• Біздің парақшалар:

2015 жыл: Қазақстан фильмдері

2015 жылы Қазақстан кинотеатрларынан жиырмаға жуық отандық фильм көрсетіліпті. Сәттісі бар, елеусіз қалғандары бар – бұлардың барлығына тоқталуға тырысамыз. Коммерциялық тұрғыдан алға өрлеу байқалады, өзін ақтап қоймай, фильммейкерлерімізге табыс әкеле бастаған жобалар санының артқанын да байқауға болады. 

Жылдың басында отандық фильмдердің шығу қарқының ерекше жоғары болғанын атап өту керек. Әсіресе тәуелсіз режиссерлер мен жеке студиялардың өнімдерінің көбейіп келе жатқанын жоққа шығара алмаймыз. 

Мысалы, ақпанда жарық көрген «Өмір-ай» драмасы шымкенттік Шапағат Орынбаевтыкі. Бұл режиссер (әрі актер) «25 теңге», «Аймалашы мені» секілді жергілікті хиттарымен белгілі. Бастапқы жобалары әуесқойшылыққа жақын дүниелер болса, соңғы жылдары республика нарығын жаулап алуға шындан бет бұрған секілді. «Өмір-ай» осы сөзімізге дәлел бола алады, фильм азды-көпті маркетингтік амалдарымен көзге көрінді. Фильмге Нұржан Керменбаев актер ретінде және әнші ретінде тартылды, тіпті саундтрек жазылып, клип те түсірілді. 

Жылдың ең табысты режиссерлері кім десе, ең үздіктер санатынан Асқар Бисембин табылары сөзсіз. Наурыздың басында шыққан «Свадьба на троих» романтикалық комедиясы коммерциялық сәтті жобалар қатарынан табылады. Аружан Жазылбекова, Нұртас Адамбаев, Дәурен Айдарқұлов секілді жүзі таныс жұлдыздарды бір киноға жинау өз нәтижесін берді. Фильм прокаттан 80 млн теңге көлемінде табыс тапты. 

Әншілеріміздің киноға көптеп түсе бастауы – жан-жақты болуға тырысудан туындаған құбылыс деп қарастыруға болатын шығар. Заңсыз автожарыстар тақырыбына арналған «Ритм города» фильміне Ринат Малцагов басты рөлге шақырылыпты. Алайда жобаны сәтті деуге келмейді, табысы 675 мың теңге деп көрсетілген. 

Наурыз айының екінші жартысы басталғаннан кейін мемлекеттік «Қазақфильм» мен жекеменшік «Көркем фильм» әріптестегінің нәтижесінде дүниеге келген «Дорога домой» («Оралу») драмасы жарық көрді. Режиссер Рашид Сүлейменов түсірген, еліміздегі ең танымал киноактерлер Санжар Мәдиев пен Аружан Жазылбекова тартылған жобаға берілген бағаны жоғары дей алмаймыз. Бұған блогерлердің түрлі посттары куә. 

Дәл осы «Оралумен» бір күнде тағы бір отандық фильм прокатқа шықты. Бұл жолы тәуелсіз, дәлірегі - шымкенттік студия түсірген «Потому что шымкентский» комедиясы. Жоғарыда атап өткен Шапағат Орынбаев фильмге актер ретінде қатысты. 

Биылғы наурыз қазақстандық фильмдердің бумын жасаған секілді. Көптен бері айтылып келген халықаралық жоба - «Весь мир у наших ног» боевигі де осы ай соңында шықты. Қарлығаш Мұхамеджанова, Мұрат Бисембин секілді отандық жұлдыздарымен бірге Арманд Ассанте, Кэри-Хироюки Тагава, Майкл Мэдсен, Питер О'Тул, Дон «Айдаһар» Уилсон, Боло Йенг секілді америкалық боевик әртістерін жинаған картина еді. Фильмнің өндірістік бюджеті 15 миллион деп айтылды және халықаралық прокатқа шығады деп жарияланды. 

Сәуірдің басында Ермек Тұрсынов өз трилогиясының соңғы фильмі - «Кенжені» ұсынды. Дәл осы күні ешбір жарнамалық кампаниясыз «Кілт» деген драма да жарық көрді. Екеуінің де прокаттағы жолы ұзаққа барған жоқ. Ал айдың соңында бәріміздің сүйікті шымкентімізге арналған «13 регион» қылмыстық боевигі жарық көрді. Сәуірдің релиздері осымен шектеледі.

