• Біздің парақшалар:

2017 жылғы жаздың жаңа сериалдары (IІ бөлім)

Өткендегі материалымыздың екінші бөлігі. Шолуға кезекті маусымын шығарып жатқан тележобалар кірмейді, тек қана премьералар.

УИЛЛ / WILL 

Уильям Шекспирдің өміріне жаңаша көзқарас. Жобаны «Ромео + Джульетта», «Мулен Руж», «Чарли Сан-Клауд», «Ұлы Гэтсби» секілді фильмдерге сценарий жазған Крэйг Пирс басқарады. 

10 сериядан тұратын телехикаяда XVI ғасырдағы британ театрының әлемі көрсетіледі, ал негізгі оқиғалар 20 жасар Шекспир төңірегінде өрбиді. 

Сериал TNT арнасынан 10 шілдеден бастап ұсынылады.

Ресми трейлер:

 

МИДНАЙТ, ТЕХАС / MIDNIGHT, TEXAS 

Америкалық фэнтези-драмада вампирлер, мыстандар, экстрасенстер, телепаттар мен басқа да адамзат аутсайдерлер туралы айтылады. Бұлардың барлығын қарапайым адамдардан алыс ұстау үшін Техастың бір түкпіріндегі Миднайт деген қалаға қамайды. Бірде осы жерде кісі өлімі болады. Ал басты кейіпкер Манфред не болғанын анықтау керек және осы елді мекеннің тыныштығының бұзылмауына атсалысу керек. 

Сериал Шарлин Харристің кітаптар сериясына негізделген. Жазушының осыған дейін тағы бір кітабы экрандалды – 2008-2014 жылдары HBO арнасында көрсетілген вампирлер туралы «Нағыз қан» («True Blood») сериалы. 

«Миднайт, Техас» NBC арнасында 24 шілдеден бастап көрсетіледі.

Ресми трейлер:

 

КҮНӘҺАР / THE SINNER 

Жоба Джессика Билдің экранға оралуымен ерекше. Неміс жазушысы Петра Хаммесфардың кітабына негізделген сериалда ол байқаусызда кісі өліміне себепші болған жас ананы ойнайды. Оның ісімен детектив Гарри Амброза (Билл Пуллман) айналысады. Джессика Билдің өзі актерлікпен қатар, атқарушы продюсер міндетін де атқарады. 

8 эпизодтан тұратын драма USA Network арнасына 2 тамызда шығады. 

Ролик:

 

МИСТЕР МЕРСЕДЕС / MR. MERCEDES 

Стивен Кингтің тағы бір шығармасының экранизациясы. Аттас роман 2014 жылы шыққан болатын. 

Жобаға Дэвид Э. Келли жауап береді, ол бұрын «Үлкен кішкентай өтірік» («Big Little Lies»), «Голиаф» («Goliath») секілді сериалдардың өндірісін басқарды. Ал режиссерлік міндетті Джек Бендер атқарды, оны көпшілік «Сопрано отбасы» («The Sopranos»), «Жоғалғандар» («Lost»), «Тақтар ойыны» («Game of Thrones») сериалдарына режиссер болған маман ретінде біледі. 

Сюжетте Билл Ходжес есімді зейткер полицей туралы айтылады. Ол біраздан кейін өз жұмысына қайта оралады, өйткені ашылмай қалған іс маза бермейді. Полицей өз командасымен бірге - сегіз адамды өлтіріп қана қоймай, бұрыннан да ауқымды қатыгездікке дайындалып жүрген қылмыскерді табуы керек. 

Басты рөлде – Брендан Глисон. Ал қылмыскерді Антон Ельчин ойнауы керек еді, бірақ оның қазасынан кейін орнына Гарри Тредэвэй келді. 

Телевизиялық триллер Audience арнасының эфирінен 9 тамыздан бастап көрсетіледі. 

Ролик:

 

ҚОРҒАУШЫЛАР / THE DEFENDERS 

Басбұзар, Джессика Джонс, Люк Кейдж және Темір жұдырық. Осыған дейін аталған 4 қаһарманның жеке сериалдары көрсетілді. Енді олардың бірігіп, ортақ жауға қарсы тұратын уақыты келді. «Қорғаушылар» - осы кейіпкерлердің біріктіретін кроссовер-жоба. 

Фанаттар үшін тағы қызық факт – аталған сериалдардағы оқиғалар Marvel-дің киноәлемінде өрбиді, тіпті кейде диалогтар кезінде Кек алушылар туралы айтылып та қалады. 

Актерлік құрам өзгерген жоқ, ал оларға жаңадан Сигурни Уивер қосылады. 

8 бөлімдік сериалды Netflix сервисі 18 тамызда жарыққа шығарады.

Ресми трейлер:

Пікірлер