• Біздің парақшалар:

Сан-Диегодағы Comic-Con 2017: сериалдардың трейлерлері

2017 жылғы 20-23 шілде аралығында АҚШ-тың Сан-Диего қаласында дәстүрлі Comic-Con International фестивалі өтті. Назарларыңызға осы комикс-фестиваль кезінде көрсетілген маңызды деген бірқатар сериалдардың трейлерлері мен видеороликтеріне тоқталамыз.

Marvel мен Netflix арасындағы әріптестік жалғаса бермек. "Темір жұдырық" ("Iron Fist") екінші маусымға, "Басбұзар" ("Daredevil") үшінші маусымға ұзартылды. Ал "Басбұзардағы" Жазалаушы (The Punisher) немесе Фрэнк Касл деген атпен белгілі қаһарман туралы бөлек спин-офф сериал шығады. 

Биыл 18 тамызда Marvel мен Netflix әріптестігінің тағы бір жемісі - "Қорғаушылар" ("The Defenders") кроссовері жарық көреді. Бұнда осыған дейін өз жобаларымен шыққан Басбұзар (Daredevil), Джессика Джонс (Jessica Jones), Люк Кейдж (Luke Cage) және Темір жұдырық (Iron Fist) бірігеді. Төменде кроссовердің екінші трейлері: 

Netflix басқа да жобаларына тоқталды. Атап айтқанда, "Біртүрлі жағдайлар" ("Stranger Things") сериалдың екінші маусымы. Біріншісі былтыр нағыз хитқа айналды. Екіншіде оқиға жалғасын табады, жасөспірімдер тылсым құбылыстың құпиясын ашуға талпынысын тоқтатпайды:

Екінші маусым 27 қазанда шығады.

"Стартрек" әлемінің тағы бір өнімі эфирге дайындалып жатыр. "Стартрек: Дисковери" ("Star Trek: Discovery") тележобасының оқиғасы сонау 1966-69 жылдары көрсетілген түпнұсқаның оқиғасына дейінгі 10 жыл бұрын өрбиді. Жаңа сериал АҚШ-та 23 қыркүйектен бастап CBS All Access арнасынан, ал әлемнің басқа елдерінде Netflix арқылы ұсынылады:

Биылғы конвенцияның қызықты тележобаларының бірі - "Дарындылар" ("The Gifted"). Бұл "Х-адамдар" франшизасының спин-оффы. Форумда екінші трейлері таныстырылды. Сюжеті өз балаларынан ерекше қабілет байқаған ата-ана төңірегінде өрбиді. Отбасы жас мутанттардың соңына түскен үкіметтен қашып, жасырын өмір сүруге мәжбүр болады. Бастапқы сериясын Брайан Сингердің өзі түсірген. Премьерасы FOX арнасында 2 қазаннан бастап:

Қазіргі кездегі ең рейтингті сериалдардың бірі - AMC арнасының "Тірі өліктер" ("The Walking Dead") сериалының сегізінші маусымы эфирге дайындалып жатыр. Комик-конның арқасында жаңа маусымның бес минуттық трейлері пайда болды:

Сегізінші маусымның трансляциясы 22 қазаннан бастап.

HBO арнасының танымал жобаларының бірі - "Батыс әлемі" ("Westworld") екінші маусымын 2018 жылы шығарады. Фестивальда екінші маусымның ролигі көрсетілді: 

Пікірлер