• Біздің парақшалар:

Харви Вайнштейн дауы: Оқиғалар хронологиясы

2017 жылы 8 қазан:

 Харви Вайнштейн өзі құрған "The Weinstein Company" студиясынан қуылғаны мәлімделді. Бұған себеп - оның сексуалдық сипаттағы әрекеттеріне қатысты дау-дамай мен айыптаулар. Компанияның директорлар кеңесі осындай әңгімелерден соң оны орнынан босатыпты. 

"New York Times" газеті продюсердің көптеген теріс қылықтары туралы жазған еді. Голливуд студияларының, телекомпаниялардың қызметкерлері, белгілі актрисалар оның жыныстық сипаттағы дәмеленуінің құрбаны болды деседі (Deadline).

***

Мэтт Дэймон мен Рассел Кроу Вайнштенді қорғаштады деп айыпталды. Оқиға былай болған: журналист Шерон Ваксман 2004 жылы "The New York Times" басылымы үшін Харви Вайнштейннің сексуалдық дәмелену оқиғалары туралы материал дайындап жатады. Мақаланың ішінде "Miramax" компаниясының Италиядағы басшысы Фабрицио Лоренцоның да есімі аталады. Дәлірек айтқанда, ол Вайнштейнге жеңгетайлық қызмет көрсетіп, оған әйелдер табуға көмектесіп отырған. Материал дайындалып жатқан кезде продюсер журналист қызға қысым көрсеткен екен, сондай-ақ актерлер Мэтт Дэймон мен Рассел Кроу хабарласып, оған Лоренцо туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізген. Қысым газет басшылығына да жасалған, сондықтан Шерон Ваксманның журналистік зерттеуі жабылып қалады (The Wrap). 

2017 жылғы 10 қазан:

Фотода: Харви Вайнштейн, Гвинет Пэлтроу және Лив Тайлер / Автор: Stephen Lovekin/Getty Images North America (2008)

Актрисалар Анджелина Джоли мен Гвинет Пэлтроу продюсер Харви Вайнштейн жыныстық қатынасқа тартпақ болғанын мәлімдеді. Екеуінің де оқиғасы бұрынырақта болыпты (The New York Times).

***

Секс-скандалдан кейін Вайнштейннің әйелі дизайнер Джорджина Чепмен одан кетінін мәлімдеді (People).

***

Фотода: ағайынды Боб және Харви Вайнштейндер / Автор: Mark Von Holden/Getty Images North America (2009)

Харви Вайнштеннің айтуынша, бұл даудың таралуына інісі Боб кінәлі. Ол кинокомпанияны тұтастай өз қолына алу үшін бауыры туралы ақпараттарды қасақана таратып отыр деп есептейді (TMZ).

***

The New Yorker журналы Вайнштейннің сексуалдық құрбаны болған жеті әйелдің тізімін жариялады. Олардың арасында актрисалар да бар (The New Yorker):

  • Азия Ардженто, Италия актрисасы.
  • Lucia Evans, актриса.
  • Ambra Battilana Gutierrez, Филиппин-Италия актрисасы.
  • Мира Сорвино, Америка актрисасы.
  • Эмма де Кон, Франция актрисасы.
  • Розанна Аркетт, Америка актрисасы.
  • Emily Nestor, "Weinstein Company" қызметкері.

***

Актер, режиссер Бен Аффлек өзінің Twitter парақшасында Вайнштейнді айыптап, пост жазды. Алайда пікір қалдырушылар оның да таза адам емес екенін есіне салды. Бен Аффлек те, оның інісі Кейси Аффлек те бірнеше рет секс-скандалмен бастары бәлеге қалған еді (Twitter).


2017 жылғы 11 қазан:

Актриса Линдси Лохан Twitter парақшасында Вайнштенге қолдау білдіріп видеопост жазды (Twitter).

***

Актриса Кара Делевинь де Харви Вайнштейннің жыныстық қатынасқа тартпақ болған болғанын айтты. Актрисаның сөзін "The Huffington Post" басылымының журналисі Яшар Али Twitter парақшасында жариялаған. Делевиннің айтуынша, продюсер оны отелдегі номеріне шақырып алған. Бөлмеде Вайнштейнмен бірге бір әйел болған. Продюсер актрисаға әлгі әйелмен сүйісуді ұсынған және үшеуі болып жыныстық қатынасқа түсуге тырысқан (Twitter).

 

***

Вайнштейннің секске тарту әрекетінің болғанын француз актрисасы Леа Сейду де айтты (The Guardian). 

2017 жылғы 12 қазан:

"The Weinstein Company" студиясы Харви Вайнштейнмен соттасатыны белгілі болды. Директорлар кеңесі компанияға келген шығын үшін одан өтемақы өндіріп алмақшы (The Wrap).

