• Біздің парақшалар:

"Бөтен": Пайда болу тарихы

«Бөтен» жай қатардағы ғылыми-фантастикалық хоррор ма, әлде адамзат болмысы төңірегінде ой қозғайтын философиялық маңызы бар культ-туынды ма? Бұл сұрақтар төңірегіндегі пікірталас арада 40 жылға жуық уақыт өткеніне қарамастан әлі де бар. Қалай десек те - «Бөтен» ғарыштағы тылсым туралы сыр шертетін киноөнімдер арасында ойып тұрып орын алар ауқымды жоба, қазіргі күнге дейін көрермендер арасында қызығын жоғалтпаған франшиза. 

Көпшілігіміз үшін «Бөтен» - Ридли Скоттың төл туындысындай көрінер. Бірақ олай емес. Фильм сюжетінің нобайы жазылып жатқан кезде Ридли Скот ол туралы естімеген де еді. 

Сонымен «Бөтен» қалай пайда болды? Бастауында кімдер тұр? Әңгіме сол туралы. 

Дэн О'Бэннон

Университетте оқып жүрген кезінде «Қара жұлдыз» («Dark Star», 1974 ж.) деген фантастикалық комедияның өндірісіне қатысады. Бұл болашақта атақты режиссерге айналатын Джон Карпентердің дипломдық жұмысы еді. Осы жобадан кейін Дэн О'Бэннонның басынан оқиғасы ғарышта өрбитін үрейлі фильм жасау идеясы кетпей қойды.

Оған еуропалық режиссер Алехандро Ходоровскимен «Шағыл» («Dune») жобасында жұмыс істеу ұсынылады. Алайда жоба іске аспай қалады да, АҚШ-қа оралған О'Бэннон жарлының күнін кешуге мәжбүр болады. Уақытша жұмыстармен күнелтеді, соның ішінде Джордж Лукастың «Жұлдызды соғыстар» фильміне арнайы эффектілер жасауға да атсалысты. Қиындықтан құтылудың бір-ақ жолы – тездетіп сценарий жазып, оны сатуға тырысу еді. Осылайша ол алыстағы планетада өрбитін оқиға мен сондағы құбыжық туралы қолжазбаны қолға алады. 

Рональд Шусетт

Сценаристік жолға енді түскен жас маманға Карпентердің «Қара жұлдызы» ерекше әсер етеді. Сөйтіп ол О'Бэннонмен танысады, оған бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс тастайды. О'Бэннон келісім береді. Шусетт Филлип К. Диктің «Біз сіз үшін бәрін бірден еске түсіре аламыз» («We Can Remember It for You Wholesale») деген шығармасын экрандау құқығын сатып алады. Екеуі осыдан сценарий жасауға бірлесіп кірісіп кетеді. Арада көп жыл өткенде бұл «Бәрін еске түсіру» («Total Recall») деген фильмге айналды: режиссері – Пол Верховен, басты рөлде – Арнольд Шварценеггер (1990 ж.). Осы шығарманы бейімдеу кезінде О'Бэннон Шусеттпен бұрыннан ойлап жүрген бөгдепланеталық құбыжық туралы кинофильм идеясымен бөліседі. 

Сценарийшілер Дэн О'Бэннон мен Рональд Шусетт

Алехандро Ходоровскидің іске аспай қалған фильмінен кейін қиын жағдайға тап болған Дэн О'Бэннон сценарий жазып, сатпақшы болғанын жоғарыда жаздық. Жоба бастапқыда «Жұлдыз хайуаны» («Star Beast») деп аталады. Алайда О'Бэннонге бұл атау ұнаған жоқ. Сценарийде «бөтен» деген сөз көп кездесетіндіктен, солай өзгертуді ұйғарады. 