«Рэкетир 2» фильмі халық ерекше күткен отандық ірі жобалардың бірі еді, бұл мамырдың басты премьераларының бірі болды. Беделді блогерлер мен басылымдардың кейбір сыни пікірлеріне қарамастан, бұқара киноны жылы қабылдады. Бұл сөзімізге фильм орнатқан бірнеше кассалық рекордтар дәлел, соның бірі мына факт: "Рэкетир 2" қылмыстық драмасы отандық прокаттағы алғашқы уикендінде 114 млн теңге табыс тапты. Бұл Қазақстан кинонарығында соңғы 5 жыл ішіндегі отандық фильмдер арасында ең үздік старт болып есептеледі. Тіпті Ресей, Моңғолия, Қырғызстан секілді көршілес елдерде де көрсетілімдер ұйымдастырылды. Ақан Сатаев культқа айналған «Рэкетирді» жалғастыру идеясынан ұтылмаған секілді, фильм табысы 212 млн теңгеден асыпты. 

Өзбек кинематографшылары атсалысқан, бірақ қазақстандық деп ұсынылған «Расплата» боевигі жаздың жалғыз релизі болды. 

«Жат» - Ермек Тұрсынов биыл жарыққа шығарған екінші фильм. Еліміздің атынан «Оскарға» ұсынылды, бірақ шорт-листке ілінбеді. 1930-50 жылдардағы қиын-қыстау заманның ауыртпалықтарын басынан кешірген жалғыз басты еркектің өмірін суреттейтін картинаның премьерасы қыркүйекте болды. 

Асқар Ұзабаев пен Жасұлан Пошановтың арқасында елімізде «Партизандық кино» деген шығармашылық бірлестіктің бар екенін білдік. Мемлекеттік тапсырыспен түсірілетін «әдемі, жасампаз» Қазақстанның бейнесінен шаршаған бір топ жас кинематографшыларымыз қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелерді басшылыққа алатын шынайы картиналар қоюды көздейді. Сондай жұмыстардың бірі - «Шлагбаум», фильм Мәскеу халықаралық кинофестиваліне қатысып, бас актер Еркебұлан Дайыров «Үздік еркек рөлі» номинациясында жеңіске жетті. Ол ұқсас сыйлықты биылғы Еуразия кинофестивалі аясында да алды. Бұл әлеуметтік драма елімізде қазанда көрсетілді. 

Көптен бері күтілген фильмдердің бірі – Асқар Ұзабаевтың «Жол» спорт драмасы еді. «Қазақфильм» бұл жобаның премьерасын 2013 жылдан бері шегеріп келеді. Ақыры фильм прокатқа жол тауып, қарашада жарық көрді. 

Нұртас Адамбаев өзінің телевизиялық жобаларынан толықметр кино жасау бастамасын шындап қолға алған екен. Былтыр «Келинка Сабина» жұртты бір шулатты, біреулер жақтады, біреулер даттады, нәтижесінде 100 миллион теңгеден астам пайданы қалтаға басты. Енді сол қарқынмен тағы бір фильм түсіріп тастады, бұл да өзінің телевизиялық жобасы - «Ауылдан қашу» сериалына негізделеді. «Побег из аула. Операция «Махаббат» қарашаның аяғына таман прокатқа шықты.

Кинодан хабары жұрттың бәрі дерлік күткен жобалардың бірі - «Құнанбай» еді. Досхан Жолжақсыновтың екінші режиссерлік жұмысын көрермендер жылы қабылдады. Бұл «Қазақфильмнің» биылғы ең ірі жобасы десек қателеспеспіз, ақпарат көздеріне сенсек фильм бюджеті 4 млн долларға жуықтайды. Картина өз шығындарын ақтай алмас, бірақ ұлттың кино қоры жақсы дүниемен бір толығып қалды деуге әбден болады. Ұлы Абайдың әкесіне арналған кинокартина желтоқсанда жалпыұлттық прокатқа шықты.

Коммерциялық фильмдер легін Асқар Бисембин түйіндегін секілді. Берік Айтжанов пен Әсел Сәдуақасова түскен «Адель» мелодрамасы желтоқсанда жарық көрді. Байқасаңыз, Асқар Бисембин биыл ең көп назарға іліккен режиссерлердің бірі. Сондай-ақ, оның Әсел Сәдуақасовамен әріптестігі бұнымен тоқтамайды, екеуінің шығармашылық бірлестігінің нәтижесінде келер жылы «Замуж в 30» деген романтикалық комедия жарық көреді.

Отандық фильмдер легі 2015 жылы «Бумеранг» және «Алдар Көсе XXI ғасырда» кинокартиналарымен аяқталды. Біріншісі желтоқсанның ортасында, екіншісі соңына таман шыққан фильмдер прокатқа қалай елеусіз келсе, дәл сол күйінде назарға ілікпестен кетіп қалды. Жарнамасы да мүлдем болған жоқ.

 

2015 жылы жарық көрген қазақстандық фильмдер осылар. Әрине түрлі фестивальдар мен арнайы көрсетілімдер аясында ұсынылған кинотуындылар бөлек әңгіме. Тарихшы Бекмаханов өміріне арналған Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» көркем фильмі биыл жарық көруі тиіс еді. Бірақ жаздағы журналистерге арналған көрсетілімінен кейін үнсіз қалды.

 

© Ернар Бекенов

Пікірлер