***

Нью-Йорк полициясы Харви Вайнштейнге қатысты тергеу бастады (The Independent). 

2017 жылғы 14 қазан:

Боб Вайнштейн ағасына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, Харви қорғауға лайық адам емес, ол тиісті жазасын алуы керек. Екеуі соңғы бес жылда көп сөйлеспеген екен, сондықтан Боб ағасының бұл қылықтары туралы білмеген (The Hollywood Reporter).

2017 жылғы 15 қазан:

"Оскар" сыйлығын беретін Америка киноөнерінің академиясы Харви Вайнштейнді өз құрамынан шығарып тастады (CNN).

***

Лондон полициясы Харви Вайнштенге қатысты қылмыстық іс қозғады. Ол төрт эпизод бойынша күдікті деп танылып отыр. Лондондағы қылмыстық іс 11 қазанда британ актрисасы Лизетт Энтонидің арызы бойынша қозғалды (Variety).

2017 жылғы 16 қазан:

АҚШ Продюсерлер гильдиясы Харви Вайнштейнді құрамынан шығару туралы шешімді қолдап бір ауыздан дауыс берді (Deadline).

2017 жылғы 17 қазан:

"Тақтар ойыны" сериалында Серсея Ланнистер рөлін орындаушы Лина Хиди кинопродюсердің төсекке тартпақ болғанын жазды. Бірінші рет 2005 жылы, сосын бірнеше жылдан соң тағы да тиіскен (Twitter).

2017 жылғы 18 қазан:

Гарвард Университетінің Қамқоршылық кеңесі продюсерге афро-америкалық мәдениеттің дамуына және насихатына қосқан үлесі үшін берілген медальды қайтарып алу туралы шешім қабылдады (The Hollywood Reporter).

2017 жылғы 19 қазан:

Ресейдің "Первый канал" телеарнасының жүргізушісі Екатерина Мцитуридзе Вайнштейннің сексуалдық дәмеленуінің құрбаны екенін мәлімдеді. Журналист кино тақырыбында авторлық бағдарлама жүргізеді, сондай-ақ "Роскино" құрылымын басқарады (The Hollywood Reporter).

***

Режиссер Квентин Тарантино көп жыл бойы Вайнштейннің жыныстық қатынасқа тарту әрекеттері туралы білгенін мойындады. Ол продюсердің бұл қылығын тоқтатуға әрекет етпегені үшін өкінеді екен (The New York Times). 

2017 жылғы 25 қазан:

Норвег актрисасы Наташа Мальте продюсер оны зорлағанын айтты. Оқиға 2008 жылы болған (The Wrap).

2017 жылғы 28 қазан:

Актриса Аннабелла Шиорра зорланғанын мәлімдеді. Продюсер зұлым ойын "Біз ешқашан кездеспейтін түн" ("The Night We Never Met") фильмінің түсірілімі аяқталғаннан кейін іске асырған (Deadline).

2017 жылғы 1 қараша:

Ресей астанасы Мәскеуде АҚШ елшілігінің алдында Вайнштейнді қолдаған шағын акция өтті. Бес жалаңаш қыз продюсерге қолдау білдірілген жазуы бар плакат ұстап шыққан (РЕН ТВ).

***

Квентин Тарантино өзінің келесі режиссерлік жұмысы үшін студия іздеуге кірісті. Оның жобасын әдеттегідей The Weinstein Company қаржыландыруы тиіс еді. Бірақ Вайнштейн төңірегіндегі секс-скандалдан кейін режиссер ол компаниямен әріптестігін тоқтатыпты (Deadline).

2017 жылғы 2 қараша:

Америка актрисасы Пас де ла Уэрта да продюсердің секс-құрбаны болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша Харви Вайнштейн оны екі рет зорлаған (CBS News).

2017 жылғы 6 қараша:

Харви Вайнштейн АҚШ-тың Meadows клиникасында секске тәуелділіктен арылу үшін арнайы курстан өтетін болды. Бұл клиниканың қызметіне актер Кевин Спейси де жүгініпті. Ол педофилия, ер адамдарды жыныстық қатынасқа тарту әрекеттері үшін айыпталып отыр (Daily Mail).


АнықтамаХарви Вайнштейн - Америка кинопродюсері, інісі Боб Вайнштейнмен бірлесіп "Miramax Films", "The Weinstein Company" компанияларын құрған. 1952 жылы Нью-Йоркта иудей отбасында дүниеге келген. 1999 жылы "Ғашық Шекспир" ("Shakespeare in Love") фильмі үшін "Үздік фильм" номинациясы бойынша продюсер ретінде "Оскар" алды.

Пікірлер