Туындының тұпнұсқалығы

Фильм идеясы аталған екі сценарийшінің ақыл-қиялының таза жемісі деу қиын. Бөгде планеталықтың ғарыш кемесіне енуі, экипаж мүшелеріне шабуылы, оның адамның ішіне жұмыртқалауы, ал ұрық өсіп шыққанда тасымалдаушының ішін жарып шығуы Альфред ван Вогтың шығармаларында кездеседі. Тіпті кезінде осы автор ұрланған идея үшін «20th Century Fox» студиясынан өтемақы өндіріп алыпты. Жалпы ұқсас сюжеттік шешімдер бұған дейінгі басқа да шығармалар мен фильмдерде ұшырасады. Сюжеттің соны емес екенін О'Бэннонның өзі де жасырмайды: «Мен «Бөтенді» нақты біреуден ұрлаған жоқпын, мен оны бәрінен бірдей ұрладым», - дейді.

Өндіріс

Сценарий жұмысы 85%-ға дайын болған кезде, О'Бэннон мен Шусетт 1976 жылы 5 тамызда киношығарманы Сценарийшілер гильдиясына тіркеп, оны бірнеше студия ұсынып көреді. Оған «Б санатындағы үрейлі фильмдер патшасы» саналатын Роджер Корманның компаниясы қызығушылық танытады. Өндіріске 750 мың доллар бөлінетін болып, О'Бэннонның өзі режиссер, ал Шусетт продюсерлік міндетті атқаруы тиіс еді. Алайда «20th Century Fox» студиясымен байланысы бар «Брендивайн» өндірістік компаниясынан анағұрлым тиімді ұсыныс түседі. Фильмді түсіру туралы контрактіге осылайша қол қойылады. 

Дегенмен жаңа басшылық сценарийге бірқатар өзгерістер енгізді. Уолтер Хиллдің және Дэвид Гайлердің қалауымен басты кейіпкер Рипли деген әйел адамға өзгертілді. Сондай-ақ сюжет барысындағы кейбір деталдардың суреттелуі алынып тасталды. Бұндай өзгерістер сценарий авторлары мен продюсерлер арасындағы қарым-қатынасты қиындатып жіберді. Ақырында сценарийдің сегіз нұсқасы жасалған. 

Фильм өндірісінің бастау алуына 1977 жылғы «Жұлдызды соғыстардың» жетістігі серпін берді. Сол кезеңде ғылыми-фантастика жанрына қызығушылық күшейген еді. Осы ажиотажды ұтымды пайдаланып қалғысы келген «20th Century Fox» кинокомпаниясы түсірілімді тезірек бастауға мүдделі болады. Осылайша «Бөтеннің» де айы оңынан туып, оған 4,2 млн доллар бюджет бөлінеді. 

Сигурни Уивер мен Ридли Скотт түсіру алаңында

Ридли Скоттың «Бөтенмен» таныстығы осы кезеңнен басталады. Ол режиссер ретінде бекітілгеннен кейін мықты актерлік құрам жасақтауға кірісті. Оның бұл тұрғыда жолы болғанын мойындау керек: жеті басты кейіпкерді ойнауға ересек актерлер тартылды. Сигурни Уиверден басқаларының үлкен кинода тәжірибелері жетерлік еді. Бұл шынайылық эффектісін беруде ерекше рөл ойнағаны анық. 

«Бөтен» (1979) үлкен ғылыми-фантастикалық франшизаның қалыптасуына негіз болды. Кейін оның үш жалғасы шықты:

«Бөтендер» (1986)

«Бөтен 3» (1992)

«Бөтен: Тірілу» (1997)

 және екі кроссовер:

«Бөтен Жыртқышқа қарсы» («AVP: Alien vs. Predator»)

«Бөтен Жыртқышқа қарсы - Реквием» («AVPR: Aliens vs Predator – Requiem»). 

Араға 30 жыл салып, Ридли Скотт «Бөтеннің» әлеміне қайта оралды. 2012 жылы «Прометей» фильмін шығарды, бұл бірінші фильмге дейінгі оқиғаларды баяндайды, ал 2017 жылғы «Бөтен: Өсиет» әрі «Прометейдің» сюжетін жалғастырады, әрі түпнұсқа «Бөтенмен» байланыстырады.

Пікірлер