• Біздің парақшалар:

"Аластатылғандар" бастаған фильмдер тобы

Сонымен, күн бейсенбі, яғни кинотеатр біткен жаппай жаңа фильмдер көрсете бастайтын уақыт келді. Ал Киностан әдеттегідей өздеріңізге апта премьераларына жасалған шолуды ұсынады.

Бірінші рет / В первый раз

Дэйв деген бозбала көпшіліктің қол жетпес арманына айналған мектептің бірінші сұлу қызына ғашық. Ал Обри есімді бойжеткен кеудемсоқ мачомен кездеседі (таныс жағдай, ә? :)). Сырт көзге жұптары жараспаса да, қыз алғашқы түнін сол жігітке сыйлауға шешім қабылдайды. Бірақ, бірде Дэйв пен Оюри көңілді кеште бетпе-бет кездесіп қалады.

Екеуі сырлас достарға айналады. Уақыт өте олардың достықтары одан да үлкен сезімге ұласа түседі. Кейін күліп еске алатын, бәрінің басынан өтетін бірінші жағдай да алыс емес еді...

Егер романтикалық көңіл-күйде жүрсеңіз, онда "Бірінші рет" сізді күтеді.

Гудзондағы Гайд-Парк / Гайд-Парк на Гудзоне

АҚШ президенті Фрэнк Делано Рузвельт пен Маргарет Стакли арасындағы махаббат туралы фильм. Оқиға 1939 жылы президент Британ ханшайымының Нью-Йорктағы резиденциясына сапары кезінде болған.

Фильмге танымал актер Билл Мюррей түскен. Актер осы рөлі үшін "Алтын глобус" номинациясына ие болған-ды. Көңілді өмірбаяндық туынды демалыстың сәнін әбден келтіре алады деп ойлаймыз.

Рим гладиаторлары / Гладиаторы Рима

Италиялық мультипликациялық туынды.

Жанартаудың атқылауынан Помпей қаласы қирап қалды. Келмеске кеткен қала тұрғындарының бірі Тим жетім қалады. Оны құтқарған генерал Кирон Тимді гладиаторлар мектебіне жібереді. Бірақ жас әрі еріншек бала батыр болуға асықпайды. Өсе келе Тим Лючилла деген сұлуға ғашық болады. Оның жүрегін жаулап алу үшін нағын қаһарман болу керек. Аңшылықтың құдайы және гладиатор төбелестері бойынша әлдебір шебер Тимді алғашқы жекпе-жегіне дайындауға кіріседі. Ол алдымен өз-өзін жеңіп, нағыз жігіт атануы керек.

Киллер Джо

Фильмде сақтандыру төлемі арқылы баю мақсатында аналарын өлтірмек болған, осы себепті полиция қызметкері әрі ақылы кісі өлтіруші - Джо Куперді жалдаған ағалы-қарындасты екеудің хикаясы көрсетіледі.

Жағаңды ұстатын іс-әрекет туралы туындыға Эмиль Хирш, Мэттью МакКонахи секілді танымал актерлар қатысқан.

Басқа атылған ок / Неудержимый

Жаңа Орлеанның киллері Нью-Йорктың жас полицеия қызметкерімен бірігіп, бір істі тергеуге кіріседі. Осы іс оларды Вашингтонның үкіметтік үйлерінің біріне әкеледі. Аса қатігездікпен жасалған кісі өлімінен кейін біріккен екі қаһарман жолына тұрғанның бәрін қырып-жояды, олар кек алу үшін бәріне дайын еді.

Фильмге "қайта жаңғырған" актер Сильвестр Сталлоне түсті.

Аластатылғандар / Отверженные

"Аластатылғандар" - осы аптаның ең басты жаңалығы. Фильм тек актерлар құрамымен ғана емес, ерекше жанрымен, түсірілу техникасымен әбден мақтана алады деген ойдамыз.

Оқиға ХІХ ғасырдың басында өтеді. Түрмеге қамалуы тиіс Жан Вальжан, қатал соттан қашып, ұзақ жылдар бойы жасырынып жүруге мәжбүр. Париж полициясының инспекторы Жавер оны тұтқындауды өмірінің басты ісі деп есептейді. Жан Вальжан үшін маңызды адамдардың бірі - Фантина есімді әйел қайтыс болғаннан кейін, оған әйелдің қызы Козетта өміріндегі ең жақын адамға айналады. Қыздың бақыты үшін Жан бәріне де дайын.

Фильмге Хелена Бонем Картер, Хью Джекман, Рассел Кроу, Энн Хэтэуэй, Аманда Сайфред, Саша Барон Коэн секілді жұлдыздар қатысты.

"Динозавр" жобасы / Проект "Динозавр"

Аңыз-әңгімелер арқылы ғана белгілі болып келген, суда тіршілік ететін мақұлықты іздеуге батыстың зерттеушілер тобы жіберіледі. Бірақ сапар оу бастан-ақ сәтті бола қоймайды. Тропикалық джунгли ішінде орын алған қиындықтар топтың амандығына үлкен қатер әкеледі. Олардың миллиондаған жыл бұрын жойылып кетті деп есептелген тіршілік иелерімен кездесуіне тура келеді...

Техастағы қырғын 3D / Техасская резня бензопилой 3D

Ел назарына іліккен аңыз. Аңызға айналған шындық. Бәрімізге таныс оқиға қайта оралды.

Былғары бетпердемен жасырынған Джеб Сойерға жергілікті шериф әділ сот ұйымдастырып, оған адвокат беруге келісім береді. Бірақ қанішерді өздері жазаламақ болған мэр бастаған адамдар тобы оның ниетіне кедергі болады. Адамдардың ашынғаны сонша, ашық қарсылыққа шыға бастайды. Біреу Сойердің үйіне жанатын шөлмек лақтырып, өртеп жібереді. Үйде болғандардың бәрі қырылады. Бірақ уақыт өте келе моторлы араның көмегімен кісі өлтіру жағдайлары тағы пайда болады. Шериф қанішердің кім екенін анықтауы керек.

Группа 7

1987 жыл, Севилья. Полицияның айрықша маңызды тапсырмалар орындайтын "Группа 7" арнайы жасағы көшелерді жаулап алған қылмыс топтарының көзін құртып, жезөкшелік пен есірткі трафигінен қаланы тазартуы керек. Жасақтың жетекшілері - детектив болуды армандайтын жас офицер Анхель және қатал да қатігез, бірақ тәжірибелі коп - Рафаэль.

Олар ерекше тәсіл қолданады: қылмыспен күрес кезінде заңды айналып өтіп, мақсаттарына зорлық-зомбылықпен, қорқыту мен жалғандық арқылы қол жеткізеді.

Уақыт өте келе екі офицердің жолдары екіге айырылады. Анхель өзінің мақсат-міндеттеріне көп көңіл бөлсе, Рафаэль көшеден кездестірген Лючия есімді жас сұлуға ғашық болып қалады.

Құрметті киносүйерлер!

Киностан алдын-ала хабарланған, бірақ дер кезінде прокатқа шықпай қалған туындылар үшін жауап бермейді.

Шолу Киностан сайтында жарияланған мәліметтер негізінде дайындалды. Туындыларға қатысты өз ой-пікіріңізді сайттағы фильмнің жеке бетінде қалдыра аласыз.

Сіздерге тек қызықты фильмдер тілейміз!

Пікірлер