• Біздің парақшалар:

2017 жылғы күздің жаңа сериалдары (І бөлім)

Түпнұсқа туындылар болады, және соларды басшылыққа алып, соларды нысанаға алып жасалатын қосалқы дүниелер болады. Осы күзде айтып өтуге сиквел мен приквел бар. Атап айтқанда «Стартрек» әлемінің жаңа жобасы, «Үлкен жарылыс теориясындағы» Шелдон Купердің балалық шағына арналған телетуынды, «Стартрекке» пародия және басқа да қызықтар. Назарларыңызда 2017 жылғы күздің телепремьералары. 

ОРВИЛЛ / THE ORVILLE

Бұл телешоу «Стартрек», «Жұлдызды соғыстар» секілді ғылыми-фантастикалық туындыларға пародия ретінде жасалған. Комедия сериалдың авторы - комик Сет МакФарлейн, басты рөлде де өзі. Алғашқы маусымның пилот бөлімдеріне Джон Фавроның өзі режиссер болыпты («Темір адам», «Джунгли кітабы»).

МакФарлейн «Отағасы» («Family Guy») анимациялық сериалын, «Тед» кинофильмін жасаған адам ретінде белгілі.

«Орвилл» фантастикалық комедиясы Fox арнасынан 10 қыркүйектен бастап көрсетілуде. 

Превью:

 

ЕКІЛІК / THE DEUCE

Жоба 1970-80 жылдардағы секс-индустрияның бей-берекет әлемін зерттейді. Оқиға орны – Манхэттен. Бұл кезең СПИД-тің пайда болуымен, есірткінің кеңінен таралуымен және жылжымайтын мүлік нарығының жаңаруымен ерекшеленді.

Сюжет осы астаң-кестең әлемнен оңтайлы жол іздеген егіз ағайындылар Винсент пен Фрэнки Мартино төңірегінде өрбиді. Ағайындыларды Джеймс Франко ойнайды. Жеңіл жүрісті бикеш рөлінде - Мэгги Джилленхол.

Алғашқы маусым 10 эпизодтан тұрады. Премьерасы 10 қыркүйекте HBO арнасында болды. 

Трейлер:

 

СТАРТРЕК: ДИСКОВЕРИ / STAR TREK: DISCOVERY

Сет МакФарлейн «Стартрекке» пародия жасаса, CBS әйгілі франшизаны дамытуға күш салып жатыр. «Дисковери», немесе орыстарша айтсақ «Дискавери» - «Стартрек» атты ауқымды ғаламның алтыншы телевизиялық сериалы. Бастапқыда премьерасы мамырға белгіленіп еді, бірақ күзге ығыстырылыпты. Жобаны белгілі продюсер, сценарийші Алекс Куртцман басқарады.

«Дисковеридің» сюжеті сонау 1966 жылы шыққан түпнұсқа сериалдың оқиғаларына дейін өрбиді. USS Discovery NCC-1031 ғарыш кемесінің экипажы шексіз ғарышты шарлап, жаңа әлем мен өркениет іздеуге шығады. 

Премьерасы 24 қыркүйекке белгіленген фантастикалық хикаяның бастапқы бөлімдері CBS арнасынан, қалған бөлімдері CBS All Access ақылы сервисінен көрсетілмек. Америкадан басқа елдерге Netflix сервисі арқылы қол жетімді болады. 

Ресми трейлер:

 

ЖАС ШЕЛДОН / YOUNG SHELDON

«Үлкен жарылыс теориясы» («The Big Bang Theory») ситкомын білетін шығарсыз? Сондағы басты кейіпкер Шелдон Купердің балалық шағы туралы бөлек сериал. Приквелді де түпнұсқаның авторлары Чак Лорри мен Стивен Моларо жасаған. 

Жаңа ситкомда 9 жасар Шелдонның басынан өткен оқиғалары баяндалады. «Үлкен жарылыс теориясында» ересек Шелдон болған актер Джим Парсонс кадр сыртынан баяндаушы рөлінде болады, ол сондай-ақ жобаның атқарушы продюсері міндетін атқарады. Идея да соған тиесілі екен. Сериалды Джон Фавро (тағы да) түсірген. 

Алғашқы сериясы CBS арнасынан 25 қыркүйекте көрсетіледі. 

Трейлер:

 

МЕН, ТАҒЫ МЕН ЖӘНЕ МЕН / ME, MYSELF & I

Адамның жас кезеңдері туралы комедия сериал. Басты кейіпкер – Алексан Райли. Сериалда оның 1990 жылдардағы 14 жасар кезі, қазіргі уақыттағы 40 жасар кезі және 2042 жылғы 65 жасар шағы көрсетіледі. 

Басты рөлде – комик Бобби Мойнахан. Ал оның бала кезін және қартайған шағын Джек Грейзер және Джон Ларрокетт деген актерлер ойнайды.

Премьерасы CBS арнасында – 25 қыркүйектен бастап.

Ролик:

 

Жалғасы бар...

Пікірлер