• Біздің парақшалар:

Кэрри Фишер қатысып үлгерген және үлгермеген жобалар

2016 жылы 27 желтоқсанда инфарктан кейін қайтыс болған актриса Кэрри Фишер бірқатар жобаларға қатысып үлгеріпті.

"Family Guy" мультсериалынан кадр

Атап айтқанда, Сет МакФарлейннің "Отағасы" ("Family Guy") мультсериалында Анджела есімді кейіпкерді дыбыстайтыны белгілі. Актриса бұл персонажды 2005 жылдан бері жиырма эпизодта дыбыстапты. Ол он бесінші маусымның екі эпизодына қатысып үлгерген екен.

"Catastrophe" сериалынан кадр

Фишер Ұлыбританияның "Катастрофа" ("Catastrophe") сериалында қайталанатын рөлде ойнады. Сериалдың үшінші маусымы биыл көктемде жарық көрмек. Актрисаның жүрек талмасы ұстап қалған кезде, дәл осы жобаның түсірілімінен Лондоннан Лос-Анджелеске қайтып келе жатқан еді.

"Star Wars: The Force Awakens" фильмінен кадр

Lucasfilm студиясының өкілдері Кэрри Фишердің "Жұлдызды соғыстар" ("Star Wars") кинодастанының сегізінші эпизодына толықтай түсіп үлгергенін хабарлап еді. Сондықтан, актрисаның мезгілсіз қайтыс болуы фильмнің құрылымына әсер етпейді. "Жұлдызды соғыстар: VIII эпизод" (Star Wars: Episode VIII) 2017 жылы 14 желтоқсанда жарық көреді.

Жалпы, актриса Лея Органа рөлімен осы франшизаның бес бөліміне қатысты. Ол, сондай-ақ, тоғызыншы эпизодқа да түсуі тиіс болған. Енді жоба жетекшілері сюжетке бірқатар өзгертулер енгізуі мүмкін.

Оның қатысуымен "Сиқырлы құдық" деген тағы бір картина жоспарланған екен. Жоба сән индустриясы туралы болмақшы. Енді оның рөлін басқа актриса алмастыратын шығар.

Биыл наурызда HBO арнасы "Bright Lights: Starring Carrie Fisher and Debbie Reynolds" деректі фильмін көрсетеді. Фильмде Кэрри Фишердің анасымен қиын-қарым қатынасы баяндалмақ. Айта кетелік, Фишердің анасы Дебби Рейнолдс та актриса еді. Өкініштісі - қызы қайтыс болған соң араға бір күн салып ол да бақилық болды.

Пікірлер