• Біздің парақшалар:

Мұхиттағы пианошы туралы аңыз | La leggenda del pianista sull'oceano

Бүгін "Мұхиттағы пианошы туралы аңыз" ("La leggenda del pianista sull'oceano") фильмін талқылаймыз. 

-       Роза Әрен (Р.Ә.) – журналист;

-       Райымбек Егембердиев (Р.Е.) – програмист;

-       Мерей Ермұханов (М.Е.) – медиа-компания қызметкері, аналитик. 


Р.Е.: Актерлік ойын, музыка, операторлық жұмыс жоғары деңгейде. Ол жағынан киноға 10/10 балл қоюға болады. Өткен ғасырлық стильде түсірілуі де – киноның бір ерекше қыры. Өткен ғасыр деп оқиғалар желісін емес, кино түсірілу стилін айтқым келіп отыр. Джаз стилі десем, түсініктірек болар, бірақ мұнда қазіргі заманға үйлестірілген, билеп кетіп өлең айтып кету секілді көріністер жоқ. Ол киноның артықшылығы болмаса, кемшілігі емес.

Сюжет жағынан адамның ішкі жан дүниесін түрткісі келген. Тым сезімге, таңғажайып оқиғаларға толы. Философиялық ойларды да қамтып кеткен. Сол жағынан «кино өзіне тым көп алып қоймаған ба?» деп ойланып қалдым. Өйткені, оқиғалар желісінде режиссер адам өміріне басқаша жақтан көзқарас тастатқысы келді ме немесе музыканың ғажаптығын жеткізгісі келді ме, қай мақсатты қуғандығынан шатасып кетесің. Мүмкін екі бағытты да қуған болар? Қалай десе де, кинодан ойланарлық бір емес, бірнеше азық табуға болады.

Бас кейіпкер музыкалық гений, бірақ сонымен бірге соншалық қарапайым, кіршіксіз. Бар идея соның көзқарасымен ашылған. Әлемді басқа түстермен көреді, қабылдайды. Аса бір қызығып қарайтын персонаж емес, көрерменді жетелеп жүретін персонаж дер едім.

Қатты әсер алдым деп айта алмаймын, киноның басынан оқиға желісі қайда бара жатқаны түсінікті болды. Тек оның қалай баратынын және ол арада қандай оқиғалар болатыны ғана қызықтырып отырды.

