• Біздің парақшалар:

"Блэрдегі мыстан" - жалған документалистика жанрының бастауы ретінде

Мокьюментари дегенде алдымен көз алдымызға үрейлі фильмдер елестейді: "Кловерфилд", "Паранормал құбылыс" және оның көптеген сиквелдері. "Тауып алған таспа" стиліндегі фильмдердің сәтті болсын, сәтті болмасын - соңғы жылдары көбеюі де тектен тек емес және бұл құбылыстың өз мәні бар.

1999 жылғы "Блэрдегі мыстан жобасы" жалған документалистика жанрының тұңғышы болмаса да, алғашқы қарлығаштарының бірі саналады. "Әуесқой камера" эффектісі бар, "жоғалып кеткен адамдар түсірген кездейсоқ табылған видеотаспа" деген ескертумен шығатын хоррор-фильмдер легі осыдан кейін ғана прокатта қаптап кетті.

Американың тәуелсіз кино өкілдері түсірген "Блэрдегі мыстан жобасы" эксперимент амалдарға толы: әуесқой камера, арнайы эффектілердің жоқтығы, музыкалық әрлеудің болмауы, импровизациядан тұратын диалогтар, аз бюджет.

Фильмнің жарнама роликтері, постерлері мен басқа да промо материалдары сюжеттегі оқиға шынымен болған дегенге сендіру үшін жұмыс істеді (вирусты маркетинг). Мысалы, Мэриленд штатында жоғалып кеткен студенттер түсірген видео табылды, фильм сол материалдан жасалды деген хабар таратылды. IMDb сайтында басты рөлдерді сомдаушылардың парақшаларында бастапқы кезде "із-түссіз жоғалып кеткен, болжам бойынша қайтыс болған" деген ақпарат тұрды. Кейіпкерлердің есімдері мен оларды сомдаған актерлердің шын аты-жөндері бірдей болды.

Түсіру процесінде де барынша шынайы нәтижелерге қол жеткізу үшін түрлі әрекеттер жасалыпты. Мысалы, актерлерге берілетін тамақ мөлшері күн сайын азайтылып отырған. Бұл олардың шындап шаршауына және ашуланшақ болуына септігін тигізеді. Тіпті актерлерді фильмде айтылатын мыстан туралы аңыздың рас екеніне де сендіріп қойыпты. Ал сценарийде тек негізгі сюжеттік бағыттар жазылған, ал диалогтар түсірілім кезінде актерлердің импровизациясынан құралған екен.

Фильмнің бастапқы бюджеті 20-25 мың долларға бағаланады. Картина алғаш рет 1999 жылы "Сандэнс" тәуелсіз кино фестивалінде көрсетілген. Осыдан кейін "Artisan Entertainment" кинокомпаниясы оны 1,1 млн долларға сатып алады. Компания қайтадан монтаж жұмыстарын жүргізіп, дыбыс жолдарын қайта өңдеген. Бұған тағы да жарты миллиондай жұмсалады. Жаңа нұсқаның бюджеті сөйтіп 500-750 мың долларға жетеді.

Фильм жақсы табысқа қол жеткізді. 2004 жылы әлемдік прокатқа шығып, 248 миллион доллар тапқан. Шығын/табыс қатынасы жөнінен үздік атанып, тіпті Гиннестің рекордтар кітабына да енеді.

Бұл жанрдың өзі аз бюджеттілігімен ерекше сияқты. Оның үстіне әуесқой бағыттағы жоба да үлкен инвестицияны қажет етпейді әрі көтере де алмайды. Жанрдың жалықтырып жіберетін бірізділігін де қосыңыз. Мысалы, 2000 жылғы сиквелі - "Әруақтар кітабы: Блэрдегі мыстан 2" кереметтей табысты бола қоймады. Оның өндірістік бюджеті 15 млн долларды құрады. Ол аз десеңіз жарнамасы мен маркетингіне тағы 25 млн жұмсалған. Тапқаны 47 млн доллар ғана. Көрермен мен сыншылар да жылы қабылдай қоймады, 2001 жылы "Алтын таңқурай" антижүлдесінің 5 номинацияна ілініп, "Нашар ремейк немесе сиквел" аталымын "жеңіп алды".

Бұл серияның тағы бір фильмі биыл шығып жатыр (Қазақстанда 6 қазаннан бастап). Алғашқының жетістігін қайталай ала ма, әлде елеусіз жобалардың бірі болып қала ма - әлем көрермендерінің тарапынан әлі де анықталу үстінде, өйткені фильм бірқатар ірі нарыққа әлі шыға қойған жоқ. Қалай болғанда да продюсерлер үлкен тәуекелге барып отыр, өйткені кем дегенде екінші бөлімнен асып түсетін, сәтін салса - бірінші фильмнің көлеңкесінде қалмайтын, оның сәтті ізбасарын жасау мақсаты тұр.

Пікірлер