды жинадың, ол да ізденіс, еңбек. Бірақ арнайы белгісін қалдырған киноға қарағанда төмен тұрады.

Тағы бір жақпағаны – қайшылықтар бар. Мықты жазушы түсінде көрген қызды толығымен суреттеп шығады. Ал ол тіріліп келген соң, өз қалауынша өзгерте алмайды... Бір жолдан жазады. Қалауындағы қызды жазып шығуға қабілетінен айырылып қалғандай. Мықты жазушы емес пе еді? Фэнтезиге келістік, көз жұмдық дегеннің өзінде. 

Р.Ә.: Сабыр, сабыр. 6,5 балл көптеу де шығар, бірақ бағалауыңда бірден жоққа шығарғанға мағынасы бар екенін айтқаным. 

К.А.: Мен үшін фильм идеясы нашар, іш пыстырарлық сюжет, цинизм басым.

Басында атап өткенімдей, Американың кезекті сәтсіз түсірілімі.

Несі ұнамайды? Нашар ойластырылған махаббат хикаясы. Басты кейіпкер талантты жазушы Кельвиннің арманындағы (азғын қиялындағы дейікші?) бикештің шынайы өмірінде кенеттен пайда бола қалуы. Руби Спаркс (ғайыптан тайып пайда болған Кельвиннің миындағы мінсіз бейне) - ғажап бейне, ол махаббатқа, шынайы сезімге, нәзіктікке расында лайықты-ақ. Бірақ, ол - ойыншық. Кельвиннің ойыншығы. Да ну? Күл десе күледі, жыла десе жылайды, тіпті француз тілінде сайрата алды. Назарыңды жалғыз-ақ жақсы диологтар аудартады және Антонино Бандерас. Иә, киноның комедияға ұласатын тұсы да Кельвиннің Рубиді ағасымен, анасымен, Мортпен таныстырған жерінен басталмаушы ма еді?

Жө, фильм жаман демеймін. Бір көруге тұрарлық. Бірінші көргеннен кайфты құртпай, әдемі отырып көруге болады. Егер сіз өмірден ұтылмауды көздесеңіз. Десе де толық ләззат сыйлаған жоқ.

Менің бағам 10/3, осымен болған шығар, иә? 

Р.Е.: LaughingLaughingLaughing 

Ред.: LaughingLaughingLaughing 

К.А.: Ньеге гүлед? 

Р.Ә.: Иә, менің, мысалы, жылағым кеп отыр мынадай пікірден кейін. Толық ләззат сыйламағаны қиын бопты да.

Менің ойымша, сіздер Рубидің аяқ астынан пайда болатынына ерекше қадалып қалғансыздар. Оны жай фэнтези деп қабылдай салайық. Өзімізде де болған шығар, көп оқырман оқып отырған кітабының кейіпкерлері тіріліп кетіп, өмір сүрсе ғой деп армандайтын кезі болған шығар. Сондай бір арманның ғайыптан тайып орындала қалуы деп елестетейік.

Сосын... Менің таңғалып отырғаным... Антонио Бандерасты мүлде байқамаппын, иә, ол секс-символ, мачо, супер-пупер жігіт, бірақ қайсы ол? Оны байқамай отырып-ақ фильмді ұнатып, жақсы бағалап отырмын. Ал сіздер келесіздер де, тек Антонио Бандерас үшін ғана бағалайсыздар. Бұлай болмайды ғой.

Жалпы айтарым, сізге, Көркем, Шымкенттің қыздары зың-зың ғой. 

Р.Е.: Жай, Роза, сен басында жақсы бағалап қойып соны қорғауға мәжбүр болып отырсың. Laughing Тіпті мұқият қарамағаның да көрініп тұр. Одан қалды, Көркем екеуіміздің пікірімізді бір «кучаға» тастап. Laughing 

К.А.: Талғамға талас жоқ, десе де Райымбекпен келісем. Smile Тойыс, келіскім келеді. 

Р.Е.: Мен оны «дно» демедім просты нәшәр тұстарын айттым, шеберлік жоқ, фэнтези дер қабылдай салайық деп көрермен көз жұма қарауы қажет болған не деген нәшәр фильм еді. 

К.А.: Иә, фентези. Мерейді де солай ұршықтай айналдырар ма еді, шіркін. Smile Мен оны Шымкенттің тумасы етер едім, мысалы. 

Р.Е.: Тойыс, Шымкенттің тумалары аздық етіп жүр ғо? Қой, тақырыптан ауытқымайық, бірақ бағаға тиісужоқ, бірақ Көркемнің бағасы тым төмен деп ойлаймын. 

Р.Е.: Бандерас сізге несімен ұнады? Онша емес байқалмайтын рольде ғой, мысалы. 

К.А.: Морт болғаны үшін. Мысалы, Кельвинді сөйлесейік деп алып шығып, оған өз қолымен жасаған орындық сыйлық ұсынғаны қалай кетті? J Әрі ертегі стильінде өмір сүруді ұнататын Кельвиннің мамасымен (аты неме еді?) зың үйлеседі ғой? «Ғығығығы» дауысының өзі не тұрады оның. Smile 

Р.Ә.: Маған ұнады дедім. Нүкте.

 

Мерей Ермұханов, 

Коллажшы Исабек Жұбаныштың ноутбугы бұзылып қалды.

Пікірлер