Р.Ә.: "Легенда о пианисте" бұл әдемі оқиға, адамды бей-жай қалдырмайтын ертегі сияқты. Бұл жерге тек бір музыканттың өмірі ғана емес, адамның таңдауы, тұрақтылығы, принциптері, музыка әлемі, су мен жер, жалпы, жер бетіндегі тіршілік сыйып кеткендей. Бір кемеге бүтін бір ғасырдың болмысы сыйып тұр (XX ғасыр). Дәл осы ғасырдың басында адамдардың джазға деген іңкәрлігі артты. Фильмде басты кейіпкердің өнеріне ақсүйегі де, қарашасы да сүйсіне қол соғатыны сондықтан деп ойлаймын. Фильм маған әдемі әсер сыйлады. Мұнда айтылатын астарлы, мағыналы диалогтар маған ой салды. "К черту закон!" дейді Лимончиктің әкесі. "К черту правила" дейді Лимончиктің өзі. Осы тұста мен өзіме өзім қанша жерде шектеу қойып, қанша жерде ішкі ережелерімді бұза алмағанымды ойладым. "Неге, неге, неге? Сендер, құрлықта өмір сүретін адамдар, тек осы сұраққа ғана бас қатырасыңдар"! дейді музыкант. Бұл да ойлантты. Ал, оның "құрлықтағы мыңдаған көше мен үй, әйелдің арасынан өзіңе біреуін ғана қалай таңдауға болады?" дегені тура менің миымда жүрген нәрсе еді... Фильмді қарап отырғанда, "Титаник" есіме түсе берді. Ақсүйектердің кешкі басқосулары, қарапайым еңбек адамдарының жұмыс кезіндегі диалогтары, жалпы, фильмнің атмосферасы көз алдыма "Титаникті" әкелді. Фильмнің музыканттың "Дэнни Будманн Т. Д. Лемон 1900" деген атынан бастап, еріксіз жымитатын тұстары көп. Пианист трубачпен бірге рояльде отырып, сырғанайтын тұсы шындыққа жанасымсыз болса да, әсерлі деп ойлаймын. Режиссер Торнаторе өзі де пианиноның тілін білгендіктен, музыкалық драманы жақсы түсірген деп есептеймін. Заманымыздың ғаламат композиторы Э. Морикконе таңдаған әуендерге басымды идім. Актерлердің ойыны ұнады. Бұл бір адамның өмірі арқылы бір ғасырды көрсете алатын, шын мәнінде сапалы КИНО, нағыз өнер туындысы деп ойлаймын. Мен музыканы жақсы көретін болғандықтан, өмірімде бір рет болса да круизге аттануды армандайтықтан, италиялық киноны бағалайтындықтан да, фильм маған ұнаған болар. Бірақ, ең бастысы бұл фильм мені ОЙЛАНДЫРДЫ. Лимончиктің Отаны, отбасы, туған күні жоқ. Ол туралы оқиғаға ешкім сенбейді (осылай басталды фильм). Оның пианинода ойнауды қалай үйренгені де көрсетілмейді. Ерте ме, кеш пе, кез келген оқиға аяқталады: ең соңында пианист кемеде қалады. Оқиға шындықтан гөрі ертегіге көбірек ұқсаса да, осындай бір ғажайыпқа сенгің келеді екен... Лимончик соңында айтушы еді ғой: аспаннан да рояль табылатын шығар деп. Кинодан соң әсерленгенім соншалық, әлеуметтік желідегі парақшама "На небесах есть рояль, 1900-ый?" деп жазып қойдым.

М.Е.: Фильмді қайта көріп шықтым. Тамаша кино! 

Сценарий тереңдігі мен қиял шексіздігіне қалпағымды шештім.
Италиялық режиссерлерде ретро-стильде түсіру әдеті бар. Жаңашылдық үрдістің сиректігі операторлық жұмыстан да байқалады. Қазіргі көрермен тек сюжетке қарамайтынын ескерсек, көңілдің пернесін дөп баспауы да мүмкін.
Естелік кадрлар мен қазіргі баяндау тұстарын байланыстыру орынды, қызық.
Актерлер ойыны жақсы, бірақ эпизодтық рөлдегі от жағушылардың, қызметкерлердің ойыны сыр берді. 

Тим Роттың карьерасында бұдан терең рөл болмаған сияқты. Дегенмен, кейбір сөздерді мүлде білмейтін шектеулі әлем кейіпкері соңында үлкен пәлсапалық ой айтқаны екіұдай секілді. 
Баяндаған тағылымы да түсінікті және интригалы. 

Сюжет, сценарий... тілім байланып қалады. Ғажап қой.

Р.Ә.: Мерей, хм, сіздің де тіліңіз байланып қалатын кез болады екен-ау! #явшоке

М.Е.: Маған ерекше ұнаған нәрсе – фильмнің сценарийі. Дегенмен, мен кейіпкерді идеал көрмес едім. Өйткені, ол өзі шектеулі жан. Мен оны үлкен әлем үшін, жер үшін жаралмаған, шағын ғана шеңбердің адамы деп айтар едім. Сорри!

