• Біздің парақшалар:

2017 жылғы күздің жаңа сериалдары (IV бөлім)

Күздің жаңа сериалдары шолуымыздың соңғы бөлігі. Marvel-дің екі сериалы, Сет Рогеннің жобасы, Джастин Линнің режиссерлік жұмысы бар.

АҚ АТАҚ / WHITE FAMOUS 

Голливудтың белгілі актері, музыкант, комедиант – Джейми Фокс өміріне негізделген комедия. Басты рөлде басқа бір стендап комик Джей Фэро ойнайды. Ал Джейми Фокстың өзі жобаға сценарийші, продюсер ретінде қатысты, сондай-ақ камео рөлмен көрінеді. 

Сериалға Тим Стори режиссер болды. Ол 2005 жылғы «Фантастикалық төрттік» кинокомиксін және 2007 жылғы сиквелін түсірген адам ретінде белгілі. 

Сюжетте дәстүрлі стендап шеңберінен шығып, соның арқасында карьерасы тез өрлеген қара нәсілді комик туралы баяндалады. 

Комедияны Showtime арнасы 15 қазаннан бастап көрсетуде. 

Ресми трейлер:

 

Ж.Қ.А.Ж. / S.W.A.T.

Алдымен атаудағы аббревиатураға тоқталайық. SWAT - Special Weapons And Tactics деген сөз, қазақшаласақ – арнайы қару және тактика дегенді білдіреді. Бұл Америкалық құқық қорғау органындағы жасақтың атауы. Бұндай жасақтың баламасы көп елде кездеседі, дегенмен әрқалай аталады. Қазақстанда ол – СОБР, немесе ЖҚАЖ - Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ. 

Енді сериал жайлы. Бұл жоба 1975 жылғы аттас телесериалға және 2003 жылғы аттас кинофильмге негізделген. Қылмыстық экшн-драманы Джастин Лин түсірді («Форсаж» - 3, 4, 5, 6 бөлімдер, «Стартрек: Шексіздік», «Нағыз детектив» сериалы). 

Сериал 2 қарашадан бастап CBS арнасынан көрсетіледі. 

Ролик:

 

ЕСІМІ ОНЫҢ ГРЭЙС / ALIAS GRACE 

Канада-Американың алты бөлімді телесериалы. Түсіру тобы әйелдерден құралған: режиссері - Мэри Хэррон («Константин», «Грейсленд»), сценарийді бейімдеуші және продюсері - Сара Полли («Take This Waltz», «Stories We Tell»), басты рөлде - Сара Гадон («11.22.63»). Сериалдың өзі Маргарет Этвудтің аттас романына негізделген. Бұл жазушының тағы бір шығармасы – «Малай әйелдің шығармасы» («The Handmaid's Tale») биыл экрандалып, көктемде жарық көрді (көктемгі сериалдар туралы материалымыздан оқыңыз). 

«Есімі оның Грэйс» - 1943 жылы өмірде болған оқиғаға негізделген. Ирландиядан келген Грэйс Маркс есімді үй қызметшісі өзінің қожайынын өлтіргені үшін айыпталады. Әйел жасалған қылмыс туралы ештеңе білмейтінін айтады, алайда айғақтар бұлтартпайтындай еді. Арада он жыл өткен соң доктор Саймон Джордон өткен оқиғаның шындығын ашуға тырысады. 

Триллердің алғашқы екі эпизоды Торонто кинофестивалінде көрсетілген. Канададағы премьерасы CBC Television арнасында 25 қыркүйекте өтті. Әлемге Netflix сервисі арқылы 3 қарашада тарайды. 

Ресми трейлер:

 

БОЛАШАҚТЫҢ АДАМЫ / FUTURE MAN 

Эван Голдберг пен Сет Рогеннің фантастикалық комедиясы. Сюжетте басты кейіпкер ата-анасымен тұратын жігіт. Ол ұялшақтау болып өскен, сондықтан әйелдермен қарым-қатынаста үнемі жолы болмайды. Қолынан жақсы келетін бір нәрсе бар – Cybergeddon видеоойыны. Джош ойынды соңына жеткізген кезде оған Cybergeddon персонаждары тіріліп келіп, оның таңдаулы адам екенін айтады. Ойын тек үлкен тапсырманың алдындағы жаттығу болып шығады. Енді Джош өткен шаққа саяхаттап, әлемді құтқаруы керек. 

Басты рөлде Джош Хатчерсон («Аштық ойындары») ойнайды. Премьерасы Hulu сервисінде 14 қарашада. 

Ресми трейлер:

 

ЖАЗАЛАУШЫ / THE PUNISHER

Драмада Marvel Comics ғаламының кейіпкері Фрэнк Касл туралы баяндалады. Отбасынан айырылғаннан кейін әділеттілікті өз қолымен орнатуға кіріседі. Басты рөлде Джон Бернтал ойнайды.

Актер Жазалаушы рөлінде осыған дейін "Басбұзар" ("Daredevil") сериалының екінші маусымында көрініс тапты. "Басбұзардан" кейін ғана Жазалаушыға бөлек сериал жасау туралы шешім қабылданған еді. Жаңа сериалдың сюжеті де "Басбұзардың" екінші маусымындағы оқиғалардан кейін өрбиді. 

13 бөлімнен тұратын сериал Netflix арқылы 17 қарашада таралады.

Ресми трейлер:

 

РАНЭВЭЙС / RUNAWAYS 

Marvel комиксіне негізделген суперқаһармандар туралы тағы бір телесериал. Сюжетте алты жасөспірім туралы баяндалады. Олардың ата-аналары суперзұлымдардың «Прайд» деген құпия қоғамының мүшелері болып шығады. Балалар басқа жаққа қашуға бел байлайды. 

Сериал Marvel кинематографиялық ғаламына кіреді. Оны Hulu сервисі арқылы 21 қарашадан бастап көруге болады. 

Ресми тизер:

 

БҰЛ ОҒАН АСА ҚАЖЕТ / SHE'S GOTTA HAVE IT 

Бұл комедия-драманы Спайк Ли түсірген. Идеясы да өзінің 1986 жылғы аттас картинасынан алынған. Сюжетте Нола Дарлинг есімді қыз туралы айтылады. Ол қауыр өмірінің арасынан достарына, жұмысы мен үш көңілдесіне уақыт табуға тырысады. 10 эпизодтан тұратын жоба 23 қарашада Netflix платформасы арқылы таралмақ.

Ресми тизер:

Қосымша

2017 жылғы күздің жаңа сериалдары - 1 бөлім, 2 бөлім, 3 бөлім.

Пікірлер