• Біздің парақшалар:

ОҚА: Ортақ қауіпсіз аймақ | J.S.A.: Joint Security Area

Бүгінгі талқыланатын фильм - Оңтүстік Кореяның танымал режиссері Пак Чхан-ук түсірген "ОҚА: Ортақ қауіпсіз аймақ" ("J.S.A.: Joint Security Area"), орыс тілді ортада "Объединенная зона безопасности" деген атаумен белгілі әскери драма. Атауына қарап шошымаңыз, корейшесі тіптен қорқынышты - Gongdong gyeongbi guyeok JSA (공동경비구역JSA). Дилентанттар бұл кинокартина туралы не дейді екен?

-       Роза Әрен (Р.Ә.) – журналист;

-       Райымбек Егембердиев (Р.Е.) – програмист;

-       Мерей Ермұханов (М.Е.) – медиа-компания қызметкері, аналитик. 

Р.Е.:

Қыруар кино көріп тастаған соң, бір-біріне ұқсас экшен жанрдағы немесе эффектілерге толы фантастикалар жұпыны сюжеттерімен адамды жалықтырады екен. Ендігі кезекте тек сюжеті адамның басында бірнеше нұсқа пайда қылып, қай нұсқа дұрыс келетінін ойландырып тастайтын немесе керісінше барлығы айқын секілді басталып кейін миды астаң-кестең қылатын кинолардың ғана қызығы қалған сияқты. Яғни, арт-хаус элементтері бар кинолар. "Объединенная зона безопасности" фильмі дәл сондай кішігірім арт-хаус элементтері бар және онымен бірге, детективтік, тарихи кино екен. Ең қызығы киноны "детективтік" немесе "аянышты мелодрама" деп нақ басып айту қиын. Түсіну үшін тек көру керек.

Көтерген мәселесі де осал емес, өткен ғасырда екіге бөлінген корей халқы туралы. Оқиға да шекара маңында өтеді. Кореяның бөлінудегі мәселесін кішігірім шекаралық посттағы оқиғаман толығымен жеткізіп бергендей. Қарапайым халықтың тек үлкен саясаттың көлеңкесінде екенін айқын ұғындырған. Қандас бауырлар, бір-біріне ешқалай жау емес екендігін айқын сезінсе де, қызметінен асып кете алмайды.

Киноның түсірілу сапасы әлсіздеу болып көрінуі мүмкін, бірақ осыдан 16 жыл алдын шыққан фильм үшін оның өзі жоғары деңгей және қазіргі шығып жатқан кинолардан еш қалысар жері жоқ. Актерлардың ойындары да өз деңгейінде, қалыптасып қалған корей стилінде. Ал кейіпкерлер, киноның ең мықты жері. Кинода айқын 5 кейіпкер көреміз. Әрқайсысына жеке талқылап, жеке тоқталуға болады. Ал олай талқылауға мәжбүрлейтін киноның басты оқиғасы, қанды оқиға.

Р.Ә.:

