• Біздің парақшалар:

Әлдекім / Оно / It: жылдың басты хорроры бола ала ма?

"It" (біздің прокатта - "Оно") - Стивен Кингтің аттас романына негізделген үрейлі драма. Режиссері "Мама" хоррорымен танымал Андрес Мускетти.

Сюжет бойынша Американың бір қалашығында балаларды өлтіру көбейіп кетеді. Бірнеше оқушы бірігіп, осы қылмысқа қатысы бар "Әлдекім" атанып кеткен құбыжықты табуды көздейді.

Клоун Пеннивайз рөлінде - швед актері Билл Скарсгард. Ол кино әлемінде әйгілі Скарсгардтар отбасынан шыққан.

Бала актерлер құрамы да осал емес: мысалы, Финн Вулфард былтырғы хит сериал - "Біртүрлі жағдайлар" ("Stranger Things") жұлдызы. Айта кетелік, "Біртүрлі жағдайлар" мен "Әлдекімнің" ортақ тұстары көп, соның ішінде екеуінде де оқиға сексенінші жылдары өрбиді, екеуінде де адам жоғалғаннан кейін балалар бірігіп, тылсым күш иесін іздеуге шығады. Тағы бір актер -Уайатт Олефф, ол "Галактика сақшыларында" Питер Куилл/Жұлдызды лордтың бала кезін ойнайды. Николас Хэмилтон биыл Стивен Кинг шығармасының тағы бір экранизациясы - "Қара мұнарадан" көрінді. 

Сыншылар қауымы фильмді жылы қабылдады. Айтылған әртүрлі пікірдің түйіні - өте қорқынышты және өзіндік юморы бар. Сайқымазақ рөлінде актердің ойыны тамаша.

Warner Bros. студиясы екінші сериясын түсіруді жоспарлап отыр. Оның сюжеті арада отыз жыл өткен соң болады.

Пікірлер