Р.Ә.: Райымбек мырза, сенің фильм өзіне көп алды дегеніңмен келісе алмаспын. Өйткені, фильм музыканың ғажаптығын тағы бір мәрте дәлелдеп, сонымен қатар, адамдарға ой салып тұр. Қазір жылына мыңдаған кино прокатқа шығады. Пәленбай теңге төлеп, оған барасың. Миың режиссер Ермек Тұрсынов айтпақшы, 1,5- 2 сағат бойы істен шығады. Кинодан шыққасын, көбіне не көргеніңді тез-ақ ұмытып қаласың. Ал, мынадай фильмді ұмыту қиындау. Бұл - нағыз шедевр.

Р.Е: Менің пікірімнің киноны ұмытып кетуге қатысы жоқтығына назар аударсаңыз, Роза ханым. Мен де оны жоғары бағалап отырмын. Бірақ шексіз әсер алдым деу тым өтірік болар еді, кино бірақ солай десін деп түсірілген. Солай деңдерші деп тұр. Кейін кино ештеңені де дәлелдемейді, ол тек ертегі айтқан сияқты оқиғаны баяндап беріп отыр.

Иә, көптеген жәй қарапайым кинолардан жоғары тұр.

Р.Ә.: Кино солай деңдерші деп тұр?

Р.Е.: Иә, кино солай деңдерші деп тұр. Меніңше, бір кинода бірнеше кісінің өмірбаяны, бірнеше сюжет қосылып кеткендей болып тұр. Оның балалық шағы, әкесінің, капитанның, музыкант досының қасында жүрген кезі... Киноның өзі екі-үш бөлікке бөлініп-бөлініп тұр.

Р.Ә.: Сіз үшін идеал, шедевр киноның сипаты қандай сонда?

М.Е.: Идеал, шедевр кино жоқ!

Р.Ә.: Мерей, "таяқтың екі ұшы бар" демекші (хаха, боян), пианисті тар шеңбердің адамы деп те, өз принциптеріне адал адам деп те айтуға болады деп ойлаймын. Ол жағалауға шықса, көптің бірі боп қалт-құлт етіп болса да, өмір сүрер еді...

Негізі, финалда режиссер бүкіл картаны ашып тастады. Анау трубач досы кемеге іздеп келгенде, ол шықпай-ақ қойса қызық болар ма еді? Қайда екенін білмей, көрермен іштей өзі шешімін ойлайды. Бәлкім, жағаға шықты, бәлкім, анау қызбен қосылды, бәлкім, баяғыда көз жұмды?

М.Е.: Иә, ендеше бұны фильмнің кемшілігі деп, жо, кемшілігі деп емес, ерекшелігі деуге болатын шығар...

1900-дің жағалауға шығатын мүмкіндігі бола тұрып, саты үстінде тұрып, кемеге қайта бұрылып кеткені – бұл да бір сюжеттің қызық тұсы. Дегенмен, оның жерге түспегені маған ұнамады. Сары шашты қыз үшін тәуекелге баруына болатын еді. Бірақ, фильм сценарийінің ерекшелігі де сонда.

Дегенмен, киноның елітетін тұстары да болды: пианист үшінші дәрежелі әйелдердің каютасына кіріп, қатарлардың арасынан сары қызды іздеген кезде мен де елеңдеп, басымды оңға-солға бұрып, кейіпкермен бірге қызды іздедім. Режиссер басты кейіпкердің де ет пен сүйектен жаралған пенде екенін, оған да сезім жат емес екенін көрсеткен. Құрығанда, оның гей немесе асексуал емес екенін көрсеткен. Жалпы, махаббат сезімі бар екен...

Дегенмен, ол соңына дейін бармады. Мүмкін, музыка, мүмкін мұхитқа деген махаббаты биік болғандықтан шығар. Қызық, ерекше сюжет, ерекше! Ұнады.

Р.Ә.: Қалқам!

М.Е.: Оу?

Р.Ә.: Ол анау қызды іздеген тұсында елегізіп отырсаңыз, шөп еткізіп сүйген тұсында тамсанып қалған шығарсыз?)))

Меніңше, оның қызбен қосылмағаны жақсы болды.