"Объединенная зона безопасности" фильмі маған ұнады. Несімен? Фильмдегі гуманизм! Атыс-шабысты былай қоя тұралық, жалпы, киноның көтерген тақырыбы өте маңызды деп ойлаймын. Қазақ "қанына тартпағанның қары сынсын" дейді ғой. Қаны бір, талай ғасырлар бойы мақсат-мүддесі ортақ боп келген елдің екіге бөлініп, бір-бірімен жауласуын мен ешқашан түсінген емеспін. Ал, мына фильмнен біз жылт еткен жылулықты көрдік. Егер, саясат болмаса, қарапайым адамдардың бір-бірімен достасуға, қайта қауышуға кетәрі емес екенін көрдік. Негізінде, "оңтүстік Кореяның біраз тұрғындары солтүстік Кореямен қайта қосылуға ықыласты" деген ақпарды бір жерден оқығанмын. Кім біліпті? Маған фильмде ерекше ұнаған кейіпкер - старшина О. Оның чокопай шоколадын қомағайлана жеген сәті көз алдыма келсе, еріксіз езу тартамын. Оның қасында күшігін құшақтап, елпектеп жүгіріп жүрген Чой солдаттың образы да біртүрлі сүйкімді, біртүрлі жақын образ. Ал, Ли алғашқыда ұнап еді, ең соңында ұнамай қалды. Рөлін алып шыққаны емес, фильмдегі әрекетін айтам. Жалпы, қазір Кореяның екіге бөлінгенінен де бейхабар жандар болса, таңғалмаймын. Сондықтан, бұл фильм көрерменнің саяси сауатын ашады деп ойлаймын. Өз басым осы фильмнен "демилитарлық зона" дегеннің не екенін біліп қалдым. Фильм адамды зеріктірмейді, бірден қызық басталады. Кезінде касса жинаған, пәлен апта алғашқы орында тұрған фильм екен. Оның үстіне, Тарантино оны 1992 жылдан бері түсірілген үздік 20 киноның қатарына қосыпты. Тарантинодан қалам ба, мен де фильмге жоғары баға берем.

М.Е.:

"...Бастысы, байсалдылық пен салқынқандылық...". Фильм - бір шағын аймақта терең кино жасаудың тамаша үлгісі.

Сюжеттік линия бір оқиғаның бірнеше версиясын көрсетеді. Ең соңында ғана ақиқат нұсқасы көрсетіледі. Міне, көрерменді қармақта ұстау деген осы. Қызық мазмұн, қарапайым диалогтар, сұлу қыз! Өте сұлу кәріс аруы!

Төрт жауынгер - төрт түрлі мінез. Бірақ бәрі патриот. Бәрі өз идеологиясына берік.

Ойлана келе, бұл фильмде теріс кейіпкерлер жоқ деп шештім. Қаһармандардың шытырман, шиеленіс сәттегі әрекеті - ең қисынды, ең дұрыс әрекет. Басқаша қалай болуы мүмкін? Сіз өзіңізді қалай ұстар едіңіз?

Оңтүстік Кореялық режиссердің, авторлардың Солтүстікті сұмпайы қып көрсетуге тырыспағаны ұнады. Тіпті, іс жүзінде адамшылықтың үлкенін О жолдас жасамай ма?

Қос Кореяның бірлігі идеясын локальды оқиға негізінде көрсеткені үшін жоғары бағалаймын.

-----------------------------------------------------------------------------

М.Е.:

- Ал, жақсы, бастайық

Р.Е.:

- Пікірлер тек қана мақтау болғандықтан, пікірталаста негатив, нашар тұстарын қарастырып көрейік. Маған, бірінші көзге түскені, корей кинолардың ерекшелігі, бір тәлпіштік байқалады. Мүмкін көп корей киноларын көрген соң үйреніп кеткен шығармыз, бірақ мынандай байсалды тақырыпты қозғаған кинода солар артық болған шығар? Мүмкін, оларсыз да, басқаша көңілді қойылымдар жасауға болар ма еді? Басқаша, бір сөзбен айтқанда, сол жерлерде сериалдың иісі аңқиды.

Р.Ә.:

- Қай жерде? Бір-бірінің бетіне түкіргенде ме? Ол жерден ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын.

Р.Е.:

- Мен онша түсіндіре алмадым ба, мысалы, минаны басып тұрған сәтінде О мен Чой кетіп бара жатқанында Лидің жылағаны, төртеуі отырғандағы Чойдың силығы деген сияқты, ұсақ-түйек нәрселер.

