• Біздің парақшалар:

2016/2017 жылғы қыстың жаңа сериалдары

2016-2017 жылғы қыстың жаңа сериалдары. Бәрін қамту мүмкін емес, сондықтан назар аударуға тұрады-ау деген телепремьераларға тоқталдық. 

КӨЗІҢДІ ЖҰМ / SHUT EYE

Hulu стриминг сервисінің жаңа сериалында Лос-Анджелестің бақсы-балгерлері туралы оқиға комедия-мистикалық сипатта баяндалады. Экстрасенстердің басын біріктіретін қылмыстық синдикат болады, соның көшбасшысы кенеттен тылсым құбылыстар көре бастайды.

Жобаға «Жаңбыр адам» («Rain Man») үшін «Оскар» алған, «Жанкешті» («Breaking Bad»), «Бірден Солға хабарласыңыз» («Better Call Saul») секілді сериалдарға жетекшілік еткен Марк Джонсон продюсер болды. Басты рөлде Джеффри Донован.

10 эпизодтан тұратын алғашқы маусымның премьерасы 2016 жылғы 7 желтоқсанда.

Ресми трейлер:

 

ЖҰЛДЫЗ / STAR 

Ли Дэниелс өзінің «Империя» («Empire») сериалына ұқсас тағы бір жобаны жасапты. «Жұлдыз» музыкалық драмасы да музыка индустриясының төңірегін баяндайды. Сюжетте үш әнші қыз бірігіп, топ құрады. Олар шоу-бизнестің қатыгез әлемінен өз орнын тапқысы келеді. Актерлік құрамнан Бенджамин Брэтт, Куин Латифа секілді жұлдыздарды көреміз. 

Сериалды Fox арнасы 14 желтоқсаннан бастап көрсетеді. 

Ресми трейлер:

 

ТРОЛЛЬ АУЛАУШЫЛАР / TROLLHUNTERS 

Теледрамалар үлкен киномен кәдімгідей бәсекелесіп келеді, енді анимация саласы да сериал форматқа дендеп ене бастады. Dreamworks студиясында жасалған мультсериалдың өндірісіне Гильермо дель Торys4 өзі жетекшілік еткен. Сюжеті де өзі жазған аттас кітапқа негізделген. Басты кейіпкерді марқұм Антон Ельчин дыбыстапты. Одан бөлек Рон Перлман, Келси Грэммер секілді актерлер бар. 

Netflix сервисі бұл анимациялық сериалды 23 желтоқсанда шығарады. 

Ресми трейлер:

 

МЕРУЕРТ ШАҺАР / EMERALD CITY 

Лаймен Фрэнк Баум жасап кеткен Оз елі туралы үлкен ертегі әлемі телевидение саласына келіп жатыр. Бұл жолы ересек аудиторияға лайықталыпты. Басты кейіпкер Дороти де 20 жастағы қыз түрінде көрсетіледі, ал Оз елінде патшалықтар арасында қырғын соғыс, сиқыршылар мен дуагерлердің қатал текетіресі баяндалады. Сериалды Үндістаннан шыққан режиссер Тарсем Сингх түсірді. 

Премьерасы: NBC арнасында 6 қаңтардан бастап. 

Ресми трейлер:

 

ТАБУ / TABOO

Биылғы қыстың басты премьераларының бірі саналады. Жобаға атсалысқандар қатарында Том Харди, Ридли Скотт пен Стивен Найттың есімдері аталады. Том Харди басты рөлді сомдаушы, әрі сценарий жазғандардың бірі және продюсер. 

Сюжетте 1890 жылдар көрсетіледі. Еті тірі бір британдық кеме саяхатын ұйымдастырып, Африкадан алмаз алып келеді. Лондонға келісімен ол әкесінің өліміне қатысы барлардан кегін қайтармақ болады. 

Мини-сериал форматындағы жоба Ұлыбританияда BBC One арнасынан, АҚШ-та FX арнасынан 2017 жылы 10 қаңтардан бастап көрсетіледі. 

Промо видео:

 

24: МҰРА / 24: LEGACY 

Әйгілі «24 сағат» сериалының спин-оффы. Түпнұсқа жоба телевидениенің нағыз классикасы саналады, тоғыз маусымға созылып, 2014 жылғы дейін көрсетілді. Бұрынғы сериалдың жұлдызы Кифер Сазерленд болса, енді жас жұлдыз Кори Хоукинс. Спин-офф түпнұсқасының деңгейіне жете ала ма – оны уақыт көрсетер, ал «24» фанаттары бұл жобаны назардан тыс қалдырмайтыны анық. 

Сериал Fox арнасының эфиріне 2017 жылы 5 ақпаннан бастап шығады. 

Ресми трейлер:

 

КЕПІЛГЕ АЛЫНҒАН / TAKEN 

Люк Бессонның атақты «Кепілге алынған» трилогиясының негізінде жасалған шпиондық сериал. Сюжеті жағынан түпнұсқа фильмге приквел болады, яғни оған дейінгі оқиғалардан тұрады. Әлбетте, басты кейіпкер Брайан Миллстің жас кезінде басынан кешкендері баяндалады. Лиам Нисонды сериалда Клайв Стэнден алмастырады. 

Сериал NBC арнасында 2017 жылы 27 ақпаннан бастап көрсетілмек.

Басты рөлді сомдаушы Клайв Стэнден жоба туралы айтып жатыр:

 

Біздің нұсқа осы, алып-қосарларыңыз болса - пікір ретінде қалдыруға болады.

Пікірлер