Р.Е: Теңізге деген махаббаты бар болса, бар шығар. Бірақ, монетаның екінші жағы да бар ғой. Бұл жерде ол – пианистің қорқақтығы. Көп адам өзінің қорқақтығын сезіммен жасырғысы келеді. Мүмкін, пианист просто қорқып, артқа қайтып кеткен шығар? Кім біледі? Өмірбақи кемеде тұрып, құрлыққа шығу деген психологиялық жағынан қиын нәрсе ғой. Пианист өз сенімсіздігін жеңіп, жерге түскенде, сюжет бұдан да қызық болар ма еді? Кейіпкер бұл кезде көрерменге мүлдем басқа қырынан танылып...

М.Е.: Иә, айттым ғой, сол себепті шектеулі. Джазды ойлап тапқан музыкантпен сайысқа түсіп, оны қиналмай-ақ ұтқан адам басқа шешімдерді қабылдауға келгенде жүрексінеді.

Р.Ә.: Райымбек, фильмнің бірнеше бөліктің қосындысы сияқты көрінуін қалыпты нәрсе деп қабылдаймын.

Мерей, от жағушылардың ойыны несімен ұнамады? Ойларыңды аудиоға жазбай, жаза салыңдаршы, еу! Кім түсіріп отырады мұның бәрін ертең?

М.Е.: Жай ғана ұнамайды. Әуесқойлықтың исі аңқып тұр.

М.Е.: Жаза салыңдаршы деп қояды. Өткенде бәрін аудиожазбамен ұрдыңдар ғой. Мен соны еңбектеніп жаздым. Ха, ақылдысын қарай гөр!

Р.Е.: Розаның «кино музыканың ғажаптығын дәлелдейді» деген сөзіне орай пікір айтсам деп едім. Дәл мына кино оны дәлелдей алмайды. Пианистің джаз королімен жарысқан кезіндегі қолының жылдам қимылын арнайы эффектілер арқылы көрсеткен. Яғни, ол дәлелдеп тұрған жоқ, айтып тұр. Кино мұны дәлелдеуі үшін шын мәнінде гений адамды іздеп тауып, соны түсіруі керек еді.

М.Е.: Маған оқиғаны баяндаушы Макстың рөлі ерекше көрінді. Мұндағы негізгі желіні алып жүрген – сол азамат. Тіпті, басты кейіпкерге де әсері болды. Мына жақта шалмен сырласып, оқиғаны бастан-аяқ баяндап отырған да – сол.

Р.Ә.: Ендеше, сол азаматқа алғыс айтайық деп қой!)))

Жігіттер, өмірде барлық нәрсені қиратып кеп, ал қызға сезім білдіруге келгенде тежегіш бола қалатын ер-азаматтар кездеседі. Пианист - солардың бірі.

Р.Е.: Дәл мына жерде пианист қызға келгенде тежеліп қалған жоқ. Ол жерге түсерде ғана тежелді. Өзінің қорқақтығы оны ұстап қалды.

М.Е.: Роза, ондай ер-азаматтар көп. Қызға сезім білдіруге келгенде тежелу – ер-азаматқа тән нәрсе. Бір адамға деген сезіміңді мойындау оңай нәрсе емес қой. Хотя, хотя, мен вполне себе жасай бергем оны деп қойсаң, ә? Ешқашан отказ алып көрмегем деп айтжіверсем)))

Р.Е.: Ұрысайық та!

Р.Ә.: Мерей, понтты кез келген жерге қосып қалуды доғарайық!
Райымбек, сенің пікірлеріңді бүгін жұлмаламаймын деп шештім. Сондықтан, ұрыспаймыз.

М.Е.: М-м-музыка! Музыка жайлы бір ауыз пікірлессек. Мысалы, адамдардың барлығы тәнті болатындай (біреудің басындағы паригі, біреудің аузындағы темекісі түсіп, жұрттың бәрі билеп кететіндей) ерекше музыканы байқай алмадық. Бұл, әрине, біздің проблемамыз. Өйткені, біз ол музыканы түсінбейміз.

