• Біздің парақшалар:

"Star Wars" әлемі

Қазақша дубляждаушылардың арқасында «Жұлдызды соғыстар» деп қателеу аударылған франшиза араға он жыл салып жетінші толықметражды көркем фильмін прокатқа дайындап жатыр. 

«Star Wars»Джордж Лукас ойлап тапқан, культқа айналған фантастикалық сага, оның құрамына 7 кинофильм, анимациялық сериалдар, мультфильмдер, кітаптар, комикстар және видеоойындар кіреді – бұлардың барлығы бір сюжеттік желіге тоғыстырылған және ондағы оқиғалардың барлығы аттас фантастикалық әлемде өрбиді. Қазақша аударсақ «Жұлдыздар соғысы» деген мағына береді. Бірақ оқырмандарды шатастырмау үшін қазақша дубляждау кезінде бекітілген ресми атауын қолданатын боламыз, яғни «Жұлдызды соғыстар». 

Алғашқы фильм «Star Wars» деген атаумен 1977 жылы 25 мамырда жарық көрді. Фильм үлкен кассалық жетістікке жетті, тіпті сол кезде банкрот алдында тұрған «20th Century Fox» компаниясын құтқарып қалуға сеп болыпты. Кейін – 1980 және 1983 жылдары екі жалғасы жарық көрді. 

Арада 20 жыл өткен соң, 1997 жылы трилогия қайтадан өңделіп, компьютерлік арнайы эффектілер қосылды және өңделген нұсқамен қайтадан прокатқа шықты. 

Тоқсаныншы жылдар соңында жаңа трилогия жасалатыны белгілі болады. Сөйтіп 1999, 2002, 2005 жылдары жаңа трилогия жарық көрді. Бұларда түпнұсқа трилогияға дейінгі оқиғалар баяндалады, сәйкесінше «І эпизод», «ІІ эпизод», «ІІІ эпизод» деп аталды, ал бұрын шыққан үш фильм «IV эпизод», «эпизод», «VI эпизод» деп өзгертілді. 

Негізі «Star Wars» хикаясы фильмге дейін пайда болған. 1976 жылы А.Д. Фостер мен Джордж Лукастың авторлығымен аттас кітап жарық көрген еді. Продюсерлер фильм прокатта жолы болмай қалады деп қорқып, халықтың реакциясын байқау үшін кітапты ертерек шығарады. 1977 жылы Бүкіләлемдік ғылыми фантастика қоғамдастығында Джордж Лукас осы романы үшін «Хьюго» арнайы сыйлығын алды. 

2012 жылы жетінші эпизод шығады деп мәлімделді. Жетінші бөлімді қазақстандықтар 2015 жылы 17 желтоқсаннан бастап көре алады. Одан кейін 8-ші және 9-шы эпизодтар жоспарланған, яғни тағы бір трилогияға жол ашық. Бұлардан бөлек танымал кейіпкерлерге арналған 3 жеке фильм (спин-офф) қойылады делініп отыр.  

Түпнұсқа трилогия: 

1977 - Жұлдызды соғыстар. IV эпизод: Жаңа үмітStar Wars. Episode IV: A New Hope

1980 - Жұлдызды соғыстар. V эпизод - Империя кері соққы бередіStar Wars. Episode V: The Empire Strikes Back

1983 - Жұлдызды соғыстар. VI эпизод - Джедайдың оралуыStar Wars. Episode VI: Return of the Jedi

Трилогия-приквел:

1999 - Жұлдызды соғыстар: I эпизод - Жасырын қатерStar Wars: Episode I - The Phantom Menace

2002 - Жұлдызды соғыстар: II эпизод - Клондардың шабуылыStar Wars: Episode II - Attack of the Clones

2005 - Жұлдызды соғыстар: III эпизод: Ситхтардың кегіStar Wars: Episode III - Revenge of the Sith

Анимациялық спин-офф:

2008 - Жұлдызды соғыстар: Клондар соғысыStar Wars: Clone Wars

Трилогия-сиквел:

2015 - Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуыStar Wars: The Force Awakens

2017 - Жұлдызды соғыстар. VIII эпизод / Star Wars. Episode VIII

2019-2020 - Жұлдызды соғыстар. IX эпизод / Star Wars. Episode IX

Трилогия-спин-офф (антология)

2016 – Жалғыз қарақшы: Жұлдызды соғыстар хикаясы / Rogue One: A Star Wars Story 

Бұлардан бөлек түрлі жылдары жасалған анимациялық сериалдар бар:

2008 - Жұлдызды соғыстар: Клондар соғысыStar Wars: The Clone Wars (сериал 2008 – 2014)

2014 - Жұлдызды соғыстар: КөтерілісшілерStar Wars Rebels (сериал 2014 – ...)

Жоғарыда аталған бөлімдер мен сериалдар жаңа канонға кіреді. Жаңа канонға кірмейтін басқа да көптеген анимациялық сериалдар мен телефильмдер бар. 

Прокатқа шыққан 6 фильм мен 1 мультфильмнің жиынтық табысы, өндіріс шығындарын шегеріп тастағанда – 4 миллиард доллардан асады.

Пікірлер