• Біздің парақшалар:

2017 жылғы көктемнің жаңа сериалдары (II бөлім)

2017 жылдың көктемінде шығатын немесе шығып қойған жаңа сериалдар туралы шолуымызды жалғастырамыз. Басы - өткен материалда.

ГЕРИЛЬЯ / GUERRILLA 

Бұл саяси белсенділердің махаббат хикаясы. Оқиға Ұлыбритния тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі – 1970 жылдары өрбиді. Басты кейіпкерлер үкіметтің контрбарлау құпия бөлімімен күресуге арналған Black Power Desk астыртын ұясын құрады. Осылайша, олар қара нәсілді азаматтардың қоғамдық-саяси белсенділігін басуға арналған ұйымға қарсы тұрады. 

Әзірге мини-сериал форматында деп жарияланған жоба 6 эпизодтан тұрады. Телефильмнің шоураннері - «Құлдықтағы 12 жыл» фильміне бейімдеген сценарий үшін «Оскар» алған Джон Ридли. 

Сериал Америкада Showtime арнасында 16 сәуірден бастап көрсетіледі.

Тизер трейлер:

 

КЕМЕҢГЕР / GENIUS

National Geographic ғылыми-танымдық қана емес, көркем телеөнімдерге де көңіл бөле бастады. Солардың бірі – физик Альберт Эйнштейнге арналған сериал. Жобада ұлы ғалымның жастық шағы, соның ішінде оқытушы мамандығына неліктен қол жеткізе алмағаны, салыстырмалылық теориясына қалай келгені туралы баяндалады.

Жобаның басы-қасында жүрген «Оскарлы» Рон Ховард пен Брайан Грейзер. Эйнштейннің жас кезін Джонни Флиннің, қартайған шағын тағы бір «Оскарлы» актер Джеффри Раштың орындауында көреміз.

Nat Geo арнасы сериалды 25 сәуірден бастап ұсынады.

Трейлер:

 

МАЛАЙ ӘЙЕЛДІҢ ӘҢГІМЕСІ / THE HANDMAID'S TALE

Канада жазушысы Маргарет Этвудтың аттас романына негізделген америкалық сериал. Фантастикалық драманың сюжеті Гилеад деген республикада өрбиді. Ел басында әскерилер тұр. Мемлекетте қатаң тәртіп орнаған, қоғамда офицерлер мен олардың әйелдері ғана ерекше құрметке ие. Алайда белгісіз себептермен әскерилердің жұбайлары бала тумайды. Олар ұрпақ өрбіту үшін қарапайым қыздардың арасынан бала туып беретіндерді таңдап алып, арнайы орындарда ұстайды.

Негізгі рөлдерде Элизабет МоссДжозеф ФайнсСамира Уайли, т.б. актерлер ойнайды.

Сериал Hulu сервисінде 26 сәуірде шығады.

Трейлер:

 

АМЕРИКА ҚҰДАЙЛАРЫ / AMERICAN GODS

Ағылшын жазушысы Нил Гейманның аттас романының экранизациясы. Жоба туралы бұрыннан бері айтылып жүр: бастапқыда өндірісі HBO арнасына тиесілі болды, алайда кейін сериалдың телеарна ауыстырғаны айтылды.

Сценариймен жазушының өзі айналысты. Шоураннерлері болып «Қаһармандар» («Heroes») сериалын жасауға қатысқан Брайан Фуллер мен Майкл Грин бекітілді.

Телешоу Көлеңке деген адам жайында. Ол түрмеден шығып, әйелінің автокөлік апатынан қаза тапқанын біледі. Көлеңке Мистер Сәрсенбі есімді жұмбақ адамды кезіктіреді. Оның айтуынша, әлемді үлкен өзгеріс күтіп тұр және «Ескі» мен «Жаңа» Құдайлар арасында соғыс болады. Басты рөлдерде Рики Уиттл, Иэн МакШейнЭмили Браунинг және Джиллиан Андерсон ойнайды.

Сериалды Starz арнасы 30 сәуірден бастап көрсетеді.

Трейлер:

 

ТВИН ПИКС / TWIN PEAKS

1990-1991 жылдары «Твин Пикс» қылмыстық драмасы көрсетілген еді. Сериал екі маусымнан кейін жабылып қалды. Алайда көпшіліктің есінде өз жанрындағы үздіктердің бірі ретінде сақталып қалды. Араға 27 жыл салып жоба қайта оралып жатыр. Әрине, жаңа «Твин Пиксті» бұрынғының үшінші маусымы ретінде қарастырып, тоқталмауға болар еді (біз әдетте эфирге жаңа шыққан премьералар туралы айтамыз ғой). Алайда, арадағы үлкен үзілісті ескеретін болсақ, бұны да бөлек жоба деп қабылдауға болатын шығар.

Түпнұсқаның шоураннерлері болған Марк Фрост пен Дэвид Линч сериалды жалғастыруды бұрыннан ойластырып жүрген екен. Кайл МакЛоклен бастаған бұрынғы актерлік құрамға Тим РотНаоми УоттсМоника БеллуччиДжеймс Белуши қосылған.

Әзірге шектеулі 18 бөлімнен тұратын телешоу ретінде ұсынылмақ. Премьерасы Showtime арнасында 21 мамырда.

Ролик:

Пікірлер