Понт. Кейбір адамдар мен айтқан көп нәрсені понт деп санайды. Ал, мен оны объективтілік деп есептеймін. Яғни, бұл – мен үшін қалыпты факт.

Р.Ә.: Мерей, ар жағыңдағы тв даусын жай қойсаң. (теледидардың үні өшті)

Енді сөйлей берсем болады. Музыка ғажап! Оны ұқпай отырсақ – біздің проблемамыз. Осы фильмге музыка жазған, биыл сексеннен асқан шағында үздік музыкасы үшін "Оскар" алған Эннио Морикконенің шығармашылығын уикипедиядан оқып алыңыздар!

Р.Е.: Музыканы уикипедия арқылы бағалағым келмейді. Ол «Оскар» тұрмақ, басқа нәрсе алса да, жүрегімді тербемесе, басқа адамдар талып жатса да, оны шедевр демес едім.

Маған тағы бір ұнамаған тұсы – басты кейіпкердің рояльді қалай үйренгені туралы көрсетілмегені. «Алпамыс үш сағатта жүріп, 8 сағатта атқа мінді» деген сияқты ғой.

М.Е.: Фильм соңында пианистің қайда қалғаны белгісіз боп аяқталса, бұл фильмнің жалғасын түсіруге мүмкіндік берер еді.

Роза, музыканы ұқпай отырғанымыз – біздің өз проблемамыз. Бұл сөзді мен айттым. Қайталамаңыз!

Р.Ә.: Пианист рояльде ойнауды ғажайып құдіреттің көмегімен үйренді.

М.Е.: Ғажайып құдірет, ғажайып құдірет! В принципе,  киноның өзі ертек болғасын ол детальға көз жұма қарау керек шығар. Бірақ, жоқ! Желі болуы керек! Ғажайып құдірет деген – чушь! 

Райымбекке қосылам, оның қалай пианист болғанын ұзақ-сонар баяндаудың бізге қажеті шамалы еді. Шағын бір сюжет арқылы болса да, көрсетуі тиіс, рояльмен байланысты осындай бір элемент жетпей қалды.

Р.Ә.: Сонымен, аспанда рояль бар ма, жігіттер? Қанша бал қоясыңдар?

Р.Е.:  Менің бағам 8, бар айтарымды айтқан сияқтымын.

М.Е.: 9 қойдым.

Р.Ә: Мен 8,5 бал қоямын. Пианистің жағалауға шықпай қалуын қорқақтық деп емес, өз махаббатына (теңіз, кемедегі өмір, музыка) тұрақтылығы деп бағалаймын. Ал, оның рояльді қалай үйренгенін көрсетуге тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Фильмде жалпы айтылар ойлар мен негізгі идеяның жанында ол түкке тұрғысыз деталь деп ойлаймын. Осымен талқылау аяқталды.

Болды, ештеңе жазбаңдар! Мұның бәрін диктофоннан түсіріп отыруға төзімім жетпейді.

М.Е.: аузын ашқан смайл

Мына коммент те косылсын: :v

Р.Ә.: Тегі бүгін тоқтамай сайрадыңыздар ғой, тотықұстар! Жалпы, менің кино таңдауда талғамым ғажап екен, ә? Бұған не дейсіздер, тілі байланғандар мен байлануға шақ қалғандар!

М.Е.: Тілім байланды дегенде... Өзіме сюжет қатты ұнағанын солай білдіргім келді. Хех...

 

Бұдан әрі «Даниярдың тойына кім барады?» деген сұрақ кетті. Әрине, оның фильмге қатысы жоқ.

Пікірлер

  • М.Е жақсы дилетант былай, ұсыныс алдағы уақытта қысқа сериалдарды талқылауды ұсынамын