• Біздің парақшалар:

Масқара болған Ақшақар, немесе Кристен Стюарт "Аңшы" фильмінде неге жоқ?

«Аңшы: Қысқы соғыс» ертегі-фильмі осыған дейін жарық көрген 2012 жылғы «Ақшақар мен аңшы» блокбастерінің приквелі. Яғни, бұндағы оқиға бірінші фильмге дейін болған оқиғаларды баяндайды. Шын мәнінде, екінші фильм «Ақшақар мен аңшының» сюжеттік жалғасы, яғни сиквел болуы керек еді. 

Өздеріңіз білесіздер, алғашқы картинада басты рөлді Кристен Стюарт сомдады және негізгі сюжет Ақшақар төңірегінде өрбіді. Актриса жалғасына да түсуге келісімін беріп қойған еді. Бірақ жобаның даму бағытына түзету жасауға себепші болып қана қоймай, осы жобаға атсалысқан адамдардың жеке өмірлеріне де үлкен өзгерістер алып келген бір оқиға болды. Бұған Кристен Стюарттың да тікелей қатысы бар. 

«Ақшақар мен аңшыны» Руперт Сандерс есімді британдық түсірді. Бұл жоба Руперттің карьерасындағы алғашқы толықметраж жұмысы еді және нәтижесінде оған Голливудқа жол ашып беретін мүмкіндік ретінде қарастырылды. 

Фильм жарыққа шыққаннан кейін ақпараттық сайттардың беттерінде «жаға ұстатарлық» фото жарияланды. Суретте режиссер Руперт Сандерс пен актриса Кристен Стюарттың құшақтасып тұрғаны бейнеленген. Бұл жай достық пейілдегі құшақтасу емес, кәдімгі қыз бен жігіттің арасында болатын құшу еді, оның үстінен жұрт көзінен тасада. 

Фотосурет көзі: popsugar.com

Руперт отбасылы адам, екі баласы бар. Ал Кристен «Ымырт» сагасы бойынша әріптесі Роберт Паттинсонмен кездесіп жүргені белгілі еді. Сондықтан бұл екеудің әлгі әрекеті көпшіліктің түсінбеушілігін туғызатыны анық. Кейін екеуі жасаған ағаттықтарын мойындады, бір сәттік сезімге ерік бергендерін, енді бұл істеріне өкінетіндерін айтып қайғырды. Бірақ бәрі кеш еді. Режиссердің әйелі Либерти Росс ажырасу үшін сотқа арыз берді, ал Паттинсон сүйіктісінің масқара әрекетінен кейін бірге тұрып жатқан үйден көшіп кетіпті. 

Бәрінен бұрын Робертке ауыр тиіпті. Жұртшылық алдында жүрген әдемі жұп болған соң басты назар да соларға ауғаны анық. Тіпті кейбір ақпарат көздері осы оқиғаның алдында Роберт Кристенге сөз салып, қолына неке жүзігін тағуға дайындалып жүрген екен. Кристен бұрынғы қатынастарын қалпына келтіру үшін бәріне дайын екенін айтқан еді, бірақ жігіттің жүрегі қатты жараланса керек – кешіргенімен, бәрібір қатынасты үзіп тынды. 

Бұл дау-дамай режиссердің де, актрисаның да карьерасына нұқсан келтірді. Руперт «Ақшақар мен аңшы 2» жобасынан шығып қалды. Кристен де жалғасына түспейтін болды. Жағдайдың осылай бетбұрыс алуына Universal Pictures студиясы ықпал етті деседі, бірақ кинокомпания басшылығы бұны жоққа шығарған болатын. Қалай десек те, сиквелдің тағдыры бұлыңғырлана түсті. 

Шу басылып, жұрттың назары сейіле бастаған кезде «Ақшақар мен аңшының» әрі қарайғы дамуы да белгілі болды: сиквел болмайды, Руперт Сандер пен Кристен Стюарт жобада жоқ. Бірақ Крис Хемсворт жобада қалады. Сөйтсек, ол сомдаған Аңшы жеке фильммен ерекшелену құқығына ие болыпты. Сонымен, қазіргі «Аңшы: Қысқа соғыс» жобасы осылай іске асты. Сюжеттегі оқиға алғашқы картинаға дейін өрбиді және аңшының бұрынғы өмірі баяндалмақ.

Пікірлер