Р.Ә.:

- Ал, мен Софи сұлудың тергеуін көріп, ішім пысты

Р.Е.:

- Неге? Әжептеуірім тергеген сияқты, әсіресе, жымиып қойған жерлері өтті маған :)  Софи ханыма тиіспеңіз)

Р.Ә.:

- Білмеймін, суық, бірсарынды

Р.Е.:

- Енді тергеуші деген сол емес па, шындыққа жеткісі келді, ол үшін керек жерде суық болды, керек жерде күлді

Р.Ә.:

- Фильм 2000 жыл үшін керемет жетістік шығар, қазір түсірілсе, дәл солай аудитория жинамас еді. Әлсіздеу триллер ғой қазіргі көзқараспен

М.Е.:

- Кино жұп-жұмыр. Яғни, артығы жоқ, кемі жоқ. Мен өте жоғары бағалаймын бұл фильмді. Себебі, глобальді мәселе локальді дүниелермен көрсетілу бұл асқан шеберлік. Үлкен-үлкен соғыстар, саясаткерлердің өзара әңгімесі, елдердің қиналып, азап шегіп жатқаны секілді оқиғалар болған жоқ.

Р.Е.:

- Әлсіздігі, тек сапа жағында деп білемін, былай ой жағынан ешқалай да әлсіз емес, қайтаға қазіргі көптеген мусорлардың ішінде жалтырап тұр

М.Е.:

- Кәрістердің бір ерекшелігін қараңыз, олар басты рольге, келіншекке кәріс ұлтының өкілін тауып алып тұр. Бірақ, оны қалай келтіріп тұр, негізі сценарий бойынша басты рольдегі адам, өзге ұлттың өкілі болуы керек. Енді жалпылайтын болсақ швейцариялық болуы керек. Сол кәріс қызының әкесін кәріс, шешесін швейцариялық қылып байланыстырып әкеліп тұрғанын қарасаңызшы, тіпті осындай ұлттық кино түсіруде олар өте бір нәзік түрде кәріс қызды басты рольге қойып тұр.

- Фильмнің кемшіліктерінің ішінде, бірінші рет және бір рет қана көрген адамға моменттердің түсініксіз болып қалу ықтималдығы бар. Яғни, кәрістердің қысқа аттарының өзін, кімнің есімі кімдікі екенін жаттап алмасаң және алғаш көрсетілген нұсқаларына имандай сеніп отырсаң, онда жігіттің жарақат алып шығуының қай нұсқасы шындық екенін соңына дейін түсінбей отыруың мүмкін. Фильмнің артықшылығы да сонда, оңай жаңылысып қалуға болады, орта есептегі көрермен сюжетті толық түсінбей қалуы мүмкін.

Р.Е.:

- Иә, кәріс атаулары кемшілік шығар, Джеки Чан, Брюс Ли, Джет Ли деп актерлардың ағылшын аттар тағып алғандары да содан.

М.Е.:

- Иә, айтқандай, Роза, сен бірдеңе түсінбей қалып едің ғой ә? (ыржалақтап күліп)

Р.Ә.:

- Сіздер дәл сол сәтте “волейболға барайық, волейболға барайық” деп қайта-қайта хат жазып жатқандықтан, фильмді бірнеше рет бөліп-бөліп қөруіме тура келді. Сондықтан түсінбей қалдым. Әйтпесе, мен деңгейлі көрерменмін.

- Жұп-жұмыр фильм екенін жүз рет айтпайтын шығармыз. Барлығы ұнағанымен де, қатты бір аузымды ашып, көзімді жұмып тамсанып қалған жоқпын. Маған қыздың жүргізген тергеуі аса бір қызықты болып көрінген жоқ. Оның қасында сарбаздардың арасындағы таныстық, эмоционалдық бояулардың жетегінде кетіп отырдым. Бір ұлттың өкілдері бір-біріне қарсы, бір-біріне жау, менің миымда осы нәрсе тұрды. Саясаттың, идеологияның құрбандары, ал өз араларында достасуға кетәрі емес. Қыздың ролінде тағы бір ерекшеліктер болуы керек еді деп ойлаймын. Енді мен сын айтып отырмын дегенмен де, фильмде бір нәрсе жетіспейтін сияқты, сондықтан да 10 балдан 10 қоймаймын бұл фильмге. Бірақ не нәрсе жетіспейтінін дөп басып айта алмаймын.

