• Біздің парақшалар:

Халықтар достығы жайында қазақстандық фильмдер

Ұлттар бірлігі – Қазақстан қоғамы мен саясаты үшін маңызды, қажетті құбылыстардың бірі. Бұл фактор Қазақстанның дербес ел ретіндегі жетістіктерінің бірі ретінде айтылады. Әлбетте бұл өз кезегінде мәдениетіміз бен өнерімізде де көрініс тауып жатады. Бүгін халықтар достығын насихаттайтын отандық кинофильмдер туралы айтамыз. 

Шолуымызды «Жерұйықтан» бастаған дұрыс шығар. Сламбек Тәуекел түсірген картина түрлі себептермен отанынан айырылып, басқа мекеннен пана іздеуге мәжбүр болған әлемнің барлық халықтарына арналады. Сюжетте 1930 жылдары қазақ жеріне жер аударылған корей, шешен, т.б. ұлттар туралы баяндалады. «Жерұйық» 2011 жылы жарық көрді және өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанға білдірген алғысы деп ұсынылды.

Рүстем Әбдірашевтің екі картинасы - «Құрақ көрпе» (2007) мен «Сталинге сыйлық» (2008) та осы категориядан ене алады. Біріншісінің сюжеті атауы секілді өмірдің түрлі өрнектері мен бояуларынан құралған. Оқиғалар алты жасар баланың көзімен баяндалады. Бұнда таңданыс пен үрей де, қапа мен күйініш те, махаббат пен өшпенділік те, достық пен қастық та бар. Алайда, солардың арасынан қазақ шал мен орыс шалдың достығы ерекшеленеді. Екеуінің қағытпалары, диалогтары мен ниеттестіктері көпшілікке түсінікті қарапайым формада баяндалады. «Құрақ көрпенің» сюжетін құрған Ермек Тұрсынов «Киношок» кинофестивалінде үздік сценарийші атанды.

Ал, Әбдірашевтің екінші жобасы - «Сталинге сыйлық» Ұлы Отан соғысынан кейінгі қазақ даласының тіршілігін көрсетеді. Осы кезеңде репрессияның тағы бір толқыны басталған еді. Үкіметке жақпаған адамдар вагондап Қазақстанның қиыр өлкелеріне жер аударылды. Сондай көштердің бірінен жергілікті теміржолшы қария жетім қалған еврей баласын тауып алады. Ауылда тек қазақтар емес, орыстар, кәрістер, поляктар, т.б. ұлттар тұрып жатыр еді. Бала олардың күнделікті өмірде қандай қиындықтарға тап болатынын өз көзімен көреді. Бұл фильм түрлі халықаралық кинофестивальдарға қатысып, талай жүлдеге ие болды.

Бұл тақырып телевидение саласын да айналып өтпепті. 2015 жылы «Хабар» арнасы «Достық жәрмеңкесі» деген комедия сериал ұсынды. Негізгі оқиғасы базарда өтеді, ал кейіпкерлер түрлі ұлт өкілдерінен құралады.

Халықтар бірлігі тәуелсіздік жылдары айтыла бастағандай көрінер. Алайда Кеңестер Одағы заманында да бұл тақырып саналы/бейсаналы түрде назарда болыпты. Бұл көбінесе соғыс заманындағы адамдар тағдыры арқылы көрсетіледі.

Мысал ретінде мына фильмдерді айтуға болады:

Сұлтанахмет Қожықовтың 1985 жылы шыққан «Бізді танып қойыңдар» («Знай наших») драмасы. Фильмде қазақтың әйгілі палуаны Қажымұқан мен орыс батыры Иван Поддубныйдың достығы сөз болады. Қожықовтың тағы бір туындысы - «Біз Жетісуданбыз» («Мы из Семиречья») новелласы (1958). Бұнда талай шайқасты көрген үш сарбаз – қазақ Нартай, ұйғыр Әзім және орыс Павел арасындағы достық туралы айтылады.

Әди Шәріповтың «Партизан қызы» повесінің желісімен түсірілген «Орман балладасы» («Лесная баллада»). Фильмді Нұрмахан Жантөрин Цой Гук Инмен бірлесіп 1972 жылы түсірді. Фильмде соғыстың алғашқы күндерінде кеңестік офицердің қызы - он жасар Айгүл анасынан айырылады. Ауру, әлсіреген қызды қарт диірменші мен оның немересі Федя бастарын қатерге тіге отырып жасырады.

1977 жылғы «Тел өскен ұл» («Возвращение сына») драмасы соғыстың кесірінен анасынан алыстап кеткен орыс ұл туралы баяндайды. Оны қазақ әйел Рабиға тәрбиелеп өсіреді. Анасы Евдокия араға отыз жеті жыл салып оны іздеп табады. Сергей үшін бұл жер өз үйіне айналып еді, осында жақындары мен достарын тапты. Алайда туған анасы өзімен бірге алып кетеді.

Мейрамға орай, материалдағы кинофильмдерді көріп шығу ұсынылады. Егер алып-қосарларыңыз болса – мархабат, астына пікірлеріңізді қалдырыңыздар.

Пікірлер