• Біздің парақшалар:

Үмітті ақтамаған актерлер (2 бөлім)

Жыл сайын Голливудтан жаңа жұлдыздар жарқырап шығып жатады. Бірақ киноиндустрияға келгеннің бәрінің жолы болып кетеді деп тұжырым жасауға тағы болмайды. Режиссер мен продюсердің көңілінен шықпаса, кез-келген актер шеберлігі мен көркіне қарамастан төмен құлдырауы мүмкін. Сонымен, үмітті ақтамаған Голливуд жұлдыздары.

Жалғасы

Джош Хартнетт

«Pearl Harbor» фильмінен кадр

Оның кинодағы дебюті 1998 жылғы «Хэллоуин: 20 жылдан кейін» («Halloween H20: 20 Years Later») хоррорынан басталған еді. Одан кейін Роберт Родригестің «Факультет» («The Faculty»), София Копполаның «Өзіне қол жұмсаушы қыздар» («The Virgin Suicides») фильмдерінде басты рөлдерге ие болады. Актерлік жолға енді келе бастаған жас жігіт үшін бұл өте үлкен жетістік еді. Майкл Бэйдің «Перл-Харбор» («Pearl Harbor») блокбастері оның танымалдығын тағы бір сатыға көтеріп тастайды. Одан кейін бірнеше хит-фильмдерде басты рөлдерді сомдады. Джош Хартнетт карьерасына тұзақ болған «Қара нарғызгүл» («The Black Dahlia») қылмыстық драмасы дейді. Прокатта жолы болмаған осы картинадан кейін актер де жоба таңдауға көп қателіктерге ұрынған секілді. Қазір оны үлкен кинодан көруден қалдық. Осы күндері «Арзанқол шығарма» («Penny Dreadful») сериалында ойнап жүр. 

Джессика Альба

«Honey» фильмінен кадр

Түрлі телесериалдарда көрініп қалып жүрген Джессиканың нағыз бағы жанған шақ Джеймс Кэмеронмен әріптестік орнатқан кезі еді. Кэмерон «Қара періште» («Dark Angel») фантастикалық сериалына басты актриса іздеп жүріп, дәл осы қызды лайықты деп таниды. Шоу екі маусымға ғана созылды, есесіне Джессикаға «Алтын глобус» номинациясын алып берді. «Сүйкімді» («Honey»), «Күнәлар қаласы» («Sin City»), «Фантастикалық төрттік» («Fantastic Four») – оған ұсынылған рөлдер деңгейі уақыт сайын жоғарылап отырды. Өз шығынын ақтай алмаған «Махаббат ұстазы» («The Love Guru») актрисаның карьерасына кәдімгідей нұқсан келтірген тәрізді. Қазір Альбаны төменгі дәрежелі кинодан көруге болады.

Тейлор Лотнер

«The Twilight Saga» фильмінен кадр

Тейлор Лотнерді супержұлдыз еткен, әрине, «Ымырт» вампирлер сагасы. Бірақ сол кездің өзінде-ақ режиссердің көңілінен шыға қоймапты. Сыншылар оны өз заманының ең нашар актерлерінің бірі деп те атаған екен. «Ұрланушы» («Abduction») боевигінде басты рөлге ие болғанымен, бұл оған жетістік алып бермеді. Осы фильмнен кейін оның экраннан көрінуі сиреп кетті. Десек те, әлі жас екенін ескеріп, болашақта бұрынғы даңқын қайтарып алады деген үміт әлі де жоқ емес.

Джессика Бил

«Blade: Trinity» фильмінен кадр

Джессика Бил бала кезінен бері өнерге жақын болды: мектеп жасынан бері ән салып, театр сахналарына шығып жүрді. «Жетінші аспан» («7th Heaven») теледрамасынан кейін режиссерлердің назарына іліккен еді. «Техастағы бензин арамен болған қырғын» («The Texas Chainsaw Massacre»), «Блэйд: Үштік» («Blade: Trinity») блокбастерлерінен кейін оның танымалдылығы арта түсті. Сөйтіп Нил Бергердің «Иллюзионист» («The Illusionist») картинасында негізгі рөлдердің бірін сомдады. Бірақ оған деген сұраныс жеңіл романтикалық комедиясымақтар мен сәтсіз ремейктерден кейін азайды дейді. Оны негізгі рөлдерімен көре алмай жүргенімізге талай жыл өтті.

Блейк Лайвли

«Savages» фильмінен кадр

Блейк Лайвли өзгелер секілді бірден сериал арқылы танылған жоқ, тіпті бәрі керісінше болды. «Саяхат шалбары бауырластығы» («The Sisterhood of the Traveling Pants»), «Қабылданды» («Accepted») секілді жастарға арналған картиналардан кейін «Өсекші қыз» («Gossip Girl») телесериалында басты рөлге ие болды. Осыдан кейін оның болашағы туралы жақсы болжамдар айтылып еді. Суперқаһарманға арналған «Жасыл шырақ» («Green Lantern»), Оливер Стоунның «Жабайылар» («Savages») фильмдерінің сәтсіздіктері актрисаның еңбек жолына да кәдімгідей әсер етті. Егер алдағы кинокартиналары үлкен жетістік алып бермесе, Лайвлиге бірінші дәрежелі актриса орнын босатуға тура келетін шығар.

 

Жалғасы бар...

Сабақтас материалдар:

1. Үмітті ақтамаған актерлер (1 бөлім)

 

Материалдың түпнұсқасы: film.ru

Пікірлер