• Біздің парақшалар:

2017 жылғы көктемнің жаңа сериалдары (I бөлім)

Биылғы көктемде күтуге тұрарлық телепремьералар аз емес екен. Әрине, олардың көпшілігін әзірге атақты есімдер мен синопсисіне қарап бағалауға мәжбүрміз. Десек те, ең маңызды дегендерін назарларыңызға ұсынып көрсек.

ЗАМАННАН ЗАМАНҒА / TIME AFTER TIME

Аттас романға және сол бойынша түсірілген 1979 жылғы фильмге негізделген ғылыми фантастика. Жобаны Кевин Уильямсон басқарады, ол «Айқай» («Scream») сериясымен шыққан, сондай-ақ «Өткен жазда не істегендеріңді білемін» («I Know What You Did Last Summer»), «Факультет» («The Faculty») секілді жастар хоррор фильмдерінің, «Вампир күнделігі» («The Vampire Diaries») сериалының авторы.

Сериал Герберт Уэллс есімді жас жазушының бас кешкендерін баяндайды. Ол уақыт машинасын ойлап табады. Алайда машинаны сынап үлгермей жатып, оны қанды қылмыскер Джек-Паршалаушы пайдаланып кетеді. Уэллс қылмыскердің жолын кесу үшін оның артынан болашаққа аттанады.

Телесериалды ABC арнасы 5 наурыздан бастап трансляциялауда.

Ролик:

 

ТЕМІР ЖҰДЫРЫҚ / IRON FIST

Marvel-дің «Қорғаушылар» («The Defenders») желісіне кіретін төртінші жобасы. Бұған дейін «Басбұзар» («Daredevil»), «Джессика Джонс» («Jessica Jones»), «Люк Кейдж» («Luke Cage») сериалдары көрсетілген болатын. Ал жылдың соңында осы төрт қаһарманды біріктіретін кроссовер жарық көруі тиіс.

Сериал Дэниэл Рэнд есімді кейіпкер туралы. Көп жыл хабарсыз кеткен ол Нью-Йоркқа оралады. Кунг-фудың қыр-сырын меңгеріп келіп, өзін қылмыспен күресуге арнайды. Сөйтіп Дэниэл Рэнд Темір жұдырық деген қаһарманға айналады. Басты рөлде Финн Джонс («Тақтар ойыны») ойнайды.

Релизі Netflix сервисінде 17 наурызға белгіленген.

Трейлер:

 

АТЫЛҒАН ОҚ / SHOTS FIRED

Америкада полицейлердің қара нәсілді жастарды атып тастауы секілді соңғы жылдары белең алған келеңсіз оқиғалар туралы естіген шығармыз. Сериалдың сюжеті бұл жағдайға қарама-қайшы бағытта өрбиді. Яғни, афро-америкалық полицей ақ нәсілді жасөспірімді атып өлтіреді. Бұл қоғамда біраз дүрлігу мен дау-дамайға алып келеді.

Теледраманы ерлі-зайыпты Джина Принс-Байтвуд («Аралардың құпия өмірі») пен Регги Рок Байтвуд («Ноториус») жасаған.

Премьерасы Fox арнасында 22 наурызда.

Трейлер:

 

13 СЕБЕП / 13 REASONS WHY

Джей Эшердің аттас романына негізделген оқиғасы арасында өрбитін детектив-драма. Сериалда басты әйел рөлде әнші Селена Гомес ойнауы керек еді, бірақ ол атқарушы продюсер міндетін атқарды. Ал оның орнына Кэтрин Лангфорд есімді актерлік жолға енді түскен бойжеткен келді. Басты басты еркек рөлді Дилан Миннетт ойнайды.

Сюжетте Клей есімді жасөспірім өз үйінің есігінің алдынан қорап табады. Ішінде Ханна есімді қыздың аудиожазбалары болады. Клей мектеп кезінде ол қызға ғашық еді. Алайда Ханна өзіне қол жұмсап, қайтыс болған еді. Жазбаларында қыз өз өліміне итермелеген 13 себепті көрсетеді, соның бірі – Клей.

Netflix сервисі жобаны 31 наурызда шығарады.

Трейлер:

 

ТҮРМЕДЕН ҚАШУ: ЖАЛҒАСЫ / PRISON BREAK: SEQUEL

Әйгілі «Түрмеден қашу» сериалының жалғасы. Әзірше мини-сериал форматында болады делінген сиквелде басты кейіпкер Майкл тірі болып шығады. Естеріңізде болса, бастапқы сериалдың соңында оның бейіті көрсетілген болатын. Сиквелде оның Йемен түрмесінде отырғаны белгілі болады. Ағасы Линкольн мен жұбайы Сара Майклдың тірі екенін білгеннен кейін оның түрмеден тағы да қашып шығуына көмектеседі.

Сериалды түсірген режиссерлердің бірі Нельсон МакКормик өзінің міндетін осы жолы тағы да орындады. Сценарийді де бұрынғы командада болған Пол Шойринг жазып шықты. Негізгі актерлік құрамда да өзгеріс жоқ - Вентворт Миллер, Доминик Пёрселл, Сара Уэйн Кэллис, Роберт Неппер, Рокмонд Данбар, Амори Ноласко, Пол Адельштейн, т.б..

"Түрмеден қашу" сериалы 4 маусымға созылып, 2005-2009 жылдар аралығында көрсетілді. Бұл теледрама Fox арнасының ең рейтингі жоғары шоуларының біріне айналды.

Сиквел 4 сәуірден бастап көрсетіледі.

Трейлер:

 

ҰЛ / THE SON

Бір мұнай империясының қарыштауы мен құлдырауы арқылы баяндалған Американың дамуы туралы тарихи эпос. Вестерн жанрындағы сериал Филипп Мейердің аттас романына негізделген. Басты рөлдерде Пирс Броснан, Генри Гаррет, Занн МаКларнон, Паола Нуньес, Сидни Лукас ойнайды.

Премьерасы AMC телеарнасында 8 сәуірден бастап.

Трейлер:

 

Жалғасы бар...

Пікірлер