М.Е.:

- Бір нәрсе жетіспейтіндей болып тұрады дейсің, мүмкін сен үшін көздерінің көлемі кіші болып тұрған шығар?

Р.Е.:

- Кинолардың қатты тамсандыруы міндетті емес. Үшеумізге де ой салып тастады, киноның басты мақсаты сол. Сол мақсатты 100% орындап тұр.

М.Е.:

- Мына бір нюанстарды атап өтер едім. Бірінші кезекте олар әскери норманы бұзып отыр. Яғни, қандай жағдай болмасын, не дұрыс болып моральдық тұрғыда жөн саналса да, олар бұйрықтың орындалуын соңына дейін шыдауы керек. Дегенмен, мұндай адамдық нюанстар болғанын атап өту керек, яғни, Лиді құтқарып қалғандығы, адамдар жақындасқаннан кейін шынымен де дос болып бара жатқандығымен, олар патриот күйінде қалады. Екі жақ та түптің түбінде бұлар біздің режимге өтіп қалар ма екен деген ойда болды. “Сен біздің жаққа өткің келе ме?” деп сұрайтын диалог болады, сол кезде солтүстік Корея сарбазы оңтүстік Кореялық берген чокопайын аузынан шығарады да “Мен біздің елде бұдан артық чокопайды жасайтын күнді армандаймын” деп өзінің еліне патриоттығын білдіреді, бірақ печениені аузына қайта салады да “Ал әзірге осыны жеуге тура келеді” дейді.

- Екінші шиеленіскен тұсы адамның психологиясы, адамның табиғаты сондай екені көрінеді. Олар алдын ала әзірленіп қойған құйтырқы әрекет деп ойлайды. Мысалы, оңтүстік Кореялық әскерлер солтүстік кореялық кіріп келгенінде жаңа ғана дос болып тұрғанына қарамай, жарақаттауға, тіпті атуға дейін барады. Егер солтүстік Кореялық соның орнында болса дәл солай әрекет етер еді. Оны фильмнің соңында өзі де айтып өтеді. Осындай адамның табиғатын көрсететін тұстары өте көп. Сондықтан, мен үшін барлық жасаған әрекеттері қисынды, фантастика ештеңе жоқ. Мен де шын өмірде солай жасар едім.

- Кемшілігі, Шерлок Холмс синдромы секілді бір нәрселерді дәлелдеп, зерттеу жүргізіп, оқтардың саны немесе суретке байланысты немесе сол қылмыс орнындағы зерттеулерге байланысты дәлелдер келтіргенде бір толыққандылық жетпейтіндей болып көрінеді. Соңына дейін шайнап беріп, алдыңа әкеліп беріп бас изететіндей әсер қалдырмайды. Сондықтан, осындай моменттері кішкене кемшіл деп ойлаймын.

Р.Ә.:

- Мерей, тергеушіге қатысты пікірің менің ойыма ұқсас екен

Р.Е.:

- Оған, менің де қосатыным бар, олай Шерлок Холмс сияқты болып кетуі, көрерменнің назарын аудару болуы мүмкін. Көрермен ретінде шытырман ойластырып іздеп кетесің. Ол жағы да бар, сондықтан оны кемшілік жағына қосу өте спорлы момент.

Р.Ә.:

- Сұлулығына сынғандарың да жөн шығар. Дегенмен, майор қыздың іс-қимылын одан да қанық етуге болар еді

Р.Е.:

- Былай айтарымыз осы ғана сияқты, егер айтар болмаса, пікірталасты аяқтайық

М.Е.:

- Сонымен, алдыңғы талқылаған фильмдерге қойған бағаларды салдарлы және қисынды түрде ескеріп, сол бір ізді ілікті жалғайтын болсақ, онда 7,5 бал қоямын.

Р.Ә.:

- Менен 8 бал. Аттым!

Р.Е.:

- Кино мықты, көрген киноларымның ішінде жоғары сатыда тұратын біреуі болды деп есептеймін, сондықтан - 8,5.

Пікірлер