• Біздің парақшалар:

"Жүзбен жүгіруші 2049": Приквел қысқаметраждар

5 қазанда Дени Вильнёв түсірген "Жүзбен жүгіруші 2049" / "Бегущий по лезвию 2049" / "Blade Runner 2049" неонуары прокатқа шығады. Бұл фильм сонау 1982 жылы жарық көрген Ридли Скоттың "Жүзбен жүгіруші" фантастикалық боевигінің жалғасы. Сиквелдің оқиғасы бірінші фильм сюжетінен кейін 30 жыл өткен соң өрбиді.

1982 жылғы "Жүзбен жүгіруші" стилистикасы мен түсіру технологиясы жағынан өз заманынан озық шыққаны үшін культ статусына ие болды. Бірқатар жүлделермен де марапатталды. Жалпы алғанда, оның кино тарихы мен бұқара мәдениеті үшін алар орны ерекше. Сондықтан культ туындының жалғасын жасау үлкен жауапкершілік пен мұқияттылықты талап етеді.

Түпнұсқа картинаның сюжеті мен детальдарын баяндап, түсіндіріп отыру артық шығар, сірә. Оны киноға қызығатын көпшілік білуі тиіс және Уикипедия секілді ақпараттар қоры бар заманда қайталап жазып отыру артық деп есептейміз. Қысқа-нұсқа форматында мына видеодан мағлұмат алуға болады:

Екіншісін түсірген Дени Вильнёв "Жүзбен жүгіруші" қалдырған мәдени мұраның ауыртпалығын жақсы түсінген секілді. Сондықтан өз фильмін жасау кезінде стилистика мен визуал ерекшеліктердің сақталуына ерекше мән берумен шектеліп қана қойған жоқ. Ол сиквелді прокатқа жібермес бұрын арадағы отыз жылдың ішінде қандай оқиғалар болғанын айту қажет деп тауыпты. Сондықтан приквел ретінде қосымша қысқаметраждар жасалған. Бұл қосымша материалдар бірінші фильм мен екінші фильмнің арасында байланыс орнатушы деталь ретінде ұсынылып отыр және екінші фильмдегі кейбір сюжеттік қалтарыстарды түсіндіріп, көрерменнің осы киноәлем туралы білімін кеңейте түседі. 

Барлығы үш приквел жасалды. Біріншісі мен екіншісін Люк Скотт түсірді. Ол - режиссер Ридли Скоттың ұлы.

Бірінші қысқаметраж "2036: Nexus Dawn" деп аталады. Фильм оқиғасы 2036 жылы өрбиді. Басты фигура - Нексус 9 репликанттарын өндіретін Ниандер Уоллес (Джаред Лето). Ол әлдебір комиссияның алдына келіп жаңа киборгтың бұрынғы үлгілерден артықшылығын көрсетеді.

Фильмнің орысша дубляждалған нұсқасы мына жерде. Ал мынау түпнұсқасы:

"2048: Nowhere to Run" деп аталатын екінші приквелде Саппер есімді андроид туралы баяндалады. Аты айтып тұрғандай, оқиғасы 2048 жылы өрбиді. Басты рөлде Дэйв Батиста ойнайды. Басты кейіпкер репликант екеніне қарамастан классикалық әдебиетті оқығанды ұнатады, көзілдірік киеді және айналасына мейірімді. Алайда көшеде бір қызды құтқарамын деп төбелеске араласады да, із кесушілердің көзіне ілігеді.

Фильмнің орысша дубляждалған нұсқасы мына жерде. Ал мынау түпнұсқасы:

Үшіншісі "Black Out 2022" деп аталады және сюжет жағынан бірінші фильмге жақынырақ. Өйткені оқиғасы түпнұсқа картинадағы оқиғалардан кейін 3 жылдан соң болады. Фильмді жапон режиссері Синъитиро Ватанабэ түсірді және жанр жағынан алдыңғы екеуіне ұқсамайды. Үшінші қысқаметраж - аниме стилінде жасалған.

Сюжетте репликанттардың жаңа үлгісі - Nexus 8 туралы айтылады. Олардың өмір циклы ұзартылады. Көп кешікпей олар да адамдардың өшпенділік объектісіне айналады. Андроидтар да қарап қалмай, өмір үшін күресуге мәжбүр болады.

Түпнұсқа:

Пікірлер