• Біздің парақшалар:

2017 жылғы жаздың жаңа сериалдары (I бөлім)

Дәстүрге сай, жаңа сериалдарға шолуымызды ұсынамыз. Шолуға кезекті маусымын шығарып жатқан тележобалар кірмейді, тек қана премьера, тек қана хардкор. Сол себепті, "Тақтар ойыны" қайда деп сұрап жүрмеңіздер ;)

ТҰМАН / THE MIST 

Стивен Кинг биыл трендте. 2017 жылы оның кем дегенде 4-5 шығармасы кино және теле форматтарда экрандалады. Солардың бірі – «Тұман» («The Mist»). 

Естеріңізде болса, жазушының бұл повесі бұрын кино түрінде үлкен экранға шықты (реж. Фрэнк Дарабонт, 2007 ж.). Сериалдың шоураннері Кристиан Торптың айтуынша, 10 эпизодтан құралған қазіргі мини-сериал «Тұманға» негізделді дегенімізбен, сериалдың оқиғасы анағұрлым ауқымды, локация да көбірек болады. 

Мистикалық драма Spike арнасынан 22 маусымнан бастап көрсетіледі. 

Ресми трейлер:

 

ЖАРҚЫЛ / GLOW 

Оқиғасы 1980 жылдар атмосферасында өрбитін комедия сериал. Жұмыссыз қалған актриса (Элисон Бри) амалдың жоқтығынан бір реалити-шоуға қатысуға келісім береді. Онда өзі секілді жолы болмағандар өз таланттарын рестлинг рингінде көрсетеді. 

GLOW  - Gorgeous Ladies of Wrestling деген атаудың қысқартпасы, қазақшаласақ – Күресудің тамаша ханымдары. Алғашқы маусым 10 бөлімнен тұрады. 

Сериал Netflix сервисінен 23 маусымда ұсынылады. 

Ресми трейлер:

 

СЫҒАН ӘЙЕЛ / GYPSY 

Наоми Уоттс телевидениенің тұрақты қонағы емес. Сондықтан бұл жоба көпшілікке қызық болуы тиіс. 

Джин Холлоуэй есімді психотерапевт (Наоми Уоттс) – қамқор ана, сүйікті жар бола тұра моральды-этикалық нормалары күмәнді адам. Ол өз пациенттерінің жақын адамдарымен интимдік қатынасқа түседі. Әлбетте бұл жақсылыққа әкелмесі анық. Әзірге 10 эпизодтан тұратын драманың бастапқы екі бөліміне «Сұрдың елу реңі» эротикалық мелодрамасын түсірген Сэм Тейлор-Джонсон режиссер болды. Ол жобаның атқарушы продюсерлігін де атқарады. 

Сериал Netflix сервисінде 30 маусымда жарық көреді.

Ресми трейлер:

 

 

АҚ ТҮТЕК / SNOWFALL 

1980 жылдардағы Лос-Анджелестегі кокаин эпидемиясы туралы және оның қала мәдениетіне ықпалы жайында баяндайтын драма. Оқиғалар үш басты кейіпкер – көше пысығы Франклин, гангстерлік жолға түскен мексикалық рестлер Густаво Запата және бай баласы Логан төңірегінде өрбиді. 

Бастапқы маусым 10 эпизодтан тұрады. 

Премьерасы FX арнасында 5 шілдеге жоспарланған. 

Трейлер:

 

КАСТЛВАНИЯ / CASTLEVANIA

Хоррор жанрындағы аттас видеоойынның экранизациясы. Анимациялық жоба 30 жылдық тарихы бар осы ойын франшизасының үшінші бөлімін негізге алыпты. 

Бірінші маусым небәрі әрқайсысы 30 минуттан тұратын 4 серияға бөлінген. Дегенмен қазірдің өзінде екінші маусымын жасауға шешім қабылданыпты. Болашақта тіпті толықметраж да шығып қалуы мүмкін. 

Жобаны Ади Шанкар басқарады. 

Айтпақшы, бұның толықметраж нұсқасына Пол У. С. Андерсон ("Зұлымдық мекені") көз салып жүргелі біраз болды. Көркем фильмнің іске асу мерзіміне қатысты нақты деректер жоқ.

Netflix сервисі бұл сериалды 7 шілдеде көрермендеріне ұсынады.

Тизер:

 

Жалғасы бар...

Пікірлер