• Біздің парақшалар:

2017 жылғы күздің жаңа сериалдары (ІІІ бөлім)

Осы күздің жаңа сериалдарына арналған сериямызды жалғастырамыз. Қызық драмалардың бірі - Дэвид Финчер ұсынған "Сана аңшы" қылмыстық драмасы.

ӘКІМ / THE MAYOR 

Джереми Бронсонның ситкомы. Сюжетте Кортни есімді хип-хоп орындаушы туралы баяндалады. Ол өзінің музыкалық карьерасын қалай да әрі қарай жылжыту үшін өзі тұратын қалашықтың мэрі постына өзін ұсынады. Күтпеген жерден оны әкім қылып сайлайды. Енді жігіт өмірде кездеспеген проблемаларға жолығады. 

Сериал 3 қазаннан бастап ABC арнасынан көрсетілуде. 

Ресми трейлер:

 

КЕВИН ӘЛЕМДІ ҚҰТҚАРАДЫ (ШЫҒАР) / KEVIN (PROBABLY) SAVES THE WORLD 

Комедия элементтері бар драма. Сериалды жасаушылар – «Гавайи 5.0», «Агент Картер» теледрамаларының авторлары - Мишель Фазекас пен Тара Баттерз. Басты рөлде Джейсон Риттер ойнайды. 

Сюжет бойынша өмірде жолы болмаған Кевин есімді кейіпкер сыңар қарындасы Эмидің үйіне көшіп келеді. Көп кешікпей ол Иветт деген құдырет иесімен кездеседі. Оның айтуынша Құдай Кевинге әлемді құтқару міндетін тапсырған, ал Иветт оны бұл тапсырманы орындауға бағыт беріп отырады. Иветті тек Кевин ғана көріп-ести алады, сондықтан өзгелерге Кевин есінен адасқан адамдай көрінеді. 

Премьерасы ABC арнасында 3 қазаннан бастап. 

Ролик:

 

СУБУРА – СЕРИАЛ / SUBURRA - LA SERIE 

Италиялық қылмыстық драма, 2015 жылғы аттас фильмнің приквелі ретінде жасалған. Көтерген тақырыбы – коррупцияға белшеден батқан саясаткерлер мен Рим шіркеуі. Сюжетте Рим маңайындағы қалашықта жер теліміне таласқан ұйымдасқан қылмыстық топ, жемқор саясаткерлер мен Ватикан арасындағы текетірес сөз болады. 

Сериалдың ағылшын тіліндегі атауы – «Suburra: Blood on Rome» («Субура: Римдегі қан»). 10 эпизодтан тұратын алғашқы маусым Netflix арқылы 6 қазанда таратылды. 

Ресми трейлер:

 

ДИНАСТИЯ / DYNASTY 

1981-1989 жылдар аралығында ABC телеарнасына шыққан аттас сериалдың ремейкі. «Сабынды опера» мұнай бизнесі бар Кэррингтондар отбасы төңірегінде өрбиді. Соның ішінде мұрагер Фэллон мен оның өгей анасы, испан әйелі Кристал арасындағы бәсекелестік баяндалады. 

Түпнұсқа теледрама өз заманында танымал болды және бес рет «Алтын глобус» алды. Ал жаңа нұсқасы 11 қазаннан бастап The CW арнасының эфиріне шығады. 

Трейлер:

 

САНА АҢШЫСЫ / MINDHUNTER 

Сериал бұрынғы арнайы агент Джон Дугластың «Сана аңшысы: ФТБ элиталы криминалистер жасағының бүкпесі» («Mind Hunter: Inside FBI’s Elite Serial Crime Unit») кітабына негізделген. Айталық Дугластың еңбегі сериялы маньяктардың психологиялық портретін қалыптастыру туралы кітаптардың арасында үздіктердің бірі саналады. Жоба жетекшілерінің бірі - Дэвид Финчер, ол атқарушы продюсер және режиссер міндеттерін атқарды. 

Сюжеттегі оқиға 1979 жылы өтеді және Федералдық тергеу бюросының екі агентінің қызметін қамтиды. Олар қамаудағы сериялы кісі өлтірушілермен сұхбаттасып, олардың ойлау қабілеттерін түсінуге тырысады. Осы арқылы ағымдағы қылмыстарды ашпақ болады. 

Сериалды әу бастан-ақ екі маусым қылып шығару жоспарланған. Біріншісі Netflix сервисіне 13 қазанда шығады.

Ресми трейлер:

 

Жалғасы бар...

Пікірлер