• Біздің парақшалар:

2016 жылғы күздің жаңа сериалдары (І бөлім)

Күз – телевидениеде тіршілік қыза бастайтын кез. Бұл кезеңде жаңа телешоулар, үлкен премьералар, танымал сериалдардың кезекті маусымы көрсетіле бастайды. Бәрін қамту біз үшін мүмкін емес тірлік, бірақ маңызды деген жаңа сериалдар туралы айтпай кетуге тағы болмайды. Биылғы маусымның бір ерекшелігі – әйгілі фильмдердің негізінде жасалған ремейк-сериалдар аз емес екен.

Сонымен 2016 жылғы күздің телепремьералары: 

Батыс әлемі (Westworld) 

Майкл Крайтонның 1973 жылғы аттас фильмінің теленұсқасы. Жобаға Джонатан Нолан, Лиза Джой, Джей Джей Абрамс, Брайан Бёрк секілді мамандар продюсер болды. Кристофер Ноланның інісі режиссер ретінде де атсалысты. 

Сюжетте болашақтың ойын-сауық аттракционы баяндалады. Бұл орында ауыр жұмыстардың бәрін андроидтар атқарады. Бірде бағдарламаларындағы ақаудың салдарынан олар қауіпті өлтірушілерге айналып шыға келеді. 

Сериалдың актерлік құрамы де керемет: Энтони Хопкинс, Эд Харрис, Джеймс Марсден, Джеффри Райт, Тесса Томпсон, Родриго Санторо, т.б.. Тележоба HBO арнасында 2 қазаннан бастап көрсетіледі. 

Трейлер:

 

Қауіпті қару (Lethal Weapon) 

Кезінде Мел Гибсон ойнаған 1980 мен 90 жылдардың танымал «Қауіпті қару» («Lethal Weapon») фильмдер сериясы есіңізде шығар? Бұл соның телевизиялық ремейкі. Сериал түпнұсқа кинофраншизаға атмосферасымен ұқсас болады деп айтылуда. 

Сюжетте сол лосанджелестік екі полицей, олардың басынан кешкен қызықтары мен тергеулері. Басты рөлдерді Клейн Кроуфорд пен Дэймон Уайанс сомдайды. Сериалды «Терминатор құтқарушының» режиссері МакДжи түсірді. 

Премьерасы: FOX арнасында 21 қыркүйектен бастап. 

Трейлер:

 

Шаруасы түгел еркек (Man with a Plan) 

«Достар» ситкомының атасы Джеймс Берроуз тағы бір комедияны қолға алыпты, ол аз десеңіз «Достардан» жақсы таныс Мэтт ЛеБланды басты рөлге шақырыпты. Сериалда отбасының қамымен үнемі жұмыс деп жүретін отағасы туралы баяндалады. Жұмысқа беріліп кеткені сонша, балалары мен әйеліне де көңіл бөлуге де уақыты жоқ. Үйдің бар тіршілігі мен бала тәрбиесі әйелінің мойнында. Бірде екеуінің орны ауысады. Енді үй шаруасы отағасының мойнына түседі. Бастапқыда қызық көрінгенімен, ол уақыт өте келе үш баланы қараудың ауыртпалықтарын өз басынан өткізуге мәжбүр болады. 

Комедияны CBS арнасы 24 қазаннан бастап көрсетіледі. 

Ролик:

 

Ажырасу (Divorce) 

Тағы бір тележұлдыз араға жылдар салып телеформатқа оралып жатыр. Бұл жолы Сара Джессика Паркер ажырасу процесін басынан өткізіп жатқан әйелді сомдайды. Ажырасудың ауыртпалықтары оны өз өміріне басқаша қарауына, өткенін жаңаша зерделеуге итермелейді. Бәрін жаңадан бастау да ойлағандай оңай емес екен. 

Комедия жанрындағы сериалдың премьерасы HBO арнасында 9 қазанға белгіленген.

Промо:

 

Голиаф (Goliath) 

«Бостон заңгерлері» («Boston Legal») сериалын шығарған шоураннер Дэвид Э. Келли тағы бір заңгерлік драмасын ұсынып отыр. Басты рөлге Билли Боб Торнтон тартылыпты, ол жұмыстан қуылған, қазір ұсақ істерді қарап жүрген адвокатты сомдайды. Бірде ол бұрынғы жұмыс берушісінен өшін қайтаруға мүмкіндік беретін жаңа істі қолға алады. 

Сериалды Amazon сервисі 14 қазаннан бастап көрсетпекші.

Трейлер:

 

Жалғасы бар...

Материалымызды жазуға okino.ua сайтындағы мақала арқау болды

Пікірлер